"Еуразия даму банкін құру туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 желтоқсандағы N 1178 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Еуразия даму банкін құру туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ Еуразия даму банкін құру туралы келісімге қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы  Заңына сәйкес  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразия даму банкін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Арман Ғалиасқарұлы Дунаевқа Қазақстан Республикасының атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Еуразия даму банкін құру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Жоба   

Еуразия даму банкін құру туралы
келісім

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы (бұдан әрі - Тараптар) осы Еуразия даму банкін құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсуіне және олардың сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге жәрдемдесу мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Еуразия даму банкіне (бұдан әрі - Банк) мүше мемлекеттердің нарықтық экономикасының қалыптасуына және дамуына, инвестициялық қызметті жүзеге асыру жолымен олардың экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге ықпал етуге тартылған Банк құрылсын.
      Банк басқа халықаралық қаржы және банктік ұйымдармен және одақтармен өзара іс-әрекет ету жолымен, сондай-ақ осы ұйымдар мен одақтарға қатысу жолымен халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі.

2-бап

      Банк өз қызметінде халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын, қолданыстағы халықаралық шарттарды, осы Келісімді және Жарғыны басшылыққа алады.
      Банк банктік қызметтің жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес жұмыс істейді.
      Банктің Жарғысы осы Келісіммен бекітіледі, оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімге Қосымша түрінде ресімделді.
      Банк мүше мемлекеттердің аумақтарында өз функцияларының орындалуын қамтамасыз ету үшін Банкке мүше мемлекеттердің үкіметтерімен Банктің олардың аумақтарында болу шарттары туралы келісімдер, сондай-ақ Банкке мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерімен және Банкке мүше мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарымен келісімдер жасаса алады.

3-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Банктің Жарғысында көзделген қажетті талаптар мен рәсімдерді орындаған жағдайда қосыла алады.
      Осы Келісім қосылатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін Келісімге қосылу туралы құжатты депозитарийге тапсырған сәттен бастап күшіне енеді. Қосылу туралы бірінші құжат тапсырған сәттен бастап және осы Келісім көп тарапты болып қалғанға дейін депозитарий функциясын Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі орындайды.

4-бап

      Осы Келісімнің әрбір қатысушысы одан Банктің Жарғысында көзделген Банктің құрамынан шығуға арналған шарттарды орындағаннан кейін депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен шыға алады.
      Осы Келісім Банктің Жарғысына сәйкес Банк пен осы қатысушы арасындағы қатынастарды түпкілікті реттеу күні осындай қатысушы үшін қолданылуын тоқтатады.

5-бап

      Осы Келісімге оған барлық қатысушылардың келісімімен жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе талқылауға байланысты келіспеушіліктерді оған қатысушылар келіссөздер және консультациялар жолымен реттейді.

7-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Тараптар Келісімнің 1-бабының және Банк Жарғысының 8-бабы 4-тармағының ережелері Келісімге қол қойылған күннен бастап ол күшіне енген күнге дейін уақытша қолданылады деп уағдаласты.

      200_ жылғы "__" _______ қаласында екі данада орыс тілінде жасалды.

      Қазақстан Республикасы үшін    Ресей Федерациясы үшін

Еуразия даму банкін құру туралы  
200_ жылғы _______ келісімге  
қосымша               

Еуразия даму банкінің жарғысы

      Еуразия даму банкі (бұдан әрі - Банк) 200_ жылы "__" ______ қол қойылған Еуразия даму банкін құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) сәйкес құрылды және Келісімге сәйкес өз қызметін жүзеге асырады.
      Банктің осы Жарғысы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

1-бөлім
Банктің мақсаттары, функциялары және мүшелері

1-бап. Банктің мақсаттары

      Банк Банкке мүше мемлекеттердің нарықтық экономикасының қалыптасуына және дамуына, инвестициялық қызметті жүзеге асыру жолымен олардың экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге ықпал етуге танылған.
      Банк жаңа мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қосылуы үшін ашықтық қағидатын ескере отырып, халықаралық қаржылық-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметті жүзеге асырады.

2-бап. Банктің функциялары

      Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Банк мынадай негізгі функцияларды орындайды:
      1) жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру, кепілдіктер беру және ол үшін меншік капиталын, халықаралық және ұлттық қаржы нарықтарында тартылған қаражатты, сондай-ақ басқа қол жетімді ресурстарды пайдалана отырып, ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу арқылы, Банкке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесінде инвестициялық қызметті жүзеге асырады;
      2) Банктің мүшелеріне экономикалық даму, ресурстарды тиімді пайдалану, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелері жөнінде консультация береді, мемлекеттік және халықаралық қаржы саласында ақпараттық-талдама жұмысын жүргізеді;
      3) халықаралық ұйымдармен, мемлекеттермен, ұлттық мекемелермен және мүше мемлекеттердің және экономикалық дамуды қаржыландыруға мүдделі басқа мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерімен өзара әрекет етеді;
      4) Келісімде, Банктің мүшелерімен, олардың орталық (ұлттық) банктерімен және өзге уәкілетті органдармен екі жақты келісімдерде, сондай-ақ халықаралық банктік практикада айқындалған Банктің мақсаттарына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.

3-бап. Банктің мәртебесі және орналасқан жері

      1. Банк халықаралық ұйым - халықаралық құқық субъектісі болып табылады, халықаралық құқықтық қабілетке ие және атап айтқанда, өз қызметін жүзеге асыру кезінде халықаралық шарттар жасасуға құқығы бар.
      2. Банк мүше мемлекеттердің аумағындағы заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда, мыналарға құқылы:
      1) Банктің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті кез келген мәмілелер жасауға;
      2) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жалға алуға, сатып алуға және иеліктен айыруға, сондай-ақ көрсетілген мүлікке өзге де тәсілмен билік етуге;
      3) сот және төрелік органдарда білдіруге. Мүше мемлекеттерде Банк үшін олардың заңнамаларымен заңды тұлғаларға бекітілген өз мүдделерін қорғау үшін дәл сондай іс жүргізу құқықтары танылады;
      4) осы Жарғыға сәйкес Банк мақсаттарын орындауға бағытталған басқа да әрекеттерді жасауға.
      3. Банк өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал мүшелер Банктің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Банктің мүшелері оларға тиесілі акциялар құнының шегінде Банктің қызметіне байланысты залалдың тәуекеліне жауап береді.
      4. Банктің орналасқан жері Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы болып табылады.
      5. Мүше мемлекеттердің аумағында Банктің қызметі қолданылатын халықаралық шарттармен, келісіммен, осы Жарғымен, Банк пен Банкке мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Банктің олардың аумақтарында болу шарттары туралы келісімдермен, Банк пен Банкке мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері арасындағы келісімдермен және Банк мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен жасасқан өзге де келісімдермен, ал олар болмаған жағдайда не көрсетілген құжаттармен реттелмеген бөлігінде осындай қызмет жүзеге асырылатын аумақтарда Банкке мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларымен анықталады.
      Банкке мүше мемлекеттердің ұйымдар құру, қызметін лицензиялау, реттеу және тоқтату тәртібін реттейтін ұлттық заңнамалары Банкке қолданылмайды.
      6. Банк Кеңесінің шешімі бойынша және мүше мемлекеттермен келісім бойынша Банк филиалдар және/немесе өкілдіктер ашуға, сондай-ақ еншілес банктер мен ұйымдарды құруға құқылы.

4-бап. Банктің құрылтайшылары мен мүшелері

      1. Банктің құрылтайшылары үкіметтерінің атынан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы болып табылады.
      Банктің құрылтайшылары осы Жарғының 8-бабының 2-тармағына сәйкес Банктің акцияларына ақы төлегеннен кейін оның мүшелері болады.
      2. Банктің мақсаттарын бөлісетін мүдделі мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың кіруі үшін Банк ашық. Жаңадан қабылданатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Келісімге қосылғаннан және Банк Кеңесі белгілеген тәртіппен Банктің сатып алынатын акцияларына ақы төлегеннен кейін осы Жарғыға сәйкес қабылданған Банк Кеңесі шешімдерінің негізінде Банк мүшелері болады.

2-бөлім
Банктің капиталы

5-бап. Жарғылық капитал

      Банктің жарғылық капиталы әрқайсысының атаулы құны 1000 (бір мың) АҚШ доллары 1500000 (бір миллион бес жүз мың) акцияға бөлінген 1500000000,00 (бір миллиард бес жүз миллион) АҚШ долларын құрайды. Ақысы төленген бір акция дауыс беру мақсаттары үшін бір дауысты білдіреді.

6-бап. Жарғылық капиталға бастапқы жазылу

      1. Құрылтайшылар оның ажырамас бөлігі болып табылатын осы Жарғыға қосымшада белгіленген санда Банктің акцияларына бастапқы жазылуды жүзеге асырады.
      2. Егер құрылтайшылардың қайсы біреуі жазылу туралы мәлімдесе немесе осы Жарғыға қосымшада белгіленгенмен салыстарғанда акциялардың аз санына жазылса, Банк Кеңесі басқа құрылтайшыға қалған акцияларға жазылу құқығын пайдаланып қалуға дереу ұсыныс білдіруге міндетті. Бұл құқық көрсетілген ұсынысты алған күннен бастап бір жылдың ішінде іске асырылуы тиіс. Бұл құқықтан бас тартқан жағдайда, Банк Кеңесі жазылуға акцияларды қайта ұсынуға немесе жарғылық капиталды тиісті тәсілмен кемітуге шешім қабылдайды.

7-бап. Жарғылық капиталды өзгерту

      1. Банктің жарғылық капиталы осы Жарғыда және Банк Кеңесі белгілеген тәртіпке сәйкес қосымша акцияларды эмиссиялау жолымен Банк Кеңесінің шешімі бойынша арттырылуы мүмкін.
      Қосымша акцияларды бөлу қосымша жазылу бойынша жүзеге асырылады.
      Банктің мүшелері жарғылық капиталда оны арттырғанға дейін тікелей олардың үлесіне теңбе-тең тиесілі санда қосымша жазылу бойынша акцияларды сатып алудың басым құқығына ие болады. Бұл ретте Банктің бірде-бір мүшесі қосымша жазылуды жүзеге асыруға міндетті емес. Банктің қандай да бір мүшесі көрсетілген құқықтан толық немесе ішінара бас тартқан жағдайда, акциялардың бөлінбеген үлесіне жазылу тәртібін Банк Кеңесі белгілейді.
      2. Банктің жарғылық капиталы осы Жарғы және Банк Кеңесі белгілеген тәртіпке сәйкес акциялардың санын қысқарту жолымен Банк Кеңесінің шешімі бойынша азайтылуы мүмкін.

8-бап. Акцияларға ақы төлеу

      1. Бастапқы жазылу жарияланған акцияларға ақы төлеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады.
      2. Банктің әрбір құрылтайшысы осы құрылтайшыға осы Жарғыға қосымшаға сәйкес бөлінетін жарғылық капитал акцияларының кемінде 20 (жиырма) пайызын осы Жарғы бекітілген жылдан кейінгі жылға арналған құрылтайшының өз бюджетін атқаруын бастаған күнінен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей төлейді.
      3. Бастапқы жазылудың қалған бөлігінің есебіне Банктің әрбір құрылтайшысы біріншісі осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған төлемнен кейін 12 (он екі) айдан кешіктірмей ақы төленуге тиісті тең үлестерде жыл сайын екі жыл ішінде өтелетін ақы төлеу бойынша міндеттемелер ресімдейді.
      4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес Банктің жарғылық капиталын қалыптастыру үшін бастапқы жарнаны жүзеге асыру Келісімге қол қойылған күннен бастап мерзімінен бұрын жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте ақы төлеу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде Банктің жарғылық капиталын қалыптастыруға арналған уақытша жинақтау шотына есептеледі.
      5. Егер осы баптың 3-тармағында айтылған екі жыл ішінде құрылтайшылардың қандай да бірі бастапқы жазылу бойынша акцияларды толық төлемесе, Банк Кеңесі Банктің басқа мүшелерінің төленбеген акцияларды сатып алу тәртібін белгілейді. Бұл құқықтан барлық мүшелер бас тартқан жағдайда, Банк Кеңесі жазылуға акцияларды қайта ұсынуға немесе тиісті тәсілмен жарғылық капиталды кемітуге шешім қабылдайды.
      6. Акцияларға ақы төлеу АҚШ долларымен жүргізіледі.
      7. Банк Кеңесі белгілеген тәртіппен және шарттарда Банк мүшесі акцияларының бір бөлігін төлеу ретінде жиынтық құны Банктің жарғылық капиталындағы оның үлесінің 10 (он) пайызынан аспауға тиіс ақшалай емес салым (мүлік) енгізе алады.
      Банкке жарғылық капиталға жарна ретінде берілетін мүлікке міндеттемелер ауыртпалығы салынбайды.
      Салынатын мүлік құнын Банк Кеңесі анықтайтын тәуелсіз бағалау ұйымы белгілейді және оны Банк Кеңесі бекітеді.
      8. Құрылтайшылардың акцияларды төлеуінен алынатын түсімдер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Банктің шотына есептеледі.

3-бөлім
Банктің ресурстары, қызмет түрлері және операциялары

9-бап. Банктің ресурстары

      1. Банк өз қызметін жеке меншік және тартылған қаражат есебінен жүзеге асырады. Банк ресурстары осы Жарғыда белгіленген оның мақсаттарына қол жеткізу және функцияларын орындау үшін ғана пайдаланылады, ал қызметтер көрсетіледі.
      2. Банктің ресурстары Банктің Кеңесі бекітетін ережелерге, рәсімдерге және тәртіпке сәйкес пайдаланылады, ал қызметтер көрсетіледі.
      Банк қызметіне кедергілер келтіруге жол бермеу, Банкке берешекті өтеу және оның басқа заңды талаптарын қанағаттандыру үшін Банкке мүше мемлекеттерге ресурстар мен қызметтер ұсынудың барлық шарттары мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес келуін және оларды қорғауды Банк қамтамасыз етеді.
      3. Банктің жекелеген функцияларын іске асыру үшін қорлар құрылуы мүмкін.
      Банк пайдадан түсетін аударымдар есебінен резервтік қор және басқа мақсатты қорлар қалыптастырады, оларды қалыптастыру және басқару тәртібін Банк Кеңесі бекітеді.
      4. Банк Кеңесінің шешімі бойынша Банк тиісті келісімдер негізінде Банктің мақсаттары мен функцияларына сәйкес келетін міндеттерді шешу үшін Банктің қандай да бір мүшесі, мүшелер тобы немесе басқа да ұйымдар қалыптастырған арнайы қорларды басқару жөніндегі міндеттемелерді өзіне қабылдауға құқылы. Арнайы қорларды басқару бойынша барлық шығыстар осы қорларға жүктеледі.

10-бап. Инвестициялық қызмет

      1. Инвестициялық қызмет шеңберінде Банк жобалар мен бағдарламаларды қаржыландырады, олардың арасында халықаралық шарттардың мүшелері көздегендері басым болып табылады, банктік кепілдіктер және кепілдемелер береді, ұйымның жарғылық капиталына қатысады.
      2. Банк Банкке мүше мемлекеттерге еркін айырбасталатын валютада және ұлттық валютада кредиттер береді. Кредиттерді беру және қайтару шарттары қарыз алушылармен келісімдердің мәні болып табылады.
      Банк халықаралық қаржы институттарымен, коммерциялық банктермен және өзге мүдделі мекемелермен бірлесіп кредиттер бере алады.
      3. Банк Банктің Кеңесі бекітетін инвестициялық қызмет туралы ережеге сәйкес инвестициялық қызметті жүзеге асырады.
      Инвестициялық қызметті жүзеге асырған кезде Банк өз мүдделерін қамтамасыз етеді, атап айтқанда, инвестициялық жобалардың сараптамасын ұйымдастырады және оны өткізуге қатысады, бенефициарлардың төлем қабілеттілігін тиісті бағалауды жүргізеді.
      4. Ұйымның жарғылық капиталына Банктің төленген инвестицияларының сомасы оның төленген жарғылық капиталының, пайдасының және жалпы резервтерінің жалпы шамасына сәйкес келетін сомадан асып кете алмайды.
      5. Банк Банкке мүше мемлекеттердің және осындай қызметтерді алуға мүдделі басқа мемлекеттердің мүддесі үшін жобаларды қаржыландыруға байланысты басқа қызметтерді ұсынады.

11-бап. Ақпараттық-талдамалы қызмет

      1. Банк мүше мемлекеттер экономикасының және қаржы рыноктарының жағдайы, олардың инвестициялық мүмкіндіктері, ақша-кредит және валюта қатынастары туралы, банктік және валюталық реттеу саласындағы заңнама нормалары туралы ақпаратты жинауды, жүйелеуді және талдауды жүзеге асырады. Осы негізде Банктің мүшелері үшін, сондай-ақ Банк Кеңесінің шешімі бойынша басқа пайдаланушылар үшін ақпараттық-талдамалы материалдар әзірленеді.
      2. Банк ақпарат алмасу мақсатында басқа ұйымдармен келісімдер жасаса алады.

12-бап. Қарыз алу және Банк қызметінің өзге түрлері

      1. Банк өз мақсаттарына қол жеткізу және функцияларын орындау үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы:
      1) оларды шығару, орналастыру, айналысқа енгізу және өтеу шарттарын Банк Кеңесі бекітетін меншікті бағалы қағаздарды шығару, сату, сатып алу;
      2) Банктің мақсаттары мен функцияларына сәйкес келетін мақсаттар үшін қандай да бір ұйым шығарған бағалы қағаздарды орналастыру немесе орналастыруға қатысу;
      3) халықаралық және ұлттық қаржы рыноктарында қаражат тарту;
      4) Банк өз операцияларына уақытша қажет етпейтін қаражатты (оның ішінде арнайы қорлардың ресурстарын) депозитке инвестициялау немесе орналастыру;
      5) консультациялық қызметтер көрсету;
      6) лизингілік қызмет;
      7) валюталарды, сондай-ақ шетелдік валютада құқықтарды (талаптарды) сатып алу-сату мәмілелерін жасасу;
      8) бағалы металдармен, асыл тастармен және өзге валюта құндылықтарымен жасалатын операцияларды жүргізу;
      9) Банктің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болуы мүмкін және осы Жарғыға қайшы келмейтін кез келген басқа операцияларды жүзеге асыру.
      2. Банк салымдарға жеке тұлғалардың қаражатын тартпайды.

4-бөлім
Банкті басқару

      Банкті басқаруды Банк Кеңесі, Банк Басқармасы және Банк Басқармасының Төрағасы жүзеге асырады.

13-бап. Банк Кеңесі

      1. Банк Кеңесі Банк қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын оның жоғарғы басқару органы болып табылады.
      2. Банктің әрбір мүшесі Банк Кеңесіне Банк Кеңесінің мүшелері болып табылатын бір өкілетті өкілін және оның орынбасарын тағайындайды. Банк мүшесінің әрбір өкілетті өкіліне дауыс беру кезінде оны білдіретін мүше иеленетін дауыстар саны беріледі. Банк Кеңесінің отырысында өкілетті өкілі болмаған жағдайда дауыс беруге қатысуды қоса алғанда, оның орынбасары өкілетті өкілдің міндеттерін орындайды.
      Банктің әрбір мүшесі Банк Кеңесіне өзінің өкілетті өкілі және оның орынбасары тағайындалғаны туралы Банкті ресми түрде хабардар етеді.
      3. Банк Кеңесі жыл сайын өкілетті өкілдерінің біреуін Банк Кеңесінің Төрағасы ретінде сайлайды, ол өз міндеттерін келесі Банк Кеңесінің Төрағасы сайланғанға дейін орындайды.
      Банк Кеңесі Банк Кеңесінің мүшелерінен Банк Кеңесі Төрағасының орынбасарларын сайлай алады.
      4. Банк Кеңесінде, оның ішінде Банк Кеңесінің Төрағасы мен Төрағаның орынбасары ретінде, өкілетті өкілдерге және олардың орынбасарларына өз міндеттерін орындағаны үшін сыйақы төленбейді.

14-бап. Банк Кеңесінің құзыреті

      1. Банк Кеңесінің құзыретіне мынадай мәселелерді шешу жатады:
      1) Банктің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес кредит саясаты мәселелерін қоса алғанда, оның қызметінің негізгі бағыттарын белгілеу;
      2) Банк құрамына жаңа мүшелерді қабылдау және оларды қабылдау шарттарын айқындау;
      3) акциялар үлесін жаңа мүшелерге беру жолымен Банк құрамына жаңа мүшелер қабылдау;
      4) Банктің жарғылық капиталын ұлғайту немесе азайту туралы шешімдер қабылдау;
      5) Банк мүшелері арасында жарғылық капиталды қайта бөлу туралы шешімдер қабылдау;
      6) Банктің құрылтайшы елдері үкіметтерінің ұсынысы бойынша Банк Басқармасының Төрағасын тағайындау және лауазымынан босату;
      7) Банк Басқармасы Төрағасының сыйақысы мөлшерін белгілеу;
      8) Банк Басқармасы Төрағасының ұсынысы бойынша Банк Басқармасының Төрағасы орынбасарларының кандидатурасын бекіту;
      9) Банктің ұйымдық құрылымын бекіту;
      10) Банк Басқармасының жылдық есебін, жылдық теңгерімін және аудиторлық қорытындыны ескере отырып, пайда және залал туралы есепті бекіту;
      11) келесі қаржы жылына арналған Банк бюджетін бекіту;
      12) Банктің ішкі аудиторын сайлау тәртібін және Банктің сыртқы аудиторының өзін, сондай-ақ ішкі аудит қызметінің және Банктің тексеру комиссиясының қызмет тәртібін бекіту;
      13) Банктің ішкі қорларын құру, резервтік және өзге қорлардың мөлшері туралы, сондай-ақ Банктің пайдасын бөлу туралы шешімдер қабылдау;
      14) халықаралық ынтымақтастық саласында Банктің басымдықтарын анықтау және басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
      15) филиалдар, еншілес банктердің мекемелерін және ұйымдарын ашу туралы шешім қабылдау;
      16) мүшенің Банктегі қызметін тоқтата тұру;
      17) Банктің таза активтерін мүшелер арасында бөлу мерзімдерін және шарттарын анықтауды қоса алғанда, банк операцияларын тоқтата тұру туралы, оны таратуға бастамашылық жасау туралы шешімдер қабылдау;
      18) осы Жарғыға өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелерді қарау;
      19) Банктің инвестициялық қызметі туралы ережені бекіту;
      20) Банктің инвестициялық қызметі туралы ережеге сәйкес Банк Кеңесінің құзыретіне жатқызылған Банктің инвестициялық жобаларын қарау және бекіту;
      21) Банкті тарату рәсімін айқындау;
      22) Банк Кеңесі жұмысының регламентін бекіту;
      23) осы Жарғыға сәйкес шешуі Банк Кеңесіне жүктелетін кез келген басқа да мәселелер.
      2. Банк Кеңесі Банк Басқармасына Банкке мүше мемлекеттер үкіметтерінің өкілеттіктерінің және/немесе шешімдерінің болуын талап ететін мәселелерді қоспағанда, жекелеген мәселелер бойынша өкілеттіктерді табыстауға құқылы.
      3. Осы баптың 1-тармағының 2), 4), 5), 6), 15), 16) және 17) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша дауыс беру үшін, Банк Кеңесі мүшелерінде өз үкіметтерінің тиісті өкілеттігі және/немесе шешімі болуы тиіс.
      4. Банк Басқармасы Төрағасымен келісім-шартқа Банк Кеңесі Төрағасы немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша Банк Кеңесінің мүшесі қол қояды.

15-бап. Банк Кеңесінде дауыс беру

      1. Банктің жарғылық капиталының әрбір ақы төленген акциясына Банктің әрбір мүшесіне бір дауыс беріледі.
      2. Банк Кеңесі өз отырыстарын қажетіне қарай, бірақ кемінде жылына екі рет өткізеді.
      Банк Кеңесінің кезектен тыс отырыстары Банк Басқармасы Төрағасының, Банк Басқармасының не үлестеріне Банктің төленген жарғылық капиталында дауыстардың кемінде төрттен бірі келетін Банктің кемінде үш мүшесінің бастамасы бойынша шақырылады.
      3. Егер Банк Кеңесінің отырысына дауыстардың жалпы санының кемінде төрттен үшіне иелік ететін Банк мүшелерінің өкілетті өкілдері қатысса, ол заңды болып табылады.
      4. Осы Жарғының 14-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 15), 16), 17), 18) және 21) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша Банк Кеңесі төрттен үш көпшілік дауыспен шешім қабылдайды. Банк Кеңесі қандай да бір мүшесінің Банкке қатысуын тоқтата тұру туралы шешімді қабылдау кезінде дауыс беру нәтижелерін анықтауда мұндай қатысушының тарапынан болатын қарсылықтар есепке алынбайды.
      5. Банктің акционерлік капиталында екі мүшеден артық болмаған кезде, осы Жарғының 14-бабының 1-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша Банк Кеңесі шешімді бірауыздан қабылдайды.
      6. Банк Қызметінің қалған мәселелері бойынша шешімдерді жай көпшілік дауыстармен Банк Кеңесі қабылдайды.
      7. Банк Кеңесі Банк Кеңесінің мүшелерін жазбаша сырттай сұрау салу жолымен дауыс беруді жүргізуге құқылы. Мұндай шешімдер, кейінірек, Банк Кеңесі отырысының хаттамасымен ресімделеді, ол Банк Кеңесі мүшелеріне жіберіледі.
      8. Банк Кеңесі Банк Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету үшін Банкті басқару органы болып табылмайтын көмекші органдарды құруға құқылы.

16-бап. Банк Басқармасы

      1. Банк Басқармасы Банктің тұрақты жұмыс істейтін алқалы атқарушы органы болып табылады.
      Банк Басқармасының қызметін Банк Кеңесі регламенттейді. Өз қызметін жүзеге асыру кезінде Банк Басқармасы осы Жарғыны және Банк Кеңесінің шешімдерін басшылыққа алады.
      Банк Басқармасы Банк Кеңесіне есеп береді.
      2. Банк Басқармасының құзыретіне мыналар жатады:
      1) Банк қызметінің бағдарламаларын, оның ішінде инвестициялық қызметінің бағыттарын әзірлеу, Банк қызметінің стратегиялық міндеттерін шешу жөніндегі ұсыныстарды дайындау;
      2) қаржы жылына есептілікті және келесі қаржы жылына арналған Банк бюджетінің жобасын Банк кеңесіне бекітуге ұсынуды қоса алғанда, Банк Кеңесінің отырыстарын дайындау;
      3) Банктің инвестициялық портфелін сараптауды ұйымдастыру, Банктің ресурстық әлеуетін бағалауды жүргізу, жобаларды қаржыландыру басымдығы бойынша ұсыныстар дайындау, Банк Кеңесі анықтаған өкілеттік шегінде жобаларды қаржыландыру туралы шешімдер қабылдау, Банк Кеңесінде қарау үшін Кеңес белгілеген лимиттен асатын инвестициялар көлемі бар жобалар бойынша қорытындылар дайындау;
      4) қаражатты орналастыру және тарту саласындағы ұсыныстарды талдау, өтімділігін қолдау және пайдаға қол жеткізу мақсатында Банк активі мен пассивінің ұтымды құрылымын анықтау, тәуекелдік пен өтімділікті бақылауды қамтамасыз ету;
      5) Банк қызметтері үшін тарифтерді бекіту;
      6) Банк ережелерін және рәсімдерін бекіту;
      7) Банк мүшелерінің тізілімін жүргізу;
      8) Банк Кеңесінің құзыретіне жатқызылмаған Банк қызметінің басқа да мәселелері.
      3. Банк Басқармасының сандық құрамын Банк Кеңесі анықтайды. Банк Басқармасының мүшелерін Банк Кеңесі тағайындайды және қызметтен босатады және олар бір уақытта Банк Кеңесінің мүшелері бола алмайды.
      Басқарма Төрағасының ұсынысы бойынша Банк Кеңесі Басқарма құрамына Банктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын қосу туралы шешімді қабылдайды. Басқарма мүшелері арасында міндеттерді бөлуді Басқарма Төрағасы анықтайды. Қажет болған жағдайда, Банк Кеңесі Басқарма құрамын және оның мүшелерінің санын қайта қарай алады.
      4. Банк Басқармасының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде екі айда бір рет өткізіледі. Басқарма отырыстарын өткізуге қажет кворум, Басқарма мүшелерінің жалпы санының қатысып отырғандарының кемінде үштен екісін құрайды.
      Шешімдер Басқарма отырысына қатысушылар санының көпшілік дауысымен қабылданады. Шешімдерді қабылдау кезінде Басқарманың әрбір мүшесі бір дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда Басқарма Төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Банк Басқармасы қабылдаған шешімдер орындауға міндетті болып табылады.
      Басқарма мүшелері Басқарма отырыстарының хаттамаларына өз ескертулері мен ұсыныстарын қосуға құқылы. Басқарма отырысының хаттамасына Басқарма Төрағасы қол қояды.

17-бап. Банк Басқармасының Төрағасы

      1. Басқарма Төрағасы осы Жарғымен әрі Банк Кеңесінің шешімдерімен анықталған өз құзыреті және құқықтары шеңберінде Банк пен Басқарма қызметін басқарады.
      2. Банк Басқармасы Төрағасы төрт жыл мерзімге сайланады және жаңа мерзімге қайта сайлана алады. Банк Басқармасы Төрағасы дауыстардың жалпы санының кемінде төрттен үші қабылдаған Банк Кеңесінің шешімі бойынша өз міндеттерін атқаруды мерзімінен бұрын тоқтата алады.
      Банк Басқармасы Төрағасы кеңесші дауыс құқығымен Банк Кеңесінің отырыстарына қатысады.
      Банк Басқармасы Төрағасы осы қызметте болған уақытта Банк Кеңесінде өкілетті өкілі немесе оның орынбасары бола алмайды.
      3. Басқарма Төрағасы Банктің ресми өкілі болып табылады және мынадай өкілеттіктерге ие:
      1) Банк Кеңесінің және Банк Басқармасының шешімдеріне сәйкес Банктің ағымдағы қызметін басқару;
      2) сенімхатсыз Банк атынан операциялар мен мәмілелер жасасу, сондай-ақ мемлекеттермен және халықаралық қаржы және басқа ұйымдармен қатынастарда Банк мүддесін білдіру;
      3) Банктің штат кестесін бекіту, Банк қызметкерлерін қабылдау және жұмыстан босату, олардың лауазымдық міндеттерін анықтау, Банк Кеңесі бекіткен бюджеттің шеңберінде Банк қызметкерлерінің еңбекақысының мөлшерін белгілеу;
      4) ішкі аудит қызметінің дербес құрамы бойынша ұсыныстар енгізу;
      5) Банктің барлық қызметкерлерінің орындауы міндетті бұйрықтар шығару және нұсқаулар беру.
      4. Басқарма Төрағасы Банк Кеңесінің алдында Банк Кеңесі шешімдерінің орындалуы, Банк жұмысын ұйымдастыру және Банктің ағымдағы қызметінің нәтижелері үшін жауап береді.
      5. Басқарма Төрағасының ұсынысы бойынша Банк Кеңесі өкілеттіктері мен лауазымдық міндеттерін Банк Басқармасының Төрағасы анықтайтын оның орынбасарларын тағайындайды. Басқарма Төрағасының орынбасарлары Банк Басқармасының мүшелері болып табылады. Банк Басқармасының Төрағасы болмаған жағдайда, оның функциялары мен өкілеттіктерін өзі тағайындаған Басқарма Төрағасының орынбасары атқарады. Басқарма Төрағасы өз өкілеттіктерін орындауға қабілетсіз болған жағдайда, Банк Кеңесі Төрағасының шешімі бойынша Басқарма Төрағасы орынбасарларының біріне өкілеттіктер беріледі және ол Банк Басқармасы Төрағасының функцияларын орындайды.

5-бөлім
Банк қызметінің жекелеген аспектілері

18-бап. Банктің халықаралық ұйым ретіндегі
мәртебесі және саяси қызметке тыйым салу

      1. Банк, Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының орынбасарлары, Банк Басқармасының мүшелері және Банктің қызметкерлері өз шешімдерінде осы Жарғыда анықталған Банктің мақсаттарына, оның функциялары мен операцияларына жататын Банк мүдделерін ғана басшылыққа алады.
      2. Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының орынбасарлары, Банк Басқармасының мүшелері және Банктің қызметкерлері өз міндеттерін орындау кезінде өзге ешкімге емес, тек Банкке ғана қызмет етеді. Банктің әрбір мүшесі оның халықаралық ұйым ретіндегі мәртебесін сыйлайды және олар өз міндеттерін орындаған кезде осы тармақта аталған тұлғалардың қайсыбіріне ықпал етудің кез келген әрекетінен қалыс қалады.
      3. Банк қандай да болмасын түрде оның мақсаттарына немесе функцияларына нұқсан келтіретін, оларды шектейтін, олардан ауытқуға әкеп соқтыратын немесе өзге түрде оларды өзгертетін кредиттік ресурстарды тартуға, көмек не өзге түрде жәрдем алуға қатыспайды.
      4. Банк, Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының орынбасарлары, Басқарма мүшелері және Банктің қызметкерлері өздерінің кез келген мүшесінің саяси оқиғасына араласпауы тиіс. Банк органдарының шешімдері оның мүшелерінің саяси ықпалымен қабылданбауы тиіс.
      Банк органдары шешімдер қабылдаған кезде тек осы Жарғының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған пікірлерді ғана басшылыққа алуы тиіс.

19-бап. Байланыс арналары

      Банкке әрбір мүше мемлекет Банк осы Жарғы шеңберінде туындайтын кез келген мәселе бойынша байланыс жасайтын тиісті ресми органды анықтайды.

20-бап. Банктік құпия

      Банк банктік құпияны сақтау туралы Банкке мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.

21-бап. Банктің жұмыс және ресми тілі

      Банктің жұмыс және ресми тілі орыс тілі болып табылады.

22-бап. Банктің қаржы жылы

      Банктің қаржы жылы 1 қаңтарда басталады және 31 желтоқсанда аяқталады.

23-бап. Банктің пайдасын бөлу

      1. Банк Кеңесінің шешімі бойынша пайда Банк мүшелерінің арасында резервтік қор Банктің жарғылық капиталының 15 (он бес) пайызына жеткеннен кейін ғана бөлуге жатады. Пайда сыртқы аудитор растаған жылдық есеп бекітілгеннен кейін Банк Кеңесінің шешімі бойынша бөлінеді, бұл ретте пайда, оның ішінде, Банктің резервтік және өзге де қорларын толықтыруға жіберіледі.
      2. Банк мүшелері арасында пайданы бөлу, олар пайда алынған қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша төлеген акциялар санына теңбе-тең жүргізіледі.

24-бап. Банктің аудиті және есептерді жариялау

      1. Банктің қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін оның құрылымында ішкі аудит қызметі құрылады, оның дербес құрамын Банк Кеңесі бір жыл мерзімге оны созу мүмкіндігімен бекітеді. Ішкі аудит қызметі Банк Кеңесіне есеп береді.
      2. Банктің жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын тексеру және растау үшін жыл сайын Банктің тәуелсіз сыртқы аудиті өткізіледі.
      Банкпен мүліктік мүдделерімен немесе оның мүшелерімен байланысы жоқ және аудитті өткізуге лицензиясы бар тәуелсіз халықаралық кәсіби аудиторлық ұйымды іріктеу тәртібін Банк Кеңесі анықтайды.
      Банк Кеңесі жыл сайын іріктеу нәтижелері бойынша ең үздік деп танылған тәуелсіз халықаралық кәсіби аудиторлық ұйымды бекітеді және Банк Басқармасының Төрағасына онымен келісім-шарт жасасуға өкілеттіктер береді.
      3. Банк өз мүшелеріне жылдық есепті және оған берілген аудиторлық қорытындыны есептіден кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірмей жібереді.
      Банк жалпы қабылданған банктік қағидаларды ескере отырып, өзінің қаржылық есептері мен жариялануы өз мақсаттарына қол жеткізу және өз функцияларын орындау үшін орынды болатын өзге де кез келген есептерді жариялайды.

25-бап. Банк қызметін тексеру

      1. Банк қызметін тексеруді Банк Кеңесі төрт жыл мерзімге бекітетін, құрамында тексеру комиссиясының Төрағасы мен оның мүшелері болатын тексеру комиссиясы жүзеге асырады.
      2. Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшелері Банкте қандай да болмасын лауазымды атқара алмайды.
      3. Тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін Банк Кеңесі белгілейді.
      4. Банк Басқармасының Төрағасы тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті барлық материалдарды тексеру комиссиясының қарауына береді.
      5. Тексеру комиссиясының есептері Банк Кеңесіне жылына кемінде бір рет беріледі.

6-бөлім
Банк құрамынан шығу, Банк операцияларын тоқтата тұру,
Банкті тарату

26-бап. Мүшелердің Банк құрамынан шығуы

      1. Банктің кез келген мүшесі өз ниеті туралы Банк Кеңесін жазбаша хабардар ете отырып, Банк құрамынан шығуға құқылы.
      Банк мүшенің Банк құрамынан шығуы туралы жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап:
      1) мұндай мүшенің шығу құқығынан басқа, оған келісіммен және осы Жарғымен берілген барлық құқықтары тоқтатыла тұрады;
      2) мұндай мүшенің Банк Кеңесі не Басқармасы қабылдайтын қандай да болмасын шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ. Бұл ретте, Банк құрамынан мүшенің шығуына дейін берілген қарыздардың, акционерлік капиталдағы инвестициялардың немесе кепілдіктердің қандай да болмасын бөлігі реттеліп болмайынша, Банк алдындағы өзінің барлық тікелей және жанама міндеттемелері сақталады;
      3) мұндай мүше Банк құрамынан шығу туралы хабарламаны ол алған күннен кейін Банк берген қарыздар, жарғылық капиталға берілген инвестициялар және кепілдіктер бойынша міндеттемелер қабылдамайды, сондай-ақ бұдан әрі Банктің шығыстары мен кірістеріне қатыспайды.
      2. Банк құрамынан шығу туралы хабарламаны Банк алған күннен бастап алты ай ішінде Банк пен осы мүше арасындағы қатынастарды реттеудің мерзімі мен тәртібі туралы келісімге қол жеткізілуі тиіс.
      3. Банк құрамынан шығу туралы жазбаша хабарламаны Банк алған күннен бастап алты ай өткенге дейін не Банк пен мүше арасындағы келісімге қол жеткен сәтке дейін мұндай мүше Банк құрамынан шығу ниеті туралы өз хабарламасының күші жойылғаны туралы Банкке жазбаша хабарлай алады.
      4. Банк Кеңесіне Банктің құрамынан шығу ниеті туралы хабарламаны берген Банк мүшесі өзі мен Банк арасындағы қатынастарды реттеудің мерзімі мен тәртібі туралы келісімге қол жеткізген күннен бастап, бірақ Банк жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты айдан кешіктірмей Банктің қызметіне өзінің қатысуын тоқтатады.
      5. Банк құрамынан шығатын мүше және Банк "банк-клиент" қатынастары шеңберінде өз міндеттемелері бойынша жауап беруді жалғастырады.

27-бап. Банктің бұрынғы мүшелерімен
есеп айырысуды реттеу

      1. Банк пен Банк құрамынан шығатын мүше осы мән-жайларда олар қолайлы деп есептейтін шарттарда Банктің жарғылық капиталында осы мүшенің үлесін сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізуі мүмкін.
      2. Егер Банктің құрамынан шығу туралы мүшенің жазбаша хабарламасын Банк алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін үлесін сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілмеген жағдайда, мұндай мүшенің жарғылық капиталын сатып алуды Банк мынадай шарттарда жүзеге асырады:
      1) жарғылық капиталдағы үлесті сатып алу бағасы Банктің ақы төленген жарғылық капиталындағы мүшенің үлесін ескере отырып, Банк құрамынан шығу туралы жазбаша хабарламаны Банк алған күнгі Банктің таза активтерінің сомасын ескере отырып анықталады;
      2) акциялар үшін ақы төлеу мүше оларды Банкке бергеннен кейін Банк Кеңесі өзінің жеке қаржылық жай-күйін ескере отырып, негізді түрде анықтауына қарай осындай мөлшерде, осындай уақытта және қолда бар осындай валютада немесе валюталарда кезең-кезеңімен жүргізіледі;
      3) төлемдер сатып алу бағасы ретінде тиесілі сома осы Жарғының 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген Банк алдындағы міндеттемелердің жалпы сомасынан қаншалықты асып түсетін шекте кезең-кезеңімен жүргізілуі мүмкін;
      4) мүшеге оның акциялар үлесі үшін тиесілі кез келген сома мүше немесе оның кез келген құрылымы қандай да болмасын соманы төлеу үшін Банк алдында жауап беруді жалғастыратын осындай уақыт кезеңі ішінде төленбейді, оның үстіне мұндай сома Банктің қалауы бойынша Банктен тиесілі кез келген сомаға қарағанда төленуге тиіс болатын осындай сәтке есептелуі мүмкін;
      5) егер Банк мүше қатысуын тоқтатқан күнгі жағдай бойынша Банкте бар, осы Жарғының 10-бабына сәйкес жұмсалған өзінің күрделі қаржы жұмсалымы бойынша таза зиян шексе және мұндай зиянның сомасы осындай күрделі қаржы жұмсалымы бойынша берілген резервтер сомасынан асып түссе, мұндай мүше Банктің талап етуі бойынша, егер мұндай зиян сатып алу бағасын анықтау кезінде есепке алынған болса, оның акцияларын сатып алу бағасы кемітілетіндей соманы өтейді;
      6) мүшеге өзінің акциясы үшін тиесілі ешбір сома Банк құрамынан шығу туралы жазбаша хабарламаны Банк алған күннен кейін алты ай етпей төленбейді. Егер мүше мүшелігін тоқтатқан күннен бастап алты ай ішінде Банк Кеңесі осы Жарғының 14-бабы 1-тармағының 17) тармақшасында көзделген Банктің таратылуына бастамашылық жасау туралы шешім қабылдаса, мұндай мүшенің барлық құқықтары және Банк пен мұндай мүше арасындағы қатынастарды реттеу мәселелері осы Жарғының 30-бабының 4-тармағында көзделген ережелермен реттеледі.
      3. Бұрынғы мүшемен есеп айырысуды реттеу нәтижелері бойынша жарғының капиталдағы мұндай мүшенің Банк сатып алған үлесі Банк Кеңесінің шешімі бойынша Банктің басқа мүшелеріне ұсынылуы мүмкін.

28-бап. Банкке қатысуды тоқтата тұру

      1. Егер Банктің мүшесі Банк алдындағы қандай да болмасын өз міндеттемелерін орындамаса, Банк оның қатысуын тоқтата тұрады. Қатысуды тоқтата тұру осы Жарғының 15-бабының 4-тармағына сәйкес қабылданатын Банк Кеңесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      2. Банкке қатысуды тоқтата тұру кезеңінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген Банк мүшесінің қызметі осы Жарғының 26-бабы 1-тармағының ережелерімен анықталады.
      3. Егер бір жыл өткен соң Банк Кеңесі мүшенің құқықтарын қалпына келтіру туралы шешімдер қабылдамаса, онда Банктің бұл мүшесі Банк мүшелерінің құрамынан шығарылған деп есептеледі. Оның және Банктің арасындағы одан арғы өзара қарым-қатынастар осы Жарғының 26 және 27-баптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

29-бап. Операцияларды уақытша тоқтата тұру

      Төтенше жағдайда Банк Басқармасы жалпы дауыс санының төрттен үш бөлігінің көпшілігі қабылдайтын шешім бойынша Банк Кеңесі қалыптасқан жағдайды қарап, ол тиісті шараларды қабылдағанға дейін жаңа қарыздарды, кепілдіктерді беру, бағалы қағаздарды орналастыру, техникалық жәрдемдесу және жарғылық капиталға инвестициялар салу жөніндегі операцияларды уақытша тоқтата алады.

30-бап. Операцияларды түпкілікті
тоқтату және Банкті тарату

      1. Банкті таратуға бастамашылық жасау туралы шешімді Банк Кеңесі қабылдайды. Банкті тарату туралы шешімді Банкке мүше мемлекеттер қабылдайды.
      2. Банк Кеңесі Банкті таратуға бастамашылық жасау туралы шешім қабылдаған кезде Банк өзінің активтерін ретке келтіріп сату, консервациялау мен сақтау және өзінің міндеттемелерін реттеу жөніндегі қызметті қоспағанда, өз қызметін дереу тоқтатады.
      Міндеттемелерді түпкілікті реттеу мен активтерді бөлгенге дейін Банктің және оның мүшелерінің барлық өзара құқықтары мен міндеттемелері күшін сақтайды.
      3. Кредит берушілердің талаптары Банк активтерінен қанағаттандырылады. Кредит берушілерге қандай да бір төлемдерді жүзеге асырар алдында Банк Басқармасы төлемдерді талаптарды ұстаушылар арасында теңбе-тең бөлуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.
      4. Банк активтерін бөлу мынадай түрде жүзеге асырылады:
      1) активтер Банктің мүшелері арасында Банктің кредит берушілер алдындағы барлық міндеттемелері өтелгеннен кейін немесе осындай өтеу үшін резерв құрылғаннан кейін бөлінеді;
      2) Банк активтерін кез келген бөлу Банктің әрбір мүшесі төлеген жарғылық капиталдың бөлігіне теңбе-тең жүргізіледі және Банк Кеңесі бекіткен мерзім мен шарттардың негізінде жүзеге асырылады. Әр түрлі мүшелердің арасында бөлінетін активтердің бір үлгіде болуы міндетті емес. Банк алдындағы өзінің барлық міндеттемелерін орындамайынша, бірде бір мүшенің бөлінген активтерден өз үлесін алуға құқығы жоқ;
      3) осы бапқа сәйкес бөлінетін активтерді алатын мүше осы активтер бойынша оларды бөлу алдында Банкке тиесілі болған дәл сондай құқықтарды пайдаланады.

7-бөлім
Банктің иммунитеті, артықшылықтары және жеңілдіктері

      Өзінің мақсатына қол жеткізу және өзінің функцияларын орындау үшін әрбір мүше мемлекеттің аумағында осы бөліміне көрсетілген, сондай-ақ Банктің мүше мемлекеттермен жасалған келісімдерінде тіркелген иммунитет, артықшылықтар және жеңілдіктер беріледі.

31-бап. Банктің иммунитеті және артықшылықтары

      1. Тергеу болып табылатын немесе оның өкілеттігін жүзеге асыруға байланысты жағдайларды қоспағанда, Банктің кез келген сот қудалауынан иммунитеті болады. Банк орналасқан не филиалы, еншілес Банкі немесе өкілдігі бар не сотқа шақыру қағазын немесе процесс туралы хабарламаны қабылдау мақсатында агентін тағайындаған не бағалы қағаздарын шығарған немесе оларға кепілдік берген елдің аумағындағы құзыретті сотта ғана Банкке қарсы талаптар қозғалады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Банктің кез келген мүшесі немесе осындай мүшенің атынан әрекет ететін немесе талап қоятын мүшенің кез келген тұлғасы, органы және мекемесі тарапынан Банкке қарсы ешқандай іс-қимыл мен талаптар қолданылмайды. Банк мүшелері қарама-қайшылықтарды реттеу үшін осы Жарғыда, Банктің ережелері мен регламенттерінде, сондай-ақ Банк мүше мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жасасқан келісімдерде көзделген арнайы рәсімдерді пайдалана алады.
      3. Банк мүшелерінің аумағында орналасқан Банктің мүлкі мен активтерінің Банкке қарсы тиісті түпкілікті сот шешімі шығарылғанға дейін тінтуге, тексеруге, тұтқынға алуға, тәркілеуге, экспроприациялауға немесе алудың немесе иеліктен шығарудың кез келген өзге нысанына қарсы иммунитеті бар.
      4. Банктің, мақсатына қол жеткізу және функцияларын орындау үшін қажетті дәрежеде және осы Жарғының ережелерін ескере отырып, Банктің барлық мүлкі мен активтері қандай да болмасын шектеулерден, нұсқамалардан және мораторийлерден босатылады.
      5. Банкке мүше мемлекеттердің аумағында Банктің мұрағатына, Банктің мүлкіне, сондай-ақ оған тиесілі не ол иесі болып табылатын кез келген ақпаратқа қол сұғылмайды.
      6. Әрбір мүше мемлекет Банкке оның ресми байланысы үшін басымдылыққа, почта жөнелтімдерінің тарифтері мен ставкаларына, каблофаммаға, жеделхатқа, радиограммаға, телефонға және басқа байланыс құралдарына қатысты, сондай-ақ ақпарат, берілетін басылым мен радио үшін төмендетілген ставкаларға қатысты соңғысының дипломатиялық өкілдіктерін қоса алғанда, осы мемлекеттің үкіметі кез келген басқа үкіметке ұсынатыннан қолайлылығы кем емес жағдайлар ұсынады. Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу жөніндегі барлық шығыстар Банктің қаражаты есебінен жүргізіледі.
      7. Барлық өкілетті өкілдердің, олардың орынбасарларының, Басқарма Төрағасының, Басқарма Төрағасы орынбасарларының, Басқарма мүшелерінің және Банк қызметкерлерінің олар қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған іс-қимылға қатысты сот арқылы және әкімшілік қудалауға қарсы иммунитеті бар. Бұл иммунитет жол-көлік оқиғасы жағдайларында азаматтық жауапкершілікке қолданылмайды.

32-бап. Салық жеңілдіктері

      1. Мүше мемлекеттерде Банк, оның кірістері, мүлкі және басқа да активтері, сондай-ақ осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырылатын оның операциялары мен мәмілелері салықтан және кеден салығынан босатылады. Банк кез келген салықтардан, алымдардан, баждардан және қызмет көрсетудің нақты түрлері үшін төлемді білдіретіндерді қоспағанда, басқа да төлемдерден босатылады.
      2. Басқарма Төрағасының, Басқарма Төрағасы орынбасарларының, Басқарма мүшелерінің және Банк қызметкерлерінің жалақысы мен сыйақылары салық салудан босатылады.
      Әрбір Банкке мүше мемлекет осы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын өзінің азаматтары мен тұлғаларына қатысты салық салудан көрсетілген босатуды қолданбауға құқылы.
      3. Міндеттемелер немесе Банк шығарған бағалы қағаздар, сондай-ақ дивидендтер немесе оларға пайыздар олардың ұстаушысының кім екендігіне қарамастан, Банкке мүше мемлекеттерде:
      1) оларды Банктің шығарғанына байланысты болғандықтан ғана мұндай міндеттемелерге немесе бағалы қағаздарға қатысты кемсітетін болып табылса, немесе
      2) егер мұндай салық салу үшін жалғыз ғана заңды негіздеме мыналар: көрсетілген міндеттемелер мен бағалы қағаздардың шығарылған орны; олар шығарылған төленуге тиіс немесе төленетін валюта; Банкке тиесілі қандай да болмасын мекеменің немесе қызмет орнының орналасқан жері болып табылса салық салынбайды.

33-бап. Иммунитет пен артықшылықтардан бас тарту

      Банк оның пікірінше Банктің мүдделеріне жауап беретін дәрежеде және жағдайларда, осы Жарғыда көрсетілген кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңілдіктен бас тарта алады.
      Банк Басқармасының Төрағасы оның пікірінше мұндай иммунитет, артықшылық немесе алу сот төрелігін жүзеге асыруға қиындық туғызатын болса және олардан бас тарту Банк мүдделеріне нұқсан келтірмесе, Басқарма Төрағасын, Басқарма Төрағасының орынбасарын немесе Банк Басқармасының мүшелерін қоспағанда, Банктің кез келген қызметшісіне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңілдіктен бас тартуға міндетті. Банк Кеңесі ұқсас жағдайларда және нақ сондай шарттарда, Басқарманың Төрағасына, Басқарма Төрағасының орынбасарына және Банк Басқармасының мүшелеріне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе алудан бас тартуға міндетті.

8-бөлім
Қорытынды ережелер

34-бап. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Банк Кеңесіне мүшенің өкілетті өкілінен осы Жарғыға өзгерістер енгізу туралы түсетін кез келген ұсыныс Банк Кеңесі Төрағасының назарына жеткізіледі, ол бұл ұсынысты Банк Кеңесінің қарауына ұсынады.
      Банк мүшелерінің өзара келісуі бойынша осы Жарғыға жеке хаттамалармен ресімделетін, осы хаттамаларда белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

35-бап. Жарғыны түсіндіруден және
қолданудан туындайтын дауларды шешу

      Осы Жарғының ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Банктің мүшелері мен Банк арасында не Банктің екі және одан да көп мүшелері арасында туындайтын кез келген даулар Банктің мүшелері арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

36-бап. Банктің қызметі барысында
туындайтын дауларды шешу тәртібі

      1. Банк пен Банк мүшесінің арасында, не Банк пен Банкке қатысуды тоқтатқан тараптың арасында, не Банк қызметін тоқтата тұрған және тоқтатқан уақытта Банк пен қандай да бір мүше арасында Банктің қызметі барысында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
      2. Егер мұндай даулар және келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілмеген жағдайда оларды дау Тараптарының кез келгені белгіленген тәртіппен Банк Кеңесіне шешуге береді.
      3. Тараптардың кез келгені үш төрешіден тұратын, оның біреуін - Банк, екіншісін - Банктің тиісті мүшесі, ал үшіншісін - тағайындалған төрешілердің келісімі бойынша егер тараптар ортақ келісімге келмесе, Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық Сотының Төрағасы тағайындайтын аралық соттың қарауына дауды бере отырып, Банк Кеңесінің шешімін даулай алады. Төрешілер көпшілік дауыспен шешім қабылдайды және олар қабылдаған шешім дау Тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

Еуразия даму банкінің Жарғысына 
қосымша             

Банктің құрылтайшы мемлекеттерінің
жарғылық капиталына жазылуы

      Қазақстан Республикасы - 500000 (бес жүз мың) акция - жарғылық капиталдың үштен бірі.
      Ресей Федерациясы - 1000000 (бір миллион) акция - жарғылық капиталдың үштен екісі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады