Байланыс формасы

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысы.

      Баспасөз релизі!

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б.Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 569 қаулысымен
бекітілген

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 04.12.2018 № 804 қаулысымен.

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) 21-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу тәртібін айқындайды.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары (бұдан әрі – қаулылардың жобалары);

      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары);

      4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтік құқықтық қаулылары, әкiмдердiң нормативтік құқықтық шешiмдерi және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.

      4. Құпиялылық белгілері немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктері ескеріле отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Қаулылардың жобаларын әзірлеу

      5. Қаулылардың жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.

      6. Қаулылардың жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.

      Қаулылардың жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі (бұдан әрі – Кеңсе) әзiрлеуi мүмкiн.

      7. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      8. Қазақ тіліндегі қаулылар жобаларының әзірлену сапасын, қазақ және орыс тiлдерi қағидаларының сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.

      9. Әзiрлеушi мемлекеттiк орган қаулы жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберумен бір мезгілде қаулы жобасын, түсiндiрме жазба мен бұрынғы және жаңа редакцияның салыстырма кестесін (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң интернет-ресурсына, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырады.

      10. Әлеуметтiк мәні бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде баспасөз релизі қосымша орналастырылады.

      Әлеуметтік мәні бар қаулы жобасы деп адамның және тұтастай қоғамның құқықтары мен мүдделерiн тікелей немесе жанама түрде қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.

      11. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 20-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган қоғамдық кеңестің ұсынымдарын алуды қамтамасыз етеді.

      12. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасына және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестерге (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) жiберiледi. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулы жобасы қабылданғанға дейін оған мiндеттi қосымша болып табылады.

      Әзiрлеушi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оларды өзiнiң интернет-ресурсына орналастырады. Олармен келіспеген жағдайда қабылдамау себептерiн дәлелдермен негіздей отырып жауап жібереді және оны интернет-ресурста орналастырады.

      Сараптамалық кеңестер, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, қаулы жобасы ескертулерсіз келісілді деп есептеледі.

      13. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты қаулылардың жобалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жария талқылау үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн қалғанда әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

      14. Қабылдануының салдарынан экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қауіп төнуi мүмкін қаулылардың жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.

      Іске асырылуы қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулылардың жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      15. Реттеуіш құралды енгiзудi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты реттеудi қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін қаулылардың жобалары бойынша кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен алдын ала реттеушiлiк әсерді талдау рәсiмi жүргiзiледi.

      Реттеушiлiк әсерді талдау нәтижелері реттеушi мемлекеттiк органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.

3-тарау. Қаулылардың жобаларын келісу

      16. Қаулылардың жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен олардың интранет-порталында (бұдан әрi – МО ИП) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдарының немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.

      17. Қаулы жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк орган МО ИП-да заң қызметі басшысының (не оның мiндетiн атқарушы адамның) және мемлекеттiк орган басшысының мемлекеттiк органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрi – ЭЦҚ) қолдана отырып куәландырылған электрондық құжаттар нысанындағы қаулы жобасын, оған түсiндiрме жазбаны және басқа да қажеттi құжаттарды орналастырады және МО ИП арқылы тиiстi мемлекеттiк органдарға келісуге жiбередi, ал ұйымдарға келісуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларында (бұдан әрі – Құжаттама жасау қағидалары) белгіленген тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi жiберiледi.

      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда қаулы жобасы, оған түсiндiрме жазба және басқа да қажетті құжаттар жауапты құрылымдық бөлімше басшысының (не оның мiндетiн атқарушы адамның) ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      18. Нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актiлерге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің актiлерiне сәйкестiгi тұрғысынан заңдық сараптама жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiмен, сондай-ақ республикалық бюджет кірістерін қысқарту немесе шығыстарын ұлғайту тұрғысынан қаулылардың жобаларын республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етуге жауапты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      19. Мемлекеттiк басқару және жоспарлау, әлеуметтiк-экономикалық және өңiрлiк саясат мәселелерiне қатысты нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      20. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджет кiрiстерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, қаулы жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн қажет етедi.

      21. Мемлекеттік органдарға келісуге енгізілетін, қазақ және орыс тілдерінде дайындалған қаулылардың жобалары мыналарды қамтуға тиіс:

      1) Үкімет қаулысының жобасы;

      2) көлемі 3 (үш) парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 (бес) парақтан аспайтын, Премьер-Министрдің атына ресімделген және мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі қол қойған түсіндірме жазба, онда мәселенің нысанасы, әлеуметтік-экономикалық және қажет болған кезде саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де негіздемелер, жобаны қабылдаудан күтілетін салдардың болжамы толық баяндалады. Бұдан басқа, түсіндірме жазбада мынадай негізгі мәліметтер қамтылуға тиіс:

      әзірлеуші мемлекеттік органның атауы;

      тиісті нормативтік құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына жасалған сілтемесі бар жобаны қабылдаудың негіздемелері және/немесе оны қабылдау қажеттілігінің басқа да негіздемелері (Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба бойынша қаржылық шығындардың қажеттілігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есептемелер, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба қабылданған жағдайда болжанатын салдар;

      нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімі;

      жобада қаралатын мәселелер және оларды іске асыру нәтижелері бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері туралы мәліметтер;

      енгізіліп отырған жоба қабылданған жағдайда, заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етілетінін-етілмейтінін көрсету) не мұндай қажеттіліктің болмауы;

      ұсынылған халықаралық шарттың жобасын кейіннен ратификациялау қажеттігі туралы ақпарат;

      мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22П-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігі;

      қаулы жобасының мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы ақпарат (күні, байт саны);

      тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты жобаның, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасына баспасөз релизінің уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылғаны туралы ақпарат;

      қаулы жобасының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулы жобасына түсіндірме жазба міндетті түрде Үкімет актісінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есептемелердің нәтижелерін қамтуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындысымен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші жобаға түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.

      Сараптамалық қорытындыларда көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, жобаны әзірлеуші қаулы жобасына түсіндірме жазбада аталған ескертулердің жойылғанын көрсетуге тиіс;

      3) Үкіметтің қолданыстағы актілеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне (бұдан әрі – Регламент) 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі;

      жобаның әрбір абзацына қатысты негіздеме, оның ішінде нормативтік құқықтық акт болса – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтемемен, сондай-ақ дәйексөзбен келтірілуге тиіс;

      Үкімет қаулыларымен бекітілген туынды нормативтік құқықтық актілердің жаңа редакциясы енгізілген кезде де жаңа редакциядағы қаулының әрбір абзацын тиісті түрде негіздей отырып (оның ішінде нормативтік құқықтық акт болған кезде – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтіре отырып), туынды нормативтік құқықтық актілердің бұрынғы және жаңа редакцияларының әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ететін орынбасары қол қойған салыстырма кестесін қоса беру қажет;

      4) егер жобада қаулының (қаулылардың) күшін жою көзделетін жағдайда, жобаны қабылдау қажеттілігіне негіздемені қамтитын анықтама;

      5) қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары. Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің қорытындылары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, олар қоса берілмейді;

      6) қаулы жобасы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайлардан басқа, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын болса, әзірлеуші мемлекеттік органға ұсынылған жағдайда қоғамдық кеңестің ұсынымдары;

      Ұсынымдармен келіспеген жағдайда жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, қоса берілмейді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми сараптама жүргізу міндетті болған жағдайда, халықаралық шарттың жобасы бойынша не Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарт бойынша жүргізілген ғылыми сараптама нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды;

      8) Регламенттің 4.2-бөліміне сәйкес өзге мемлекеттік органдардың қорытындылары (келіспеушіліктер хаттамасы, сондай-ақ келісуші мемлекеттік органның ескертулері бойынша өзара тиімді шешім іздеу мақсатында өткізілген кеңестің хаттамасы);

      9) орындау үшін қаулы жобасы әзірленген тапсырмалардың (хаттамалардың және т.б.) көшірмелері;

      10) қаулы жобасына Парламент Мәжілісінің және Президенттің қарауына заң жобалары мен жарлық жобалары енгізілетін жағдайларда келісу парағы (pdf форматында). Бұл ретте заң жобасына немесе жарлық жобасына келісу парағына қағаз жеткізгіште мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қолбелгі қояды;

      11) қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері.

      Қаулы жобасының және оған заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын, "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қосымшалардың әрбір парағын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі дәйектейді.

      22. Қаулы жобасын келісуге алған кезде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдармен оны алдын ала келісуді талап етпеуге, формальды және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартпауға тиіс.

      23. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:

      1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күні;

      2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ гуманитарлық көмек мәселелерi бойынша қаулы жобалары – 3 (үш) жұмыс күнi.

      Мемлекеттік органдармен бұрын келісілген қаулы жобаларын қайта келісу мерзімі (мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін бөлікте жоба мәтінінің өзгеруіне байланысты) 3 (үш) жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      24. Қаулы жобасын қараудың қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік орган мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:

      1) жоба ескертулерсіз келісілуі мүмкін. Мемлекеттік органның бірінші басшысы, немесе оның орынбасары, немесе жауапты хатшы не мемлекеттік органның аппарат басшысы немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, МО ИП-та электрондық құжат нысанындағы жобаны келіседі.

      Бұл ретте, әзірлеуші мемлекеттік органмен келісу бойынша жоба келісуші мемлекеттік орган ұсынған редакцияда келісілуі мүмкін. Бұл жағдайда келісуші мемлекеттік орган жобаның не оның жеке бөлігінің жаңа редакциясын қоса береді;

      2) бар ескертулерді жою үшін жоба пысықтауға жіберілуі мүмкін. Бұл ретте МО ИП-та келісуші орган ескертулерді орналастырады, онда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс және оған ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысы, немесе оның орынбасары, немесе жауапты хатшы не мемлекеттік органның аппарат басшысы қол қояды. Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау МО ИП-та жүзеге асырылады, бұдан кейін әзірлеуші МО ИП-та мемлекеттік органның бірінші басшысының, немесе оның орынбасарының, немесе жауапты хатшының не мемлекеттік органның аппарат басшысының ЭЦҚ-сын куәландыра отырып қол қойылған жобаның пысықталған (келесі) нұсқасын орналастырады және оны мемлекеттік органдарға қайта келісуге жолдайды;

      3) жобаны келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші мемлекеттік орган МО ИП-та келісуден бас тарту уәждемесі бар келісуден бас тарту белгісін қояды және ол келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының, немесе оның орынбасарының, немесе жауапты хатшының не мемлекеттік органның аппарат басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      Келісуші мемлекеттік органдарға қаулылар (өкімдер) жобаларын "ескертулермен" келісуге тыйым салынады.

      25. Келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара тиімді шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс. Өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп, келіспеушіліктер хаттамасын жасайды, оны МО ИП-та жобаға орналастырады. Электрондық құжат нысанындағы келіспеушіліктер хаттамасы МО ИП-та мемлекеттік органдар басшыларының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      26. Келісу жүргізілгеннен кейін келісуші мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының (не олардың міндетін атқарушы адамдардың) ЭЦҚ-сымен бұрыштама қою үшін әзірлеуші мемлекеттік орган жобаның МО ИП арқылы түпкілікті келісуге жіберілуін қамтамасыз етеді және келісуші мемлекеттік органдардың қорытындыларымен (келіспеушіліктер хаттамаларымен) және тиісті қосымшалармен бірге электрондық құжат нысанында МО ИП арқылы Кеңсеге енгізеді. Бұл ретте жобаны келісудің түпкілікті мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Заң жобаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қамтитын жобалар жобалары Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы қағаз және электрондық форматтарда (нысандарда) енгізіледі.

4-тарау. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу

      27. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың құзыреті "Құқықтық актілер туралы" Заңның 17-бабының 3-тармағында, 21-бабының 1-тармағында және 34-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен анықталады.

      28. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды ресімдеуге қойылатын "Құқықтық актілер туралы" Заңның 22-28-баптарында көзделеген талаптарды сақтай отырып, қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді.

      29. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының қазақ тiлінде әзірленуінің сапасын, қазақ және орыс тiлдерiндегі қағидалардың сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.

      30. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың тәртібі және ерекшеліктері "Құқықтық актілер туралы" Заңның 18-20-баптарында және тиісті саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерде анықталады.

      31. Кәсіпкерлік субъектіге қатысты реттегіш құралды және оған байланысты талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісу үшін жіберілгенге дейін Кодекстің 82 және 83-баптарының талаптары ескеріле отырып, реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.

      Жүргізілген реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері әзірлеуші орган мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсiпкерлер палатасының интернет-ресурстарында орналастырылады.

      32. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган Кодекстің 64 және 66-баптарында анықталатын тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және осы органның жанындағы сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын алуды қамтамасыз етеді.

      33. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға және ұйымдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интранет-порталында орналастырылады.

      Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленген жағдайда да енгізілетін әрбір өзгеріске және/немесе толықтыруға негіздемелерді көрсете отырып, осы жобаға салыстырма кесте орналастырылады.

      Әзірленген жобаны және оған қосымша берілетін құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде орналастыру қамтамасыз етіледі.

      34. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 20-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган қоғамдық кеңестің ұсынымдарын алуды қамтамасыз етеді.

      Тиісті ақпарат осы Қағидалардың 41-тармағына сәйкес әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасына қоса берілетін анықтамаға енгізіледі.

      35. Қабылдануының салдарынан экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қауіп төнуi мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.

      Іске асырылуы қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуге әкеп соғуы мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

5-тарау. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын келісу

      36. Әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, сондай-ақ алынған қоғамдық кеңестердің ұсынымдары немесе сараптамалық кеңес мүшелерінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындылары әзірлеуші мемлекеттік органға ұсынылған жағдайда, оларды қоса бере отырып әділет органдарына келісуге жіберіледі.

      37. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу олардың құзыреттеріне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасын келісудегі мұндай мүдделілік онда қаралатын мәселелердің нысанына сүйене отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің талаптарын ескере отырып, оның ішінде міндетті сараптама түрлерін жүргізуге қатысты белгіленеді.

      Өкілдері өздерінің сараптамалық қорытындыларын сараптамалық және қоғамдық кеңестердің құрамына қатысу шеңберінде берген мүдделі ұйымдарға нормативтік құқықтық актілердің жобалары келісуге жіберілмейді.

      38. Мүдделі мемлекеттік органдарға келісу үшін жібергенге дейін мемлекеттік әзірлеуші орган өзінің интернет-ресурсында және жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы туралы баспасөз релизін ашық нормативтік құқықтық актілердің интранет-порталына сілтемемен бірге орналастырады.

      Баспасөз релизі қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы туралы ақпаратқа халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында баспасөз релизін өз бастамасымен ағылшын тілінде орналастыруы мүмкін.

      39. Сараптамалық кеңестермен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасымен және басқа да мүдделі ұйымдармен, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу аяқталғаннан кейін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды және оған қатысты талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы Комиссияның қарауына енгізіледі.

      Әзірленген жобаға реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері және интернет-ресурстарда орналастыру туралы ақпарат қоса беріледі.

      40. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 44-бабының негізінде әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары мемлекеттік тіркеуге жіберілгенге дейін олар әділет органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс.

      Орталық әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне міндетті түрде келісуге жіберіледі.

      Жергілікті әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары аумақтық әділет органдарына міндетті түрде келісуге жіберіледі.

      41. Әділет органдарына жіберілген кезде әзірленген жобаға "Құқықтық актілер туралы" Заңда және/немесе тиісті саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамалық актіде жүргізілуі міндетті деп көзделген мүдделі ұйымдармен келісу нәтижелері, сараптамалық қорытындылары, ұсынымдар, бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі (қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда), жария талқылаудың және сараптамалардың нәтижелері қоса беріледі.

      Нормативтік құқықтық актінің әзірленген жобасына ашық нормативтiк құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылғаны туралы анықтама да қоса беріліп, орналастырылған күні көрсетіледі.

      42. Келiсуге нормативтiк құқықтық акт жобасының туынды түрi де, оны бекітетін негiзгi нормативтiк құқықтық актінің жобасы да ұсынылады.

      43. Әділет органдарына жіберілген кезде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін нормативтік құқықтық актінің жобасына жүргізілген реттеушілік әсерді талдаудың және/немесе баламалы реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері және оны мақұлдау туралы Комиссияның хаттамалық шешімі қоса беріледі.

      Келісу барысында алынған ұсынымдармен, ескертулермен және ұсыныстармен келіскен жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган әділет органдарына нормативтік құқықтық актінің пысықталған жобасын жолдайды.

      Алынған ұсынымдармен және/немесе сараптамалық қорытындылармен келіспеген жағдайда, әзірленген жобаға әзірлеуші мемлекеттік органның тиісті мүдделі органдардың және ұйымдардың атына жауаптары тиісті негіздемелермен қоса беріледі.

      44. Электрондық құжат айналымы шеңберінде МО ИП арқылы мүдделі органдарға және ұйымдарға әзірленген жоба мен оған қоса берілетін құжаттар келісуге басшы орынбасарының немесе жауапты хатшының не тиісті мемлекеттік органның аппарат басшысының немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің ЭЦҚ-сымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде *docx форматында жіберіледі.

      Қағаз құжат айналымы кезінде жоғарыда көрсетілген құжаттар келісуге ілеспе хатпен жіберіледі. Бұл ретте нормативтік құқықтық акт жобасының барлық парақтарын тиісті жобаны келісуге жіберуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның мiндетiн атқарушы адам дәйектейді.

      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасын тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге жауапты болып айқындалған тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам дәйектейді.

      Жергiлiктi органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасын осы органда заңгер функциясын атқаратын адам не мемлекеттік органның бірінші басшысы, не ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам дәйектейді.

      Бірнеше уәкілетті органдар бірлесіп әзірлеген бірлескен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісуге оны әзірлеу үшін негізгі жауапты боп анықталған уәкілетті орган жібереді.

      45. Мүдделі органдарға және ұйымдарға нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге формальды немесе өзге де негiзсiз себептермен, оның ішінде басқа мүдделі органдармен және ұйымдармен келісу қажеттілігіне сілтемемен бас тартуға жол берілмейді.

      46. Мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар әзірленген жобаны келісуді, егер заңнамада өзге мерзім белгіленбесе не жоғары тұрған мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) тапсырмаларынан туындамаса, келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      47. Тиісті аумақта карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою) туралы, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды көздейтін әзірленген жобаны келісу, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау келіп түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі, бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдарға және әділет органдарына бір уақытта жіберілуі шарт.

      48. Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт жобасын келісу келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      49. Алынған ұсынымдар, ескертулер және ұсыныстар ескеріле отырып, сондай-ақ олармен келіспеген жағдайда, пысықталған нормативтік құқықтық актінің жобасын қайтадан келісу қайта келісуге келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Алынған ұсынымдармен, ескертулермен және ұсыныстармен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және/немесе ұйымдармен келісу консультацияларын жүргізеді.

      50. Мүдделі мемлекеттік органдармен қағаз түрінде келісу МО ИП-қа қолжетімділік болмаған кезде және (немесе) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге жіберген кезде жүргізіледі.

      МОИП-қа қолжетімділік техникалық себептер бойынша болмаған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган қағаз түрінде алынған келісу нәтижелерін әзірленген нормативтік құқықтық акт жобасына қосымша ретінде электрондық түрде ресімдеу бойынша шаралар қабылдайды.

      51. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша мүдделі келісуші мемлекеттік орган немесе ұйым мемлекеттік әзірлеуші органға мынадай жауап нұсқаларының бірін жіберуге тиіс:

      1) ескертусіз келісілсін;

      2) пысықтауға қайтарылсын;

      3) келісуден бас тартылсын.

      Пысықтауға қайтару немесе келісуден бас тарту туралы жауап берген жағдайда нақты ескертулер және (немесе) негіздемелермен және (немесе) қаралған жобаның тиісті нормаларының ұсынылған редакцияларымен бірге ұсыныстар беріледі, олар келісуші мемлекеттік орган құзыретінің мәселелеріне тікелей қатысты болуы қажет.

      Электрондық түрдегі жауаптар басшы орынбасарының немесе жауапты хатшының не тиісті мемлекеттік органның аппарат басшысының немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің ЭЦҚ-сымен, ал қағаз түрінде – жоғарыда көрсетілген лауазымды адамдардың қол қоюымен куәландырылады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актіні келісудің нәтижелері Құжаттама жасау қағидаларына сәйкес ресімделеді.

      52. Егер нормативтік құқықтық акт жобасына оның мағыналық мазмұнының өзгеруіне әкеп соғатын түзетулер енгізілген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган ескертусіз келісу туралы жауап алу мақсатында қайта келісу жүргізуге міндетті.

      Әділет органдарынан ескертусіз келісу туралы жауап алынғаннан кейін нормативтік құқықтық актінің жобасы түпкілікті келісілген болып саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады