Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 16 және 83-баптарын ресми түсіндіру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 13 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 8 қарашадағы N 9 Қаулысымен

       Қаулының күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Х.Ә.Әбiшев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда,

      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Республика Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Р.Қ.Сәрпековтiң,

      Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк-құқық бөлiмi меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары Т.С.Донақовтың,

      Республика Үкiметiнiң өкiлi - Республиканың Әдiлет вице-министрi Ж.Қ.Асановтың,

      Республика Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасының төрайымы Р.Н.Юрченконың,

      Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,

      Республиканың Iшкi iстер вице-министрi В.Н.Курбатовтың,

      Республиканың Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгi (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Б.С.Кәрiкболовтың,

      Республика Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң заң басқармасы бастығы Ғ.Ж.Әбдiрахмановтың қатысуымен,

      өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының  16  және  83- баптарын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

      Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашының - Конституциялық Кеңестiң мүшесi С.Ф.Бычкованың хабарламасын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап шығып,  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi  мынаны

       анықтады:

      Республиканың Конституциялық Кеңесiне Республика Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабының  2-тармағын,  75-бабының  1 және 2-тармақтарын,  77-бабының  1-тармағын,  81-бабын 83-бабының  1-тармағын және  84-бабының  1-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының  21-бабы  3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi Республика Конституциясының  3 ,   39   және  76-баптарын , сондай-ақ  16,   75,   77,   83   және  84-баптарының  өзге де тармақтарын қосымша түсiндiру туралы өз өтiнiшiн мәлiмдедi.

      Одан әрi конституциялық iс жүргiзу барысында өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi оның көлемiн азайтты, соған орай, мына төмендегi сұрақтарға қатысты Конституцияның  16   және  83-баптары  ғана түсiндiрiлуге тиiс болатын:

      1) Заңда көзделген жедел iздестiру iс-шараларын, тергеу iс-әрекеттерiн, адамды ұстау, тұтқындау және қамауда ұстауды санкциялау  Конституцияда  көзделген жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтама жүргiзу мен тергеудiң заңдылығын прокуратураның жоғары қадағалауының бiр нысаны, сондай-ақ прокуратураның қылмыстық қудалауды iске асыруы болып табылады ма?

      2) Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабы  2-тармағының нормасы, тұтқындауды және қамауда ұстауды прокурор да, сот та жүзеге асырады дегендi бiлдiредi ме?

      3) Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын жоғары қадағалау, сондай-ақ заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолдану жөнiндегi прокуратураның конституциялық өкiлеттiгiн заңмен шектеуге жол берiлген бе?

      4) Конституцияның  16-бабының  және өзге де ережелерiнiң нормалары, адамды тұтқындау мен қамауда ұстаудан тыс, соттың жедел-iздестiру iс-шаралары мен тергеу iс-әрекеттерiн санкциялауына жол бередi ме?

      Қазақстан Республикасы Конституциясының  16   және  83-баптарының  нормаларын өтiнiште қойылған сұрақтарға қатысты ресми түсiндiрген кезде  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi  мынаны негiзге алды.

       1.  Конституцияның  1-бабының  1-тармағына сәйкес демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

      Конституцияның  II бөлiмiнде  адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары кешенi бекiтiледi, соның iшiнде Конституцияның  16-бабының  1-тармағымен баянды етiлген оның жеке басының бостандығына құқығы ерекше маңызға ие. Бұл құқықсыз өзге құқықтар мен бостандықтардың мағынасы жойылады.

      Конституцияның  39-бабы  конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектеу шарттарын белгiлейдi. Бұл баптың 3-тармағында "Конституцияның 16-бабының 1-тармағында ... көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс",- деп атап көрсетiледi. Негiзгi Заңның  12-бабының  1-тармағына сай "Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi". Бұдан келiп шығатыны, Конституцияның  16-бабының  1-тармағымен көзделген адамның және азаматтың құқығын шектеу шарттарын Конституцияның өзi белгiлейдi. Конституцияның  16-бабының  2-тармағына сәйкес "заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi. Прокурордың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұстауға болады".

      Конституцияның  16-бабының  3-тармағы, сезiктi, ұсталған, айып тағылушы адамның адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы болатын кезiн айқындай отырып, жеке басының бостандығы құқығына берiлетiн кепiлдiктi белгiлейдi.

      Адамның және азаматтың жеке басының бостандығы мемлекеттiк-құқықтық нысандармен және әдiстермен қорғалады, олар Негiзгi Заңның  16-бабының  2-тармағымен соттың және прокуратураның қолдануына жатқызылған.

       2.  Прокуратура қызметiнiң негiзiн көздейтiн нормалар Республика Конституциясының  83-бабында  берiлген. Конституциялық құрылысты, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттiк жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын прокуратура, төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағындыра отырып, басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз, Республика Президентiне ғана есеп беретiн бiрыңғай орталықтандырылған жүйенi құрайды (Конституцияның  83-бабының  2-тармағы, Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 5  қаулысы ).

      Конституцияның  83-бабының  1-тармағына сәйкес "прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы және заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады".

      Прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық қудалау функциясына қатысты, Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 26 желтоқсандағы N 23/2  қаулысында , бұл функция алдын ала тергеу элементтерiнен тұрады және Конституцияның  84-бабының  1-тармағымен көзделген қылмыстық iстер бойынша анықтама жүргiзу мен алдын ала тергеудiң прокуратурадан бөлiнгенi туралы ережеден тыс болып табылады делiнген. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын, анықтама мен тергеу жүргiзетiн лауазымды адамдардың iс-әрекетiне прокурордың санкция беруi, сондай-ақ тұтқындау мен қамауда ұстауға санкция беруi осы аталған функция шеңберiнде және жоғары қадағалау функциясы шеңберiнде жатады, бұл Республика Конституциясының  83-бабы  1-тармағының және  16-бабы  2-тармағының нормаларына сәйкес келедi. Конституциялық Кеңес 2002 жылғы 5 тамыздағы N 5  қаулыда  прокуратураның бұл өкiлеттiгiн конституциялық деп тапты.

      Конституциялық Кеңес, заңда көзделген жедел iздестiру iс-шараларын, тергеу iс-әрекеттерiн, адамды ұстау, тұтқындау және қамауда ұстауды санкциялау Конституцияда көзделген жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтама жүргiзу мен тергеудiң заңдылығын прокуратураның жоғары қадағалауының бiр нысаны, сондай-ақ прокуратураның қылмыстық қудалауды iске асыруы болып табылады деп есептейдi.

       3.  Сот билiгi "Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және оның мақсат-мiндетi азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды" (Конституцияның  76-бабының  1-тармағы). Конституцияның  13-бабының  2-тармағымен "Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар",- деп көзделген. Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау сот билiгiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асырудың басты бағыты болып табылады.

      Соның iшiнде, соттың тұтқындау мен қамауда ұстауға санкция беруi (Конституцияның  16-бабының  2-тармағы); Конституцияның  76-бабының  2-тармағынан келiп туындайтын, қылмыстық процеске қатысушылардың лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне, мемлекеттiк органдардың заңсыз актiлерiне шағымдарын (наразылықтарын) қарауы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық процесте сот арқылы қорғаудың Негiзгi Заңда көзделген тәсiлдерi болып табылады.

      Соттың бұл аталған құқығы Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы 29 наурыздағы N 7/2  қаулысында  Конституцияның  76-бабының  2-тармағын түсiндiру бөлiгiнде расталады, ол қаулыға сай "заң негiзiнде адамның және азаматтың кейбiр конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретiн шешiмдер, үкiмдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарауға Республика Конституциясы мен заңдарында белгiленген реттерде мемлекеттiк органдардың заңсыз актiлерiн бұзуға сотқа құқық берiлген".

      Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады (Негiзгi Заңның  75-бабының  1-тармағы). Конституцияның  16-бабының  2-тармағында, сот тұтқындауға және қамауда ұстауға санкция бередi деп көзделген. Конституцияда соттың жедел-iздестiру iс-шаралары мен тергеу iс-әрекеттерiн санкциялау жөніндегі өкiлеттiгiн белгілеу үшін негіз жоқ. Оларды белгілеу сот билігінің конституциялық мақсат-міндетіне және Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 5 мамырдағы  N 8/2 , 2000 жылғы 10 шілдедегі  N 14/2  және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы  N 21/2  нормативтік қаулыларына қайшы келетін еді.

      Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз тергеу iс-әрекеттерi мен жедел-iздестiру iс-шараларынан сот арқылы қорғаудың тәсiлi ретiнде, Негiзгi Заңның  13-бабының  2-тармағына және  76-бабының  2-тармағына сәйкес, Конституцияда қылмыстық процеске қатысушылардың шағымын (наразылығын) соттың қарауы көзделген.

       4.  "Заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi" деген бөлiгiндегi Конституцияның  16-бабының  2-тармағы, қылмыстық процеске қатысты қолданыста, Конституция, өзге мемлекеттiк органдарды алып тастай отырып, қылмыстық процесте тұтқындау және қамауда ұстауға санкция беру құқығын сот пен прокуратураға бередi дегендi бiлдiредi. Сот тұтқындауға және қамауда ұстауға санкция беруге, сондай-ақ санкция берген соттың немесе прокурордың iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарауға хақылы.

      "Прокурордың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұстауға болады" деген бөлiгiндегi бұл тармақты, анықтама жүргiзу, алдын ала тергеу органдары адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұстай алады деп түсiнген жөн. Ұсталған кезден бастап осы көрсетiлген уақыттан кешiктiрiлмей сол адамға қатысты тұтқындау және қамауда ұстау түрiндегi бұлтартпау шаралары қабылдануы керек не болмаса ол қамаудан босатылуға тиiс. Ұстаудың жетпiс екi сағаты бiткеннен кейiн тұтқындауды және қамауда ұстауды санкциялауды заңда белгiленген реттерде прокурор жүзеге асырады.

      Конституцияның  16-бабының  2-тармағы сот пен прокурордың тұтқындауға және қамауда ұстауға санкция беру жөнiндегi құзыретiнiң бастапқы ережелерiн бекiтедi. Сот пен прокуратураның соларға сәйкес процессуалдық өкiлеттiгi заңмен айқындалады.

      Баяндалғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының  72-бабы  1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының  31- 33,  37-баптарын  және  41-бабы  1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, өтiнiште қойылған сұрақтарға қатысты  Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi

       қаулы етедi:

       1.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабын , оның нормалары адамның және азаматтың табиғи жаратылысына тән жеке басының бостандығына құқығын белгiлейдi, оны шектеу шарттары мен қорғау кепiлдiгін айқындайды деп түсiнген жөн.

      "Заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi" деген бөлiгiндегi Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабының  2-тармағы, қылмыстық процеске қатысты қолданыста, Қазақстан Республикасының Конституциясы тұтқындау және қамауда ұстауға санкция беру құқығын тек сот пен прокуратураға ғана бередi дегендi бiлдiредi. Сот сондай-ақ санкция берген соттың немесе прокурордың iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарауға хақылы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабы  2-тармағының "прокурордың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұстауға болады" деген бөлiгiндегi нормасын, анықтама жүргiзу, алдын ала тергеу органдары адамды осы көрсетiлген уақыттан аспайтын мерзiмге ғана ұстай алады деп түсiнген жөн. Ұсталған кезден бастап жетпiс екi сағаттан кешiктiрiлмей сол адамға қатысты тұтқындау және қамауда ұстау түрiндегi бұлтартпау шаралары қабылдануы керек не болмаса ол қамаудан дереу босатылуға тиiс. Ұстаудың жетпiс екi сағаты бiткеннен кейiн тұтқындауды және қамауда ұстауды санкциялауды заңда белгiленген реттерде прокурор жүзеге асырады.

      Конституцияның  16-бабының  2-тармағы сот пен прокурордың тұтқындауға және қамауда ұстауға санкция беру жөнiндегi құзыретiнiң бастапқы ережелерiн бекiтедi. Сот пен прокуратураның соларға сәйкес процессуалдық өкiлеттiгi заңмен айқындалады.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының  16-бабының  3-тармағымен көзделiп, ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адамның сол тиiсiнше ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқығы, адамның қылмыстық процесте заңмен қамтамасыз етiлетiн құқықтары мен бостандықтарына берiлетiн кепiлдiк болып табылады.

       2.  Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары ( 16-баптың  1-тармағы,  75,   76   және өзге де баптары) сотқа жедел-iздестiру iс-шаралары мен тергеу iс-әрекеттерiн санкциялау өкiлеттiгi берiлуiн көздемейдi.

       3.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  83-бабы  прокуратураның мақсат-мiндетiн, ұйымдастырылуы мен қызметiнiң негiзiн айқындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының  83-бабының  1-тармағын, прокуратураның Конституциямен белгiленген, заңмен шектеуге және алып тастауға болмайтын өкiлеттiгi деп түсiнген жөн.

      Жедел iздестiру iс-шараларын, тергеу iс-әрекеттерiн, адамды ұстау, тұтқындау және қамауда ұстауды санкциялау Конституцияда көзделген жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтама жүргiзу мен тергеудiң заңдылығын прокуратураның жоғары қадағалауының бiр нысаны, сондай-ақ прокуратураның қылмыстық қудалауды iске асыруы болып табылады.

       4.  Қазақстан Республикасы Конституциясының  74-бабының  3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастан күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, және Қазақстан Республикасы Конституциясының  73-бабының  4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

       5.  Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады