Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы.


      Республикалық баспасөзде

      мазмұны жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;

      2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ақпарат ұсынсын.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 648 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА
Мазмұны

      1. Бағдарламаның паспорты

      2. Кіріспе

      3. Ағымдағы ахуалды талдау

      4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

      6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

      7. Қажетті ресурстар

1. Бағдарламаның паспорты

Атауы

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама)

Әзірлеу үшін негіздеме

"Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы;

"Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығы;

"Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығы

Бағдарламаны әзірлеу үшін жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері

Мақсаты

Діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Міндеттері

1. Қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру.

2. Діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін, соның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру.

3. Экстремистік және террористік әрекеттердің салдарларын азайту және жою шараларының жүйесін жетілдіру

Іске асыру мерзімдері (кезеңдері)

2013-2017 жылдар (бір кезең)

Нысаналы индикаторлар

1) 2017 жылы ел тұрғындары, соның ішінде 100% жастар мен діни негіздегі радикалдық идеологияға бейім және ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмысымен қамтылатын болады.

2) терроризм актілерінің дайындалу және қастандық жасау сатыларында беті қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемінде 95 %-ды құрайтын болады.

3) террористік тұрғыдан осал объектілердің, тұрғындардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың күші мен құралдарының экстремистік және террористік әрекет салдарларын азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесі 2017 жылы 100% құрайтын болады

Қаржыландыру көздері мен көлемі

Бағдарламаны іске асыруға 2013-2017 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты жұмсалатын болады. Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 103 176 375,0 мың теңгені (2013 ж. 16 186 913,0 мың теңге; 2014 ж. - 24 340 320,0 мың теңге; 2015 ж. - 26 324 818,0 мың теңге; 2016 ж. - 21 111 764,0 мың теңге; 2017 ж. - 15 212 561,0 мың теңге) құрайды, соның ішінде республикалық бюджеттің есебінен - 49 697 981,0 мың теңге (2013 ж. - 1 602 145,0 мың теңге; 2014 ж. - 13 153 665,0 мың теңге; 2015 ж. - 14 122 653,0 мың теңге; 2016 ж. - 12 700 817,0 мың теңге; 2017 ж. - 8 118 701,0 мың теңге); жергілікті бюджеттен - 53 478 393,1 мың теңге (2013 ж. - 14 584 767,5 мың теңге; 2014 ж. - 11 186 654,5 мың теңге; 2015 ж. - 12 202 164,5 мың теңге; 2016 ж. - 8 410 946,6 мың теңге; 2017 ж. - 7 093 860,0 мың теңге). Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру көлемі тиісті кезеңге бюджет қалыптастырылатын кезде нақтыланатын болады.

2. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасының "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында басым міндеттердің ішінде радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл айқындалған.

      Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет - Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады.

      Сонымен қатар, қазіргі кезеңде әлемдегі жаһандану процесі мен шиеленісу әлеуетінің өсуі халықаралық және ұлттық қауіпсіздік ахуалына елеулі әсерін тигізіп отыр.

      Діни экстремизм мен терроризм қатері әр мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалу деңгейінің халықаралық қауіпсіздік ахуалына тәуелділігін жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болды.

      Осындай жағдайларда радикалдық діни идеологияның таралуына мүмкіндік беретін жағдайларды (факторларды) тиімді жою үшін, сондай-ақ экстремистік және террористік көріністердің жолын кесу үшін қолданыстағы жүйе жетілдіруді талап етеді.

      Бес жылдық мерзімге есептелген осы Бағдарлама елдегі діни жағдайды талдауға негізделген, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне маманданған сарапшылар мен ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстарын ескереді.

      Бағдарламаны әзірлеу кезінде сонымен қатар Ресей Федерациясының, Ұлыбританияның, Түркияның, Израильдің және АҚШ-тың, Сауд Арабиясының оң тәжірибесі талданып, ескерілді.

      Бұл Бағдарлама діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті міндеттер мен орын алған проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.

      Бұл ретте, Бағдарламаның ережелері азаматтардың заңнамада кепілдік берілген ар-ождан бостандығы мен азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп тұжырымдалған.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің негізіне ықтимал қатерді алдын ала анықтау мен жоюды қамтамасыз ету қойылатын болады.

      Халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, трансұлттық есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

      Жаңа қатерлер мен сын-тегеуріндерді уақтылы айқындауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын тұжырымдауға мүмкіндік беретін болжамдық-талдамалық жұмыстың тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік жүйесін өзгертудің басты бағыттарының біріне айналуы қажет.

      Бұдан басқа, конфессияаралық келісім мен елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын нығайту мақсатында халықты, азаматтық қоғам институттарын экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласына белсене тарту қажет.

      Мемлекеттің күш-жігері, ең алдымен, қоғамдағы барлық, соның ішінде қандай да бір радикалдық көріністерге байланысты құқық бұзушылықтарға деген мүлдем төзбеушілік сезімін қалыптастыруға бағытталуға тиіс.

      Сөйтіп, аталған бағыттағы тиімді ұйымдастырушылық, насихаттық, соның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың әлеуметтік-экономикалық және өзге де тетіктерін қалыптастыру мен дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру қажеттілігі айқын.

3. Ағымдағы ахуалды талдау

      Дінді жамылған экстремистік және террористік идеологияның таралу процесі соңғы уақытта іс жүзінде бүкіл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр.

      Қазақстан әлемдегі сыртқы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты өзінің геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа орай халықаралық терроризмге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірінде қалып отыр.

      Осыған байланысты Қазақстан Республикасы терроризм қатерінен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесін әзірледі, оның тиімділігі біртіндеп арттырылып жатыр.

      Конфессияаралық және этносаралық келісім мен жастар мүддесін қорғауды, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда.

      Елбасы 2013 жылғы 18 сәуірде басқа шаралардың қатарында этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекітті.

      Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнің алғы шарттарын анықтау мен жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық база құру әрі оны жетілдіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарылды.

      2005 жылғы 18 ақпанда "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" және 1999 жылғы 13 шілдеде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген, негізгі ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттік органдардың құзыреті, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары айқындалған.

      Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету дамытылуда.

      Алдын алу, соның ішінде ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы іс-шаралар өткізу тәжірибесі қалыптасқан.

      Экстремистік және террористік топтар мен ұйымдар қызметінің жолын кесу жөнінде арнаулы және терроризмге қарсы операциялар өткізудің белгілі бір практикалық тәжірибесі жинақталған.

      Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы негізге алынатын барлық халықаралық әмбебап актілердің қатысушысы болып табылады.

      Арнаулы мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау органдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррористік Комитетімен, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Терроризмге қарсы бөлімшесімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды.

      "Терроримзге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестірудің ішкі жүйесі құрылды.

      Өңірлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға жергілікті атқарушы органдарды тарту жағдайлары қамтамасыз етілді.

      Қазақстан аумағында экстремистік және террористік қызметке қатысы бар, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жасаған террористік қылмыстары үшін біздің елде шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының қудалауынан жасырынып жүрген адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыс жүргізілуде.

      Сонымен қатар, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жылдан жылға экстремистік және террористік қызмет барған сайын ұйымшыл бола түсуде және мұндай топтардың қатарына сыртқы күштердің әсерімен жаңа адамдар тартылуда.

      Атап айтқанда, діни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда.

      Әлгі ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгіштік сезімі мен ұлттық өзіндік сана-сезімін, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады.

      Халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар конституциялық құрылымның негіздерін құлату үшін радикалдық идеяларды себе отырып, қоғамға қарсы көңіл-күйді ушықтырып, арандатады, Қазақстан аумағында террористік актілер жасау жөнінде жоспарлар мен ниеттер ойластырады. Бұл үшін олар жақтастар тарту мен елімізде өздерінің жеке құрылымдық буындарын құрудағы жоспарларын іске асыруға талпынысын әлі де қоймай отыр.

      Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында халықаралық экстремистік немесе террористік ұйымдардың қызметіне қатысы бар 70 шетелдікті ұстау жөніндегі мәлімет осындай көріністердің дәлелі болды.

      Аталған құрылымдардың бүлдіру әрекетінің нәтижесінде Қазақстан іс жүзінде өз аумағында терроризм актілерінің жасалуына душар болып отыр. Елдің батысы мен оңтүстігіндегі қайғылы оқиғалар проблеманың өткірлігін көрсетті. 2011-2012 жылдар аралығында 12 зорлық-зомбылық акциясы жасалды.

      Бұл ретте, аталған терроризм актілері негізінен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қарсы бағытталған болатын.

      Осы тұрғыда діни экстремизм мен терроризм жақтастары санының Қазақстан азаматтары қатары есебінен өсу серпінін айтпай кетпеске болмайды.

      Статистикалық деректерге сәйкес 2008 жылдан 2013 жылға дейін террористік қылмыстары үшін сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны - 56-дан 168-ге дейін өсті.

      Сонымен қатар, әлемнің түрлі елдерінде (Норвегия, Франция, АҚШ) байқалып отырған терроризм актілерін радикалдардың жеке-дара жасау құбылысы және халықаралық террористік құрылымдардың осы әдісті анағұрлым белсенді пайдалануы алаңдатушылық тудырады.

      Бұл, өз кезегінде, халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі үшін экстремистік және террористік қатердің жалпы ықтималдығын елеулі түрде арттырады.

      Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бойынша