Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 466 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 15 қыркүйекте № 33417 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 148-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрінің
міндетін атқарушысы
Т. Ешенкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрінің
міндетін атқарушысы
2023 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 466 Бұйрығына
қосымша

Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 148-2) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібін айқындайды.

      2. Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі "Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған жұмыстарды қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 242 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20852 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады

      3. Осы Қағидалар мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғалым – ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке тұлға;

      2) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) ғылыми қызметкер – ғылыми ұйымда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке тұлға;

      4) ғылыми ұйым – қызметінің негізгі түрі ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу болып табылатын заңды тұлға;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы - жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізеді, аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтарды қоспағанда;

      6) салалық уәкілетті орган – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      4. Көтермелеу мақсатында ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынады:

      1) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;

      2) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкін.

      Мемлекеттік ғылыми стипендиялар:

      мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;

      ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, қоса алғанда қырық жасқа дейінгі талантты жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.

      5. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды беруді уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      6. Ғылым саласындағы сыйлықтар (бұдан әрі – сыйлықтар) мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурстық негізде беріледі.

      7. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруге арналған конкурстарға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

      8. Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың мөлшерлері және конкурстық материалдарды ресімдеуге қойылатын талаптар "Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың мөлшерлерін және конкурстық материалдарды ресімдеуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 536 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 7392) айқындалады.

2-тарау. Ғылым саласындағы сыйлықтарды беру тәртібі

      9. Сыйлықтар алуға жұмыстарды ұсыну меншік нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі-ұйымдар) консультативтік – кеңесші органдарына (ғылыми кеңестеріне) беріледі.

      10. Сыйлыққа ұсынылатын жұмыстар жұмыс орындалған ұйымда қабылданады.

      11. Сыйлық алуға жеке авторлар, сондай-ақ саны бес адамнан аспайтын авторлар ұжымының жұмыстары ұсынылады. Әр автор және авторлар ұжымы конкурсқа бiр жұмыс ұсынады.

      12. Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетiн сыйлықтарға ие болған жұмыстар осы сыйлықтарды алу конкурсына қатысуға жiберiлмейдi. Сыйлыққа жұмыс екi реттен артық ұсынылмайды.

      Осы сыйлықтар лауреатының жаңа жетiстiктерi болған жағдайда, сыйлықтар оған соңғы тағайындалғаннан кейiн бес жыл өткен соң қайталанып берiледі.

      Ұжымдық жұмыстардың авторларына сыйлықтың ақшалай бөлiгi тең үлеспен төленедi.

      13. Сыйлықтарды алуға жарияланған жұмыстар, оның ішінде нөлдік емес импакт факторы бар халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған, конкурсты жариялау алдындағы жылды қоса алғанда, соңғы бес жыл ішінде орындалған, тиісті шешімді қабылдай отырып, ұйымдардың консультативтік-кеңесші органдарында жан-жақты талқылаудан өткен жұмыстар ұсынылады.

      14. Жас ғалымдарға арналған сыйлықтарды алуға арналған конкурсқа қоса алғанда қырық жасқа дейінгі жас ғалымдар қатыса алады.

      Жас ғалымдардың жұмыстары конкурс жарияланғанға дейiнгi жылды қоса алғанда соңғы үш жыл ішінде орындалған болуы керек.

      15. Конкурсқа мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) кiтаптар, монографиялар, оқулықтар, кiтапшаланған мақалалардың баспа-таңбалары, патенттер көшiрмелерi, авторлық куәліктер, мемлекеттiк тiркеуден өткен ғылыми-зерттеу жұмысы туралы есептер түрлеріндегі ғылыми жұмыс;

      2) мазмұны, зерттеулердің өзектілігі мен жаңалығы, негiзгi ғылыми нәтижелерi, олардың маңыздылығы мен болашақта пайдалану мүмкіндігі баяндалатын жұмыстың сипаттамасы (0,5 баспа парақтар);

      3) жұмыстың қысқаша аннотациясы;

      4) жұмысты ұсынған ұйымның консультативтік-кеңесші орган отырысының хаттамасынан үзiндi;

      5) сыйлық алуға үміткердің негiзгi қызмет орнынан анықтама;

      6) сыйлық алуға үміткердің ұжым жұмыстары үшiн шығармашылық үлесi көрсетiлген ғылыми қызметiне қысқаша сипаттама;

      7) негізгі ғылыми жұмыстардың тiзiмi (5-тен аспауға тиiс);

      8) конкурсқа ұсынылған жұмыстың (жұмыстар сериясы) бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін сыйлықтарға ие болмағанын куәландыратын анықтама.

      Сыйлық алуға үміткер жұмыстан босатылған жағдайда осы баптың 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар оның соңғы жұмыс орнынан ұсынылады.

      16. Сыйлықтарды алу конкурсына ұсынылған материалдар конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясына (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне) ұсынылады. Онда конкурстық құжаттар тiркеледi және құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталған соң 10 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияға қарауға берiледi.

      Конкурсты өткізу туралы хабарландыруды республикалық басылымдарда уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының интернет-ресурстарда (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі) орналастырады.

      17. Конкурсқа ұсынылған жұмыстар мен материалдар авторлардың жазбаша талаптары бойынша бiр данада қайтарылады.

      18. Конкурстық құжаттарды қарау және сыйлықтарды тағайындау мәселесі бойынша шешімдер дайындау үшін уәкілетті органның (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі) бұйрығымен конкурстық комиссия құрылады.

      Конкурстық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады және министрліктер, ведомстволар және басқада мемлекеттік органдардың өкілдерінен, республиканың әртүрлі ғылым салаларының жетекші ғалымдары мен мамандары құрамынан құрылады.

      Егер осы сыйлықтарды алуға конкурстық комиссия мүшелерінің жұмыстары ұсынылған жағдайда, олар комиссияның жұмысына қатыспайды.

      19. Конкурстық комиссия тақ саннан, бірақ конкурстық комиссияның кемінде 11 мүшесінен тұрады.

      Конкурстық комиссияның отырыстары оған конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

      Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.

      20. Сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды алдын ала қарау үшiн конкурстық комиссия мүшелерінен секциялар құрылады. Секциялар кандидаттардың жұмыстарын уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттар бойынша бағалайды.

      21. Конкурстық комиссия секциялардың қорытындылары негізінде, оларды алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне) сыйлықтарды беру жөніндегі шешімді енгізеді.

      22. Уәкілетті орган (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі) конкурстық комиссия шешімінің негізінде сыйлықтарды беру туралы шешім қабылдайды.

      23. Сыйлықтарды беру жөніндегі конкурстардың нәтижелері республикалық басылымдарда жариялануға, уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің) Интернет ресурстарында орналастыруға жатады.

      24. Сыйлық беру туралы дипломдар, төсбелгілер мен ақшалай сыйлықтарды лауреаттарға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі (аграрлық ғылымдар саласындағы сыйлықтар бойынша – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі) тапсырады.

      25. Қайтыс болғаннан кейін наградталған сыйлық лауреатының дипломы, төсбелгісі және ақшалай сыйлығы мұрагерлеріне беріледі.

3-тарау. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру тәртібі

      26. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну ұйымдардың консультативтік-кеңесші органдарына берiледi.

      27. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну туралы шешiм стипендия алу үшiн ұсынылатын үміткер жұмыс істейтін ұйымда белгiленген тәртiппен қабылданады.

      28. Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болған ғалымдар осы стипендияларды алуға алдыңғы тағайындалған жылдан кейін кемінде үш жыл өткен соң қайта жіберілуі мүмкін.

      29. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар бір жылға дейінгі мерзімге ғылым саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен тағайындалады.

      30. Мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға ұсынылып отырған үміткерге мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) тиісті ұйымның ілеспе хаты;

      2) ұйымның консультативтік-кеңесші органының мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткерді ұсыну туралы отырысы хаттамасынан үзiндi;

      3) ұйымның консультативтік-кеңесші органының уәжделген қолдау хаты (ұсынымы);

      4) мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткердің негiзгi қызмет орнынан анықтама;

      5) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға үміткердің соңғы бес жылда жарияланған ғылыми жұмыстарының тізімі, сондай-ақ ең маңызды жұмыстардың баспа-таңбалары (бестен аспауы керек). Монография бойынша екі бетке дейінгі көлемдегі басылған аннотация беріледі.

      31. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар алуға арналған конкурсқа ұсынылған материалдар конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына ұсынылады. Онда конкурстық құжаттар тiркеледi және құжаттарды қабылдау мерзiмi аяқталған соң 10 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияға қарауға берiледi.

      Конкурсты өткізу туралы хабарландыруды республикалық басылымдарда уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының интернет-ресурстарында орналастырады.

      32. Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен құжаттар конкурсқа жіберілмейді.

      33. Конкурсқа ұсынылған материалдар қайтаруға жатпайды.

      34. Конкурс материалдарын қарау және мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау мәселесі жөніндегі шешімдерді дайындау үшін уәкілетті органның бұйрығымен конкурстық комиссия құрылады.

      Конкурстық комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады және уәкілетті органның басшы қызметкерлерінен, республикадағы ғылымның әртүрлі салаларының жетекші ғалымдары мен мамандарынан құрылады.

      Осы стипендияларды алуға конкурстық комиссия мүшелерін ұсынған кезде соңғылары комиссия жұмысына қатыспайды.

      35. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру үшін үміткерлерді іріктеу шарттарын уәкілетті орган әзірлеп бекітеді.

      36. Мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылған кандидаттардың жұмыстарын алдын ала қарау үшін конкурстық комиссия мүшелерінен сараптау топтары құрылады.

      37. Конкурстық комиссия сараптау топтардың қорытындылары негізінде оларды алғаннан кейін 20 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру жөнінде шешім енгізеді.

      38. Уәкілетті орган конкурстық комиссия шешімінің негізінде мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру туралы шешім қабылдайды.

      39. Мемлекеттік ғылыми стипендия республикалық бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасы Президентінің өмір бойғы стипендиясын алатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигіне тағайындалмайды.

      40. Конкурстан өткен стипендиаттардың тізімі республикалық ресми басылымдарда жарияланады және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының интернет-ресурстарында орналастырылады.

      41. Мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы сертификаттарды уәкілетті орган береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады