Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларын және ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметтерін енгізу күнін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1105 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12464 болып тіркелді.

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 8-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) қоса беріліп отырған ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидалары;

      2) ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметтерін енгізу күні 2016 жылдың 1 қаңтары болып бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы
А. Рау

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _____________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 4 желтоқсан



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 26 қарашадағы
№ 1105 бұйрығымен бекітілген

Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 8-5) тармақшасына сәйкес әзірленді (бұдан әрі - Заң) және абоненттік нөмірді ұялы байланыс желілерінде көшіру, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорының жұмыс істеу және оның ресурстарына қол жеткізуге рұқсат беру, сондай-ақ абоненттік нөмірлерді көшіруге қатысушылардың арасындағы ұйымдастырушылық-техникалық іс-қимыл мен өзара есептесу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абоненттік нөмірді көшіру – абоненттің басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде оған ұсынылатын, ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді сақтап қалу және пайдалану бойынша көрсетілетін қызмет;

      2) абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры (бұдан әрі - АНОДҚ) – осы қағидалар айқындайтын мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері туралы ақпаратты қамтитын дерекқорларды басқарудың аппараттық-бағдарламалық кешені;

      2-1) автоматты қызмет көрсету жүйесі - SMS-, MMS- немесе USSD-сұрауды жіберу жолымен немесе Жеке кабинет арқылы не оператор ұсынатын басқа да техникалық мүмкіндіктерді пайдалану жолымен ұялы байланыс қызметтерін және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді, тарифтік жоспарды абонентке өз бетінше қосу немесе ажырату мүмкіндігін беретін кешенді қызмет көрсету жүйесі;

      3) АНОДҚ операторы – АНОДҚ қалыптастыруды, оның жұмыс істеуін, оны қолдап отыруды және дамытуды қамтамасыз ететін және оның ресурстарына қол жеткізуді ұсынатын ұйым;

      4) абоненттік нөмірді көшіруге қатысушылар – ұялы және тіркелген байланыс операторлары, абонент және АНОДҚ операторы;

      5) абонентті сәйкестендіру картасы - абонентті сәйкестендіретін және абоненттің ұялы байланыс операторының қызметтеріне (SIM/R-UIM-, USIM-, eSim - карталар және басқалар) қол жеткізуін қамтамасыз ететін абоненттік құрылғының бір бөлігі болып табылатын жеке қол жеткізудің сәйкестендіру микропроцессорлық модулі (алмалы-салмалы немесе кіріктірілген);

      6) бағыттау нөмірі (routing number, RN) – ұялы байланыс желілерінде және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде ұялы байланыстың көшірілген абоненттік нөміріне шақырулар жасау үшін қолданылатын адресті ақпарат. Бағыттау нөмірі (routing number, RN) префикстен (бір оналтылық санау жүйесіндегі "D" цифры) және ондық санау жүйесіндегі екі таңбалы ұялы оператор желісінің кодынан тұрады;

      7) бастапқы оператор – абонентке бірінші рет абоненттің нөмірін көшіру жүзеге асырылған нөмірлеу ресурсы алғашқы рет берілген ұялы байланыс операторы;

      8) донор-оператор (бұдан әрі - донор) – байланыс жүйесінен абоненттік нөмірді көшіру жүзеге асырылатын ұялы байланыс операторы;

      9) қысқа мәтіндік хабарлама (SMS, USSD) – белгілі бірізділікпен терілген әріптерден және (немесе) сандардан және (немесе) символдардан тұратын және ұялы байланыс операторы желісінің техникалық мүмкіндіктерімен және абоненттік құрылғымен мүмкін болатын көлемдегі ақпараттық хабарлама;

      10) қате көшіру – ұялы байланыс операторларымен абоненттің өтінімісіз абоненттік нөмірді көшіру;

      11) реципиент-оператор (бұдан әрі - реципиент) – байланыс желісіне абоненттік нөмірді көшіру жүзеге асырылатын ұялы байланыс операторы;

      12) ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтату – шығыс байланысты шектеу;

      13) "All Call Query" технологиясы (барлық шақыруларға арналған сұрату) – тасымалданған нөмір туралы ақпарат алу және шақыруды бұдан әрі бағдары бойынша маршруттау үшін шақыруды басатмалаушының жүйесі тасымалданған нөмірлердің операциялық дерекқорына сұрау салуды жүзеге асыратын, ұялы байланыстың тасымалданған абоненттік нөмірлеріне трафик өткізу үшін шақыруларды тікелей маршруттау әдісі.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Абонентке абоненттік нөмірді көшіру бойынша қызметті ұялы байланыс операторлары өтеусіз негізде көрсетеді.

      4. Абоненттік нөмірді көшіру қызметі абонентке күнтізбелік 60 күн ішінде бір реттен жиі көрсетілмейді.

2. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру тәртібі

      5. Абоненттік нөмірді көшіру реципиентке қызмет көрсету пунктіне абоненттің осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруге өтінім (бұдан әрі - өтінім) беруі немесе автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      Абоненттің таңдауы бойынша абоненттік нөмірді көшіру 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады.

      Кейінге қалдырылған өтінім бойынша нөмірді көшіру мүмкіндігін тексеру абоненттің өтінімінде көрсетілген күні жүзеге асырылады, бұл ретте егер ауыстыру күні мереке немесе демалыс күніне түссе, онда көшіруді тексеру және көшіру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірлерді көшіруді абоненттің өтінімі негізінде, мынадай мерзімдерде ұялы байланыс операторлары қамтамасыз етеді:

      1) жеке тұлға үшін:

      45 минутқа дейін;

      2) заңды тұлға үшін:

      4 жұмыс сағатына дейін.

      Бұл ретте мерзімі абонент өтінім берген күнінен және уақытынан бастап есептеледі.

      Реципиенттің өтінімді қабылдауы реципиенттің жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Донордың нөмірді көшіру мүмкіндігін тексеру осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген мерзімдерде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Абоненттік нөмірді көшіру мынадай шарттар болған кезде жүзеге асырылады:

      1) реципиентпен АНОДҚ-ға ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруге сұраудың дұрыс толтырылуы. Бұл ретте, дұрыс толтыру өтінімге сәйкес сұраудың дұрыс және анық толтырылуын білдіреді;

      2) абоненттің дербес деректерінің дұрыстығы. Бұл ретте, дұрыстығы өтінімде көрсетілген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН)/заңды тұлғаның бизнес сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - БСН) донор мен абонент арасындағы ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартта көрсетілген деректермен сәйкес келуі шынайы деп түсініледі;

      3) абоненттік нөмірді көшіру мүмкіндігін растау – қателікпен көшіру жағдайларын қоспағанда, соңғы көшіру сәтінен бастап кемінде күнтізбелік 60 (алтпыс) күн өтті;

      4) абоненттік нөмірді көшіруге белсенді өтінімдердің болмауы;

      5) донордың тексеру сәтінде кредиттік тәртіпте есеп айырысулары бар абоненттер үшін донормен жасалған ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша берешектің болмауы;

      6) ұялы байланыс операторының роуминг-әріптесі нақты уақыт режимінде қосылулардың ұзақтығын қадағалауға мүмкіндік беретін жүйелерді (жабдықты және билингті жүйені) пайдаланбаған кезде донормен жасасқан байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша донордың тексеру сәтінде аванстық есеп айырысулары бар абонентте роуминг қызметтері үшін берешектің болмауы;

      7) көшірілетін абоненттік нөмірлер үшін алынған абоненттік құрылғылар бойынша абоненттің донор алдындағы шарт бойынша міндеттемелердің болмауы.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      8. Реципиент абоненттің өтінімін дұрыс толтыруын тексереді, осы өтінімді тіркейді және АНОДҚ-ға сұрау салу жібереді.

      9. АНОДҚ-ға жіберілетін абоненттік нөмірді көшіруге сұрау салу мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) жеке тұлғалар үшін:

      абоненттік нөмір;

      ЖСН;

      2) заңды тұлғалар үшін:

      абоненттік нөмір немесе абоненттік нөмірлер тізбесі;

      заңды тұлғаның БСН-і;

      абоненттік нөмірлерді толығымен немесе ішінара көшіруді таңдау туралы нұсқау.

      Бұл ретте абоненттік нөмірді толығымен көшіруді таңдау абонент абоненттік нөмірлер тізбесінде көрсеткен барлық абоненттік нөмірлерді көшіруді көздейді. Абоненттік нөмірлердің біреуі бойынша көшіруден бас тартылған жағдайда, өтінім тізбеде көрсетілген барлық абоненттік нөмірлер бойынша толығымен қабылданбаған болып есептеледі.

      Абоненттік нөмірді ішінара көшіруді таңдау абонент абоненттік нөмірлер тізбесінде көрсеткен абоненттік нөмірлердің донордың көшіруге растауы болған бөлігін ғана көшіруді көздейді. Бұл ретте бір немесе бірнеше абоненттік нөмірлер бойынша бас тарту тізім бойынша донордың көшіруге растауы алынған абоненттік нөмірлерді көшіруден бас тарту болып табылмайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      10. Реципиенттен абоненттік нөмірді көшіруге сұрау салуды алған кезде АНОДҚ:

      1) абонент мәліметтерін дұрыс толтырылуын;

      2) осы Қағидалардың 7-тармағы 3) тармақшасының сақталуын;

      3) аталған абоненттік нөмірді көшіруге белсенді өтінімдердің болуын тексеруді орындайды.

      11. Тексерудің нәтижелері бойынша АНОДҚ абоненттік нөмірді көшіру туралы реципиенттің сұрау салуын растайды немесе келесі жағдайларда реципиентке абоненттік нөмірді көшіруден бас тарту туралы еркін нысанда хабарлама жібереді:

      1) өтінімдегі барлық қажетті жолдардың толтырылмағаны;

      2) алдыңғы абоненттік нөмірді көшіру жүзеге асырылған мерзімнен 60 күнтізбелік күн өткен жоқ;

      3) аталған абоненттік нөмірді көшіруге арналған белсенді өтінім айқындалды.

      12. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша абоненттік нөмірді көшіруден бас тарту туралы АНОДҚ-дан хабарлама алғаннан кейін реципиент дереу кемшіліктерді жояды және сұрау салуды қайтадан АНОДҚ-ға жібереді.

      Осы Қағидалардың 10-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздемелер бойынша абоненттік нөмірді көшіруден бас тартылған жағдайда, реципиент SMS жіберу жолымен абоненттік нөмірді көшіруден бас тарту туралы абонентті хабарландырады.

      13. Реципиент АНОДҚ-дан абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрау салуды растауды алғаннан кейін абонентпен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасады және абонентті сәйкестендірудің жаңа картасын береді не реципиенттің техникалық мүмкіндігі болған кезде абонент донор бұрын берген абонентті сәйкестендіру картасын пайдаланады.

      Бұл ретте, абонентке оның түріне байланысты сәйкестендіру картасын алу мүмкіндігін береді.

      Реципиент және абонент арасында байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10999 болып тіркелген) Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары) сәйкес жасалады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Абоненттік нөмірді көшіру туралы реципиенттің сұрау салуын растаған жағдайда, АНОДҚ абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрау салуды донорға жібереді.

      15. АНОДҚ-дан сұрау салуды алған кезде донор осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген абоненттік нөмірді көшіру шарттарының сақталуына қатысты сұрау салуды тексеруді орындайды.

      Жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша донордың сұрау салуды қарау мерзімі донордың АНОДҚ-дан сұрау салуды алған сәтінен бастап есептеледі және мыналарды құрайды:

      1) жеке тұлға үшін:

      35 минутқа дейін;

      2) заңды тұлға үшін:

      3 жұмыс сағатына дейін.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Тексеру нәтижелері бойынша донор абоненттік нөмірді көшіру туралы реципиенттің сұрауын растайды немесе АНОДҚ-ға осы Қағидалардың 7-тармағының 2), 5), 6), 7) тармақшаларында көзделген абоненттік нөмірді көшіру талаптарын сақтамаған кезде абоненттік нөмірді көшіруден бас тарту туралы еркін нысандағы хабарламаны жібереді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрау салуды растаған жағдайда донор АНОДҚ мен абонентке шығыс байланыс қызметтерін бұғаттауды, көшірілетін абоненттік нөмір бойынша төлемдерді қабылдауды тоқтатуды қамтитын абоненттік нөмірді техникалық көшіруді бастау туралы еркін нысанда хабарлама жібереді.

      18. Егер донор абоненттік нөмірді көшіруге сұрау салуды алған сәттен бастап осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген уақыт ішінде абоненттік нөмірді көшіруді растауы немесе бас тартуы туралы АНОДҚ хабарландырмаса, АНОДҚ абоненттік нөмірді көшіруге сұрау салудың расталғаны туралы реципиентке автоматты түрде хабарлайды.

      19. Донордан абоненттік нөмірді көшіруге сұрау салуды растауды алғаннан кейін АНОДҚ абоненттік нөмірді техникалық көшіруді бастау туралы реципиентке хабарлайды.

      20. Донордың абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрауды қарау нәтижелері бойынша реципиент абонентке абоненттік нөмірді көшіруді растау туралы SMS жібереді. Донор осы Қағидалардың 7-тармағы 2), 5), 6), 7) тармақшаларында көзделген абоненттік нөмірді көшіру талаптарын сақталмаған кезде абоненттік нөмірді көшіруден бас тартқан жағдайда, реципиент бас тарту себебін көрсете отырып, SMS жіберу арқылы абонентті көшіруден бас тарту туралы хабарландырады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. АНОДҚ-дан абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрау салуды растауды алған сәттен бастап 30 минуттың ішінде реципиент:

      1) биллинг жүйелері мен абоненттерді сәйкестендіру дерекқорын қоса алғанда, абоненттік нөмірді өзінің дерекқорына енгізу бойынша қажетті іс-қимылдарды орындайды;

      2) АНОДҚ-ға абоненттік нөмірді өз желісінде тіркеу туралы еркін нысанда хабарлама жібереді;

      3) SMS жіберу арқылы абонентті ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді бастау туралы хабардар етеді.

      22. Реципиенттен абоненттік нөмірді тіркеу туралы хабарлама алғаннан кейін АНОДҚ:

      1) абоненттік нөмірді көшіру туралы деректерді АНОДҚ-ға енгізеді;

      2) донорға абонентті ажырату қажеттігі туралы еркін нысанда хабарлама жібереді;

      3) барлық байланыс операторларын көшірілген абоненттік нөмір бойынша бағыттауды өзгерту қажеттілігі туралы хабарландырады.

      23. АНОДҚ-дан хабарламаны алған сәттен бастап 30 минуттан кешіктірмей байланыс операторлары көшірілген абоненттік нөмір бойынша бағыттаудағы өзгерістерді орындайды және өз желілерінде бағыттауды өзгерткені туралы АНОДҚ-ға растау жібереді.

      24. АНОДҚ-дан хабарламаны алған сәттен бастап 30 минуттан кешіктірмей донор абоненттік нөмірді өз биллиг жүйесінен жоюды, байланыс қызметтерін ажыратуды және абонентті ажыратқаны туралы АНОДҚ-ға еркін нысанда хабарлама жібереді.

      25. Донордан абонентті ажыратқаны туралы хабарлама және байланыс операторларынан көшірілген абоненттік нөмір бойынша бағыттауды өзгерту туралы растау алғаннан кейін АНОДҚ донорға абоненттік нөмірді көшірудің сәтті аяқталғаны туралы хабарлама жібереді.

      26. Абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыруға қажетті уақыттың барлық кезеңінде абонент кіріс байланыс қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

      27. Абоненттік нөмірді көшіру қызметтерінен абоненттің бас тартуы донор абоненттік нөмірді көшіру туралы сұрау салуды растағанға дейін мүмкін.

3. АНОДҚ жұмыс істеуі және оның ресурстарына
қол жеткізуге рұқсат беру тәртібі

      28. АНОДҚ абоненттік нөмірді көшіруді қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен ұсынылатын қажетті ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау мен жіберу процестерін автоматтандыруды және үйлестіруді жүзеге асырады.

      29. Көшірілген абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді өзгертуге, көшіру процесіне, абоненттік нөмірді көшіру қызметін көрсетуді уақытша тоқтата тұру мен көшірілген абоненттік нөмірді бастапқы операторына қайтаруға қатысты ақпаратпен алмасу АНОДҚ арқылы жүзеге асырылады.

      30. АНОДҚ-дағы ақпаратты және мәліметтерді жинауды, сақтауды, өңдеуді, жіберуді қоса алғанда, АНОДҚ қалыптастыруды, жүргізуді, жұмыс істеуін және сүйемелдеуді, сондай-ақ АНОДҚ-ға қол жеткізуге рұқсат беруді АНОДҚ операторы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Дербес деректер туралы заң) талаптарын сақтаумен қамтамасыз етеді.

      31. Ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері туралы ақпаратты және осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген АНОДҚ-ға енгізілетін басқа мәліметтерді ұялы байланыс операторлары Дербес деректер туралы заңның талаптарын сақтай отырып ұсынады.

      32. Байланыс операторларының АНОДҚ-ға қолжетімділігін АНОДҚ операторы байланыс операторлары мен АНОДҚ операторы арасында жасалған шартқа сәйкес қамтамасыз етеді.

      33. АНОДҚ-да:

      1) басқа ұялы байланыс операторларымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарттар (бұдан әрі - жаңа шарттар) жасаған кезде абоненттерде сақталатын көшірілген абоненттік нөмірлер;

      2) абоненттік нөмірді көшіру күні мен уақыты;

      3) нөмірлеу ресурсының ұялы байланыс операторларына тиесілігін көрсете отырып, ұялы байланыс операторларына белгіленген тәртіппен бөлген нөмірлеу туралы ақпарат сақталады және (немесе) өңделеді.

      34. АНОДҚ жұмыс істеуін және сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында АНОДҚ операторы мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:

      1) АНОДҚ тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      2) ұялы байланыс операторларынан келіп түсетін ақпаратты жинау, сақтау және өңдеу;

      3) АНОДҚ-дағы ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету;

      4) байланыс операторларына абоненттік нөмірді көшіруді және дұрыс бағыттауды жүзеге асыру үшін қажетті АНОДҚ қамтылған ақпаратқа қол жеткізуге рұқсат беру.

      35. АНОДҚ-дағы ақпаратты қорғау, сондай-ақ оған қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы Қағидаларда белгіленген талаптарды сақтаумен жүзеге асырылады.

      36. АНОДҚ және байланыс операторларының локальдық дерекқорлары арасындағы өзара іс-қимыл IP VPN (меншікті виртуалды желілер) бойынша, ақпараттық жүйелердің WEB, SOAP немесе SFTP интерфейстері арқылы жүзеге асырылады.

4. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірлерді көшіруге
қатысушылардың арасындағы ұйымдастырушылық-техникалық өзара
іс-қимыл және өзара есептесу тәртібі

      37. Байланыс операторлары:

      1) дауыстық шақырулар мен SMS хабарламаларды RN бағыттау нөмірін, Ек елдің кодын және Nұлт ұлттық (мәні бар) телефон нөмірін қамтитын 14 символдан тұратын нөмір форматында бағыттауды:

      RN + Ек + Nұлт, мүнда RN = КНп + XX, үш символдан тұрады;

      КНп – он алты цифрдан құрылған, "D" мәні бар, көшірілген нөмірлердің префиксі;

      XX – ұялы байланыс операторы желісінің екі цифрдан тұратын коды;

      Ек – дүниежүзілік нөмірлеудің жетінші жиынтық аумағына кіретін елдерге арналған (Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы) елдің коды, Ек=7;

      Nұлт = DEF + Х1Х2Х3Х4Х5Х6Х7;

      DEF – географиялық белгілі аумаққа байланыссыз ұйымдастырылған географиялық анықталмайтын нөмірлеу аумақтарының ұялы байланыс операторларына бөлінетін үш цифрдан тұратын код;

      Х1Х2Х3Х4Х5Х6Х7 – абоненттің ұялы байланыс желісіндегі жеті цифрдан тұратын нөмірі.

      2) өзінің көшірілген нөмірлердің локальдық дерекқорларын пайдаланумен көшірілген абоненттік нөмірге қосылуларды бағыттау кезінде All Call Query технологиясын қолдануды қамтамасыз етеді.

      38. Ұялы байланыс операторлары:

      1) АНОДҚ операторына осы Қағидалардың 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді ұсынуды;

      2) көшірілетін абоненттік нөмірлерді өзінің нөмірлеу ресурсына енгізуді және жасалған шарттың қолданыста болу мерзімінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету Қағидаларында белгіленген тәртіппен ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді;

      3) реципиенттің басқа ұялы байланыс операторының желісіне көшіруге жататын абоненттік нөмірді беруін;

      4) абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыру мен өзінің желісінде көшірілген абоненттік нөмір бойынша қызметтерді тиісінше көрсетуге өз желілерінің техникалық дайындығын;

      5) пайдаланылатын технологияға, ұялы байланыстың көрсетілетін қызмет түріне, абоненттің байланыс қызметтеріне ақы төлеу әдісіне байланыссыз абоненттік нөмірлерді ұялы байланыс желілерінде көшіруді;

      6) абоненттік нөмірлерді ұялы байланыс желілерінде көшіру шарттары туралы халыққа ақпарат беруді.

      39. АНОДҚ операторы:

      1) АНОДҚ қалыптастыруды, жұмыс істеуі мен сүйемелдеуді және абоненттік нөмірлерді көшіруді жүзеге асыру үшін ұялы байланыс операторларының оның ресурстарына қол жеткізуін;

      2) абоненттік нөмірлерді көшіруді жүзеге асыру процесінде орын алатын ұялы байланыс операторлары арасындағы өзара іс-қимылды;

      3) көшірілген абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты өзектілендіру (деректерді синхрондау) үшін АНОДҚ-ға қосылған байланыс операторларының локальдық дерекқорларымен АНОДҚ өзара іс-қимылын;

      4) көшірілген абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты АНОДҚ-ға енгізуді (ақпаратты абоненттік нөмірлерді көшіру рәсімі процесінде жаңарту);

      5) көшірілген абоненттік нөмірлер туралы деректерді санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды;

      6) байланыс операторларын көшірілген абоненттік нөмірге қызмет көрсететін ұялы байланыс операторының ауысуы туралы хабарландыруды қамтамасыз етеді.

      40. Абоненттік нөмірлерді көшірген кезде ұялы байланыс операторлары өзара іс-қимылды тек қана АНОДҚ арқылы жүзеге асырады.

      41. Ақпаратпен алмасуды қоса алғанда, абоненттік нөмірлерді АНОДҚ-ға көшіру процесі автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады.

      42. Ұялы байланыс операторлары өз желілерінде абоненттік нөмірдің көшірілуін қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды дербес өтейді және АНОДҚ-дағы ақпаратқа қол жеткізуге рұқсат бергені үшін АНОДҚ операторына ақы төлеуді жүзеге асырады.

      43. АНОДҚ жұмыс істеуін және АНОДҚ-ға қолжетімділікті қамтамасыз етудің бағаларын қалыптастыруды АНОДҚ операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13588 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 17.08. 2017 № 309 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      44. Байланыс операторларының және АНОДҚ операторының өзара іс-қимыл және өзара есептесу процесі байланыс операторлары мен АНОДҚ операторы арасында жасалған шарттың талаптарымен айқындалады.

      45. Абоненттік нөмірді ұялы байланыс желілерінде көшірген кезде абоненттің дербес шотында жұмсалмаған ақшалай қаражаты анықталған жағдайда, ақшалай қаражаты қайтару Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының 43-бабының төртінші бөлігіне сәйкес абоненттің өтініші негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

5. Абоненттік нөмірді қайтару тәртібі

      46. Көшірілген абоненттік нөмірді жаңа иесінің атына қайта тіркеу жағдайларын қоспағанда, реципиентпен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бұзылған кезде көшірілген абоненттік нөмір бастапқы операторға 1 (бір) жұмыс күн ішінде қайтаруға жатады.

      Бұл ретте, реципиент АНОДҚ-ға абоненттік нөмірді бастапқы операторға қайтару туралы сұрауды жібереді.

      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.06.2016 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      47. АНОДҚ-ға абоненттік нөмірді кері қайтару мүмкіндігін тексереді:

      1) нөмірдің реципиентке тиесілігі;

      2) белсенді нөмірді көшіру процесінің болуы немесе болмауы;

      3) нөмірді кері қайтаруға сұрау салу форматының дұрыс толтырылуы.

      48. Сұрау салуды растаған жағдайда АНОДҚ операторларды желідегі конфигурацияның өзгеруі мен бағыттауды өзгерту қажеттілігі туралы хабарландыра отырып, реципиент пен бастапқы операторға нөмірді кері қайтару туралы еркін нысанда хабарлама жібереді.

      49. Бастапқы оператор қайтарылған абоненттік нөмірді алғаны туралы реципиентке АНОДҚ арқылы еркін нысанда хабарлайды.

      50. Абоненттік нөмірді қателікпен көшірген жағдайда, реципиент

      АНОДҚ-ға анықталған қателік және абоненттік нөмірді қайтару туралы хабарландыру жібереді.

      51. АНОДҚ абоненттік нөмірді қайтару мүмкіндігін, абоненттік нөмірдің донорға тиесілігін, белсенді көшіру процесінің болуын тексереді.

      Тексеру сәтті орындалған жағдайда, АНОДҚ реципиентке абоненттік нөмірді кері қайтару туралы сұрау салуды растау және донорға қате нөмірді кері қайтару туралы хабарландырулар жібереді.

      Қате көшіруді кері қайтаруға арналған сұрау салуда қателер анықталған жағдайда, АНОДҚ реципиентке қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді қайтарудан бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      Реципиент қателерді жояды және сұрау салуды қайтадан АНОДҚ-ға жібереді.

      52. АНОДҚ-дан қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтару туралы хабарлама алғаннан кейін донор сұрау салуды тексеруді орындайды. Тексеру мерзімі 30 минутты құрайды.

      53. Абоненттік нөмірдің қателікпен көшірілуі анықталған жағдайда мұндай абоненттік нөмірді кері қайтару процесіне донор абоненттің жазбаша өтінішінің немесе донордың ақпараттық-анықтамалық қызметіне жүгінуі негізінде бастамашылық етеді.

      54. Донор қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтару туралы сұрау салуды АНОДҚ-ға жібереді.

      55. Қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтаруға сұрау салуды алған кезде АНОДҚ абоненттік нөмірді көшіру мүмкіндігіне қатысты:

      1) абонент мәліметтерін толтырылуын;

      2) осы абоненттік нөмірді көшіруге белсенді өтінімдердің болуын тексеруді орындайды.

      56. Тексеру сәтті орындалған жағдайда, АНОДҚ сұрау салуды алғанын донорға растайды және оны қателікпен көшірілген абоненттік нөмірі бар ұялы байланыс операторына жібереді.

      57. Қате көшіруді кері қайтаруға арналған сұрау салуда қателер анықталған жағдайда, АНОДҚ себебін көрсете отырып, донорға қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтарудан бас тарту хабарлама жібереді.

      58. АНОДҚ-дан қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтару туралы хабарлама алғаннан кейін ұялы байланыс операторы сұрау салуды тексеруді орындайды, бұл ретте тексеру мерзімі 30 минуттан аспауы тиіс.

      59. Қателікпен көшірілген абоненттік нөмірі бар оператор тексерудің нәтижелері бойынша АНОДҚ-ға қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтару процесін бастау немесе себебін көрсете отырып, одан бас тарту туралы растау жібереді.

      60. Қателікпен көшірілген абоненттік нөмірі бар оператор 30 минут ішінде қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтаруы немесе бас тартуы туралы АНОДҚ хабарландырмаған жағдайда, АНОДҚ донорға қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтаруды растау туралы автоматты түрде хабарлайды.

      61. АНОДҚ-дан қателікпен көшірілген абоненттік нөмірді кері қайтару туралы хабарламаны алған сәттен бастап донор 30 минут ішінде абонентке көрсетілетін қызметті іске қосуды жүргізеді. Көрсетілетін қызметтер сәтті қосылғаннан кейін донор АНОДҚ-ға абоненттік нөмірді іске қосу туралы растау жібереді.

      62. АНОДҚ қателікпен көшірілген абоненттік нөмірі болған операторға абоненттік нөмірді іске қосу аяқталғаны және операторларға желідегі бағыттаудың өзгергені туралы хабарлама жібереді. Бұл ретте қателікпен көшірілген абоненттік нөмірі болған оператор 30 минут ішінде абоненттік нөмірді ажыратады.

      63. АНОДҚ-дан хабарламаны алған сәттен бастап байланыс операторлары 30 минуттан кешіктірмей көшірілген абоненттік нөмір бойынша бағыттаудағы өзгертулерді орындайды және АНОДҚ-дан хабарламаны алған сәттен бастап 1 сағаттан кешіктірмей АНОДҚ-ға өз желілерінде бағыттауды өзгерткені туралы растау жібереді.

      64. Қателікпен көшірілген абоненттік нөмірге көрсетілетін қызметтерді, тарифтік жоспарын, балансын донор қателікпен көшіру орындалған сәттегі қалпына келтіреді.

  Ұялы байланыс желілерінде
абоненттік нөмірді көшіру
қағидаларына
  қосымша
  Нысан
  ____________________________
____________________________
(реципиент-оператордың атауы)
____________________________
____________________________
(абоненттің тегі, аты, әкесінің
аты (бар болса), абоненттің
тұрғылықты мекенжайы,
байланыс нөмірі)

Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруге өтінім

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 21.05.2020 № 204/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Абоненттік нөмірді төменде келтірілген мәліметтер негізінде

      ________________________-дан __________________________-ға көшіруді сұраймын:

      (донор-оператордың атауы) (реципиент-оператордың атауы)

Абоненттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)/ұйымның атауы


ЖСН /БСН


Абоненттік нөмір/абоненттік нөмірлердің тізбесі


Көшіру күні (егер көшіруге өтінім кейінге қалдырылса толтырылады)


      Абоненттік нөмірді көшіруден бас тартуға негіздеме болмаған кезде:

Донор-оператормен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты бұзуды сұраймын

______________________________
(донор-оператордың атауы)

Көшірілген абоненттік нөмірді тарифтік жоспарға қосуды сұраймын:

______________________________
(тарифтік жоспардың атауы)

      Абонент толтырады

Мен, ________________ (абоненттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыру мақсатында реципиент-операторға, донор-операторға, АНОДҚ операторына "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес менің дербес деректерімді өңдеуге өз келісімімді беретінімді растаймын.

______________________
(абоненттің қолы)

      Заңды тұлға-абонент толтырады

Абоненттік нөмірлерді толығымен көшіруді таңдау.
немесе
Абоненттік нөмірлерді ішінара көшіруді таңдау.

_____________
_____________


Абоненттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

Қолы

Реципиент-оператордың жауапты тұлғасының лауазымы

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)


Қолы
Күні
Ұйым мөрі


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады