Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ауғанстан Өтпелі Ислам Мемлекетiнiң Yкiметi арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 наурыздағы N 261 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетiнiң Yкiметi арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Әдiлбек Рыскелдiұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетiнiң Yкiметi арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн. <*>
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.04.15. N 421 қаулысымен .

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнің       
2003 жылғы 18 наурыздағы
N 261 қаулысымен    
мақұлданған      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Өтпелі
Ислам Мемлекетінің Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық
ынтымақтастық туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ауғанстан Өтпелi Ислам Мемлекетiнің Үкiметi (бұдан әрi - "Тараптар" деп аталатын)
      - теңдіккe және өзара тиiмдiлiкке негiзделген ұзақ мерзiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және кеңейтуге ниет ете отырып;
      - осы Келiсiм берiк және үйлесiмдi даму, екi мемлекеттiң арасындағы жан-жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық үшiн тиiстi және тұрақты негiз болатындығына сенімдi бола отырып;
      - Ауғанстанның экономикалық қалпына келуi үшiн қолайлы жағдай жасау жөнінде қажеттi күш сала отырып;
      - ауған халқына экономикалық көмек көрсетуге бағытталған халықаралық бағдарламаларға бiрлесе қатысудың маңыздылығын мойындай отырып;
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар екi мемлекет арасындағы атап айтқанда, өнеркәсiп, табиғи ресурстарды барлау және өндiру, технологиялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетiн болады. Тараптар осы Келiсiмнің ережелерiне және мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына сәйкес екi мемлекеттің жеке және заңды тұлғалары арасындағы экономикалық байланыстардың әртүрлi нысандарын дамытуға жәрдемдесетін, сондай-ақ өзара келiсiм арқылы осы ынтымақтастықтағы кез келген кедергілерді жеңетiн болады.

2-бап <*>

      Ескерту. 2-бап алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2004.04.15. N 421 қаулысымен .

  3-бап

      Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұлттық заңнамаға және экономикалық бағдарламаларға қатысты ақпаратпен, өзара қызығушылық тудыратын басқа да ақпаратпен алмасуды жүзеге асыратын, сондай-ақ ресми және iскер топтар делегацияларының кездесулерiн ұйымдастыруға жәрдемдесетiн болады.

4-бап

      Егер, коммерциялық мәмiледе тараптар болып табылатын жеке және заңды тұлғалар арасында өзгеше көрсетілмесе, екi мемлекет арасындағы тауарларға барлық төлемдер мен ақша аударымдары Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес және халықаралық рыноктың бағалары мен стандартты шарттарына сәйкес еркiн айналымдағы валютамен жүзеге асырылатын болады.

5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасының шеңберiнде екi жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында жүктердiң және жолаушылардың транзитiн дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететiн болады.

6-бап

      Тауарларды өзара жеткiзу Тараптар мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына және бағаға, сапаға, жеткiзiмдер мен төлем шарттарына қатысты белгiленген коммерциялық практикаға сәйкес Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасында жасалған келiсiм-шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте Тараптар уағдаласушы Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасында жасалған келiсiм-шарттардан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапты болмайды.

7-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында екi мемлекет өкілдерiнен тұратын Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық қазақстан-ауған комиссиясын (бұдан әрi - Үкiметаралық комиссия) құруға келiстi.
      2. Үкiметаралық комиссия қажеттілікке қарай, Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағында кезектесiп, кездесулер өткiзетiн болады.
      3. Yкiметаралық комиссия екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жәрдем көрсету және кеңейту үшiн:
      а) Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қолдаудың және дамытудың жолдары мен құралдарын қарайтын;
      б) сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында Тараптар мемлекеттерiнiң арасында жасалған халықаралық шарттардың, уағдаластықтардың немесе басқа келiсiм-шарттардың орындалуын жылжуын қарайтын, сондай-ақ осындай шарттарды орындау процесiнде туындауы мүмкiн проблемаларды шешудiң жолдарын ұсынатын;
      в) сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатын салаларды айқындайтын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына ұсынымдар беретiн;
      г) екi жақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа кедергi болатын проблемаларды айқындайтын және оларды шешу үшiн шаралар ұсынатын;
      д) экономикалық көмек көрсету және ауған тарабының экономикалық жүйелерiн қайта жаңарту жөніндегi жобаларды қарастыратын болады.

8-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың олар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерiн қозғамайды.

9-бап

      Осы Келiсiмдi түсіндiруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен реттелетiн болады.

10-бап

      Тараптар осы Келісімге тиiстi хаттамалармен ресімделетiн және Келiсiмнің ажырамас бөлiктер болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзе алады. Мұндай хаттамалар осы Келiсiмнiң 11-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен күшiне ендi.

11-бап

      1. Осы Келiсiм күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетішiлік рәсімдердің орындалуы туралы Тараптар бiр-бiрiн хабардар ететiн соңғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейiн осы Келiсiм отызыншы күнi күшiне енеді.
      2. Осы Келiсiм, егер Тараптардың бipeуi басқа Тарапты жазбаша нысанда тиiсiнше хабардар ету жолымен оның күшiн тоқтату туралы ниетiн білдiрмесе, екі жыл бойы күшінде болады және өздiгiнен ұзартылған болады. Осындай жағдайда осы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай өткеннен кейiн осы Келiсiмнің күшi жойылады.
      ___________  _____________ қазақ, дари, орыс және ағылшын тілдерiнде екi данада жасалды және барлық мәтiндер бiрдей. Түсіндiру кезінде келiспеушілiктер болған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының        Ауғанстан Өтпелi Ислам
             Үкіметi үшiн            Мемлекетiнiң Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады