Оңтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы № 12/106-V шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 4 мамырда № 2284 болып тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 21 қазандағы № 43/349-V шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 21.10.2015 № 43/349-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21 бабының 4-1) тармақшасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса тіркелген Оңтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат сессиясының төрағасы     Ө. Мелдеханов

      Облыстық мәслихаттың хатшысы               Қ. Ержан      

      Оңтүстік Қазақстан облыстық
      мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы
      № 12/106-V шешімімен бекітілген

      Оңтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау
      Қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оңтүстік Қазақстан облысы елді мекендері шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл желектерді егу, күтіп-ұстау және қорғау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңдарына сәйкес әзірленді.
      Осы Қағида жеке тұрғын үй аулаларын, азаматтардың саяжай учаскелерін, коммуналдық қызметтерінің қарауына жататын зираттар учаскелерін, республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоспағанда, барлық заңды және жеке тұлғалардың меншік нысандарына қарамастан, елді мекендердегі жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайданылады:
      1) арнайы мамандандырылған ұйым (бұдан әрі-мамандандырылған ұйым) - жарғысында жасыл желектерді күту мен қорғау бойынша жүргізілетін жұмыстардың түрі көрсетілген қажетті барлық материалдық және білікті еңбек ресурстары бар шаруашылық жүргізуші субъект;
      2) аудандардағы, қалалардағы жасыл желектердің тізілімі – аудандардың елді мекендеріндегі және қалалардың аумағындағы жасыл желектердің түрі, түрлік құрамы, алаң көлемі және орналасуы туралы мәліметтер тізілімі;
      3) дендрологиялық жоспар (дендрожоспар) – жасыл желектердің, алаңқайлардың, жолдардың, су айдындарының және бұдан кейін құрылыс салу аймағын ескере отырып, ашық учаскелерімен үйлесімде өсіп тұрған жасыл желектердің және отырғызуға жоспарланған ағаш-бұта өсімдіктерінің түрлік және сандық құрамы көрсетілген аудандардың елді мекендердің, қалалардың шегінде жасыл екпелерді отырғызу жоспары;
      4) жалпы пайдаланылатын жерлер - алаңдар, көшелер, жаяу соқпақтар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, бақтар, қала ормандары, бульварлар, суаттар, жағажайлар, зираттар және қала мұқтажын қанағаттандыратын өзге де нысандар (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазалау құрылыстары және басқа да жалпы пайдаланылатын инженерлік жүйелер) үшін алынған және арналған жерлер;
      5) жаппай санитарлық кесу – көп мөлшерде желден, қардан құлаған, қураған және ауырған (ағаштардың қырық пайыздан астам) жасыл алқаптардың, саябақтардың, бақтардың белгілі бір алаңдарында жүргізілетін ағаштар мен бұталарды кесу;
      6) жасарту - қаңқалы және жартылай қаңқалы діңдерді қатты қысқарту, ұзарған жерлерін сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің ажарын жоғалтқан, сау діңді және діңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;
      7) жасыл алқап - түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 гектар аумақта кем дегенде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;
      8) жасыл алқаптардағы ландшафтық кесу - ең әсем тұрақты тұқымның дамуына кедергі келтіретін және ағаш сапасын жақсарту мақсатында құрғақ, шіріген, ажары нашар және рекреациялық ықпалға төзімділігі төмен ағаштар мен бұталарды кесу;
      9) жасыл желектер - азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік болып табылатын және елді мекеннің бірыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егілген ағаш бұтақты және шөпті өсімдіктер;
      10) жасыл желектерді амалсыз алып тастау – елді мекендерді дамытудың бас жоспарын жүзеге асыру үшін және аумақты қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру мақсатында белгіленген тәртіппен түгендеуге, орман ауруларын зерттеуге және кейінгі шаруашылық мақсаттар үшін пайдалануға жататын ағаштарды кесу;
      11) жасыл желектерді «жасарту»- бөрікбастарды қалыптастыру-пішіндеуге келетін, жекелеген ағаштардың, бұталардың және жасыл желектердің ұзарған жерлерін оларға белгілі бір әсемдік беру мақсатында қырқу;
      12) жасыл желектерді жою - өсімінің тоқтауына алып келетін жасыл желектердің зақымдануы;
      13) жасыл желектерді зақымдау - ағаш-бұтақ өсімдіктерінің бөрікбасына, діңгегіне, тамыр жүйесіне, шөпті өсімдіктердің жер үсті бөлігі мен тамыр жүйесіне өсімін тоқтатуға алып келмейтін залал келтіру. Тамыр жүйесінің механикалық, термиялық немесе химиялық зақымдануы, тамыр қыртысы тұтастығының, топырақ үсті жамылғысы тұтастығының бұзылуы және залалдың өзге де түрін келтіру зақымдану болып табылады;
      14) жасыл желектерді қайта отырғызу - тігінен немесе көлденеңінен тамыр жүйесіне таралуы бойынша (1,8 метрден бастап одан биігірек) жерде топырақ кесектерімен бірге қайта отырғызудың жоғары технологиясын сақтай отырып, жасы І сыныптағы топырақ кесектері бар (жапырақты тұқымдастар үшін жасы 10 жылға дейін және қылқан жапырақтылар үшін 20 жылға дейін), сирек- жасы ІІ сыныпта (жапырақты тұқымдастар үшін 11 жылдан 20 жылға дейін және қылқан жапырақтылар үшін 21 жылдан 40 жылға дейін) жапырақты және қылқан жапырақты өсіп тұрған ағаштар мен бұталарды қайта отырғызу;
      15) жасыл желектерді қорғау - жасыл желектерді; көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды жасауға, сақтау мен түлетуге (оның ішінде жойылған немесе зақымдалған жасыл желектерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдық және экономикалық шаралар жүйесі;
      16) жасыл желектерді сақтау - аумақты көріктендіру және құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде жасыл желектерді сақтауға бағытталған кешенді шаралар. Сақтау - құрылыс және басқа жұмыстар жүргізу кезінде желектердің бүлінуіне жол бермеу үшін қоршау және басқа да әдістермен жүзеге асырылады;
      17) жасыл желектерді түгендеу - (тал басын санау) жасыл желектердің сандық және сапалық сипаттамасы жан-жақты көрсетілген, көгалдандыру нысандарын есепке алу жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ жоспарлы негізде көгалдандырылатын әрбір элементінің кескіндемелік бейнеленуі;
      18) жасыл желектердің орман ауруларына бейімділігін зерттеу - зиянкестердің (жәндіктердің) бар-жоғын арнайы зерттеу, ауру белгілері мен ошақтарының, діңдерде, тамыр жүйесі мен бөрікбасында аурулармен (паразиттермен) зақымдану белгілерінің бар-жоғын анықтау. Егер желектердің елу пайыздан астамы ауруларға шалдыққан болса, онда олар міндетті түрде санитарлық кесуге жатады;
      19) жасыл құрылыс - аудандардың елді мекендерінде, қалаларда, өнеркәсіп және басқа да нысандарда жасыл желектер аумағын құру, сақтау және көбейту жөніндегі іс-шаралар жүйесі. Аумағы едәуір учаскелерді көгалдандыру жобалық тапсырма негізінде және соның техникалық жобасы негізінде жүргізіледі;
      20) көгалдандырылған аумақ - табиғи өсімдіктер, жасанды жасалған саябақ кешендері мен нысандары, бульварлар, бақтар, көкжелектер, гүлзарлар және т.б. орналасатын жер учаскесі;
      21) күтім жасау - өсімдіктің төменгі бөлігі мен топырағына күтім жасау (қоректендіру, суару, қопсыту және тағы басқа әрекеттер);
      22) нысан (желек) жағдайының (тіршілік қабілетінің) коэффициенті (бұдан әрі - НЖК) - кесуге ұсынылған нысанның тіршілік қабілетін ескеретін, жасыл желектердің сапалық жай-күйі, оның одан әрі өмір сүруінің әлеуетті қабілеті;
      23) өтемдік (кепілдік) отырғызу жоспары - отырғызудың сандық, тұқымдық құрамы, көлемі, күнтізбелік мерзімі, сонымен қатар жоспарлы негізге орайластырылған отырғызуды орналастырудың кескіндемелік сызбасы бар, рұқсат етілген санитарлық кесуге, амалсыз алуға немесе заңсыз кесуге ұшыраған жасыл желектер көлемін сол деңгейде өтейтін ағаштар отырғызу жоспары;
      24) санитарлық кесу - апаттық жағдай туғызатын (электр беру желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттың жамылғысын зақымдайтын, жол қозғалысына қауіп келтіретін) зақымдалған, қураған, құрғақ және ауруға шалдыққан бұтақтарды қырқу;
      25) техникалық қадағалау - жасыл желектерді жасау (өтемдік отырғызуларды қосқанда), күту және қорғау технологияларының сақталуына және белгіленген ережелердің сақталуына қадағалау (бақылау) жүргізу;
      26) Уәкілетті орган - (әрі қарай-Уәкілетті орган) аудандар мен қалалар бюджетінен қаржыландырылатын, қала, аудан әкімдігінің уәкілдігімен жасыл желектерді егу, күтіп-ұстау және қорғау бойынша жұмысты ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган;
      27) іріктемелік санитарлық кесу - қураған, солған, желден, қардан құлаған, қардан сынатын барлық сынып жастағы ағаштар мен бұталарды, сондай-ақ тамыры зақымдалған, сәрпіңке мен өзге де таз ауруларына шалдыққан ағаштарды кесу.
      3. Барлық жасыл желектер республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсіп тұрған жасыл желектерді, жеке үй құрылыстары мен саяжайларда және қалалық коммуналдық қызметтердің қарауына жататын зираттар учаскелерінде өсіп тұрған жасыл желектерді қоспағанда, қол сұғылмайтын аудандық және қалалық жасыл қорды құрайды.
      4. Жобалау, құрылыс және шаруашылық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Қағидада белгіленген жасыл желектерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, жүзеге асырылады. Құрылыс, шаруашылық және өзге де қызметтерді ұйымдастыруға арналған жоба алдындағы және жобалау құжаттамада топографиялық түсірілімге енгізілген жасыл желектердің күйі туралы толық және нақты мәліметтер болуы тиіс.
      5. Елді мекендер дамуының бас жоспарына кіретін жер учаскелерін қоспағанда, елді мекендер шекараларында орналасқан жалпы пайдаланылатын жерлердегі жасыл алқаптарда құрылыс салуға жатпайды.
      6. Жасыл желектерді амалсыз алуға заңнамада белгіленген тәртіппен, елді мекендердің дамуының бас жоспарларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынуға жататын жер телімдерінде рұқсат етіледі.

2. Жасыл желектерді есепке алу, күтіп-ұстау, қорғау және қалпына келтіру

      7. Жасыл желектердің барлық түрлері есепке алынады. Екпелерді есепке алу, есепке алынатын нысанның шекараларында орналасқан жасыл желектерді түгендеу және орман ауруларына бейімділігін зерттеу арқылы жүзеге асырылады.
      8. Жасыл желектерді есепке алу нәтижелерін көрсететін құжат, белгіленген тәртіппен ресімделген түгендеу және орман ауруларына бейімділігін зерттеу құжаттарының негізінде жасалған жасыл желектердің жоспары (дендрожоспар) болып табылады.
      9. Жасыл желектерді түгендеу және орман ауруларына бейімділігін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу Уәкілетті органмен жүргізіледі.
      10. Амалсыз кесуге жататын учаскелерде түрлік құрамын, сандық және сапалық күйін, жасын (диаметрін) ескере отырып, жасыл желектерге түгендеу жүргізу және орман ауруларына бейімділігін тексеру қажет.
      11. Аудандардағы, қалалардағы жасыл желектердің тізілімі мына мақсаттарда жүргізіледі:
      1) жасыл желектердің саны мен сапасы және жәй-күйі туралы шынайы мәліметтерді алу және есебін жүргізу;
      2) елді мекендерде жасыл желектерді егу, қорғау, сақтау және көгалдандырылған аумақтарды дамыту саласындағы саясаттың негізгі бағыттарын анықтау;
      3) жергілікті атқарушы органдардың халықты жасыл желектердің саны мен жағдайы туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету.
      12. Уәкілетті органның рұқсатына сәйкес санитарлық кесілген, амалсыз алынған жерлерде, жасыл желектерді өтемдік қалпына келтіру жапырақты тұқымдастар мен қылқан жапырақтылар үшін биіктігі 2 метрден кем емес 3 метрге дейінгі көшеттерді егу арқылы жүргізіледі. Мұндай кезде амалсыз алып тасталған ағаштардың орнына өтемдік отырғызу сол жер телімі аумағында (сәулет шарттары ескеріліп) немесе Уәкілетті органның белгілеген арнайы учаскелерінде жүргізіледі.
      13. НЖК (нысан (желек) жағдайының (тіршілік қабілетінің) коэффициенті) бойынша төртінші және бесінші категориядағы апатты жағдайдағы, қураған, қартайған, әрбір апатты жағдайдағы жасыл желектерді кескені үшін өтемдік ретінде бір көшет отырғызылады.
      14. Апаттық жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін – ұзақ тұрған (қартайған), апатты (құлап қауіп төндіретін) қураған, қатты піскен ағаштардың (тіршілігі қысқа мерзімді, жылдам өсетін: жасы 40-тан асқан теректердің барлық түрлері жасы 20-дан асқан жеміс ағаштары; жасы 50-ден асқан аласа шегіршін, вавилон қара шілігі және басқа да (тұқымдастар) ағаш түрлерінің өздігінен құлауын болдырмау үшін желектің сапалық жағдайына қарамастан (сұлбасы, жапырағы, діңгегі және әрі қарай) НЖК-ның төртінші және бесінші категориясын қолдана отырып, алдын ала зерттеу жүргізудің нәтижелеріне сәйкес көшеттердің өтемдік отырғызылуын ескере отырып апатты ағаштарды амалсыз алуға немесе санитарлық кесуге рұқсат беріледі.
      15. Жалпы пайдаланылатын жерлердегі және ғимараттар мен үй-жайлардың, көп қабатты тұрғын үйлер аумақтарында, желдің және табиғи сипаттағы өзге де оқиғалардың, жол-көлік апаты жағдайларын және осыған ұқсас оқиғалардың нәтижесінде, құлаған ағаштарды жинау, орындарын уақтылы санитарлық тазалау және ағаш қалдықтарын шығаруды, жер пайдалану құқығы шегінде аталған аумаққа қарайтын ұйымдар қамтамасыз етеді.
      16. Өнеркәсіптік, азаматтық мақсаттағы ғимараттардан және жеке тұрғын үй құрылысынан кемінде 5 метр қашықтықта өсіп тұрған ағаштар үшін, егер де өсіп тұрған ағаштың бөрікбасы ғимарат үшін қауіп туғызған жағдайда (жабынды, балконды, лоджияны, терезені бүлдіретін және (немесе) тамырлары ғимарат іргетасын қирататын болса), оларды санитарлық қырқуға, амалсыз кесу рұқсаты, іргелес аумаққа өтемдік отырғызуды анықтауымен апатты жасыл желектерді кесу НЖК-ның төртінші және бесінші категориясына сәйкес беріледі.
      17. Жасыл желектерді заңсыз кескен жағдайда өтемдік қалпына келтіру жапырақ тұқымдастар мен қылқан жапырақтылар үшін биіктігі 2 метрден кем емес 3 метрге дейінгі көшеттерді отырғызу арқылы жүргізіледі. Жасыл желектер рұқсатсыз алынған аумақта ағаш отырғызу үшін бос алаң болмаған жағдайда, өтемдік отырғызуды жүргізу үшін уәкілетті орган арнайы учаскелерді белгілейді.
      18. Жеке және заңды тұлғалар жасыл желектерді өтемдік қалпына келтіруді өз еркімен, оларды одан әрі күтуді қамтамасыз етудің шарттарын сақтай отырып жүргізе алады.
      19. Құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде, құрылыс салу жобаларында жасыл желектерді құру немесе қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруды қарастыру қажет.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 26.06.2013 № 14/136-V шешімімен. 
      20. Жалпы пайдалану жерлерінде өсетін жасыл желектер механикалық зақымдалған немесе жол-көлік оқиғалары (ауыр жағдайдан басқа) салдарынан жойылған жағдайда кінәлілердің тарапынан зақымдалған немесе жойылған жасыл желектердің өтемдік қалпына келтірілуі көшет отырғызу арқылы жүргізіледі.
      21. Қажетті күтіп-ұстаудың жоқтығына, механикалық зақымдалуына, көшеттердің баяу өсуіне байланысты, отырғызылған жерде көшеттердің жоқтығы (ұрланған), жасыл желектердің жойылғандығы анықталған жағдайда, оларды қалпына келтіру жасыл желектердің иелері есебінен жүргізіледі.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 26.06.2013 № 14/136-V шешімімен.
      22. Құрылыс және өзге жұмыс түрлерін жүргізген кезде осы учаскедегі сақталуға жататын, алынып тасталуға немесе санитарлық кесуге жатпайтын барлық жасыл желектер механикалық және басқа залал келтіретін жағдайдан қорғауды қамтамасыз ететін арнайы қоршаулармен қорғалуға тиіс.

3. Жасыл желектерді санитарлық кесу (іріктемелік, жаппай) амалсыз алып тастау, бөрікбастарын қалыптастыру, санитарлық қырқу, ландшафтық кесу, діңгегін тазалау, қайта отырғызу

      23. Жасыл желектерді санитарлық кесу (іріктемелік, жаппай) амалсыз алып тастау, қайта отырғызу, бөрікбастарын қалыптастыру, санитарлық кесу, ландшафтық кесу, діңгегін тазалау осы Қағидада белгіленген Уәкілетті органның рұқсаты негізінде жүргізіледі.
      24. Жасыл желектерді қайта отырғызу бір жылдың ішінде Уәкілетті органмен берілген рұқсат көрсетілген уақытта, арнайы қайта отырғызу технологиясын сақтай отырып жүргізіледі. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың жерсінудің өнімділігін көтеру мақсатында оларды күз түскеннен бастап көктемнің бас кезіне дейін отырғызу ұсынылады.
      25. Ағаштарды жасарту және қалың біткен ағаштарды сирету өсіп-өну кезеңі басталғанға дейін немесе күздің аяғына дейін жүргізіледі.
      26. Жаңа құрылысты оның ішінде, жаңартуға түсетін аумақтардағы құрылысты (бұрыннан бар жеке тұрғын үй құрылысын қоспағанда) олардың нысаналы мақсатына қарамастан (жоспарланған жеке тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандары, әкімшілік ғимараттары, коммуникацияның, қызмет көрсету саласы нысандарының барлық түрлері) және жер учаскесіне құқықты ұйымдастыру кезінде жасыл желектерді алып тастау, түгендеу мен орман ауруларына бейімділігін зерттеу материалдары негізінде Уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүргізіледі.
      27. Жалпы пайдаланатын жерлердегі жасыл желектері бар аумақтарды күту жөніндегі арнайы мамандандырылған ұйым, заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ аумақтарында жасыл желек өсетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушылар жыл сайын көктемгі және жазғы кезеңде жасыл желектерді зиянкестерден (жәндіктерден, паразиттік өсімдіктерден) және аурулардан сақтау үшін химиялық препараттарды тасымалдау, сақтау және қолдану тәртібін сақтай отырып химиялық әдістермен және басқа да биологиялық дәрі-дәрмектермен химиялық және фитосанитариялық өңдеу жөніндегі шараларды ұйымдастырады және өткізеді.
      28. Жалпы пайдаланатын жерлерде жасыл желектерді санитарлық кесуді, амалсыз алып тасталыну, санитарлық кесу Уәкілетті органның міндетті түрде рұқсатын алдын ала рәсімдеу арқылы, сол жер учаскесінде қызмет көрсететін арнайы мамандандырылған ұйымдармен жүргізіледі.
      29. Жасыл желектерді қорғау жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар, химиялық және фитосанитариялық өңдеулерді жүргізу бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша жүргізіледі, ал жүргізілген жұмыстарға бақылау жасауды Уәкілетті орган жүзеге асырады.
      30. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын сәулеттік, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде, жасыл желекті қалпына келтіру белгіленген тәртіппен көгалдандыру жобасына сәйкес тиісті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      31. Ағаштың құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын, ғимараттар мен үй-жайлардың, коммуникациялардың зақымдалуына, жол қозғалысы, оның ішінде жол жүру белгілерін жауып тұрса, қауіпсіздігінің бұзылуына алып келетін төтенше және апатты жағдайларда аталған жасыл желектерді алып тастау және санитарлық кесу рұқсатты рәсімдеусіз шұғыл түрде жүргізіледі. Амалсыз алып тастау немесе санитарлық кесу деректері төтенше жағдайлар органдарының құтқарушы қызметінің куәландыру актісімен айғақталады, артынша Уәкілетті органға хабарланады.
      32. Шеткі өткізгіштер жолының екі жағында да тұрған электр тораптарының күзеттік және санитарлық қорғау аймақтары 15 метрден бастап 55 метрге дейінгі аралықты құрайды. Бұл аумақтарда тиісті ведомстволық ұйымдар қызмет көрсетеді. Қорғалатын және санитарлық-қорғау аймақтары бойындағы жасыл желектерді санитарлық кесу, амалсыз алып тастау, санитарлық қырқу, бөрікбастарды қалыптастыру, жасарту жұмыстарын рұқсатсыз, бірақ Уәкілетті органға аталған жер учаскесінде қызмет көрсететін мамандандырылған мекеме ескерту арқылы жетпіс екі сағаттың ішінде жүргізілетін жұмыс түрлерінің кестесін ұсына отырып жүргізеді. Бұл жағдайда көрсетілген жұмыс түрлерінің орындалу технологиясы қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі.
      33. Су ресурстарының (өзендер, су айдындары) жер үсті көздеріндегі су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды болдырмау үшін өзен арнасында, су айдындарында өскен жасыл желектерді алып тастау шұғыл түрде жүргізіледі. Алып тастау дерегі аудандардың, қалалардың төтенше жағдайлар органдары мен экологиялық қызметтерінің куәландыру актісімен айғақталады, артынша жұмыс жүргізу басталған сәттен бастап жетпіс екі сағаттың ішінде белгіленген тәртіппен Уәкілетті органға хабарланады.
      34. Кесілген жасыл желек пен ұнталған қалдықтарды (үгінділер, бұталар, жапырақтар, бөрікбастар және т.б.) жұмыс жүргізілген жерде жинау мен сақтауға тыйым салынады. Ағаштарды кесу, көлденең бөлу, ағаш қалдықтарды тасымалдау бойынша барлық жұмыстар техника қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкестікте жүргізілуге тиіс.
      35. Заңды және жеке тұлғалар жасыл желектерді санитарлық кесуге, амалсыз алып тастауға, діңгегін тазалауға, санитарлық қырқуға, қайта отырғызуға рұқсатты ресімдеу үшін мынадай құжаттар тапсырылуға тиіс:
      1) Уәкілетті орган басшысының атына басшының аты-жөні, мекен жайы, сұрап отырған жасыл желектің орналасқан жері және байланыс телефоны көрсетілген өтініш;
      2) жер учаскесіне құқықты айғақтайтын құжаттардың көшірмесі;
      3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы (салынып жатқан және жаңартылатын нысандар үшін);
      4) сәулет және қала құрылысы мемлекеттік органының сәулеттік-жоспарламалық тапсырмасы бойынша қорытынды;
      5) өсіп тұрған жасыл желектердің тұқымдық және сандық құрамы, олардың жәй-күйі көрсетілген жер учаскесінің топографиялық түсірілімі және егер құрылыс жүргізілетін жерде 10-нан артық ағаш өссе, жасыл желектерді түгендеу және олардың орман ауруларына бейімділігін зерттеу материалдары;
      6) өтемдік көгалдандыру жоспары немесе жасыл желектердің орналасуы көрсетілген жобалық көгалдандыру жоспары;
      7) өтемдік көгалдандыру бойынша көшеттерді отырғызуды аяқтаудың уақыты көрсетілген кепілдік хат;
      36. Уәкілетті орган жасыл желектер мәселесі бойынша өтініштерді төмендегідей ретте қарастырады:
      1) өтініштерде көрсетілген жерге барып жасыл желектерді анықтайды, олардың тұқымдық құрамы, жасы, сапалық жағдайы нақтыланады және нәтижесі бойынша жасыл желектердің зерттеу актісі толтырылады;
      2) жасыл желектерді санитарлық кесуге, амалсыз алып тастауға, қайта отырғызуға рұқсат алу материалдарын дайындауды жүзеге асырады;
      3) жасыл желектердi пішіндемелік кесуге (жасартуға), санитарлық кесуге, діңгегін тазалауға рұқсат алу материалдардың дайындығын жүзеге асырады.
      37. 35-тармақтың талаптары осы Қағиданың 313233 тармақтарында қарастырылған жағдайларда қолданылмайды;
      38. Жасыл желектерді санитарлық кесуге, амалсыз алып тастауға, отырғызуға, діңгектерін түзетуге рұқсат күшінің мерзімін климаттық жағдайларға және желектердің түрлік құрамына байланысты, алайда ағымдағы күнтізбелік жылдың айының соңғы күнінен кешіктірмей Уәкілетті органмен анықталады.
      39. Көгалдандырылған аумақтарға жол берілмейді:
      1) жасыл желектерді зақымдауға немесе жоюға;
      2) алау жағуға, түскен жапырақ пен құрғақ шөпті жағуға;
      3) тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтармен, ағынды сумен қоқыстауға және ластауға;
      4) ағаштан шырын өндіруге, жазулар, оюлар салуға, ағаштарға жарнама, хабарландыру, нөмірлік белгілер, әртүрлі көрсеткіштерді, сымдарды орналастыруға және ағашқа ілмек пен шеге қағуға;
      5) автокөліктердің, құрылыс техникасы мен өзге техниканың, осы аумақты пайдалануға және жасыл желекті күтуге байланысты техниканы қоспағанда, өтуі мен тұруына;
      6) автокөлік құралдарын жууға;
      7) жасыл желекке көлік құралдарын қоюға;
      8) мал жаюға;
      9) әртүрлі жүктерді, оның ішінде құрылыс материалдарын үюге;
      10) ағаштар мен бұталардың сақталуын қамтамасыз ететін шараларды сақтамай, жасыл желектер алып жатқан учаскелерге төбеден қар түсіруге.

4. Жасыл желектерді күтіп -ұстау мен қорғау Қағидасын бұзғаны үшін жауапкершілік

      40. Жасыл желектерді күтіп-ұстау мен қорғау Қағидасын бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы негізінде анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады