Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 5 ақпандағы № 2 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 1-тармағының 4-тармақшасын іске асыру мақсатында және 2019 жылғы 25 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2019 жылғы 25 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісім күшіне енген күні күшіне енеді.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз
Республикасынан

Ресей
Федерациясынан

  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің
2021 жылғы 5 ақпандағы
№ 2 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету
ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына және 2019 жылғы 25 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімнің 4-бабына сәйкес әзірленді және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мүше мемлекеттерде жүргізілетін селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты (бұдан әрі – селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс) тиімді үйлестіру мен талдамалық қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – уәкілетті органдар), қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында ғылыми-зерттеу ұйымдарының, зертханалардың, асыл тұқымды шаруашылықтардың және мүше мемлекеттердің өзге де асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің өзара іс-қимыл жасауының қағидаларын айқындайды.

      2. Осы Тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және 2019 жылғы 25 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімде айқындалған мәндерде қолданылады.

      3. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру мен талдамалық қамтамасыз ету Одақта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мүше мемлекеттердің қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жүзеге асыратын уәкілетті органдары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын айқындау және іске асыру, мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал шаруашылығына инновациялық технологияларды, соның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында жүзеге асырылады.

      4. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру саласындағы негізгі міндеттер:

      а) селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс мәселелері бойынша қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жүзеге асыратын уәкілетті органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, бірлестіктердің (одақтардың, қауымдастықтардың, палаталардың, селекциялық орталықтардың), генетикалық және өзге де зертханалардың, осы саладағы ақпараттық жүйелердің техникалық және ұйымдық жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйымдардың, асыл тұқымды шаруашылықтардың және мүше мемлекеттердің өзге де асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің тиімді өзара іс-қимыл жасауын жолға қою, сондай-ақ осындай өзара іс-қимыл барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру;

      б) мүше мемлекеттерге асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруде жәрдемдесу.

      5. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді уәкілетті органдар мынадай жолмен жүзеге асырады:

      а) селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жүргізу бойынша ұсынымдар әзірлеу және іске асыру;

      б) селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытудың ұлттық бағдарламаларының (жоспарларының) әзірленуі мен іске асырылуы туралы, сондай-ақ асыл тұқымды ресурстар туралы өзара хабардар ету;

      в) селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

      г) селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, кеңестер, консультациялар, семинарлар мен басқа да іс-шаралар өткізу;

      д) Еуразиялық экономикалық одақта асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша үйлестіру кеңестерін (бұдан әрі – үйлестіру кеңестері) өткізу.

      6. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз ету саласындағы негізгі міндеттер:

      а) Одақ шеңберінде инновациялық, соның ішінде геномдық селекция негізіндегі технологияларды әзірлеу және енгізу;

      б) асыл тұқымды жануарлар туралы деректерді жинау мен талдау және олардың асыл тұқымдық (генетикалық) құндылығын есептеу;

      в) мүше мемлекеттердің асыл тұқымды жануарларының референттік популяцияларын жасау;

      г) селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты, ауыл шаруашылығы жануарларын генотиптеуді және олардың асыл тұқымдық (генетикалық) құндылығын бағалауды ғылыми және әдіснамалық қамтамасыз ету;

      д) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      е) мүше мемлекеттердің асыл тұқымды жануарлары мен асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктері туралы деректер базасын жасау.

      7. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз етуді мүше мемлекеттердің қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жүзеге асыратын ұйымдары мынадай жолмен жүзеге асырады:

      а) асыл тұқымды жануарлар туралы деректерді жинау, алмасу және өңдеу хаттамалары мен беру нысандарын біріздендіру арқылы, соның ішінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету;

      б) асыл тұқымдық (генетикалық) құндылығын бағалау үшін ауыл шаруашылығы жануарларының биометриялық модельдерін, сондай-ақ селекцияланатын белгілердің салмақтық коэффициенттерін экономикалық маңыздылығына қарай ескере отырып, асыл тұқымдық (генетикалық) құндылық индекстерінің құрылымын әзірлеу;

      в) Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, электронды түрде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық (генетикалық) құндылығын есептеу үшін қажетті (генотиптеу, шығу тегін растау, өнімділігінің сандық және сапалық көрсеткіштері және т.б. туралы) ақпарат алмасу;

      г) мүше мемлекеттер берген деректер негізінде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық (генетикалық) құндылығының жеке және кешенді индекстерін есептеу;

      д) асыл тұқымдық (генетикалық) құндылықтың жеке және кешенді индекстері негізінде мүше мемлекеттердің асыл тұқымды жануарларының рейтингтерін жасау;

      е) геномдық бағалау жүргізу үшін мүше мемлекеттердің асыл тұқымды жануарларының референттік популяциясы туралы деректер базасын жасау;

      ж) өз құзыреттері шегінде селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз етумен байланысты мәселелер бойынша құжаттардың жобаларын дайындау және оларды үйлестіру кеңестерінің қарауына ұсыну;

      з) мүше мемлекеттердегі селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың нәтижелері туралы жыл сайынғы есептерді дайындау және оларды үйлестіру кеңестерінің қарауына ұсыну.

      8. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз ету қосымшаға сәйкес тізбе бойынша мүше мемлекеттер мекемелерінің (ұйымдарының) базасында жүзеге асырылады.

      Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз ету кезінде мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында көрсетілген мекемелердің (ұйымдардың) базасында талдамалық орталықтар құрылуы мүмкін.

      9. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз ету Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен жүзеге асырылады.

      Осы Тәртіпке сәйкес уәкілетті органдар мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл хат алмасу арқылы (соның ішінде электронды түрде) және Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады.

  Асыл тұқымды мал
шаруашылығы саласында
Еуразиялық экономикалық
одаққа мүше мемлекеттерде
жүргізілетін селекциялық-асыл
тұқымдық жұмысты үйлестіру
және талдамалық қамтамасыз
ету тәртібіне
ҚОСЫМША

Базасында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мүше мемлекеттерде жүргізілетін селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты талдамалық қамтамасыз ету жүзеге асырылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мекемелерінің (ұйымдарының)
ТІЗБЕСІ

I. Армения Республикасы

      "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі тәуекелдерін бағалау және талдау ғылыми орталығы" жабық акционерлік қоғамы

II. Беларусь Республикасы

      "Белплемживобъединение" Белорус асыл тұқымды мал шаруашылығы мемлекеттік бірлестігі

      "ГИВЦ Минсельхозпрода" республикалық унитарлық ақпараттық-есептеу кәсіпорны

      "Беларусь Ұлттық ғылым академиясының мал шаруашылығы жөніндегі ғылыми-практикалық орталығы" республикалық унитарлық кәсіпорны

III. Қазақстан Республикасы

      "Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

      "Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

      "Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

IV. Қырғыз Республикасы

      Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Биотехнология институты

      Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрлігінің Қырғыз мал шаруашылығы және жайылымдар ғылыми-зерттеу институты

      К.И. Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті

V. Ресей Федерациясы

      "Бүкілресейлік асыл тұқымдық ғылыми-зерттеу институты" федералдық мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады