Байланыс формасы

Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 Қаулысы.

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 8-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидалары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бір ай мерзімде осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1427 қаулысымен
бекітілген

Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тәртібін айқындайды.

      Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шартта осы Қағидаларда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударушы немесе Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;

      2) уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ішкі көшіп- қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды, сондай-ақ уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуды (тіркеуді) жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) азаматтарды тіркеу кітабы - азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін немесе тіркеуден шығарылуын растайтын құжат. Азаматтарды тіркеу кітабын ресімдеу және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгілейді;

      4) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

      5) мекенжай анықтамасы – жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығарылуын, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алынуын (тіркелуін), сондай-ақ бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметті растайтын құжат;

      6) уақытша болатын (тұратын) жер – тұрғылықты жер болып табылмайтын және адам уақытша болатын (тұратын) мекенжайы бар ғимарат, үй-жай не тұрғынжай.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.02.2014 № 54 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.12.2016 № 757 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.06.2017 № 364 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

2. Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тәртібі

      3. Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуды (тіркеуді) мыналар жүзеге асырады:

      Қазақстан Республикасының азаматтарын – жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша Мемлекеттік корпорация немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері;

      халықтың көші-қоны саласындағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды – жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері арқылы.

      Ішкі көшіп-қонушыны тіркеу орны оның заңды мекенжайы болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) тұрғын үйдің меншік иесiнiң (жалға берушінің) жазбаша берген келiсiмiмен не электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      Тіркеуге меншік иесінің (жалға алушының) меншік құқығын растау үшін уәкілетті орган мекенжайдың тіркеу коды (МТК) бойынша "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үйге меншік құқығы пайда болуының негіздерін растайтын меншік иесі туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерден алады.

      Тұрғылықты, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, сондай-ақ адамдар тұру (болу) үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      5. Тұрғылықты жерi бойынша тiркеуге, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алуға (тіркеуге):

      1) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында мемлекет ішінде қоныс аударатын, сондай-ақ шет елдерден тұрақты тұруға немесе уақытша келген Қазақстан Республикасының азаматтары;

      2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;

      3) шетелдiктер және босқын мәртебесiн алған азаматтығы жоқ адамдар жатады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Тіркелуге жататын ішкі көшіп-қонушылар, республикадан тыс жерлерден келген Қазақстан Республикасының азаматтары жаңа тұрғылықты жеріне, уақытша болатын (тұратын) жеріне келген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар – туу туралы куәлік);

      2) тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның (тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның қатысуы қажет) жеке басын куәландыратын құжат және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша (қызметтік ғимараттарда және үй-жайларда тіркеген кезде – ұйым (мекеме) әкімшілігінің тіркеу туралы қолдаухаты) өтініш білдірген адамды тұрақты не уақытша тіркеуге тұрғын үй иесінің не сенім білдірілген адамның жазбаша келісімі.

      Тұрғын үй иесін өзіне тиесілі тұрғын үйге тіркеу кезінде оның тіркелуге жазбаша келісімі ұсынылмайды;

      3) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      4) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Республикадан тыс жерлерден тұрғылықты тұруға келген Қазақстан Республикасының азаматтары паспортын, бұрын тұрған елінен есептен шыққанын растайтын құжатты не бұрын тұрған елінің құзыретті органы берген азаматтығының жоқтығы туралы анықтаманы ұсынады.

      Бұрын тұрған елінен есептен шыққанын растайтын құжаты, азаматтығы жоқтығы туралы анықтама болмаған кезде, азамат бұрын тұрған елінен көрсетілген құжаттардың бірі сұратылған (алынған) кезеңге уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      7. Босқындар уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелерінде тiркелу үшiн бес күндік мерзiмде осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      9. Мынадай:

      1) республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;

      2) сот тұрғын үйді пайдалану құқығынан айырылған деп таныған;

      3) тіркеуден шығарылатын адамның қатысуынсыз және оның жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғын үй, ғимарат немесе үй-жай иесінің өтініші бойынша;

      4) қайтыс болған;

      5) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға бұрын берілген рұқсат күшін жойған кезде ішкі көшіп-қонушылар тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылуға тиіс.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Тіркелген және тіркеуден шығарылған ішкі көшіп-қонушыларды есепке алуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары жүзеге асырады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) "Халықты құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" және "Шетелдіктерді құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" ақпараттық жүйелеріне мәліметтерді енгізу және оларды "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасына беру арқылы жүзеге асырылады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) кезінде ақпараттық жүйеде бұрынғы мекенжайы бойынша тіркеуден алу бір мезгілде жүзеге асырылады.

      Қайтыс болуына байланысты иелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын жарамсыздар санатына көшірген не азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан ақпарат келіп түскен күн көрсетілген ақпараттық жүйелерде қайтыс болғандарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару күні болып табылады.

      Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жері бойынша тіркеу мекенжайын, уақытша болатын (тұратын) жерi бойынша есепке алынған (тіркелген), сондай-ақ бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметті растайтын құжат мекенжай анықтамасы болып табылады. Бір мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мәліметтерді растайтын мекенжай анықтамасы тұрғын үй иелеріне беріледі.

      Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекаралас аумағының тұрғындары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өткен жағдайда ішкі көшіп-қонушының тіркеу мекенжайын растайтын құжат 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге 3-қосымшаға сәйкес азаматтарды тіркеу кітабы болып табылады.

      Азаматтардың тіркеу кітабын оған тіркеу туралы мөртаңба қоя отырып уәкілетті орган береді, беру алдында паспорттық елтаңбалы мөрмен және ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкерінің қолымен куәландырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 757 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – 23.05.2018 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      11. Егер тiркеу немесе тiркеуден шығару кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол берілсе, тiркеу немесе тiркеуден шығару туралы шешiмдi ресiмдеген уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшесі, сондай-ақ жоғары тұрған iшкi iстер органы немесе сот оның күшін жояды.

      Мүдделi заңды немесе жеке тұлғалар тұрғылықты жерi бойынша тiркеудiң күшiн жою немесе оны қалпына келтiру туралы талапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдерде мәлiмдейді.

      12. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару үшін қажетті азаматтарды тіркеу кітабының, мекенжай анықтамасының, мөртабандардың және бланкілердiң нысандарын Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi белгiлейдi және береді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.19 № 343 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      13. Бір айдан астам мерзімге уақытша болу (тұру) үшін келген ішкі көшіп-қонушыларды ішкі істер органдары тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығармай келген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алады.

      Уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алу (тіркеу) уақытша тіркеу болып табылады.

      Уақытша тіркеу бір айдан бастап бір жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

      Қызметтік міндеттерін орындау, оқуда болуы тұрғылықты жерінен тыс жерде ұзақ тұруымен (бір жылдан астам) байланысты адамдар (растайтын құжат болған кезде) тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығармай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады.

      16 жасқа толмаған балалар, адамдардың тыныс-тіршілігін шектейтін организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулығында кінәрат бар емдеу мекемелеріндегі азаматтар, вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке алынуға (тіркелуге) жатпайды.

      Уақытша болатын жерінен мәлімделген мерзімінен бұрын кеткен кезде адамдарды уақытша тіркеуден шығару тұрғын үй, ғимарат немесе үй-жай иесінің (сенім білдірілген адамның) не ішкі көшіп-қонушының өтініші бойынша ресімделеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2017 № 364 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Қазақстан Республикасына уақытша келетiн шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркеледi.

      15. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу әскери қызметшілердің паспорттары және жеке куәліктері бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 757 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Ұлттық қауiпсiздiк пен қоғамдық тәртiптi сақтау, заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының жекелеген жергілікті жерлерiнде тұрғылықты жерді таңдауда және жүріп-тұру бостандығына шектеулер белгiленеді. Өзге шектеулер белгілеуге жол берiлмейдi.

      Ерекше режим жағдайындағы елді мекендерде (жабық әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдарда) тұрақты тұратын немесе уақытша болатын жерге келген ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу үшін белгіленген тәртіппен құзыретті органдар беретін рұқсат ұсынылады. Бұл ретте уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелері шекара аймағы аумағында тұрақты тұратын адамдарға паспорттарына, жеке куәлiктерiне олардың шекара аймағында тұратынын растайтын құжат береді.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.19 № 343 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      17. Тұрғылықты жерiн таңдауда шектеу белгiленген жергілікті жерлерде жақын туыстарына тұрақты тұруға келген, уақытша болмаған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған (егер олар сотталғанға дейiн осы жерде тұрса) адамдарды тiркеуден бас тартылмайды.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1427 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай беру, жалдау және пайдаланудың тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1292 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 44, 401-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай беру, жалдау және пайдалану тәртібі туралы" нұсқаулықта:

      7- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алуды тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

      Есепке қою үшін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар жергілікті органдарға:

      1) атқарушы органдар белгілейтін нысан бойынша есепке қою туралы өтініш;

      2) өтініш берушінің тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және (немесе) ауылдық округ әкiмінiң анықтамасын);

      3) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа адамдарды отбасы мүшелері деп тану туралы жергілікті атқарушы органдардың анықтамасын;

      4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі аумақтық органының (өтініш берушінің және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында оларға тиесілі үй-жайдың жоқ екені туралы) анықтамасын;

      5) өтініш берушінің (отбасының) әлеуметтік қорғалатын азаматтарға тиесілілігін растайтын анықтамасын не мемлекеттік қызметшінің, бюджеттік ұйым қызметкерінің, әскери қызметшінің жұмыс орнынан (қызметінен) анықтама ұсынады.

      Қажет болған жағдайда өтініш беруші қосымша тұрғын бөлмеге құқық беретін мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінің отбасында ауыр сырқат түрімен ауыратын адам бар екені туралы анықтамасын ұсынады.".

      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.08.2013 № 852 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.09.2015 № 765 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 408 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 297 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.06.27 № 859 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      7. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.07.2015 № 501 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1500 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. "Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлерді сату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 шілдедегі № 711 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 10-11, 134-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлерді сату ережесінде:

      5- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Құжаттарды қабылдауды бастау белгіленген күннен бастап Қазақстан Республикасының азаматтары уәкілетті органға осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтініш және мынадай құжаттарды береді:

      1) өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;

      2) мемлекеттік қызмет өтілін, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мекемедегі немесе мемлекеттік кәсіпорындағы жұмыс өтілін көрсете отырып, өтініш берушінің (ерінің/жұбайының) осы елді мекендегі жұмыс орнынан анықтама;

      3) некеге тұру (некені бұзу, ерінің/жұбайының қайтыс болғаны туралы куәліктің) және балаларының тууы туралы куәліктердің (мұндайлар бар болған жағдайда) нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      4) кадр қызметі растаған еңбек кітапшасының көшірмесі немесе қызметтік тізімінен үзінді көшірмесі;

      5) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);

      6) құжаттар тапсырылған айдың алдындағы соңғы 12 айдағы қарыз алушының (бірлесіп қарыз алушының) жұмыс орнынан жалақы туралы анықтама;

      7) құжаттар тапсырылған айдың алдындағы соңғы 12 айдағы жеке шот бойынша ақшаның қозғалысы туралы анықтама (мүшелері мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың, мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлері болып табылмайтын жас отбасы санаты үшін);

      8) жүктілігі туралы анықтама (қажет болған жағдайда);

      9) мүгедектігі туралы анықтама (қажет болған жағдайда);

      10) сот орындау парақтары және банктік қарыздар бойынша міндеттемелері болған кезде қарыз шартының және (немесе) сот шешімінің көшірмелері.

      Осы құжаттар тізбесі жеткілікті болып табылады.".

      10. "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы № 183 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 12, 73-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ережесінде:

      6-тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);".

      11. "Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй берудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 1482 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 40, 391-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру ережесінде:

      6- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою үшін мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлері мемлекеттік кәсіпорын әкімшілігіне:

      1) мемлекеттік кәсіпорын әкімшілігі белгілейтін нысан бойынша есепке қою туралы өтініш;

      2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің нотариалды куәландырылған көшірмелерін;

      3) өтініш берушінің (жұбайының/жарының) сол елді мекендегі жұмыс орнынан анықтаманы;

      4) некеге тұру туралы (некені бұзу, жұбайының/жарының қайтыс болуы туралы куәліктің) және балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;

      5) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органының (өтініш берушінің және онымен ұдайы бірге тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында оларға тиесілі үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтамасын;

      6) еңбек кітапшасының кадр қызметі растаған көшірмесін немесе қызметтік тізімінен үзіндіні;

      7) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын) ұсынады.

      Қажет болған жағдайда өтініш беруші мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінің отбасында ауыр сырқат түрімен ауыратын адамның болуы туралы анықтамасында тапсырады, бұл қосымша тұрғын бөлмеге құқық береді.".

      12. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.02.2014 № 131 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.02.2014 № 131 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 5, 60-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінде:

      4- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;

      3) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);

      4) отбасының табысын растайтын құжаттар;

      5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;

      6) жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминимум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;

      7) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      8) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      9) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.".

      15. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.03.2014 № 185 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.08.31 N 1119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      17. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 12.02.2014 № 80 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.03.2014 № 217 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      19. "Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 32, 391-құжат):

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген "Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды ресімдеу" мемлекеттік қызмет стандартында:

      11-тармақтың 5- тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);";

      2) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.03.2014 № 185 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) көрсетілген қаулымен бекітілген "Үйде оқитын және тәрбиеленетін мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу" мемлекеттік қызмет стандартында:

      11-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);";

      4) көрсетілген қаулымен бекітілген "Жалғызiлiктi, жалғыз тұратын қарттарға, бөгде адамның күтiмiне және жәрдемiне мұқтаж мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетуге құжаттарды ресiмдеу" мемлекеттiк қызмет стандартында:

      11-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);";

      5) көрсетілген қаулымен бекітілген "Ауылдық жерде тұратын әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек тағайындау" мемлекеттік қызмет стандартында:

      11-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);".

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.03.2014 № 185 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі).

      20. "Қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi төлемдердi капиталдандыру кезеңi аяқталғаннан кейiн банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдердi жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 571 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi төлемдердi капиталдандыру кезеңi аяқталғаннан кейiн банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдердi жүзеге асыру қағидасында:

      3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);".

      21. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.07.2015 № 592 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.07.2015 № 592 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.07.2015 № 592 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      24. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.07.2015 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады