"Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 26 қазандағы № 1108 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Медиация туралы

      Осы Заң медиация институтын қолданудың құқықтық шарттарын, оның қағидаттары мен жүргізу рәсімін, медиатордың мәртебесін және оған қойылатын талаптарды айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Медиацияның реттеу нысанасы және оның қолданылу
             саласы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Заңмен жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық-құқықтық қатынастардан, еңбек, отбасы және өзге де жеке құқықтық қатынастардан, сондай-ақ ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер жөніндегі қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында туындайтын жанжалдарды реттеу кезінде медиация институтын пайдалануға байланысты қатынастар реттеледі.
      2. Егер осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген қатынастардан туындайтын жанжалдар медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, мұндай жанжалдарға медиация рәсімі қолданылмайды.
      3. Тараптардың бірі мемлекеттік орган не оның атынан әрекет ететін тұлға болып табылса, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық-құқықтық қатынастардан, еңбек, отбасы және өзге де жеке қүқықтық қатынастардан туындайтын жанжалдарды шешу бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
      4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жанжалды реттеу туралы келісім - медиация нәтижесінде тараптар қол жеткізген жазбаша келісім;
      2) медиатор - тараптар арасында кәсіпқой және кәсіпқой емес негізде медиацияны жүзеге асыратын тәуелсіз жеке тұлға;
      3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) - медиаторлардың және медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын ұйым;
      4) медиаторлар ұйымдары - медиаторлардың медиацияны дамыту жөніндегі және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін оларды ерікті негізде біріктіру үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар;
      5) медиация - жанжалды шешудің тараптар өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында келіссөздер жүргізетін, тараптардың ерікті келісімімен бір немесе бірнеше медиатордың қатысуымен іске асырылатын рәсімі;
      6) медиация туралы шарт - медиация басталғанға дейін медиатормен жасалатын тараптардың жазбаша келісімі;
      7) медиацияға қатысушылар — медиатор, тараптар және олардың өкілдері.

      3-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары

      Медиация:
      1) еріктілік;
      2) тараптардың өзін-өзі айқындауы;
      3) құпиялылық;
      4) тараптардың тең құқықтылығы;
      5) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;
      6) медиация рәсіміне араласуға жол бермеу қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      4-бап. Еріктілік

      1. Медиация туралы шартта көрсетілген тараптардың өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады.
      2. Жанжалдарды реттеу кезінде тараптар медиацияның кез келген сатысында одан бас тартуға құқылы.

      5-бап. Тараптардың өзін-өзі айқындауы

      1. Тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық және процессуалдық құқықтарына билік етуге, талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе жанжалдан бас тартуға құқылы.
      2. Тараптар өзара тиімді келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда еркін болады.

      6-бап. Құпиялылық

      1. Медиацияға қатысушылар өздеріне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген тараптың жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқығы жоқ және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларға медиация барысында белгілі болған мәліметтер туралы куәгерлер ретінде жауап бере алмайды.
      2. Медиацияға қатысушының өзіне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген тараптың рұқсатынсыз жария етуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      7-бап. Тараптардың тең құқықтылығы

      Медиацияда тараптарға тең міндеттер жүктеледі және олар медиаторды, рәсімді, ұстанымды, ақпаратты таңдауда, келісімнің ұсыныстары мен шарттарының қолайлығын бағалауда тең құқықтарға ие болады.

      8-бап. Медиатордың тәуелсіздігі, бейтараптылығы және
             медиация рәсіміне араласуға жол бермеу

      1. Медиатор бейтарап және тараптардан тәуелсіз тұлға болуға, медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс.
      2. Медиацияны жүргізу кезінде медиатордың қызметіне мемлекеттік органдардың, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардың араласуына жол берілмейді.

2-тарау. Медиаторлардың және медиацияны жүргізуді
қамтамасыз ететін ұйымдардың құқықтық жағдайы

      9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар

      1. Медиатор тараптардан тәуелсіз және істің нәтижесінде мүддесі жоқ, олардың өзара келісімі бойынша сайланған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға болуға тиіс.
      2. Медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Қырық жасқа толған, кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатордың қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.
      4. Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатордың қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
      5. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
      6. Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге де қызметті де жүзеге асыруға құқылы.
      7. Мыналар:
      1) мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті немесе оған теңестірілген;
      2) заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
      3) қылмыстық қудалау тоқтатылғанға дейін қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде тартылған;
      4) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

      10-бап. Медиатордың өкілеттігі мен міндеттері

      1. Медиатор бүкіл медиация рәсімі ішінде барлық тараптармен бір уақытта және тараптардың әрқайсысымен жеке кездесулер өткізуге құқылы.
      2. Медиатор құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылыққа хабарлай алады.
      3. Медиаторлар қоғамдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін бекіткен жағдайда, медиатор оның ережелерін сақтауға міндетті.

      11-бап. Медиатордың өздігінен бас тартуы

      1. Медиация қағидаттарына сәйкес медиаторға өз функцияларын жүзеге асыруға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, медиатор дереу өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.
      2. Медиацияның тараптары өзара келісім бойынша басқа медиаторды сайлауға құқылы.
      3. Медиация азаматтық немесе қылмыстық процесс шеңберінде жүргізілген жағдайда медиация тараптары өзара келісім бойынша сотты немесе тергеу және анықтау органдарын хабардар ете отырып, басқа медиаторды сайлауға құқылы.
      4. Егер медиатордың пікірі бойынша медиацияны одан әрі жүргізу процесіндегі күш-жігер тараптар арасындағы жанжалды шешуге әкелмейтін болса, медиатор оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісімімен оны тоқтатуға құқылы.

      12-бап. Медиаторлар ұйымдары

      1. Медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша құрылған коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамада көзделген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады.
      2. Медиаторлар ұйымы медиаторлардың медиацияны жүргізу жөнінде қызметтер көрсетуінің материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      3. Медиаторлар ұйымдары медиация бойынша тиісті даярлықтан өткені туралы құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсіби даярлауды және олардың біліктіліктілігін арттыруды өткізуге құқылы.
      4. Медиаторлар ұйымдары және/немесе медиаторлар өз қызметін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргізу тәртібін (регламентін) әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бірігуге құқылы.
      5. Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кіру ерікті негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйымының немесе медиаторлар қауымдастығының (одақтың) кіру жарнасын алуына жол берілмейді.
      6. Медиаторлар қауымдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсіптік этикасының бірыңғай кодексін әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      13-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар
              тізілімін жүргізуі

      1. Медиаторлар ұйымының әрқайсысы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын өзінің кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізеді.
      2. Медиатор өзін тиісті кәсіпқой медиаторлар тізіліміне енгізгеннен кейін ғана медиациямен кәсіби айналысуға құқылы.
      3. Медиатор кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосу үшін медиаторлар ұйымына жеке куәлігінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесін); үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық диспансерден және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, жоғары білімі туралы дипломының және медиация бойынша арнайы даярлықтан өткендігін растайтын құжаттың (сертификаттың) көшірмелерін ұсынуы қажет.
      4. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
      1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты;
      2) медиатордың тұратын жері;
      3) медиатордың байланыс деректері;
      4) медиатор маманданған медиация саласы;
      5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі;
      6) медиация бойынша арнайы даярлықтан өткенін растайтын құжаттың (сертификаттың) болуы;
      7) медиатордың тізілімнен шығару туралы мәліметтер.
      5. Медиаторларды медиаторлар ұйымы осы Заңның осы бабының 3-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болу шартымен тиісті өтініш алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосады.
      Медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиісті өтініш алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
      6. Егер тиісті жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде медиатор тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы өтініш бермесе, медиаторлар күнтізбелік жыл біткен соң кәсіпқой медиаторлар тізілімінен шығарылады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өтінішті электрондық түрде медиаторлар ұйымының электрондық мекенжайына ұсынуға болады.
      7. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі толығу шамасына қарай, бірақ кемінде бір тоқсанда бір рет медиаторлар ұйымының веб-сайтында, мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Медиаторлар ұйымы мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.
      8. Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсіміне қатысушы тараптар тиісті өтінішпен медиаторлар ұйымына жүгінуге құқылы. Бұзушылық расталған кезде медиаторлар ұйымы медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізілімінен алты ай мерзімге шығарады.

      14-бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент,
              ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің
              кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жүргізуі

      1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ өкімі (бұдан әрі - уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді.
      2. Медиацияны кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар өзін кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосу үшін уәкілетті органға жеке куәлігінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесін); үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы қоса ұсынып жүгінуге міндетті.
      3. Кәсіпқой емес медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
      1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты;
      2) медиатордың тұратын жері;
      3) медиатордың байланыс деректері;
      4) медиатор маманданған медиация саласы;
      5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі;
      6) медиатордың тізілімнен шығару туралы мәліметтер.
      4. Медиаторларды уәкілетті орган осы Заңның осы бабының 2-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болу шартымен тиісті өтініш алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосады.
      Медиаторды кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда уәкілетті орган тиісті өтініш алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
      5. Егер тиісті жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы өтініш медиаторлардың өтініші ұсынылмаса, медиаторлар күнтізбелік жыл біткен соң кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінен шығарылады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өтінішті электрондық түрде уәкілетті органның электрондық мекенжайына ұсынуға болады.
      6. Кәсіпқой емес медиаторлар тізілімі толығу шамасына қарай, бірақ кемінде бір тоқсанда бір рет уәкілетті органның веб-сайтында не жұртшылық үшін қол жетімді жерлерде оның толтырылуына қарай, мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.

      15-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының
              медиацияны жүргізуі

      1. Өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады.
      2. Жергілікті қоғамдастық мүшелерін кәсіпқой емес медиаторлар ретінде сайлау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) хаттамасы он жұмыс күні ішінде осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген құжаттармен қоса кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосу үшін уәкілетті органға жіберіледі.

3-тарау. Медиацияны жүргізу

      16-бап. Медиацияны жүргізу тәртібі

      1. Медиация тараптар келіскен, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
      2. Тараптардың келісімімен медиаторлар ұйымдары бекіткен тәртіп қолданылуы мүмкін.

      17-бап. Медиацияны жүргізу орны және уақыты

      1. Тараптар өздерінің қалауы бойынша медиацияны жүргізу орны туралы уағдаласа алады.
      2. Медиатор тараптардың келісімі бойынша медиацияны жүргізу күні мен уақытын белгілейді.

      18-бап. Медиацияны жүргізу тілі

      Тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады.

      19-бап. Медиацияны жүргізу туралы шарттың нысаны мен
              мазмұны

      1. Тараптар жанжалды медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша нысанда ресімделген медиация жүргізу туралы шарт жасалады.
      2. Мыналар:
      1) медиация жүргізу туралы шартты жасау күні, уақыты және орны;
      2) жанжал тараптарының атаулары, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетілген олардың тегі және аты-жөні, лауазымдары;
      3) жанжалдың нысанасы;
      4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы мәліметтер;
      5) медиация тараптарының медиацияны жүргізгені үшін медиаторға (медиаторларға) сыйақы төлеуінің шарттары, тәртібі және мөлшері;
      6) медиацияны жүргізу тілі;
      7) медиацияны жүргізудің құпиялылығы туралы тараптардың міндеттемесі және мұндай міндеттемені орындамаудың салдары;
      8) медиация тараптарының жанжалды реттеуге қатысатын медиатордың медиация тараптары үшін шығын (залал) келтірген әрекеті (әрекетсіздігі) үшін жауапкершілігінің негіздері мен көлемі;
      9) тараптардың деректемелері (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғылықты жері, байланыс телефондары);
      10) медиацияны жүргізу мерзімі медиация жүргізу туралы шарттың маңызды талаптары болып табылады.
      3. Тараптардың келісімі бойынша медиаторларға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
      4. Тараптар медиация тараптарының медиаторға медиация жүргізгені үшін сыйақы төлеу шарттары, тәртібі және мөлшері медиаторлар ұйымы бекіткен тәртіппен белгіленетіні туралы уағдаласа алады.

      20-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар

      1. Өз қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады.
      2. Өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар медиацияны тегін негізде жүзеге асырады.
      3. Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
      4. Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.
      5. Егер медиатор өзінің алаламаушылығына және бейтараптығына кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты медиацияны жүзеге асырудан бас тартуға мәжбүр болса, ол тараптар өзіне төлеген ақшалай соманы қайтаруға міндетті.

      21-бап. Медиацияның басталуы

      1. Медиация тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация жүргізу туралы жасалған шарт болған жағдайда құқық қорғау және сот органдарына жүгінгенге дейін де және жүгінгеннен кейін де басталуы мүмкін.
      2. Құкық қорғау органдарының лауазымды адамдарының және
судьялардың қандай да бір нысанда тараптарды медиацияға мәжбүрлеуге
құқығы жоқ.
      3. Медиацияға жүгіну туралы ұсыныс тарапқа басқа тараптың өтініші бойынша жасалуы немесе оны медиатор жасауы мүмкін.
      4. Медиация тараптары бір немесе бірнеше медиаторды сайлауға құқылы.

      22-бап. Тараптардың медиацияға қатысуы

      Тараптар медиацияға тікелей немесе тараптар өз қалауы бойынша тағайындайтын өздерінің өкілдері арқылы қатыса алады. Өкілдің өкілеттігі Қазақстан Республикасының азаматтық немесе қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.

      23-бап. Азаматтық-құқықтық қатынастар саласындағы
              медиацияның ерекшеліктері

      1. Медиация азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын жанжалдарды реттеу кезінде медиация жүргізу туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
      2. Соттың қарауында жатқан азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын жанжалдарды реттеу кезінде медиация медиация жүргізу туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың бірлескен қолдаухаты бойынша медиацияны жүргізу мерзімін сот күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
      3. Соттың қарауында жатқан азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын жанжалды реттеу бойынша медиация жүргізу туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
      4. Медиация азаматтық процесс шеңберінде жүргізілген жағдайда тараптар іс жүргізуінде медиация жүргізу нәтижелері туралы іс жатқан сотты жазбаша хабардар етуге міндетті.

      24-бап. Қылмыстық-құқықтық қатынастар саласындағы
              медиацияның ерекшеліктері

      1. Тараптардың қылмыстық-құқықтық қатынастардан туындайтын, оның ішінде ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық іс бойынша жанжалды реттеу бойынша медиация жүргізу туралы шарт жасасуы оны жүргізуді тоқтата тұрмайды.
      2. Тараптардың медиация процесіне қатысу фактісі кінәні мойындаудың дәлелі бола алмайды.
      3. Қылмыстық-құқықтық қатынастардан туындайтын жанжалды реттеу бойынша медиация сотқа дейін және сотта талқылаудың қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген мерзімдерінде жүзеге асырылуы тиіс.
      4. Жанжалды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту тараптардың жағдайын нашарлата алмайды.
      5. Қылмыстық процесс шеңберінде медиация жүргізілген жағдайда, тараптар іс өндірісінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға медиацияны жүргізу нәтижелері туралы жазбаша хабарлауға міндетті.

      25-бап. Медиацияны тоқтату

      1. Медиация:
      1) тараптар жанжалды реттеу туралы келісімге қол қойған;
      2) медиатор жанжалды медиация арқылы шешудің мүмкін еместігі туралы анықтаған;
      3) тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан;
      4) медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайларда тоқтатылады.
      2. Егер тараптар осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген медиацияны тоқтатумен келіспесе, олар осы Заңда белгіленген медиация жүргізу мерзімінде басқа медиаторды (медиаторларды) таңдауға құқылы.

      26-бап. Жанжалды реттеу туралы келісім

      1. Медиация жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жазбаша жасалады және оған тараптар қол қояды.
      2. Келісімде тараптар және жанжалдың нысанасы, медиатор туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісім шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері, сондай-ақ оларды орындамау салдары қамтылуға тиіс.
      3. Іс азаматтық сотта қаралғанға дейін жасалған жанжалды реттеу туралы келісім тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған азаматтық-құқықтық мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған тарапқа заңнамада белгіленген тәртіппен жауаптылық жүктеледі.
      4. Істі сотта қарағанға дейін жасалған қылмыстық-құқықтық қатынастардан, оның ішінде ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар
туралы қылмыстық іс бойынша туындайтын жанжалды реттеу туралы келісім
жәбірленуші тарапқа залалдың орнын толтыру және тараптардың татуласуы
жолымен жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, тарап белгіленген тәртіппен қылмыстық қудалануға жатады.
      5. Жанжалды реттеу туралы келісімді тараптар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде өз еркімен орындайды.
      6. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жасалған жағдайда, келісім өндірісінде іс жатқан судьяға беріледі. Жанжалды реттеу туралы келісімді сот іс жүргізу заңнамасына сәйкес бекітеді.
      Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
      7. Медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген қылмыстық-құқықтық қатынастардан, оның ішінде ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық іс бойынша туындайтын жанжалды реттеу туралы келісім жасалған жағдайда келісім қылмыстық процесті жүргізетін органға беріледі.
      Жәбірленуші тарапқа залалдың орнын толтыру және олардың татуласуы жолымен жанжалды реттеу туралы мұндай келісімді ұсыну заңда белгіленген жағдайларда кылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жай болып табылады.
      8. Жанжалды реттеу туралы келісім оған тараптар мен медиатор қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      27-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады