Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы № 605 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 605 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы
Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт
мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі
      екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды негізге ала отырып;
      екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ұмтыла отырып;
      өз халықтарының әл-ауқатын арттыру және өркендету мақсатында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып;
      екі Тарап үшін де энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды екеніне және жаңа энергия көздерін дамыту қажеттілігіне айрықша мән бере отырып;
      екі мемлекет те бұдан әрі «Агенттік» деп аталатын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) мүшелері болып табылатынын және екі мемлекет те бұдан әрі «Шарт» деп аталатын, осы Шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімді қоса алғанда, 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың қатысушылары болып табылатынын назарға ала отырып және басқа да тиісті халықаралық міндеттемелерді назарға ала отырып;
      ядролық қаруды таратпауды қолдауды және кепілдіктерді қамтамасыз ететін, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қауіпсіз, сенімді және экологиялық жағынан тұрақты дамыту мақсатын растай отырып;
      Шарттың барлық тараптарының Шарттың ережелеріне сәйкес атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үшін қажетті жабдықпен, материалдармен, ғылыми және технологиялық ақпаратпен алмасуға толық құқығы бар екенін атап көрсете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қабылданды:
      1. «Басшылық қағидаттар», INFCIRC/254/Rev.4/1-бөлім ретінде осы келісімге әрбір тарап жазбаша түрде енгізген түзетулері бар осындай өзгерістер болған кезде ол туралы екінші тарапты хабардар ете отырып, АЭХА жариялаған ядролық материалдарды беру жөніндегі Ядролық жеткізушілер тобының Басшылық қағидаттарын білдіреді;
      2. «Жабдық» Басшылық қағидаттарының В қосымшасында тізбеленген кез келген жабдықты, құрылғыларды немесе құрауыштарды білдіреді;
      3. «Материал» Басшылық қағидаттарға А қосымшада көрсетілген, реакторларға арналған кез келген ядролық емес материалды білдіреді;
      4. «Ядролық материал» бұл терминдер 1957 жылғы 29 шілдеде бекітілген, 1979 жылғы 28 желтоқсанда енгізілген өзгерістері бар АЭХА Жарғысының XX бабында айқындалғандай, кез келген «бастапқы материалды» немесе «арнайы ыдыраған материалды» білдіреді. АЭХА Жарғысының XX бабына «бастапқы материал» немесе «арнайы ыдырайтын материал» ретінде қарастырылатын материалдардың тізіміне өзгерістер енгізетін кез келген толықтырудың осы Келісімнің екі Тарапы да осындай толықтыруды қабылдайтыны туралы біріне-бірі жазбаша түрде хабардар етсе, осы Келісім шеңберінде күші болады;
      5. «Технология» көпшілікке қолжетімді немесе жарияланымдардағы ақпаратты қоспағанда, Басшылық қағидаттарға А қосымшада тізбеленген қандай да бір жабдықты немесе материалды әзірлеу, жасау немесе пайдалану үшін қажетті кез келген ақпаратты білдіреді. Бұл ақпарат «техникалық деректер» немесе «техникалық көмек» нысанында болуы мүмкін;
      6. «Зияткерлік меншіктің» 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қабылданған, 1979 жылғы 28 қыркүйекте енгізілген түзетулері бар Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құратын Конвенцияның 2-бабында айқындалған мәні болады.

2-бап
Мақсаты

      Тараптар ұлттық егемендікті өзара құрметтеу, ішкі істерге араласпау, теңқұқықтылық пен өзара тиімділік негізінде ұлттық заңнамаға және Тараптар қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытады.

3-бап
Ынтымақтастық салалары

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық салалары:
      1) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді, сондай-ақ технологияларды;
      2) атом станцияларын, сол сияқты зерттеу реакторларын жобалауды, салуды және пайдалануды қоса алғанда, ядролық реакторларды;
      3) ядролық отындық циклді және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді;
      4) атом реакторларының жаңа буынына арналған инновациялық технологияларды, оларды әзірлеу мен әлемдік нарықтағы маркетингін;
      5) радиоактивті изотоптарды, радиациялық технологияларды өндіру және оларды қолдану жөніндегі қызметті;
      6) диагностикалық және емдік қолдануды қоса алғанда, радиацияны және радиоактивті изотоптарды өнеркәсіптік және медициналық қолдануды;
      7) ядролық объектілерді мониторингілеу мен қадағалауды қоса алғанда, ядролық қауіпсіздікті және кепілдіктерді және ядролық материалдардың аудитін;
      8) ядролық қауіпсіздікті, радиациялық қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды;
      9) білім беруді, біліктілікті арттыруды және екі Тарап арасында тәжірибе мен персонал алмасуды қоса алғанда, атом энергиясы саласында адами ресурстарды дамытуды;
      10) ядролық және радиациялық аварияларға ден қою бойынша күш-жігерді біріктіруді;
      11) Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да салаларын қамтуы мүмкін.

4-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісімнің 3-бабында тізбеленген салалардағы ынтымақтастық ұлттық заңнамаға сәйкес:
      1) ақпарат алмасу;
      2) ғылыми семинарлар, дәрістер мен білім беру курстарын ұйымдастыру;
      3) оқытуды жүргізу немесе нақты жобаларды іске асыру үшін бірлескен жұмыс топтарын құру;
      4) ядролық материалдармен және басқа да материалдармен, жабдықпен және технологиялармен алмасу;
      5) бірлескен зерттеу жобалары бойынша жоспарлау, қаржыландыру және жоспарларды орындау;
      6) гранттар бөлу саясатын үйлестіру және қолданылатын патенттерді пайдалану тетіктерін әзірлеу;
      7) ғылыми және техникалық персоналмен алмасуды қоса алғанда, техникалық көмекпен және көрсетілетін қызметтермен алмасу;
      8) Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастықтың кез келген басқа да нысандары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап
Құзыретті органдар

      Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
      Сауд Арабиясы Корольдігі Үкіметінің атынан – Король Абдолланың атом және жаңартылатын энергия жөніндегі қаласы болып табылады.
      Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдардың өзгергені туралы Тараптар біріне-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

6-бап
Ақпараттық қауіпсіздік және қолдану

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде берілетін техникалық деректер мен ақпараттың тұтастығына кепілдік береді. Тараптар бірімен-бірі алмасатын техникалық деректер мен ақпарат көрсетілген техникалық деректер мен ақпаратты беретін Тараптың алдын ала жазбаша келісімін алмайынша, мемлекеттерге немесе үшінші тұлғаларға берілмейді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгенге нұқсан келтірмей, Тараптардың әрқайсысы үшінші тарапқа беру құқығынсыз, өз мақсаттары үшін екінші Тарап немесе тиісті түрде осындай ақпаратты ұсынуға уәкілеттік берілген тұлға оны пайдалануға шектеу қоймайынша, осы Келісімге сәйкес алмасу жолымен алынған кез келген техникалық ақпаратты пайдалана алады.

7-бап
Кепілдіктер

      1. Ынтымақтастық осы Келісімге сәйкес тек қана бейбіт мақсатта жүзеге асырылады. Осы Келісім шеңберінде берілген немесе осылайша берілген заттарды пайдалану нәтижесінде алынған ядролық материалдар, басқа да материалдар, жабдық немесе технология қандай да бір электр желісінен қандай да бір әскери базаға немесе қондырғыға электр қуатын беруді қоспағанда, ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш құрылғыларды зерттеу, әзірлеу немесе жасау үшін немесе кез келген басқа да әскери мақсатта пайдаланылмайды.
      2. Екі Тарап қандай да бір ядролық материалдарды, жабдықты немесе технологияларды алған кезде осы Баптың 1-тармағына сәйкес Тарап пен Агенттік арасындағы Шартқа байланысты Кепілдіктерді қолдану туралы келісімге сәйкес Агенттіктің кепілдіктер жүйесі арқылы Шарттың 3-бабының 4-тармағын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
      3. Екі Тарап та екі Тарап арасында берілген кез келген ядролық материал, басқа да материал немесе жабдық туралы Агенттікті хабардар етеді.
      4. Осы Келісімге сәйкес алынған ядролық материалдар, басқа да материалдар, жабдық немесе технология алушы Тарап аумағының немесе юрисдикциясының шегінен тысқары жерлерге жеткізуші Тараптың жазбаша келісімінсіз берілмейді.

8-бап
Физикалық қорғау

      Екі Тарап та, әрқайсысы өз юрисдикциясы шеңберінде осы Келісімнің әрбір Тарапы екінші Тарапты көрсетілген түзетулердің қабылданғаны туралы жазбаша нысанда хабардар еткеннен кейін Агенттіктің енгізілген түзетулері бар INFCIRC/225 Rev.5 құжатында жазылған Ядролық физикалық қауіпсіздік және ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау жөніндегі ұсынымдарға сәйкес осы Келісім шеңберінде берілген ядролық материалдарды, басқа да материалдарды немесе жабдықты физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қабылдайды.

9-бап
Ядролық қауіпсіздік

      Тараптар қоршаған ортаны қорғау және осы Келісім шеңберінде берілген ядролық қондырғыларда туындауы мүмкін ядролық авариялардың алдын алу және осы Келісім бойынша кез келген қызметті жүзеге асырған кезде радиациялық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімді қолдану кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді сәйкестендіру үшін бірімен-бірі консультациялар жүргізеді.

10-бап
Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік

      Екі Тарап та ядролық объектіде қандай да бір аварияның нәтижесінде келтірілген залалды немесе зиянды өтеуге бағдарланған, ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілікті реттейтін тиісті нормативтік актілерді бекітудің маңыздылығын растайды. Бұл ретте Тараптар азаматтық құқыққа қатысы бар және ұлттық нормативтік құжаттарды қабылдауды талап ететін 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясына сәйкес азаматтық жауапкершілік туралы актінің уақтылы қабылдануына кепілдік беретін шараларды және Тараптармен келісілген кез келген кейінгі түзетулерді қабылдауға келісім береді.

11-бап
Зияткерлік меншікті қорғау

      Әрбір Тарап өзінің халықаралық міндеттемелері шеңберінде және өз елдерінде қолданылатын заңнама мен қағидаларға сәйкес осы Келісім бойынша жүзеге асырылатын қызметке жататын зияткерлік меншіктің пәрменді қорғалуын қамтамасыз етеді.

12-бап
Дауларды шешу

      Екі Тарап та түсіндіруді немесе қолдануды қоса алғанда, осы Келісімді орындауға байланысты туындауы мүмкін кез келген дауды осы мақсатта келіссөздер мен консультациялар ұйымдастыру арқылы бейбіт жолмен шешуге ұмтылатын болады.

13-бап
Келісімнің қолданылу мерзімі және күшіне енуі

      1. Осы Келісім оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он (10) жылға жасалады және Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарламайынша, келесі бес жылдық (5) кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы Тараптардың бірінің тиісті жазбаша хабарламасы алынған күннен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, уағдаластықтарға және/немесе келісімшарттарға байланысты орындалуы қажет және орындалуы оның қолданылу мерзімі ішінде басталған баптар мен тармақтар күшінде қалады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылғанына қарамастан, Тараптардың 7 (Кепілдіктер) және 8 (Физикалық қорғау) баптарда көзделген міндеттемелері осы Келісімнің Тараптары оларды түпкілікті орындағанға дейін күшінде қалады.
      5. Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге осы Баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      ____ жылғы «___» ________ ________ қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтiндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің мәтіндерінде алшақтықтар болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

          Қазақстан       Сауд Арабиясы Корольдігінің
       Республикасының         Үкіметі үшін
        Үкіметі үшін
      ________________      _________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады