Байланыс формасы

Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 маусымдағы № 828 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 621 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 621 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 494 бұйрығын қараңыз.

      «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 18 қаңтардағы Заңының 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қол жетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидалары бекітілсін.
      2 «Телерадио хабарларын тарату ұйымдарының меншік нысандарына қарамастан, отандық телевизия және радио бағдарламаларын жерсеріктік тарату жүйесі арқылы тарату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 47 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 16, 185-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 22 маусымдағы
№  828 қаулысымен  
бекітілген      

Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар)  «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 18 қаңтардағы Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және телерадио хабарларын таратудың  ұлттық операторытарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс (бұдан әрі – конкурс) өткізу тәртiбiн айқындайды.
      2. Теле-, радиокомпаниялардың (бұдан әрі – үміткерлер) конкурсқа қатысуға өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсыныстар енгізуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 ақпандағы № 203 қаулысымен құрылған Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) жүзеге асырады.
      3. Конкурсты өткізуді ұйымдастырушы комиссияның жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті (бұдан әрі – ұйымдастырушы) болады.
      4. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналар тізбесін (бұдан әрі – тізбе) қалыптастыру көп арналы хабар таратудың ортасына (цифрлы эфирлі, жерсеріктік телерадио хабарларын тарату) байланысты жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі тізбені комиссияның ұсынымы бойынша бекітеді.
      6. Еркін қолжетімді мемлекеттік емес теле-, радиоарналарды тарату цифрлық эфирлі телерадио хабарларын таратуға толығымен өткенге дейін республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      7. Тізбені қалыптастыру үш жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      8. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы жерсеріктік және цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы еркін қолжетімді теле-, радиоарналар тізбесіне кірген теле-, радиоарналарды таратуды қамтамасыз етеді.
      9. Теле-, радиоарналары еркін қол жетімді теле-, радиоарналар тізбесіне кірген теле-, радиокомпаниялар, жерсеріктік және (немесе) цифрлық эфирлі хабар тарату арқылы теле-, радио хабарларын таратудың ұлттық операторымен теле-, радиоарналарды таратуға шарт жасасады.

2. Конкурсты өткізу тәртібі

      10. Конкурс өткізу туралы шешімді ұйымдастырушы қабылдайды.
      11. Конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарлама ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің www.mki.gov.kz интернет-ресурсында ол өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік қырық күн қалғанға жарияланады.
      12. Ұйымдастырушы теле-, радиоарналар тізбесіне қосуға өтінімдерді оған қоса берілетін құжаттармен бірге қабылдауды ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастайды және конкурс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күні қалғанда аяқтайды.
      Өтінім және қоса берілген құжаттар беттері нөмірленіп, тігілген түрде, соңғы беті үміткердің қолымен және мөрімен (жеке тұлға үшін – бар болса) расталып, жапсырылған конвертте ұсынылады.
      Ұйымдастырушы үміткерлерден қосымша құжаттар мен міндеттемелерді талап етпейді.
      13. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін түскен конкурсқа қатысуға өтінімдер және оған қоса берілетін құжаттар қабылданбайды.
      14. Комиссия осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес ресімделген өтінімдер мен құжаттар салынған конверттерді конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген орында және мерзімде ашады.
      15. Егер ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 12-тармағының екінші абзацында және осы Қағидалардың 12-қосымшаларында көзделген талаптарға сай келмеген жағдайда үміткер конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
      16. Ұйымдастырушы конверттерді ашу хаттамасын жасайды, оған комиссия төрағасы, қатысып отырған мүшелері және хатшысы қол қояды.
      17. Тақырыптық бағыты мен жанрлық арақатынасы, меншікті теле-, радиобағдарламаларының, сатып алынатын теле-, радиобағдарламалар мен ретрансляцияның көлемі, мемлекеттік тілде хабар тарату көлемі, орташа тәуліктік хабар тарату уақыты, кадрлық әлеуеті жеңімпаздарды анықтау кезіндегі іріктеу критерийлері болып табылады.
      18. Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігі дауыс берген үміткерлер конкурс жеңімпаздары болып танылады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      19. Комиссия конкурстың қорытындысын конверт ашылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде шығарады. Конкурс қорытындысы бойынша комиссия ұсынымдары комиссия мүшелерінің қолы қойылатын хаттамамен ресімделеді.
      20. Комиссия хаттамасының көшірмесі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тізбені бекіту туралы қаулысының жобасын ұйымдастырушы бір айдың ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.

Телерадио хабарларын таратудың
ұлттық операторы тарататын 
еркін қолжетімді теле-,  
радиоарналардың тізбесін  
қалыптастыру бойынша конкурс
өткізу қағидасына 1-қосымша 

Қазақстан Республикасы   
Телерадио хабарларын таратуды
дамыту мәселелері жөніндегі
комиссия төрағасына   

Өтінім

      Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесіне қосуға

      Жалпы мәліметтер:
      1. Толық атауы
      Заңды тұлға/ жеке тұлға Т.А.Ә.
      _______________________________________________________________
      2. Заңды мекенжайы:
      _______________________________________________________________
      3. Телефон, факс нөмірлері:
      _______________________________________________________________
      4. Теле-, радиоарнаның атауы:
      _______________________________________________________________
      5. Тақырыптық бағыты:
      _______________________________________________________________
      6. Тарату аумағы:
      _______________________________________________________________
      7. Көпарналы хабар тарату ортасы (цифрлық эфирлік/жерсеріктік):
      _______________________________________________________________

      Бірінші басшының/
      дара кәсіпкердің қолы

      МО 20__ ж. «___»___________

Телерадио хабарларын таратудың
ұлттық операторы тарататын 
еркін қолжетімді теле-,  
радиоарналардың тізбесін  
қалыптастыру бойынша конкурс
өткізу қағидасына 2-қосымша 

Үміткерлердің конкурстық ұсыныстары

      Ескерту. 2-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Үміткерлердің конкурстық ұсыныстары мынадай бөлімдерді қамтуы қажет:
      Шығармашылық ұсыныстар
      Үміткер мыналарды ұсынады:
      теле-, радиоарналарды тарату торы (келесі айға);
      мына мәліметтерден тұратын ақпарат:
      1) теле-, радиоарнаның тақырыптық бағыты мен олардың жанрлық арақатынасы (ақпараттық, аналитикалық, публицистикалық, жастар және балалар, музыкалық теле-, радиобағдарламалар мен көркем және деректі фильмдер);
      2) хабар таратудың тілдік арақатынасы, мемлекеттік тілдегі
теле-, радиобағдарламаларды трансляциялау уақыты;
      3) меншікті теле-, радиобағдарламаларының, сатып алынатын теле-, радиобағдарламалар мен ретрасляцияның арақатынасы;
      4) орташа тәуліктік тарату уақыты;
      5) шығармашылық және техникалық жұмыскерлердің сандық мәндегі кадрлық әлеуеті.
      Техникалық ұсыныстар
      Үміткер мыналарды ұсынады:
      теле-, радиобағдарламалар өндірісінің стационарлық студиялық жабдығының болуы, жай-күйі және түрі туралы ақпарат;
      аппараттық-студиялық кешеннің техникалық сипаттамасы;
      дыбысы мен бейнесінің сапасы жоғары теле-, радиобағдарламаларын эфирге беру жөніндегі міндеттеме;
      студиялық кешеннің орналасқан жері, теле-, радиоарнаны ұлттық оператордың желісіне дейін беру тәсілі туралы ақпарат;
      сигналдың (теле-, радиоарнаның) ұлттық оператордың желісіне дейін жетуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме.
      Қаржылық ұсыныстар
      төлем қабілеттілігін растайтын құжаттар:
      1) банк немесе банк филиалы алдында анықтама берілген күннен бұрын үш айдан астам мерзімі өткен берешегінің болмауы туралы қол қойылған және мөр басылған банк немесе банк филиалы анықтамасының түпнұсқасы;
      2) бірінші басшы немесе оны алмастыратын тұлға қол қойған соңғы қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстың түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) конкурстық өтінім конверттері ашылған күннен кейін бір айдың ішінде берілген үш айдан астам міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектер мен салық берешегінің жоқ екені туралы не бір теңгеден кем емес міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің және салық берешегінің бар екені туралы тиісті салық органы анықтамасының түпнұсқасы;
      техникалық қызмет көрсетуге, штатты ұстауға және басқа да капиталдық салымдардың жалпы шығындарын көрсету.
      Үміткер өзінің пікірі бойынша Комиссияға конкурстық ұсынысты объективті түрде бағалауға мүмкіндік беретін, конкурстың мәніне байланысты кез келген мәліметі бар қосымша құжаттарды ұсына алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады