Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.02.2016 № 105 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығын қараңыз.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 63-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының
Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1726 қаулысымен
бекітілген
Ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 63-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және орман өрттерінің алдын алу, оларды уақтылы анықтау және жою, орман қорының аумағында жұмыс істейтін және жүрген барлық адамдардың осы Қағидалардың талаптарын орындауын қамтамасыз етуі жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) орман қоры – Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық орман, сондай-ақ орман өсiмдiктерi өспеген, бірақ орман шаруашылығының қажеттерiне арналған орман қоры жерлерi;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілері және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері;
3) орман пайдаланушы – Кодексте белгiленген тәртiппен уақытша орман пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға;
4) мемлекеттік орман иеленушiлер – мемлекеттік орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттік ұйымдар;
5) өрт сөндіру химиялық станциялары – мемлекеттік орман қорының бекітілген алқаптардағы орман өрттерін жоюды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын өрт сөндіру техникасымен, жабдықтарымен, өрт сөндіру және байланыс құралдарымен жарақтандырылатын мемлекеттік орман иеленушілердің құрылымдық бөлімшелері;
6) өрт сөндіру пункттері – орман пайдаланушылар мен жеке орман иеленушілер құратын, орман өртін сөндіруге арналған өрт сөндіру жабдықтары мен мүкәммалын жинақтау пункттері;
7) минералдандырылған жолақ – бұл топырақтың минералды қабаттарына дейін топырақ өңдейтін құрал-саймандармен өңделген және орман өртінің таралуын болдырмауға арналған жолақ.
2. Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру
3. Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган), оның аумақтық органдары, Кодексте айқындалған өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік орман иеленушілер болып табылады.
4. Уәкілетті орган, оның аумақтық органдары орман өрттері шығуының алдын алу және олармен күресу мақсатында:
1) ормандарды өрттерден күзету мәселелері жөнінде бағдарламалар әзірлеп, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
2) өзінің функционалдық қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды өрттерден күзетуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
5. Жергілікті атқарушы органдар:
1) уәкілетті органмен келісе отырып ормандарды өрттен қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
2) өздерінің функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қорының аумағында орманды өрттен күзетуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік орман қоры аумағында ормандағы өрттің алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзірлейді және іске асырады;
4) жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ ұйымдардың өрт сөндіру техникасын, көліктері мен басқа да құралдарын ормандағы өрттерді сөндіруге тарту тәртібін айқындайды, осы жұмысқа тартылған жеке тұлғаларды жүріп-тұру өрт сөндіру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық өрт сөндіру бірлестіктерінің жұмыс істеуіне жәрдем көрсетеді;
6) орманда өрт қаупі болатын маусымда мемлекеттік орман қоры аумағында өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай материалдарының резервін жасайды;
7) шаруа қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына іргелес аумақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбін, аңыздарды және өзге де өсімдік қалдықтарын өртеуіне, қау шөбін өртеуіне бақылау жасауды қамтамасыз етеді;
8) өртке қарсы насихатты, бұқаралық ақпарат құралдарында ормандарды сақтау, осы Қағидаларды орындау туралы мәселелердің тұрақты берілуін ұйымдастырады;
9) облыс аумағында ормандағы өртке қарсы күрес жөніндегі жұмысты үйлестіреді, қажет болған жағдайда осы мақсатта арнайы комиссиялар құрады;
10) орманда өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.
6. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсiру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары ормандарда өрт қауiпсiздiгi талаптарының, ормандағы өрттердiң алдын алу жөнiндегi, оларды уақтылы байқау мен жоюды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын, сондай-ақ өртеңдер алаңының есебiн жүргiзудiң дәлдiгiн және мемлекеттiк орман қорына өрттен келген шығынды анықтау, орман өрттерiнiң зардаптарын жою жөнiндегi шаралардың уақтылы қабылдануын бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік орман күзеті мемлекеттік орман қоры жерлерінде, сондай-ақ орман өрті тікелей қауіп төндірген жағдайда оған іргелес аумақтарда ормандағы өрттердің алдын алу, оларды уақтылы анықтау және сөндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізеді.
7. Ормандарда орналасқан елді мекендерді өрттерден қорғауды қамтамасыз ету үшін атқарушы органдар мен орман иеленушілер орман өрттері кезінде оттың ғимараттар мен құрылыстарға таралу мүмкіндігін болдырмайтын іс-шаралар (ені кемінде төрт метр болатын минералдандырылған жолақтар тарту, жазғы маусымда құрғақ өсімдіктерден тазарту) әзірлейді және орындайды.
8. Орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өртке қарсы қызметтер құрылып, олардың құрамында өрт сөндіру-химиялық станциялар жасақталады.
Орман пайдалануға берілген орман қоры учаскелерінде, сондай-ақ жекеше ормандар учаскелерінде өрт сөндіру пункттері құрылады.
9. Мемлекеттік орман мекемелерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және орман пайдаланушылардың қызметкерлері (жұмысшылары, қызметшілері) орман өрттерімен күресуге арналған резервтік күштер болып табылады.
10. Ормандардың жету қиын және өртке неғұрлым ұрымтал құнды учаскелерін қарауылдау үшін, сондай-ақ өрт сөндіру үшін маманданған кәсіпорындардың немесе ормандарды күзету және орман қорын қорғау жөнінде авиациялық жұмыстарды орындайтын мекемелердің күштері мен құралдары тартылады.
11. Ірі орман өрттерін сөндіру үшін жергілікті атқарушы органдар жыл сайын бекітіп отыратын іс-шаралар жоспарларына сәйкес өртке қарсы мемлекеттік қызмет бөлімшелері, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың өртке қарсы техникасы, көлік және басқа құралдары тартылады.
12. Орман қорын өрттерден қорғауға, олардың алдын алуға және сөндіруге қоғамдық өрт сөндіру бірлестіктері қатысады.
13. Жыл сайын мемлекеттік орман иеленушілер, орман пайдаланушылар осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес өртке қарсы іс-шаралар жоспарының талаптарын есепке ала отырып әзірленген өртке қарсы іс-шаралар жоспарын іске асырады.
3. Мемлекеттік орман иеленушілеріне орман қорын өрттерден қорғау жөнінде және орман пайдалануды жүзеге асыруы кезінде қойылатын талаптар
14. Мемлекеттік орман иеленушілер ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын орындайды және орман өрттерінің алдын алу (профилактикасы) жөнінде мына іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді:
1) орман қоры аумағының өртке қарсы және санитарлық орналастырылуын қамтамасыз етеді, осы Қағидалардың бұзылуының алдын алады, оны уақтылы табады және жолын кеседі, ормандағы өрттерді сөндіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды;
2) орман пайдаланушылар өртке қарсы іс-шаралардың жоспарларын әзірлеген кезде оларға жәрдем көрсетеді;
3) ормандағы өрттерді және олардың зардаптарын тіркеуді жүргізеді.
15. Өрт қаупі бар маусымда орман қоры аумағында:
1) жас қылқан жапырақты ағаштарда, ескі өртеңдерде, бүлінген орман учаскелерінде (жел, дауыл құлатқан), кесілген ағаш қалдықтары мен дайындалған сүрек жатқан кеспеағаштарда, шөбі қурап қалған жерлерде, сондай-ақ ағаштар ұшарбасының түбінде от жағуға жол берілмейді. Қалған жерлерде от жағуға ені кемінде төрт метр минералды жолақтармен белгіленген алаңдарда рұқсат етіледі. От топырақпен мұқият көміледі немесе оған бықсып жануын толық тоқтатқанша су құйылады;
2) жанып тұрған шырпыны, темекі күлін тастауға және темекі тартатын трубкалардан ыстық шоқтарды қағып түсіруге;
3) аң аулау кезінде тез немесе бықсып жанатын материалдардан жасалған оқ тығындарын пайдалануға;
4) жанар-жағармай заттары сіңген сүрту материалын осы үшін арнайы көзделмеген орындарда қалдыруға;
5) іштен жанатын қозғағыш жұмыс істеп тұрғанда отын багына жанармай құюға, оталғышының май шашу жүйесі бұзылған машиналарды пайдалануға, сондай-ақ жанар май құйылып жатқан машиналардың жанында шылым шегуге немесе ашық отты пайдалануға жол берілмейді.
16. Өрт қаупi жағдайын бәсеңдету мақсатында орман иелерi өткiзетiн орман қоры аумағындағы және оған iргелес аумақтарда басқарылатын өртеуден басқа, жердiң барлық санаттарында шөптесiн өсiмдiктердi өртеуге жол берілмейді.
17. Ағаш дайындаушылар, жеке және заңды тұлғалар:
1) ағаш кесу кезінде, ағаш кесудің тәсілі мен уақытына қарамастан, орманда жолдар, газ-мұнай құбырларын, электр, байланыс, радио желілерін және басқа да коммуникациялар салу кезінде орман қоры учаскелерінің иелері орман пайдалануға берілген рұқсат құжаттарында белгілейтін тәртіппен және мерзімде ағаш кесу орындарындағы ағаш қалдықтарын тазалауды, қалып қалған сүректі және тез жанатын өзге де материалдарды жинап алуды жүргізуге;
2) орманда жұмыс істеу кезінде жанар-жағармай материалдарын стандартты жабық ыдыстарда сақтауға, олар сақталатын орынды радиусы
бес метр аралықта өсіп тұрған өсімдіктерден, сүрек және тез жанатын басқа да қалдықтардан тазартуға, ені кемінде төрт метр минералды жолақтармен қоршауға;
3) жұмыс кезінде жарылғыш заттарды пайдаланған жағдайда жару жұмыстарын жүргізу орны мен уақыты туралы орман қоры учаскелерінің иелерін алдын ала хабардар етуі, ауа райы жағдайларына байланысты өрт қауіптілігінің IV – V сыныптары кезінде жару жұмыстарын тоқтатуға;
4) жұмыс орындарында және объектілер орналасқан жерлерде осы Қағидалардың 2 және 3-қосымшаларына сәйкес орман өрттерін сөндіруге арналған құралдары болуы, аталған құралдарды өрт шыға қалған жағдайда дереу пайдалануға толық дайындық күйінде ұстауы;
5) орманда жұмыс істейтін бөлімшелерде, сондай-ақ орманда орналасқан кенттерде өрт қаупі бар маусымда шыққан өрттерді сөндіру кезінде пайдалану үшін жұмысшылардан, қызметшілерден және басқа да азаматтардан дайындықтан өткен қоғамдық өрт сөндіру бірлестіктерін құруы қажет.
18. Орманды тұрмыстық қалдықтармен және тастандылармен ластауға, орманға қоқыс пен құрылыс қалдықтарын төгуге жол берілмейді.
19. Орманға жақын жерлерде қоқысты жағу арнайы бөлінген учаскелерде ғана мына шарттарды сақтаған жағдайда жүргізіледі:
1) жағатын орындар (шұңқырлар немесе алаңдар) қылқан жапырақты орман шетінен немесе жеке өсіп тұрған қылқан жапырақты ағаштар мен талдардан кемінде елу метр, жапырақты орман шетінен және жеке өсіп тұрған жапырақты ағаштардан кемінде жиырма бес метр қашықтықта бөлінеді;
2) қоқыс жағатын орынның айналасы жиырма метр радиуста қурап қалған ағаштардан, шөпшектерден, кесілген ағаш қалдықтарынан, тез тұтанатын басқа да материалдардан тазартылуға және ені кемінде төрт метр, ал құрғақ топырақты қылқан жапырақты орманға жақын маңдағы учаскелерде – кемінде бес метр минералдандырылған жолақпен белгіленеді;
3) өрт қаупі бар маусымда қоқыс жағу ормандағы өрт қауіптілігінің I – II сыныптары жағдайында ормандарда желсіз тынық немесе жауын-шашынды ауа райында арнайы бөлінген адамдардың қадағалауымен жүргізіледі. Қуаңшылық кезеңдерде қоқыс жағуға жол берілмейді.
20. Орман қоры аумағында жұмыс жүргізетін немесе объектілері бар жеке тұлғалар, ұйымдардың басшылары өрт қаупі бар маусым басталар алдында, ал мәдени-бұқаралық және басқа да шаралардың өткізілуіне жауапты тұлғалар – дем алушылар орманға келер немесе кетер алдында осы Қағидаларды сақтау, орман өрттерінің шығуын ескерту туралы, сондай-ақ оларды сөндіру тәсілдері туралы жұмысшылармен, қызметшілермен немесе мәдени-бұқаралық және басқа да шаралардың қатысушыларымен нұсқаулар беруді жүргізеді.
21. Ағаш кесілген жерлерді тазарту кезінде ағаш дайындаушылар мынадай іс-шараларды орындайды:
1) қыс кезінде сүрек дайындалған және кеспеағаш тазартылған жағдайда кеспеағашты көктемде тазарту жұмыстарын толық аяқтайды;
2) кесілген ағаш қалдықтарын оның шіріп кетуі немесе жағу үшін үйіп немесе жал сияқты қалап қояды, немесе оларды ұнтақталған күйінде орман шетінен кемінде он метр қашықтықта кеспеағаш ішіне шашып тастайды;
3) қыста дайындаудан қалған кесілген ағаш қалдықтарын өрт қауіпі бар маусым басталғанға дейін жағып жібереді. Жазда ағаш дайындаудан қалған және ағаш кесілген жерлерді тазартуды көктемде толық аяқтау кезінде жиналып қалған кесілген ағаш қалдықтары өрт қауіпі бар кезең аяқталғаннан кейін күзде жағылады.
Кесілген ағаш қалдықтарын жағу кезінде кеспеағаштағы тұқымдықтардың, өскіндердің және кесілмеген басқа да ағаштардың сақталуы, сондай-ақ кесілген ағаш қалдықтарының толық жанып кетуі қамтамасыз етіледі.
Кеспеағаштағы кесілген ағаш қалдықтарын тұтас күйінде жағып жіберуге жол берілмейді.
Ағаштарды ұшарбастарымен бірге сүйретіп тасу кезінде кесілген ағаш қалдықтарын жоғарғы қоймаларда (тиеу бекеттерінде) жағу ағаш дайындаудың бүкіл кезеңі ішінде жүргізіледі.
22. Кесілген ағаштар өрт қаупі бар маусымға кеспеағашта қалдырылатын жағдайда олар бұтақтарынан тазартылып, жерге нығыздап жинап қойылады.
Өрт қаупі бар маусымға кеспеағашта қалдырылатын дайындалған ағаш өнімі қатар-қатар немесе текшеленіп жиналып, ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақпен көмкерілген.
23. Өрт қаупі бар маусымға қалдырылған дайындалған сүрегі, сондай-ақ шіру үшін қалдырылған кесілген ағаш қалдықтары бар құрғақ топырақты жазық жерлердегі қылқан жапырақты ормандардағы кеспеағаштар ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақпен көмкеріледі. Көлемі жиырма бес гектардан асатын кеспеағаштар сонымен бірге ені көрсетілген мөлшердегі минералдандырылған жолақтармен учаскелерге бөлінеді.
24. Дайындалған сүректі қоймаға жинау 2004 жылғы 20 қыркүйектегі Құрылыстағы стандарттау, техникалық нормалау және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссия қабылдаған «Ағаш материалдарының қоймалары. Өртке қарсы нормалары» 2.02-02-2004 ХҚН талаптарына сай жүргізіледі.
Жинау орындары және олардың айналасындағы көрсетілген өртке қарсы жыралар тез жанатын заттардан тазартылып, ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақпен, ал құрғақ топырақты қылқан жапырақты екпелерде – бір бірінен он метр қашықтықтағы осындай екі жолақпен көмкеріледі.
25. Жанама орман пайдалануды, ағаш сөлдерін және екінші дәрежелі орман ресурстарын дайындауды жүзеге асыратын орман пайдаланушылар:
1) өндірістік объектілерді мемлекеттік орман иеленушімен келісілген жерлерде орман шетінен кемінде елу метр қашықтықта орналастыруды;
2) өрт қаупі бар маусымда жұмыс уақытынан тыс мезгілде өндірістік объектілер шоғырланған жерлерде оларды күзетуді;
3) аумақты өндірістік объектілерден елу метр радиуста тез жанатын материалдардан тазартылған күйінде ұстауды;
4) осы аумақтар шекарасы бойымен ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақ, ал құрғақ топырақты қылқан жапырақты екпелерде – бірі бірінен он метр қашықтықтағы ені осындай екі минералдандырылған жолақ тартуды жүзеге асырады.
26. Жеке тұлғалар белгіленген нормалар шегінде жанама орман өнімдерін (саңырауқұлақтар, жидектер, дәрі-дәрмектік өсімдіктер) ақысыз негізде (орман билетін жазбай) дәстүрлі жинауды жүзеге асырған кезде олар осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген жалпы талаптарды басшылыққа алады.
27. Шайыр дайындауды жүргізетін орман пайдаланушылар:
1) шайыр сақталатын аралық қоймаларды тез жанатын материалдардан тазартылған алаңдарда;
2) мемлекеттік орман иеленушілермен келісім бойынша шайыр сақталатын негізгі қоймаларды тез жанатын материалдардан тазартылған орман шетінен кемінде елу метр қашықтықтағы алаңдарда орналастырады;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген шекара бойымен ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақ жасап, оны өрт қаупі бар маусым ішінде тазартылған күйінде ұстайды;
4) шайыр жинау үшін әзірленген учаскелерде шылым шегуге арналған жабдықталған орындар орналастырады.
28. Іздестіру, геодезиялық, геологиялық, орман орналастыру және басқа да экспедициялар, партиялар және жасақтар жұмыстар басталғанға дейін жұмыстар жүргізу, негізгі базалардың орналасу орындарын, орманда жүру маршруттарын және өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар тізбесін орман қоры учаскелерінің иелерімен келісіп алады. Бұл ретте жұмыстардың барлық қатысушылары осы Қағидалармен танысады.
29. Өрт қаупі бар кезеңде орман аймағында іздестіру, геодезиялық, геологиялық, орман орналастыру және басқа да экспедициялардың, партиялардың және жасақтардың базалары орналасқан жерлердің шекарасы бойымен ені кемінде төрт метр минералды жолақ тартылады, оны әртүрлі жанғыш қалдықтардан үнемі тазартып отырады.
30. Туристік базалар, сауықтыру лагерьлер, демалыс үйлері және басқа да туризм мен демалыс объектілері бар немесе орман қоры аумағында мәдени-сауықтыру, туристік және спорттық шаралар өткізіп тұратын жеке және заңды тұлғаларға орман иеленушілермен келісім бойынша туристік тұрақтар жасау және басқа да бұқаралық іс-шаралар жүргізу үшін тұрақты демалыс орындары ретінде орман учаскелерін өрт қаупі бар маусымда пайдалануға осы учаскелерде от жағатын және қоқыс жинайтын орындар жабдықталған, сондай-ақ ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақтар тартылған және учаскелер жанатын қоқыстан тазартылған күйінде күтіп ұсталған жағдайда пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл ретте осы шараларға қатысушылар осы Қағидалардың талаптарымен таныстырылады.
31. Орман қоры учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген талаптарды орындаумен қатар мынадай өртке қарсы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді:
1) орманда өртке қарсы жыралар мен жолдар, өртке қарсы қорғаныштық минералдандырылған жолақтар, арықтар, суаттар жасайды, орманды тез жанатын материалдардан тазартады және ормандардың өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған басқа орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізеді;
2) осы учаскелер арқылы өтетін кезеңінен пайдаланылатын орман жолдарының бойында дем алу және темекі шегу орындарын жабдықтайды;
3) осы Қағидалардың бұзылуын болдырмауға шаралар қабылдайды, өрт қауіпі бар маусымда тұрақты түрде қадағалау мен жерден қарауылдау арқылы орман өрттерін дер кезінде байқауды қамтамасыз етеді;
4) орман өрттерін және олардың зардаптарын тіркеуді жүргізеді, өртеңдер алқаптарының дәл есебін жүргізуді қамтамасыз етеді, орман қорына өрттер келтірген шығынды анықтайды және бұл туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік орман иеленушіге береді;
5) материалдық-техникалық базаны, өрт сөндіру күштері мен құралдарын тұрақты дайындық жағдайында ұстайды;
6) орман өрттері шыға қалған жағдайда өрт туралы орман иеленушіге дереу хабарлап, оларды өз күшімен сөндіреді.
32. Аумағы арқылы темір және автомобиль жолдары (оның ішінде ағаш таситын жолдар) өтетін орман қоры жерлерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мынадай талаптарды орындауы:
1) темір және автомобиль жолдары өтетін белдеу бойының жиектерін ағаш қалдықтарынан, тез жанатын материалдардан тазартылған күйінде ұстауы керек. Ағаш таситын жолдардың бойында тазартылған жиектердің ені жолдың екі жақ қапталында кемінде он метрді құрайды;
2) қылқан жапырақты екпелерде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жол жиектерінің шекарасы бойымен бір бірінен бес метр қашықтықта әрқайсысының ені төрт метр екі минералды жолақ, ал ағаш таситын және басқа да орман жолдарының бойында – жолдың әр қапталында ені төрт метр бір жолақ жасап, оларды өрт қауіпі бар маусым бойына тазартылған күйінде күтіп ұстауы;
3) құрғақ топырақты қылқан жапырақты екпелерде жақын маңайдан өтетін жолдардың айналасына, сондай-ақ ағаш көпірлер, тұрақты платформалар, тұрғын үйлер, жол аралаушылардың үйшіктері айналасына шпалдарды текшелеп жинап қоюға және қардан қорғайтын қалқандар орнатуға және ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақты өрт қаупі бар маусым бойына тазартылған күйінде күтіп ұстауы;
4) ықтимал өрттерді дер кезінде байқау және сөндіру мақсатында орман алқаптары арқылы өтетін тепловоздар жүретін темір жол учаскелерінде өрт қауіпі бар кезеңде қарауылдау ұйымдастыруы;
5) орманның өрт қаупі бар учаскелерінде түтін шығаратын құбырларының ұшқын сөндіргіштерінің ақауы бар тепловоздар мен автомобиль көлігін пайдалануға жол бермеуі;
6) бөлінген жол жиектерінде немесе оған жақын жерлерде өрт шыға қалған жағдайда оны сөндіруді дереу ұйымдастыруы, бұл туралы мемлекеттік орман иеленушіге не орман шаруашылығын басқарудың мемлекеттік органына және мемлекеттік өртке қарсы қызметіне хабарлауы керек.
33. Мұнай-газ барлау және мұнай-газ өндіру кәсіпорындары мен ұйымдары орман қоры аумағында жұмыс жүргізген кезде мынадай іс-шараларды орындауы:
1) өрт қаупі бар маусым бойына бұрғылау ұңғылары мен басқа да қондырғылар үшін бөлінген аумақтарды тез жанатын материалдардан тазартылған күйінде ұстауы, осы аумақтардың шекарасы бойымен ені кемінде төрт метр минералдандырылған жолақ жасап, оны өрт қаупі маусым ішінде тазартылған күйінде күтіп ұстауы;
2) бұрғыланатын және пайдаланылатын ұңғылардан елу метр радиустағы алаңды сүрекдің мен бұталардан толық тазартуы (мұнай және газ ұңғымаларын жабық жүйе бойынша жиырма бес метр радиуста пайдаланғанда);
3) мұнайдың ашық ыдыстар мен шұңқыр ұраларда сақталуына, сондай-ақ аумақтың жанармай заттарымен (мұнаймен, мазутпен) ластануына жол бермеуі;
4) егер мұнай қалдықтарын жағып жою өндіріс технологиясында көзделген болса, оларды жағу тәртібі мен уақытын орман қоры учаскелерінің иелерімен келісіп алуы керек.
34. Орман қоры аумағында орналасқан электр желілері бар жеке және заңды тұлғалар осы желілер өтетін орман жолдарын өрт қаупі бар маусым бойына өрт шығу тұрғысынан алғанда қауіпсіз жағдайда күтіп ұстайды және осындай желілердің ағаш мұнаралары мен бағаналарын екі метр радиустағы құрғақ жерлерге көмеді.
35. Құбыр жолдары бар заңды тұлғалар орман алқаптары арқылы өтетін құбыржолдардың бойындағы бөлінген жер жолақтары және күзет аймақтарын өрт шығу тұрғысынан алғанда қауіпсіз жағдайда күтіп ұстайды және желіні аралаушылар үйлерінің айналасына, сондай-ақ құбыржолдардағы құдықтардың айналасына ені бес метр минералдандырылған жолақтар тартады.
36. Жер алқаптары орман қоры жерлерімен жапсарлас немесе оларға тікелей жақын орналасқан және (немесе) ормандардың күзет аймағында орналасқан жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы егістіктерінде, жайылымдар мен шабындықтарда аңызды, шөп-шаламды және өзге де өсімдік қалдықтарын бақылаусыз жағу салдарынан ормандардың және басқа да орманды жерлердің бүлінуіне жол бермейді.
4. Орман өртін сөндіру жөніндегі іс-шаралар
37. Орман пайдаланушылар мен ормандарда жұмыс жүргізетін немесе осындай жолдары, қоймалары, құрылыстары және басқа да объектілері бар жеке және заңды тұлғалар жұмыс орындарында, жолдарда, қоймаларда және басқа да объектілерде орман өрттері шыға қалған жағдайда осы өрттерді өз күштерімен және құралдарымен жоюға шаралар қабылдайды және өрт туралы орман қоры учаскелерінің иесіне, жергілікті атқарушы органдарға және өртке қарсы мемлекеттік қызмет орнына хабарлайды.
38. Азаматтар орман өртін байқап қалған жағдайда бұл туралы мемлекеттік орман иеленушінің орман шаруашылығы қызметкерлеріне, өртке қарсы мемлекеттік қызмет орнына, жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды және оны сөндіруге шаралар қабылдайды.
39. Жергілікті атқарушы орган бекіткен жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ өртке қарсы техниканы, орман өрттерін сөндіру жөніндегі көлік және басқа құралдарды тарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік орман иеленушінің талап етуі бойынша жұмысшылар мен техникалық құралдарды орман өрттерін сөндіруге жібереді.
40. Орман мекемесінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың басшысы өрт туралы хабар алған соң оны сөндіру үшін шаралар, соның ішінде өрт шыққан аумақ бекітіп берілген өрт сөндіру-химиялық станцияның күшімен шаралар қабылдайды.
41. Өрт туралы хабар түскен жағдайда орман күзеті мекемесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өртке қарсы қызметінің басшысы:
1) команданы өртке дереу аттанып кетуге әзірлеу жөнінде шаралар қабылдайды;
2) орман мекемесінің басшысының немесе орманшының (бағыныстылығына қарай) нұсқауларын орындайды;
3) команданың немесе жеке бригаданың өртке аттанып кетуі туралы шешім қабылдайды.
42. Орманшылық аумағында бір мезгілде бірнеше өрт шыға қалған жағдайда немесе өртті тез сөндіру үшін бір өрт сөндіру-химиялық станцияның күші жетіспеген жағдайда орманшы көрші орманшылықтардың 2 типті өрт сөндіру-химиялық станциясының немесе 1 типті станцияның күштері мен құралдарын өрт сөндіруге жіберу үшін бұл жайында орман мекемесінің басшысына хабарлайды.
43. Орман мекемесінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақта пайда болған өрттерді тез сөндіруге күштер мен құралдар жетіспеген жағдайда және өрттердің кең алқаптарға таралып кету қатері төнгенде орман мекемесінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың басшысы бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға, өртке қарсы мемлекеттік қызмет орнына хабарлайды және бекітілген Орман өрттерін сөндіру жөніндегі жоспарға сәйкес жергілікті ұйымдардың күштері мен техникалық құралдарын, халықты өрт сөндіруге тарту жөнінде шаралар қабылдайды. Егер өрттер дүлей күш апаты сипатына ие болса, орман мекемесінің басшысы авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын өрт сөндіруге тарту жөнінде шаралар қолданады.
44. Орман мекемесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріндегі орман өрттерін сөндіруге жалпы басшылық орман мекемесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басшысына жүктеледі.
45. Жердегі күзет аудандарындағы әрбір орман өртін сөндіру жөніндегі жұмыстарға тікелей басшылық жасауды орманшылық аумағында орманшы немесе орман күзеті мекемесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өртке қарсы қызметінің басшысы не орман пайдаланушының өрт сөндіру бекетінің бастығы (орман қорының тиісті учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушыда ол болған жағдайда) жүзеге асырады.
Орманшы және орман күзеті мекемесі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өртке қарсы қызметінің күштері келіп жеткенге дейін орман өртін сөндіруге басшылықты тиісті аумаққа бекітілген мемлекеттік орман күзетінің қызметкері, ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор (орманшы көмекшісі, орман шебері не инспектор, орман күтуші) жүзеге асырады.
Ахуал ушығып кеткен жағдайда орман өртін сөндіруге басшылықты орман мекемесінің басшысы немесе оның тапсыруы бойынша осы мекеме басшысының орынбасары немесе осыған уәкілетті өзге адам жүзеге асырады.
46. Ормандарды авиациямен күзету аудандарында жету қиын жерлерде орман өрттерін сөндіруге басшылықты өрт сөндіруге келген өрт сөндіруші-парашютшілер немесе өрт сөндіруші-десанттар командаларының ішінен лауазымы жоғары қызметкер жүзеге асырады.
47. Орман өртін сөндіру жөніндегі басшы:
1) өртті құрықтау іс-шараларымен байланысты емес барлық жұмысты тоқтатуы;
2) өртті сөндіруге қатысып жүрген адамдарды ықтимал жарақаттардан, уланудан, күйіп қалудан қорғауды қамтамасыз етуі;
3) адамдардың өміріне қатер төнген жағдайда қолда бар күштер мен құралдарды тегіс пайдаланып, оларды құтқаруды дереу ұйымдастыруы;
4) өрт сөндіруде жұмыс істеп жатқан барлық адамдардың жұмыстардың қауіпсіздік техникасы жөніндегі ережелердің бұлжытпай орындауын қамтамасыз етуі;
5) өрт болып жатқан жерді тастап кетпеуі және өрт сөндіріліп немесе сенімді түрде құрықталып болғанша жұмысшыларды босатпауы;
6) орман өрті шыққан аумақта жұмыс істейтін ұйым объектісінің басшысын немесе басқа лауазымды тұлғасын өрт орнына шақыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
48. Орман өртін сөндіру басшысы өрт сөндірудің тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз ету үшін өртке алдын ала жасалған барлау деректерінің негізінде орман өртін сөндірудің тактикалық жоспарын жасайды. Барлау арқылы өрттің түрі мен күші, орманның неғұрлым өрт қауіпі бар және бағалы учаскелері, суаттар, оттың таралуын тоқтата алатын немесе қарсы өрт жіберу үшін тірек жолағы бола алатын тосқауылдар, сондай-ақ осындай тосқауылдарды немесе тірек жолақтарын құру қажет орындар анықталады.
49. Өрт сөндіру:
1) өртті тоқтату – өрт шетінде оттың лаулап жануын тоқтату;
2) сөндіру – оның одан әрі таралуы мүмкіндігін жою;
3) толық сөндіру – өрт ішіндегі жану ошақтарын сөндіру;
4) қарауылдау – жасырын жану ошақтарының және өрттің қайта өршуі ықтималдығының жоқтығына көз жеткізуге жеткілікті белгілі бір уақыт ішінде өрт сөндіру командалары жұмысшыларының өрт болған алқаптағы кезекшілігі;
5) өртті жою – өрттің барлық жану ошақтарын түпкілікті түрде сөндіру және өрттің қайта шығып кету мүмкіндігінің болмау кезеңдерін қамтиды.
Өрт сөндіру тактикасын таңдау кезінде орман өртін сөндіру басшысы жергілікті жердің ерекшеліктерін және ауа райы жағдайларын, өрттің түрін, өрт сөндіру күштері мен құрал-саймандардың бар-жоғын ескереді.
50. Орман өрттерін жерден сөндірудің мынадай негізгі тәсілдері:
1) төменгі өрттің шеттерін сабалау немесе оған топырақ шашу;
2) жер өңдейтін құралдардың және жарылғыш материалдардың көмегімен минералдандырылған жолақтар тарту және орлар қазу;
3) өртті сумен немесе өрт сөндіргіш химикаттардың ерітінділерімен сөндіру;
4) өртеу немесе қарсы от қою пайдаланылады.
51. Қол жеткізуі қиын аумақтарда және ірі орман өрттері шыға қалған жағдайда оларды сөндіру үшін ормандарды авиациямен күзету және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасының, төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет орындарының өрт сөндіруші-парашютшілер немесе өрт сөндіруші-десанттар командалары тартылады.
52. Орман өртін сөндіру жұмыстары басталмай тұрып осы жұмыстарға тартылатын барлық адамдар оларды жүргізу тәртібімен және қауіпсіздік техникасы жөніндегі талаптармен таныстырылады.
53. Орман өртін тікелей сөндіруге он сегіз жасқа толмаған адамдар, жүкті және бала емізетін әйелдер, мүгедектер, көру және есту қабілеттері нашар адамдар жіберілмейді.
Ормандардағы өрт
қауіпсіздігі қағидаларына
1-қосымша
Өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар
1. Орман иеленушілер және орман қоры учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар жыл сайын өртке қарсы іс-шаралардың жылдық жоспарларын (бұдан әрі – Жоспар) әзірлейді және оны іске асырады.
Жоспар мынадай екі бөлімнен тұрады:
1) өртке қарсы алдын алу іс-шаралары;
2) орман өрттерін сөндіруді ұйымдастыру.
2. Жоспардың бірінші бөлімінде шекарасында орман пайдалануға берілген орман қоры учаскесі (учаскелері) орналасқан орман мекемесінің орман орналастыру материалдарына және ормандарды өртке қарсы орналастыру жоспарларына негізделген жұмыстардың нақты көлемдері мен оларды өткізу орындары көзделеді. Жоспарланатын іс-шаралар іс-әрекеттің дәйектілігін, бұрын орындалған жұмыстардың жалғастырылуын көздеуге және орман иеленушілер мен орман пайдаланушылардың орман қорының көршілес учаскелерінде атқарып жатқан жұмыстарымен байланыстыруды көздейді.
Жоспардың бұл бөлімінде қайда және қандай мерзімде өртке қарсы жыралар қазылатыны, өртке төзімді орман шеті құрылатыны, минералды және өртке қарсы басқа да қорғаныштық жолақтар тартылатыны, орман шаруашылығы және өртке қарсы жолдар, өрт сөндіру суаттары, өрт қадағалау мұнаралары, мачталар, тікұшақ келіп қонатын алаңшалар, телефон байланысы желілері салынатыны, радио байланысы ұйымдастырылатыны көрсетіледі.
Жоспарға сондай-ақ бұрыннан бар өртке қарсы жыралар мен жолақтарға күтім жасау, өрт қадағалау мұнаралары мен өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техниканы, жолдарды жөндеу, уақытша өрт күзетшілерін жалдау жөніндегі жұмыстар енгізіледі.
Барлық жұмыстар үшін күнтізбелік орындалу мерзімдері және осы жұмыстардың орындалуына жауапты адамдар, көлемі мен құны белгіленеді.
3. Жоспардың екінші бөлімінде өрттерді өз күштерімен де, бұл өрттерді қандай да бір себептермен орман пайдаланушының күштерімен және құралдарымен құрықтау мүмкін емес жағдайлар да сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі шаралар көзделеді. Соңғы жағдайда мемлекеттік орман иеленушімен келісе отырып орман өртін сөндіруге жіберілетін аталған орман мекемесінің күштері мен техникалық құралдары, сондай-ақ орман қорының тиісті учаскесінде орналасқан аудандағы елді мекендерде орналасқан өзге де ұйымдардың күштері мен техникалық құралдары айқындалады. Жоспарда орман өрттерін сөндіру, орман өрттерін сөндірумен айналысып жатқан адамдарды тамақтандыру мен медициналық көмекті, байланысты ұйымдастыру үшін ерікті қоғамдық құрамалар (командалар) құру, сондай ақ өрт қауіпі бар маусымға жанар-жағар май материалдарының қорын жасау орман пайдаланушының есебінен қарастырылады.
4. Орман қоры учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылардың өртке қарсы іс-шаралардың жоспарлары үстіміздегі жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей келісу үшін мемлекеттік орман иеленушілерге беріледі. Орман пайдаланушының өртке қарсы іс-шараларының жоспары мемлекеттік орман иеленушімен келісіп алынады және оны орман пайдаланушының өзі бекітеді.
Ормандардағы өрт
қауіпсіздігі қағидаларына
2-қосымша
Орман өртін сөндіруге арналған құралдар
1. Ағаш дайындау қызметін жүзеге асыратын орман пайдаланушылардың орман өртін сөндіруге арналған құралдары:
1) алмалы – салмалы цистерналар, соның ішінде көлемі 1500 литр суға арналған қолдан жасалған немесе резеңке ыдыстар – 1 дана;
2) аспалы тісті дөңгелекті сораптар – 1 дана;
3) өнімділігі минутына 600-800 литр, тасымалданатын өрт сөндіру мотопомпалары – 1 дана;
4) орман соқалары немесе басқа да тракторлы топырақ өңдеу құралдары – 1 дана;
5) күрек – 20 дана;
6) балта – 5 дана;
7) тырма – 20 дана:
8) шартылдақ – 20 дана;
9) бензин арасы – 2 дана;
10) арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш - бүріккіштер – 5 дана;
11) шелектер немесе сиымдылығы 12 литр су құятын резеңке ыдыстар – 2 дана;
12) су ішуге арналған кружка – 10 дана;
13) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы – 2 дана.
2. Орман өртін сөндіру бекеттердегі орман өрттерін сөндіруге арналған құралдары:
1) алмалы-салмалы цистерналар, соның ішінде сыйымдылығы 1500 литр су құюға арналған қолдан жасалған немесе резеңке ыдыстар – 1 дана;
2) аспалы тісті дөңгелекті сораптар – 1 дана;
3) қысымды өрт сөндіру жеңдері – 100 қума метр, соның ішінде: Д 51 миллиметр жеңдердің 5 жиынтығы;
4) тасымалданатын радиостансалар (ұйымдастырылған радио байланысы болған жағдайда) – 2 дана;
5) өнімділігі минутына 600-800 литр, тасымалданатын өрт сөндіру мотопомпалары – 1 дана;
6) от жағу аппараттары – 4 дана;
7) НП-1 немесе басқа маркалы сулағыштар, көбік түзгіш - 500 килограмм;
8) күрек – 50 дана;
9) балта – 5 дана;
10) кетпен – 20 дана;
11) тырма – 20 дана:
12) шартылдақ – 20 дана;
13) бензин арасы – 1 дана;
14) арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш-бүріккіштер – 5 дана;
15) ауыз суға арналған сиымдылығы 10 литр бидондар немесе канистрлер – 2 дана;
16) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы – 1 дана;
17) кезекші арнайы киім (етіктер, шалбарлар, кеудеше, қолғаптар), өрт сөндіру командасы тұрақты мүшелерінің санына қарай – жиынтық.
Автомашиналар мен трактор тіркемелері аспалы сораптар орнату үшін жабдықталып, өрт қауіпі бар маусымға өрт сөндіру бекеттеріне бекітіледі. Қалған жабдықтар мен өрт сөндіру құралдары бекетте тұрақты түрде тұрады. Ағаш тасымалдайтын автожолдардың ұзындығы 50 километрден асқан жағдайда (ағаш тасымалданатын қиғаш жолдарды қоса алғанда) алмалы-салмалы цистерналар саны 50 километр жолға бір цистерна есебімен көбейтіледі.
3. Сүрек дайындалатын және жиналатын орындардағы (кеспеағаштар, жоғарғы қоймалар) орман өртін сөндіруге арналған құралдары:
1) күрек – 10 дана;
2) балта – 2 дана;
3) тырма – 5 дана:
4) шартылдақ – 10 дана;
5) бензин арасы – 1 дана;
6) арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш-бүріккіштер – 5 дана;
7) шелектер немесе сыйымдылығы 12 литр су құятын резеңке ыдыстар – 5 дана;
8) су ішуге арналған кружка – 4 дана.
4. Орман қоры аумағындағы тас, құм, балшық өндіретін орындардағы орман өрттерін сөндіруге арналған құралдары:
1) күрек – 10 дана;
2) балта – 2 дана;
3) кетпен – 2 дана;
4) шартылдақ - 10 дана;
5) бензин арасы – 2 дана;
6) арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш-бүріккіштер – 5 дана;
7) ауыз суға арналған сыйымдылығы 12 литр бидондар немесе канистрлар – 5 дана;
8) су ішуге арналған кружка – 5 дана;
9) қолғап – 10 жұп;
10) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы – 1 дана.
5. Орман қоры аумағында жұмыс істеп жатқан мұнай мен газ өндіру кәсіпорындардағы орман өрттерін сөндіруге арналған құралдары:
1) сыйымдылығы 1500 литр суға арналған алмалы-салмалы цистерналар немесе резеңке ыдыстар – 2 дана (арнайы орман өрттерін сөндіретін автоцистерналар болған жағдайда алмалы-салмалы цистерналардың болуы міндетті емес);
2) аспалы тісті дөңгелекті сораптар – 2 жиынтық;
3) өнімділігі минутына 600 – 800 литр тасымалданатын өрт сөндіру мотопомпалары – 1 дана;
4) қысымды өрт сөндіру жеңдері – 500 қума метр, соның ішінде: Д 66-77 миллиметр жеңдердің 20 жиынтығы (400 қума метр); Д 51 миллиметр жеңдердің 5 жиынтығы (100 қума метр);
5) бульдозер – 1 дана;
6) аса өтімді қорапты автомашиналар немесе жол толғанайтын көліктер (адам тасу үшін) – 1 дана;
7) орман соқасы немесе басқа да топырақ өңдеу құралдары – 1 дана;
8) от жағу аппараттары – 5 дана;
9) НП-1 немесе басқа маркалы сулағыштар, көбіктүзгіш - 500 килограмм;
10) күрек – 50 дана;
11) балта – 10 дана;
12) кетпен – 20 дана;
13) тырма – 10 дана:
14) шартылдақ – 20 дана;
15) бензин арасы – 5 дана;
16) арқаға іліп алатын орманда от сөндіргіш-бүріккіштер – 10 дана;
17) тасымалданатын радиостансалар (ұйымдастырылған радио байланысы болған жағдайда) – 3 дана;
18) ауыз суға арналған сыйымдылығы 10 литр бидондар немесе канистрлер – 6 дана;
19) кезекші арнайы киім (етіктер, шалбарлар, кеудешелер, қолғаптар), өрт сөндіру командасы тұрақты мүшелерінің санына қарай - жиынтық;
20) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишалары – 2 дана.
Учаскенің көлемі 30 мың гектардан асқан жағдайда өрт сөндіру құралдары шоғырланған пунктер саны әрбір 30 мың гектарға 1 пункт қажет болуы есебімен анықталады. Алмалы-салмалы цистернаға арналған автомашина аспалы тісті дөңгелекті сорап орнатуға лайықталады және өрт қауіпі бар маусым бойына бекетте болады.
6. Орман алқаптары арқылы өтетін тас жолдары бар ұйымдардағы орман өрттерін сөндіруге арналған құралдары (орман өртін сөндіру пункті):
1) алмалы-салмалы цистерналар, соның ішінде көлемі 1500 литр суға арналған қолдан жасалған немесе резеңке ыдыстар – 1 дана;
2) аспалы тісті дөңгелекті сораптар – 1 жиынтық;
3) қысымды өрт сөндіру жеңдері – 300 қума метр, соның ішінде: Д 66-77 миллиметр жеңдердің 10 жиынтығы (200 қума метр); Д 51 миллиметр жеңдердің 5 жиынтығы (100 қума метр);
4) от жағу аппараттары – 3 дана;
5) НП-1 немесе басқа маркалы сулағыштар, көбік түзгіш - 500 килограмм;
6) күрек – 50 дана;
7) балта – 5 дана;
8) кетпен – 5 дана;
9) тырма – 5 дана:
10) шартылдақ – 10 дана;
11) бензин арасы – 2 дана;
12) арқаға іліп алатын орман өрт сөндіргіш-бүріккіштері - 5 дана;
13) ауыз суға арналған сыйымдылығы 10 литр бидондар немесе канистрлер – 2 дана;
14) түтінге қарсы респиратор – 10 дана;
15) қорғаныштық көзілдірік – 10 дана;
16) қолғаптар – 20 жұп;
17) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы – 2 дана.
Орман өртін сөндіру пункті тас жолдың әрбір 100 километріне ұйымдастырылады. Өрт қауіпі бар маусымда пункт адамдар және аспалы тісті дөңгелекті сораптар орнатуға лайықталған су құйылған цистерналар тасымалдауға арналған автомашинамен қамтамасыз етіледі.
Ормандардағы өрт
қауіпсіздігі қағидаларына
3-қосымша
Орман қоры жерлерінде жұмыс істейтін желілік объектілердің (мұнай-газ құбырлары, электр, байланыс желілері және тағы басқалар) және басқа да ұйымдардың (іздестіру партиялары, жасақтары, экспедициялары, пішен, дәрі-дәрмектік өсімдіктер, техникалық шикізат, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және орманның басқа да азық өнімдерін дайындау жөніндегі, мал жаюмен, ара ұялары мен омарталар орналастырумен айналысатын бригадалар және басқалар) орман өртін сөндіруге арналған құралдары
Өрт сөндіретін құралдар |
Жұмыс істейтіндер саны |
|||
5 |
6-10 |
11-20 |
21-50 |
|
Күрек, дана |
2 |
5 |
10 |
20 |
Балта, дана |
2 |
2 |
2 |
2 |
Кетпен, дана |
1 |
1 |
2 |
5 |
Тырма, дана |
- |
2 |
5 |
10 |
Шартылдақ, дана |
2 |
4 |
10 |
20 |
Қол ара немесе бензин арасы, дана |
1 |
1 |
2 |
5 |
Арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш-бүріккіштер, дана |
- |
2 |
5 |
5 |
Суға құюға арналған сыйымдылығы 12 литрлік шелектер немесе резеңке ыдыстар |
2 |
5 |
10 |
20 |
Қолғаптар, жұп |
5 |
10 |
20 |
40 |
Алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы, дана |
1 |
1 |
2 |
2 |
Көрсетілген өрт сөндіру құралдары жекелеген жұмысшы топтары орналасқан жерлерде шоғырланады. Желілер бойын аралап жүрушілер тұратын жерлерде кестенің соңғы бағанында көрсетілген құрамдағы мен мөлшердегі өрт сөндіру құралдары шоғырланады.