Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы N 6 Нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі М.Б.Бекетаевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Заңнама және құқық мәселелері комитетінің төрағасы Б.М.Имашевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ғ.Темірболатовтың,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі - Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Р.Е.Дәленовтің,
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі -Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Департаментінің директоры Т.Б.Оразаевтың,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Кеден одағы комиссиясы Хатшылығының өкілі - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Кеден одағы комиссиясы Хатшылығының құқық департаменті директоры Н.Б.Слюсарьдің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-, Министрі К.Қ.Мәсімовтің "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының нормаларын Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан осы нормада белгіленген басымдығының қолданылуы және олардың осындай шарттарға сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдеріне тікелей қолданылуы бөлігінде" ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А.Малиновскийдің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың және сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, профессор Е.М.Абайділдиновтің, заң ғылымдарының докторы, профессор М.А.Сәрсембаевтың сөйлеген сөздерін тыңдап, Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венециялық комиссиясының) сарапшылары А.Нюсбергердің және Е.Танчевтің; Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті Бас хатшысының орынбасары С.Ю.Глазьевтің; заң ғылымдарының докторы, профессор С.Л.Сергевниннің (Ресей Федерациясы); Қазақстан Республикасы Қаржы және салық құқығы ғылыми-зерттеу институтының (заң ғылымдарының кандидаты Е.В.Порохов), Д.А.Қонаев атындағы университеттің (заң ғылымдарының докторы, профессор Ө.Қ.Қопабаев, заң ғылымдарының кандидаты Г.А.Жайлин) қорытындыларымен, конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2009 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының нормаларын Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан осы нормада белгіленген басымдығының қолданылуы және олардың осындай шарттарға сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдеріне тікелей қолданылуы бөлігінде" ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа (бұдан әрі - Шарт) қатысушы мемлекеттердің аумақтарында Шарттың 7-бабына сәйкес Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдерін іске асыру тәсіліне қатысты мәселені Республика Үкіметінің қарауы өтініш беруге себеп болған.
      Өтініштің мән-жайына қатысты қолданыста Негізгі Заңның 4-бабының нормаларын Қазақстан Республикасы Конституциясының өзге де ережелері және нормаларымен жиынтықтап талдай келе, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет және халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болып табылады, Қазақстан халқының мүддесін көздей отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және халықаралық шарттары мен заңдарына сәйкес өзге мемлекеттермен ынтымақтастық пен тату көршілік саясатын іске асырады. Бұл ретте, Қазақстанның егемендігі Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық қатынастарға қолданылады, ал "Конституцияда көзделген Республика егемендігінің, тәуелсіздігінің және конституциялық құрылысының негіздеріне жататын жалпы ережелер, принциптер мен нормалар (1-5, 10-12, 34, 36, 39 және өзге де баптары) бірінші кезекте Конституциямен, ал содан кейін ғана - соған негізделетін заңдық күші кемдеу нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етіліп, қорғалады" (Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы N 12 Қаулысы).
      Мемлекетаралық (үкіметаралық) экономикалық ұйымдар халықаралық құқық субъектілері ынтымақтастығының маңызды нысаны болып табылады. Қазіргі кезеңде экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тәсілдерінің бірі ретінде мұндай ұйымдар шешімдерінің ролі арта түсуде.
      "Кеден одағының комиссиясы туралы Шартты ратификациялау туралы" 2008 жылғы 24 маусымдағы N 45-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа сай құрылған Комиссия, ерікті түрдегі мемлекетаралық шарт негізінде мемлекеттердің егемендік теңдігі принципіне сәйкес, Тараптардың мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің бір бөлігін Комиссияға ерікті түрде кезең-кезеңімен беруі, Тараптардың өзара пайдасы мен ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету принциптері негізінде оған кеден одағының жұмыс істеуі мен дамуы жағдайын қамтамасыз ету құзыреті берілетін орган болып табылады.
      2. Еліміздің мемлекеттік органдарының жекелеген өкілеттіктерін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарына беру мүмкіндігі көзделген арнайы норма Қазақстан Республикасының Конституциясында жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының - ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру мен іске асырудағы тәуелсіздігі және дербестігі оның негізін құрайтын егемен мемлекеттің, конституциялық және халықаралық деңгейде танылған мәртебесі Республикаға Негізгі Заңның ережелері мен нормаларын сақтай отырып осындай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
      Бұл ұйғарым Конституцияның кіріспесінде паш етілген, Қазақстан халқының дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілеуінен, Қазақстанның халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейтіндігі, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау саясатын жүргізетіндігі туралы Негізгі Заңның 8-бабының ережелерінен келіп шығады.
      Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - Қазақстан халқы, ол өзіне тиесілі билікті тікелей жүзеге асырады және (немесе) өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Бұл ретте халық пен мемлекет атынан билік жүргізу құқығы Республика Президентіне, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламентке берілген (Конституцияның 3-бабының 1-3-тармақтары).
      Халық атынан билік етіп және оның ерік-жігерін жүзеге асыра отырып, Мемлекет басшысы сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді (Конституцияның 40-бабының 1-тармағы), келіссөздер жүргізеді және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды, бекіту грамоталарына қол қояды (44-баптың 11) тармақшасы), ал Республика Парламенті заңдар қабылдау арқылы Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды (Конституцияның 54-бабы 1-тармағының 7) тармақшасы).
      Конституциялық Кеңес, Республика Президенті мен Парламентінің бұл көрсетілген конституциялық өкілеттіктері халықтың ерік-жігері мен мемлекет егемендігін жүзеге асырудың, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын, халықаралық қатынастар саласында Республика Конституциясының ережелері мен нормалары іске асырылуын қамтамасыз етудің нысаны болып табылады деп есептейді (Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 18 мамырдағы N 2 және 2008 жылғы 26 маусымдағы  N 5қаулылары).
      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы N 54-ІII Қазақстан Республикасының Заңында "егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының бір бөлігін жүзеге асыруды оларға беруді көздейтін болса немесе олардың органдары шешімдерінің Қазақстан Республикасы үшін заңдық тұрғыдан міндеттілігін белгілесе, Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы" халықаралық шарттар ратификациялауға жататындар қатарында айқындалған (11-баптың 5) тармақшасы). Сол арқылы Парламент өз құ