Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.07.2015 № 552 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 48) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) жасасу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 18 қаңтардағы
№ 99 қаулысымен
бекітілген
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған
келісімшарт (шарт) жасасу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) жасасу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына сәйкес әзірленді және жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - Уәкілетті орган) мен заңды немесе жеке тұлға (бұдан әрі - Өтініш беруші) арасында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге келісімшарт (шарт) (бұдан әрі - келісімшарт (шарт) жасасу тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бюджет қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылуы мүмкін.
3. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге келісімшарт (шарт) жасасу тәртібі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының нормаларына және «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1301 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге
арналған келісімшарт (шарт) жасасу тәртібі
4. Өтініш беруші Уәкілетті органға жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуге келісімшарт (шарт) жасасу үшін өтінім береді, өтінім мыналарды қамтуы тиіс:
1) келісімшарт (шарт) нысанасы және мақсаты;
2) жұмыстарды өткізу мерзімі, сұралған аумақтың кеңістіктік шекарасы, оның ауданы;
3) заңды тұлғалар үшін;
өтініш берушінің атауы, оның орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігі;
өтініш беруші - заңды тұлғаның басшылары және қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер;
заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы құжаттардың көшірмесі;
4) жеке тұлғалар үшін;
өтініш берушінің тегі мен аты, заңды мекенжайы, азаматтығы;
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын, өтініш берушінің салық органдарында тіркелуі туралы, өтініш берушінің кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуі туралы құжаттардың көшірмелері;
5) жер қойнауын геологиялық зерттеулер жүргізу үшін мамандандырылған техника және (немесе) жабдықтардың болуын растайтын құжаттардың көшірмесі;
6) заңды тұлғалар үшін - штатта геологиялық мамандықтар бойынша арнайы орта немесе жоғары білімі бар маманның (мамандардың) болуы;
7) жеке тұлғалар үшін - геологиялық мамандық бойынша арнайы орта немесе жоғары оқу орынын бітіргені туралы дипломының (куәлігінің) көшірмесі;
8) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу саласында тиісті жұмыстар жүргізу үшін өтініш берушінің қаржылық мүмкіндігін растайтын екінші деңгейдегі банктердің анықтамасы.
5. Мынадай:
1) өтінім осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарын бұза отырып, берілген;
2) өтінім беруші өтінімде толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынған жағдайларда;
3) егер мәлімделген аудан «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңында көзделген жағдайларда келісімшарт аумағына немесе айрықша қорғалатын табиғи аумақтарға жататын болса, Уәкілетті орган өтініш беруші ұсынған өтінім келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде қайтару себебін көрсете отырып, өтінімді жазбаша түрде кері қайтарады.
6. Уәкілетті органға сұралып отырған аумаққа бір уақытта екі немесе одан да көп өтінім келіп түскен жағдайда келісімшарт (шарт) жасасу туралы шешімді уәкілетті орган өтінім берушілердің техникалық және қаржылық мүмкіндіктеріне негізделген комиссия ұсынысын ескере отырып, қабылдайды (барынша қазіргі заманғы техникалардың және жабдықтардың, мейлінше көп қаржылық салымдар мүмкіндігінің болуы). Комиссия құзыретті органның өкілдерін тартумен және саны жеті адамнан кем емес уәкілетті органның жанынан құрылады.
Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттама түрінде ресімделеді, хаттамаға комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
7. Уәкілетті орган өтінім түскен күннен бастап он жұмыс күн ішінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу саласындағы жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы (бұдан әрі - жобалық - сметалық құжаттама) ұсыну мерзімін көрсете отырып, келісімшарт (шарт) жасау мүмкіндігі туралы өтінім берушіге жазбаша түрде хабарлайды.
8. Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген жағдайда келісімшарт (шарт) жасасу мүмкіндігі туралы хабарлама өтінім берушіге жобалау-сметалық құжаттамаларды ұсыну мерзімін көрсетілген өтінім түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Қалған өтінім берушілерге комиссия хаттамасын қоса бере отырып, келісімшарт (шарт) жасаудан дәлелді бас тарту өтінім түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.
9. Келісімшарт (шарт) жасау мүмкіндігі туралы хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде келісімшарт (шарт) жасау үшін уәкілетті органға жобалау-сметалық құжаттама ұсынылады.
Жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну мерзімін уәкілетті орган өтінім берушінің жазбаша өтініші бойынша, уәкілетті органның хабарламасында көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде он жұмыс күні бұрын өтінім беруші ұсыныс жасаған жағдайда кемінде алты айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
10. Егер уәкілетті орган көрсеткен мерзімде өтінім беруші жобалау-сметалық құжаттаманы ұсынбаса уәкілетті орган өтінім берушіге келісімшарт (шарт) жасасудан дәлелді бас тарту жібереді.
11. Индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жүргізуге жобалау-сметалық құжаттарды жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес өтінім беруші жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлейді.
12. Индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және мониторингі, мұнай-газ және гидрогеологиялық ұңғымаларды консервациялау, жою бойынша жұмыстарды жүргізуге байланысты объектілердің жобалық-сметалық құжаттамаларына экономикалық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес уәкілетті орган жобалық-сметалық құжаттамаға экономикалық сараптау ұйымдастырады және жүргізеді.
Теріс экономикалық сараптама кезінде уәкілетті орган экономикалық сараптама қорытындысын қоса бере отырып, өтінім берушіге жобалық-сметалық құжаттаманы жазбаша түрде пысықтауға қайтарады.
Жөнделген жобалық-смета құжаттамасын ұсыну мерзімі әрбір жағдайда бір айдан аспауы тиіс.
13. Келісімшарт (шарт) өтінім беруші жобалық-сметалық құжаттамаға оң экономикалық сараптама алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жасалады және оған уәкілетті органның бірінші басшысы мен өтінім берушінің немесе өтінім берушінің уәкілетті өкілі қол қояды.