Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 215 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерінен осы Шешім күшіне енген күннен бастап 15 күндік мерзімде Еуразиялық экономикалық комиссияға Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитеттің құрамына енгізу үшін кандидатуралар ұсыну сұралсын.

      4. Мыналардың:

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Бәсекелестік, монополияға қарсы реттеу, бағалық реттеу және мемлекеттік (муниципалдық) сатып алулар жөніндегі консультативтік комитет туралы" 2012 жылғы 5 шілдедегі № 200 шешімінің;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 5 шілдедегі № 200 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 12 наурыздағы № 40 шешімінің;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Бәсекелестік, монополияға қарсы реттеу, бағалық реттеу және мемлекеттік (муниципалдық) сатып алулар жөніндегі консультативтік комитет туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы" 2017 жылғы 20 маусымдағы № 67 шешімінің;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Бәсекелестік, монополияға қарсы реттеу, бағалық реттеу және мемлекеттік (муниципалдық) сатып алулар жөніндегі консультативтік комитеттің құрамы туралы" 2017 жылғы 14 қарашадағы № 161 өкімінің 1-тармағының;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Бәсекелестік, монополияға қарсы реттеу, бағалық реттеу және мемлекеттік (муниципалдық) сатып алулар жөніндегі консультативтік комитеттің құрамына өзгерістер енгізу туралы" 2018 жылғы 10 мамырдағы № 84 өкімінің күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 215 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі тиісінше – Алқа, Комиссия) жанынан құрылады.

      Комитет Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберіндегі бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу бойынша Комиссияның консультативтік органы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

II. Комитеттің негізгі міндеттері

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) мемлекеттік билік органдары өкілдерімен бәсекелестік орта, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы мәселелер бойынша консультациялар жүргізу;

      б) мүше мемлекеттер үшін бәсекелестік орта, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау;

      в) Комиссия үшін осы Ереженің 17 – 19-тармақтарында көрсетілген бәсекелестік орта, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы мәселелер бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      г) өз құзыреті шегінде өзге де мәселелерді қарау болып табылады.

III. Комитеттің (кіші комитеттердің) құрамы және қалыптастыру тәртібі

      4. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының басшыларынан (басшыларының орынбасарларынан) (және мүше мемлекеттердің алқалық органдары мүшелерінен) қалыптастырылады.

      5. Комитеттің жанынан тұрақты негізде әрекет ететін және Комитеттің жұмысшы органдары болып табылатын мынадай кіші комитеттер құрылады:

      бәсекелестік саясаты бойынша кіші комитет;

      монополияға қарсы реттеу бойынша кіші комитет;

      бағаны мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитет.

      Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін Комитеттің жанынан өзге де кіші комитеттер құрылуы мүмкін.

      Кіші комитеттердің құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының басшыларынан және құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінен құрылады.

      Кіші комитеттің отырысына мәселелерді талқылауға қатысу үшін кіші комитеттің төрағасының шақыруы бойынша Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері қатыса алады.

      Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша кіші комитеттердің құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар енгізілуі мүмкін.

      6. Комитеттің жанынан қажет болған жағдайда тұрақты немесе уақытша негізде мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары өкілдерінен, Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінен қалыптасқан сарапшы және жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша сарапшы және жұмыс топтарының құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар енгізілуі мүмкін.

      Сарапшы және жұмыс топтарының жұмыс тәртібін Комитет белгілейді.

      7. Комитеттің (кіші комитеттердің, сарапшы және жұмыс топтарының) құрамын қалыптастыру үшін мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары тиісті кандидатуралар бойынша ұсыныстар ұсынады.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары Комитеттегі (кіші комитеттегі, сарапшы тобындағы және жұмыс тобындағы) өз өкілдерін алмастыру қажеттігі туралы Комиссияға уақытылы хабарлайды, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу бойынша ұсынысты ұсынады.

      Комитеттің құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.

      8. Комитеттің отырыстарына төрағалық етуді және оның жұмысына жалпы басшылықты Комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) (бұдан әрі – Комитет төрағасы) жүзеге асырады.

      Бәсекелестік саясаты бойынша кіші комитеттің отырыстарына төрағалық етуді және оның жұмысына жалпы басшылықты Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алулар саласындағы саясат департаментінің директоры жүзеге асырады.

      Монополияға қарсы реттеу бойынша кіші комитеттің және бағаны мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитеттің отырыстарына төрағалық етуді және олардың жұмысына жалпы басшылықты Комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры жүзеге асырады.

      Сараптама және жұмыс топтарының отырыстарында төрағалық етуді және олардың жұмысына жалпы басшылықты тиісті топтың басшысы жүзеге асырады.

      9. Комитеттің Төрағасы:

      а) Комитеттің қызметін басқарады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      б) мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып әзірленген Комитет отырысының күн тәртібін бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын анықтайды;

      в) Комитет отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырысының хаттамаларына қол қояды;

      д) Комитет жанынан құрылған кіші комитеттердің, сарапшы және жұмыс топтарының құрамдарын бекітеді;

      е) Комиссия Алқасының отырыстарында және өзге органдар мен ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Комитеттің мүддесін ұсынады;

      ж) Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаменті директорының ұсынымы бойынша Комитет хатшысын және бәсекелестік саясаты бойынша кіші комитеттің хатшысын және Комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаменті директорының ұсынымы бойынша – монополияға қарсы реттеу бойынша кіші комитеттің және бағаны мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитеттің хатшыларын тағайындайды;

      з) Комитеттің құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      10. Комитет төрағасының орынбасарлары оларға жүктелген міндеттерге сәйкес Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры және Комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры (бұдан әрі – Комитет төрағасының орынбасарлары) болып табылады.

      Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасы болмаған жағдайда Комитет төрағасының функцияларын атқарады.

      11. Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасының тапсырмасы бойынша Комитеттің отырысын ұйымдастырады және:

      а) Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын дайындауды;

      б) Комитет отырысының күн тәртібінің мәселелеріне материалдар дайындауды;

      в) Комитет отырысының қорытындысы бойынша хаттамалар дайындауды;

      г) хаттардың жобаларын дайындауды және олардың Комитет мүшелеріне таратылуын;

      д) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      12. Кіші комитеттің төрағасы:

      а) кіші комитеттің қызметіне басшылық етеді және кіші комитетке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      б) мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып дайындалған кіші комитет отырысының күн тәртібін бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақыты мен орнын белгілейді;

      в) кіші комитеттің отырыстарын жүргізеді;

      г) кіші комитет отырыстарының хаттамаларына қол қояды.

      13. Кіші комитет төрағасының орынбасары Комиссия төрағасы бекіткен кіші комитеттің мүшесі – Комиссияның тиісті департаменті директорының орынбасары болып табылады.

      Кіші комитет төрағасының орынбасары дәлелді себептер бойынша ол болмаған жағдайда кіші комитет төрағасының функцияларын атқарады.

      14. Комитет хатшысы Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің қызметкерлері қатарынан тағайындалады.

      Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры және Комиссиясының Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Комитет төрағасына Комиссияның тиісті департаменттерінің қызметкерлері қатарынан тиісті кіші комитеттердің хатшыларын тағайындау үшін кандидатураларды ұсынады.

      15. Комитеттің (кіші комитеттің) хатшысы:

      а) Комитет (кіші комитет) отырысының күн тәртібінің жобасын дайындайды қамтамасыз етеді және оны Комитеттің (кіші комитеттің) төрағасына бекітуге ұсынады;

      б) Комитеттің (кіші комитеттің) мүшелеріне жіберу үшін Комитет (кіші комитет) отырысының күн тәртібінің жобасын және оған Комиссияның құрылымдық бөлімшелері мен мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары ұсынған материалдарды дайындайды;

      в) электрондық пошта арқылы Комитеттің (кіші комитеттің) мүшелеріне Комитеттің (кіші комитеттің) отырысы өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабарлайды;

      г) Комитет (кіші комитет) отысының хаттамасын жүргізеді;     

      д) Комитет (кіші комитет) отырысының қорытындысы бойынша хаттаманың жобасын қол қою үшін дайындайды;

      е) Комитет (кіші комитет) отысының нәтижелері бойынша дайылдалған қорытынды құжаттарды дайындауды және Комитеттің (кіші комитеттің) мүшелеріне жіберуді ұйымдастырады;

      ж) тоқсан сайын Комитеттің (кіші комитеттің) хаттамалық шешімдерінің орындалуы бойынша анықтаманы дайындайды.

IV. Комитеттің (кіші комитеттердің) қызметі

      16. Комитеттің отырыстары мынадай мақсаттарда:

      а) Комиссияның ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына енгізу үшін Комитеттің қызметі бағыттарына жататын мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын қарау және келісу;

      б) мүше мемлекеттермен бағаны мемлекеттік реттеуді ендіру фактілері бойынша мәселелерді қарау;

      в) бірнеше кіші комитеттің қызметі бағыттарына жататын мәселелерді қарау;

      г) кіші комитеттің отырысында қарау барысында келіспеушілік туындаған мәселелерді реттеу;

      д) оларды Комитетте талқылау қажеттілігі турады кіші комитеттің шешімі бар мәселелерді қарау;

      е) Комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша өзге де жағдайларда жүргізіледі.

      17. Бәсекелестік саясаты бойынша кіші комитет мынадай мәселелерді қарайды:

      а) Одақ шеңберінде халықаралық шарттардың, Одақ органдары актілерінің және мүше мемлекеттердің бәсекелестік және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамасы актілерінің ережелерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау;

      б) мүше мемлекеттердің бәсекелес (монополияға қарсы) органдары мен Комиссия арасындағы бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимылы (соның ішінде ақпараттық) тәртібін жетілдіру;

      в) мүше мемлекеттердің бәсекелестік саясаты және монополияға қарсы реттеу саласындағы Одақ шеңберінде халықаралық шарттарды және Одақ органдарының актілерін орындауы мониторингінің нәтижелерін қарау;

      г) Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуіне ықпал ететін кедергілерді (тосқауылдарды, шектеулерді, алып қоюларды) жою бойынша ұсыныстарды дайындау;

      д) бәсекелестік саясаты және бағаны мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша Одақ шеңберінде халықаралық шарттардың және Одақ органдары актілерінің жобаларын әзірлеу бойынша ұсыныстарды дайындау;

      е) олар бәсекелестік саясаты саласын қамтитын мәселелерді қараған жағдайда, Комиссияның басқа да консультативтік органдары мен департаменттері үшін ұсыныстар дайындау;

      ж) Одақ шеңберінде бәсекелестік саласына жататын өзге де мәселелер.

      18. Монополияға қарсы реттеу бойынша кіші комитет мынадай мәселелерді қарайды:

      а) монополияға қарсы реттеу саласында құқық қолдану практикасы;

      б) олар монополияға қарсы реттеу саласына қатысты мәселелерді қараған жағдайда, Комиссияның басқа да консультативтік органдары мен департаменттері үшін ұсыныстар дайындау;

      в) монополияға қарсы реттеу саласындағы өзге де мәселелер.

      19. Бағаны мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитеті мынадай мәселелерді қарайды:

      а) бағаны мемлекеттік реттеу саласында құқық қолдану практикасы;

      б) олар бағаны мемлекеттік реттеу саласына қатысты мәселелерді қараған жағдайда, Комиссияның басқа да консультативтік органдары мен департаменттері үшін ұсыныстар дайындау;

      в) бағаны мемлекеттік реттеу саласына жататын өзге де мәселелері.

V. Комитеттің (кіші комитеттің) жұмыс тәртібі

      20. Комитеттің (кіші комитеттердің) отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Комитеттің (кіші комитеттің) отырысын өткізу туралы шешімді мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып Комитеттің (кіші комитеттің) төрағасы қабылдайды.

      21. Комитет (кіші комитет) отырысы күн тәртібінің жобасын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды Комитет (кіші комитет) мүшелері мыналарды:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтамалық және талдамалық материалдарды;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (бар болған жағдайда);

      в) хаттамалық шешімнің жобасын;

      г) мәселелерді қарау кезінде маңызы бар өзге де құжаттар мен материалдарды (бар болған жағдайда) қамтитын материалдарды тіркей отырып Комитеттің (кіші комитеттің) отырысы өтетін күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей Комитет (кіші комитет) төрағасына жібереді.

      22. Монополияға қарсы реттеу департаментінің қызметі бағыттары бойынша Комитет отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша материалдар Комитет отырысы өтетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 20 күн бұрын Комитет хатшысына ұсынылады.

      23. Комитет (кіші комитет) отырысының бекітілген күн тәртібін, оған материалдарды, сондай-ақ Комитет (кіші комитет) отырысының өтетін күні, уақыты және орны туралы ақпаратты Комитет (кіші комитет) хатшысы соның ішінде Комитет (кіші комитет) отырысы өтетін күнге дейін күнтізбелік 15 күн бұрын электронды түрде Комитет (кіші комитет) мүшелеріне таратады. Комитет (кіші комитет) хатшысы Комитет (кіші комитеттер) отырысының күн тәртібіне материалдардың Одақтың ресми сайтында Комитеттің (кіші комитеттің) кабинетінде Комитет (кіші комитет) отырысы өтетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей жариялауды қамтамасыз етеді (мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таралуы шектеулі мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді қамтитын құжаттарды қоспағанда).

      Комитет (кіші комитет) отырысының күн тәртібі бойынша келіп түскен қосымша ұсыныстар туралы ақпарат осындай ұсыныстар келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей электронды пошта арқылы Комитеттің (кіші комитеттің) мүшелеріне жіберіледі.

      24. Комитет (кіші комитет) отырыстары Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының ұсынысы және Комитет (кіші комитет) төрағасының шешімі бойынша Комитеттің (кіші комитеттің) отырысы кез келген мүше мемлекетте өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет (кіші комитет) отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Комитет (кіші комитет) төрағасының шешімі бойынша Комитеттің (кіші комитеттің) отырысы бетпе-беп форматта немесе видеоконференция арқылы өткізілуі мүмкін.

      Комитеттің (кіші комитеттің) отырысын өткізу үшін Комитет (кіші комитет) төрағасының (төраға орынбасарының) және Комитеттің (кіші комитеттің) кем дегенде 1 мүшесінің – әрір мүше мемлекеттен мемлекеттік билік органының өкілінің қатысуы қажет.

      25. Комитет (кіші комитет) мүшелері Комитеттің (кіші комитеттің) отырыстарына алмастыру құқығынсыз жеке басы қатысады. Егер Комитет (кіші комитет) мүшесінің Комитеттің (кіші комитеттің) отырысына қатысуы мүмкін болмаса, ол Комитет (кіші комитет) отырысы өтетін күнге дейін 3 жұмыс күннен кешіктірмей Комитеттің (кіші комитеттің) төрағасына қаралатын мәселелері бойынша өз пікірін жазбаша түрде ұсынуға құқылы.

      26. Комитет (кіші комитет) мүшесінің Комитет (кіші комитет) отырысына ұсынған пікірі мүше мемлекеттің соңғы ұстанымы ретінде қаралмайды.

      27. Комитет (кіші комитет) төрағасының шақыруы бойынша немесе Комитет (кіші комитет) мүшесінің ұсынысы бойынша Комитеттің (кіші комитеттің) отырысына мүше мемлекеттердің қажетті біліктілігі бар бизнес-қауымдастық өкілдері, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, Комитеттің (кіші комитеттің) отырысында қаралатын мәселелері құзыретіне жататын Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері қатыса алады.

      Комитеттің (кіші комитеттің) отырысына мүше мемлекеттердің шақыруы бойынша Комитеттің (кіші комитеттің) отырысында қаралатын мәселелері құзыретіне жататын мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысуы мүмкін.

      Егер бір мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдары талқылауға қатысатын тұлғалар тобын шектеу қажет деп санаған жағдайда, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылары осы Ереженің 16-тармағының "а" және "б" тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ басқа мәселелерді, соның ішінде осы Ереженің 16-тармағының "в" – "е" тармақшаларында және 17 – 19-тармақтарында көрсетілген мәселелерді талқылауға жіберілмейді.

      28. Комитеттің (кіші комитеттердің) отырыстарында мәселелерді талқылау нәтижелері тиісті хаттамаларда тіркеледі.

      Егер кіші комитет отырысының күн тәртібі мәселесі бойынша қайшылықтар болған жағдайда, осы мәселе Комитетке қарау үшін енгізіледі.

      29. Комитет отырыстарының нәтижелері Комитет мүшелерінің ұстанымдары мен қол жеткізілген уағдаластықтар тіркелетін хаттамалармен рәсімделеді. Хаттаманың жобасын Комитеттің отырысына қатысқан Комитет мүшелері Комитет отырысының күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде келіседі.

      Егер Комитет мүшесінің Комитет қарайтын мәселе бойынша айрықша пікірі бар болған жағдайда, ол жазбаша нысанда баяндалады және Комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеу үшін Комитет отырысы өткен күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей Комитет хатшысына тапсырылады. Комитет отырысының хаттамасына сонымен бірге қаралатын құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар және тиісті негіздемелері қоса тіркелуі мүмкін.

      Кіші комитет отырысының нәтижелері кіші комитет мүшелерінің ұстанымдары және қол жеткізілген уағдаластықтар тіркелетін хаттамамен рәсімделеді. Кіш комитет отырысы хаттамасының жобасы отырыс өткен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде мүше мемлекеттің осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес Комиссиямен өзара іс-қимылға уәкілетті мемлекеттік билік органына келісуге жіберіледі. Егер көрсетілген органнан хаттама жобасы жіберілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ескертулер немесе ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар хаттамада ескеріледі (көрсетіледі). Егер хаттаманың жобасы жіберілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде көрсетілген органнан ескертулер мен ұсыныстар келіп түспеген жағдайда, хаттама жобасы келісілді деп есептеледі.

      Егер кіші комитет мүшесінің кіші комитет қарайтын мәселе бойынша айрықша пікірі бар болған жағдайда, ол жазбаша нысанда баяндалады және кіші комитеттің отырысы өткен күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей кіші комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеу үшін кіші комитеттің хатшысына тапсырылады.

      30. Комитет (кіші комитет) отырысының хаттамасына Комитет (кіші комитет) төрағасы Комитет (кіші комитет) отырысы өткен күннен бастап 10 жұмыс күнінен кейшіктірмей қол қояды.

      Комитет (кіші комитет) отырысы хаттамасының көшірмелері Комитет (кіші комитет) төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына, сондай-ақ Комитет (кіші комитет) мүшелеріне жіберіледі.

      Комитет (кіші комитет) төрағасының шешімі бойынша Комитет (кіші комитет) отырысының хаттамасы немесе оның үзіндісі Комитеттің (кіші комитеттің) отырысына қатысқан шақырылған тұлғаларға жіберілуі мүмкін.

      Комитет отырыстарының хаттамалары Комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша Алқа мүшесі (Министр) Хатшылығында сақталады. Бәсекелестік саясаты бойынша кіші комитет отырыстарының хаттамалары Комиссияның Бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінде, мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитеттің және бағаны мемлекеттік реттеу бойынша кіші комитеттің отырыстарының хаттамалары Комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаментінде сақталады.

      31. Комитеттің (кіші комитеттің) шешімдері ұсыныс сипаттында болады.

      32. Комитеттің (кіші комитеттердің) қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары өкілдерінің Комитеттің (кіші комитеттердің) отырыстарына қатысуымен байланысты шығыстарды оларды жіберген мүше мемлекеттер көтереді.

      Мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, тәселсіз сарапшылары Комитеттің (кіші комитеттің) отырыстарына қатысумен байланысты шығыстарды жеке өздері көтереді.

      33. Комитеттің қызметін тоқтату үшін негіздеме Комиссия Алқасының шешімі болып табылады.

      Кіші комитеттердің, сарапшы және жұмыс топтары қызметін тоқтату үшін негіздеме Комитеттің шешімі болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады