Байланыс формасы

Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 224 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 26 қазанда № 17612 болып тіркелді. "Казахстанская правда" от 06.12.2018 г. № 233 (28863).

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 27 қыркүйектегі
  № 224 қаулысымен
  бекітілді

Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою, қаржы саласындағы қызметті, қаржы ресурстарын шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметті жүзеге асыратын қаржы ұйымдарының және (немесе) өзге де заңды тұлғалардың (бұдан әрі – қатысушылар) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

      2. Ерекше реттеу режимі Заңның 51-4-бабының 2-тармағында айқындалған мақсаттарға қолжеткізу үшін енгізіледі.

2-тарау. Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою тәртібі

      3. Ерекше реттеу режимі Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен енгізіледі және күші жойылады.

      Ұлттық Банк Басқармасының ерекше реттеу режимін енгізу немесе оның күшін жою туралы шешімі оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

      Ерекше реттеу режимін енгізу немесе оның күшін жою туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      4. Ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызмет Ұлттық Банк пен қатысушы арасында жасасатын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде жүзеге асырылады.

      5. Шарттың қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша айқындалады, бірақ Заңның 51-4-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      6. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асырудың арнайы талаптары, қаржы саласындағы қызметтің (көрсетілетін қызметтердің, өнімдердің), қаржы ресурстарын шоғырландыруға және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтеріне байланысты қызметтің түрлері, шарттың қолданылу мерзімі, тұтынушылар саны, міндеттемелер көлемі, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі, "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2005 жылғы 13 маусымдағы, "Микроқаржы ұйымдары туралы""Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдары нормаларының және көрсетілген заңдарға сәйкес қабылданатын Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінің ерекше реттеу режиміне қатысушыларға қолданылу шектерін Ұлттық Банк әрбір қатысушыға қатысты жеке-жеке айқындайды.

      7. Ерекше реттеу режимінің:

      1) барлық қатысушылар ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті (көрсетілетін қызметтерді, өнімдерді) жүзеге асыруды (ұсынуды) тоқтатқан кезде;

      2) Ұлттық Банк ерекше реттеу режиміне барлық қатысушылармен шарттарды біржақты тәртіппен бұзған кезде;

      3) Ұлттық Банк Басқармасының шешімі бойынша өзге жағдайларда күші жойылады.

      8. Ерекше реттеу режимі енгізілген мерзімнің аяқталуына байланысты ерекше реттеу режимінің күші жойылған не оның қолданылуы тоқтатылған жағдайда шарттың қолданылуы тоқтатылады және қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметті тез арада тоқтатады.

      Шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде қатысушы 5 (бес) жұмыс күні ішінде өзінің тұтынушыларына ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызметті тоқтату туралы жазбаша хабарлайды және ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асыру (ұсыну) туралы тұтынушылармен жасасқан шарттардың (бұдан әрі – тұтынушылармен жасасқан шарт) талаптарында және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарында белгіленген тәртіппен және мерзімде өздерінің тұтынушылары алдындағы міндеттемелерін орындайды.

      Шарттың қолданылуын тоқтатқан кезде қатысушының тұтынушылармен жаңа шарттарды жасасуына, сондай-ақ тұтынушылармен қолданыстағы шарттарды ұзартуына немесе оларды өзгертуіне жол берілмейді.

3-тарау. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібі

      9. Ұлттық Банк ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асыратын (ұсынатын) қатысушының шартқа сәйкес қабылданған міндеттемелерді сақтауына ай сайын мониторинг жүргізеді.

      10. Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асырған (ұсынған) кезде:

      1) тұтынушыға қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асырғанға (ұсынғанға) дейін мынадай:

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысушы жүзеге асыратын (ұсынатын) қызмет (көрсетілетін қызмет, өнім) туралы;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысушының қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асыруына (ұсынуына) байланысты ықтимал тәуекелдер туралы;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асыру (ұсыну) талаптары, қызметті (көрсетілетін қызметті, өнімді) жүзеге асыру (ұсыну) тәртібі, оның құны (мөлшерлемелері, тарифтері), тұтынушымен шарт жасасуға қажетті, қатысушының ішкі қағидаларында айқындалған құжаттардың тізбесі туралы;

      қатысушының орналасқан жері, пошта және электрондық мекенжайы, интернет-ресурсы және байланыс телефондары туралы ақпаратты жібереді;

      2) тұтынушыларға Ұлттық Банктен тиісті ақпаратты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде енгізілген ерекше реттеу режимінің мерзімдері мен талаптарының өзгергені туралы хабарлайды;

      3) ай сайын, айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық Банкке шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын (ұсынылатын) қызметтің (көрсетілетін қызметтердің, өнімдердің) аралық нәтижелері туралы ақпаратты ұсынады.

      11. Қатысушы Ұлттық Банкке шарттың қолданылу мерзімін ұзарту қажеттілігінің негіздерін көрсете отырып, оны ұзарту туралы өтінішхатпен өтініш жасайды.

      Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхат Ұлттық Банкке шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей ұсынылады.

      12. Ұлттық Банк шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қарайды және қатысушыға қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.

      13. Мерзімін ұзартуды есепке алғанда, шарттың қолданылу мерзімі Заңның 51-4-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      14. Ұлттық Банк Заңның 51-5-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда шартты біржақты тәртіппен бұзады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады