Мәслихаттың 2020 жылғы 23 қаңтардағы № 352 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы мәслихатының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы № 63 шешімі

      Ауданның мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Мәслихаттың 2020 жылғы 23 қаңтардағы № 352 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8945 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      шешімнің кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес ауданның мәслихаты ШЕШТІ:";

      көрсетілген шешіммен бекітілген жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламентінде:

      3 тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.

      3-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      3-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;

      кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;

      кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін;

      кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.

      5. Жиналысты кент, ауылдық округ әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.";

      6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жиналысты аудан әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға аудан мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.";

      12-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кент, ауылдық округ әкіміне беріледі.";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді кент, ауылдық округ әкімі қарайды және кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Кент, ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені аудан әкімі шешеді.

      Кент, ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде әкімнің және аудан мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен кент, ауылдық округ әкімдерімен ждәне жергілікті қоғамдастық жналысының арасында келіспеушілік туындаған жағдайда аудан мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін аудан әкімі шешім қабылдайды.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан мәслихатының хатшысы С. Сапабеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады