Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысы.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 21 қарашадағы
№ 1222 қаулысымен
бекітілген

Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған
азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 cәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге қолданылмайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;

      2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар;

      3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;

      4) тұрғын жай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);

      5) төтенше жағдайлардың салдарларын жою – инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді, қоршаған ортаны қалпына келтіру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету бойынша жүргізілетін іс-шаралар, төтенше жағдайлар салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу.

2. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған
азаматтарды есепке қою тәртібі

      4. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға мынадай құжаттарды:

      1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін. Төтенше жағдай салдарынан немесе оны жою кезеңінде мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесін;

      2) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдiң) техникалық паспортын;

      3) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні);

      4) аумақтық әдiлет органдары берген жылжымайтын мүлiктiң жоқ (бар) екендiгi туралы анықтаманы ұсына отырып өтініш береді.

      Төтенше жағдай салдарынан немесе оны жою кезеңінде осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар жоғалған немесе жойылған жағдайда, азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде алынған осы құжаттардың телнұсқаларын не мұрағаттық көшірмелерін ұсынады.

      5. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органдар өтініштердің негізінде екі ай ішінде тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастырады.

      6. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың қалыптастырылған тізімдері Қазақстан Республикасының азаматы өтініш берген күннен бастап айына кемінде екі рет жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

3. Төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен
азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі

      7. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган күнтізбелік екі күн өткен соң төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия құрады.

      Комиссия туралы ережені жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.

      8. Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия шешімінің негізінде беріледі.

      9. Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

      10. Тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан қираған немесе тұруға жарамсыз болған тұрғын үйдің жалпы алаңынан кем болмайтын мөлшерде беріледі.

      11. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен азаматтарға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді зиян (нұқсан) келтіруші ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізеді.

      12. Төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған азаматтың тұрғын үйіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады