"Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2021 жылғы 22 қарашадағы № 101 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 26 қарашадағы № 1224 бірлескен қаулысы мен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 4 желтоқсанда № 25547 болып тіркелді

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      1. "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – биржа) шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізетін жұмыс күндері, мынадай тәртіппен күнделікті айқындалады:

      1) Америка Құрама Штаттары (бұдан әрі – АҚШ) доллары бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы теңгенің АҚШ долларына қатысты Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15-30-дағы жағдай бойынша қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады;

      2) басқа шетел валюталары бойынша валюталарды айырбастаудың теңгеге қатысты нарықтық бағамы АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамын және осы валюталардың ақпараттық агенттіктердің арналары бойынша алынған сұраныстың баға белгіленімдеріне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 16-00-дегі жағдай бойынша қалыптасқан АҚШ долларына бағамдарын пайдалана отырып есептелген кросс-бағам ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биржада сауда-саттық жүргізілген күні осы тармақта белгіленген тәртіппен айқындалған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7977 болып тіркелген "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 қаулысына (бұдан әрі – Ресми бағамдар жөніндегі қаулы) қосымшада көрсетілген шетел валюталарының теңгеге қатысты бағамдарын белгілейді.

      Ресми бағамдар жөніндегі қаулыға қосымшада көрсетілмеген айырбасталатын валюталардың нарықтық бағамдарын ұйымдар осы тармақта белгіленген тәртіппен дербес айқындайды. АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамы белгіленген күні Файнэншл Таймс (Financial Times) газетінде немесе оның интернет-ресурсында, сондай-ақ Блумберг (Bloomberg) не РЕЙТЕР (Reuters) ақпараттық порталдарында жарияланған шетел валютасының АҚШ долларына бағамын пайдалануға болады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары, "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржылық есептілікті және бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қайта саналуы тиіс активтер мен міндеттемелерді қайта санауды биржада сауда-саттық жүргізілген күннің соңында осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып жүзеге асырсын.

      Қалған ұйымдар қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қайта санауға жататын активтер мен міндеттемелерді қайта санауды осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен, сауда-саттық жүргізілген есепті кезеңнің соңғы күніне айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын жабу бағамы ретінде пайдалана отырып есепті күні жүзеге асырсын.

      Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары, "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып бухгалтерлік есепті жүргізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болған жағдайда, бухгалтерлік есепті жүргізу мақсаттары үшін осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын биржада сауда-саттық жүргізілген күні және күннің соңында қайта санауды жүзеге асырмастан келесі жұмыс емес күндері пайдалана алады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Бухгалтерлік есеп департаменті (Д.А. Тайшыбаева) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулы мен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мен бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мен бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы мен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары А.М. Баймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы қаулы мен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев
     
      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады