Байланыс формасы

Мемлекеттік сатып алу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы N 321 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі N 303 Заңымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.21.  N 303  (Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілi мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаны тиімді пайдалану мақсатында өнім берушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейдi. 
       Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

   1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 
      1) акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың аффилиирленген тұлғалары - акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың шешімдерiн тура және (немесе) жанама түрде белгілеуге және (немесе) олар қабылдайтын шешiмдерге, оның ішiнде негiзгі ұйымның акцияларын (үлестерiн) иелену құқықтарын жүзеге асыруға байланысты шешiмдерге, шарттарға ықпал етуге мүмкiндiгi бар тұлғалар (акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбірек проценті немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың қызметін реттеуді өздеріне берiлген өкілеттік шеңберінде жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың өзiне қатысты осындай құқығы болатын кез келген тұлға;  
      2) ықтимал өнім берушінің аффилиирленген тұлғасы - осы ықтимал өнім беруші қабылдайтын шешімді анықтауға және (немесе) шешімге, оның ішінде шарттың немесе өзге де мәміленің күшіне қарай ықпал етуге тікелей және (немесе) жанама құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзі жөнінде сол ықтимал өнім берушінің осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      2-1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік монополия - шаруашылық жүргізудi тек қана мемлекеттiк органдар және (немесе) мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының заң актiлерi негiзiнде жүзеге асыратын, сондай-ақ бәсекелестікті енгізу ұлттық қауіпсiздiк, құқық тәртiбi, мемлекеттің жоғары лауазымды адамдарының қауіпсiздігі, қорғаныс және қорғаныс-өнеркәсіптiк кешен мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысынан мақсатқа сай болмайтын жағдайларда жүзеге асырылатын қызмет саласы. Мемлекеттiк монополия субъектілерінің және осы субъектілер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды;
      3) мемлекеттiк сатып алу - мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердің, сондай-ақ акцияларының (үлестерінiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билігіндегі ақшаның есебінен, осы Заңның 27-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы; 
      3-1) конкурстық өтiнiмнiң демпингтік бағасы - тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтер белгілі бір тауар рыногында қалыптасқан бағалар деңгейiнен едәуір төмен бағамен ұсынылатын, ықтимал өнім берушінің конкурстық өтінімінің бағасы; <*> 
      4) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлеріне сәйкес тапсырыс берушi мен өнім беруші арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт; 
      5) тапсырыс беруші - мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу және одан көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар. Тапсырыс беруші конкурстың бастамашысы болып табылады; 
      6) конкурс - тапсырыс берушінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуына бағытталған және ықтимал өнiм берушiлер арасында ашық та адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін мемлекеттiк сатып алуды жүргізу әдiсi; 
      7) конкурстық құжаттама - конкурсты өткізу талаптары мен тәртібі қамтылатын, конкурстық өтінімді дайындау үшін ықтимал өнiм берушiге табыс етілетін құжаттама; 
      8) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету - конкурсқа қатысуға тілек білдірген ықтимал өнiм берушi табыс ететін ақша кепiлi немесе банк кепілдігі; 
      9) біртекті тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер; 
      10) конкурсты ұйымдастырушы - тапсырыс беруші немесе осы Заңға сәйкес конкурсты ұйымдастыру және өткiзу үшін тапсырыс беруші белгілеген адам; 
      11) мерзiмдi баспасөз - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайтын, өткізілуге       дайындалып жатқан және өткiзілген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер жарияланатын мерзiмдi баспасөз басылымдары; 
      12) өнiм берушi - тапсырыс берушімен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта келісім-шарт жасасушы агент ретiнде әрекет ететін жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға; 
      13) ықтимал өнiм берушi - мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мақсатымен мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын жеке немесе заңды (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе) тұлға; 
      14) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, мемлекеттiк сатып алу процесiн реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып
             алу туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

       3-бап. Мемлекеттік сатып алу процесін
             құқықтық реттеу принциптері

      Мемлекеттiк сатып алу процесін құқықтық реттеу:
      1) сатып алу үшiн пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық ықтимал өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуына тең мүмкiндiк беру;
      3) ықтимал өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестiк;
      4) мемлекеттiк сатып алу процесiнiң жариялылығы принциптеріне негiзделедi.

       4-бап. Мемлекеттік сатып алу процесi

      Мемлекеттік сатып алу процесi:
      1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiн қалыптастыруды;
      2) өнiм берушiнi таңдауды, онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
      3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды. 

       5-бап. Уәкiлеттi органның құзыреті

      Уәкілетті орган:          
      1) мемлекеттiк сатып алу саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және iске асыруды қамтамасыз етедi; 
      2) мемлекеттiк сатып алу мәселелері бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды қорытады және әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды; 
      3) мемлекеттiк сатып алу процесiн үйлестiрілуi мен мониторингiн жүзеге асырады; 
      3-1) тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билігіндегі ақша есебінен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті субъектiлердiң Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады; 
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады; 
      5) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi жөнiндегi есептiлiктiң нысанын, оны жасау мен табыс етудің тәртiбiн әзірлейді; 
      6) әдiстемелiк материалдарды, үлгілік конкурстық құжаттаманы әзiрлейдi және бекiтедi, мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша конкурстарды ұйымдастырушыларға консультациялық көмек көрсетедi; 
      7) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін конкурстарды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушiлер мен конкурс комиссияларының Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарын бұза отырып қабылдаған шешімдерін қайта қарау немесе олардың күшін жою жөнінде шешімдер қабылдайды; 
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары бұзыла отырып жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде соттарға талап қою ісін жүргізеді; 
      9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкімшілік жазалар қолданылады; 
      9-1) тапсырыс берушiлерге және конкурсты ұйымдастырушыларға, сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысына өз құзыретiндегі мәселелер бойынша орындалуға мiндеттi ұйғарымдар енгізедi;
      9-2) конкурстық комиссияның, конкурсты ұйымдастырушының немесе тапсырыс берушiнiң іс-әрекеттеріне шағым жасалған жағдайда мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасасуды тиiстi тексеру жүргізу кезеңiне, бірақ күнтiзбелік отыз күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы;
      9-3) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiне талдау жасайды;
      9-4) тапсырыс берушiлерден қажеттi есептiлiктi, ақпараттар мен материалдарды сұратады және алады;
      9-5) ұсынылған есептiлiк деректердің дұрыстығын тексередi;
      9-6) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзу мәселелері бойынша тапсырыс берушілер орындауға мiндеттi шешiмдер қабылдайды;
      9-7) мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн бақылайды;
      9-8) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс өткiзiлген кезде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берiлiп, ол конкурс қорытындысына ықпалын тигiзген жағдайда және егер өткiзілген конкурс конкурстың жеңiмпазын айқындауға және шарт жасасуға алып келмесе - конкурсты жарамсыз деп тану туралы шешiмдер қабылдайды;
      9-9) сараптамалар мен консультациялар өткізуге мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың мамандарын тартады; 
      9-10) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы  заңнамасына  сәйкес ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. 
      Уәкiлеттi органның ұйғарымдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн. 
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N  569 , 2007.01.11. N  218  Заңдарымен .

       6-бап. Мемлекеттiк сатып алуға байланысты
             қызметтегi жариялылық

      1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, өткiзiлуге дайындалып жатқан және өткізілген мемлекеттік сатып алу туралы мәлiметтердi конкурсты ұйымдастырушы мерзiмдi баспасөзде жариялайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысандар мен мерзiмдерде уәкілетті органға табыс етеді. 
      2. Уәкілетті орган ықтимал өнiм берушiнің мемлекеттiк сатып алу процесіне өзiнiң қатысуын жоспарлауы үшiн мемлекеттiк сатып алу туралы ақпаратты мерзімді баспасөзде ұдайы жариялап отырады және (немесе) жалпыға жететін телекоммуникациялық желілерге (Интернет және басқалар) орналастырады.

       6-1-бап. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн
              қызметтердi өз билігіндегi ақша есебiнен сатып
              алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік
              сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге
              асыруға міндеттi субъектiлердің мемлекеттiк
              тiзiлiмi

      Мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерді өз билiгiндегi ақша есебінен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi Субъектiлердiң мемлекеттік тiзілімiне енгiзiлуге тиiс.
      Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өз билiгiндегi ақша есебiнен сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi Субъектілердiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзудің және одан шығарудың тәртібiн уәкiлеттi орган белгілейдi.
      Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       7-бап. Мемлекеттiк сатып алу процесiне
            байланысты шектеулер

      1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын ықтимал өнiм берушiнiң лауазымды немесе сенiм бiлдiрген адамының жақын туыстарының (ата-анасы, ерлi-зайыптылар, аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, балалары) немесе жекжаттарының (ерлi-зайыптылардың аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ата-анасы және балалары) мемлекеттiк сатып алу процесіне байланысты тапсырыс берушiнiң мүдделерiн бiлдiруге құқығы жоқ. 
      2. Ықтимал өнiм берушiнің және (немесе) оның конкурстық құжаттаманы дайындау бойынша тапсырыс берушiге консультациялық қызметтер көрсеткен қызметкерiнің көрсетiлген консультациялық қызметтерге байланысты тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысуға құқығы жоқ. 
      3. Ықтимал өнiм берушi мен оның аффилиирленген тұлғасының бір конкурсқа (лотқа) қатысуға құқығы жоқ. 
      4. Осы бапта көрсетiлген негiздер бойынша конкурстық өтiнiм қабылданбай тасталған кезде конкурстың қорытындылары туралы хаттамада оның қабылданбау негiздемелерi көрсетiледi, олар осы конкурстық өтiнiмдi табыс еткен ықтимал өнiм берушiге хабарланады. 

       8-бап. Ықтимал өнiм берушiге қойылатын
             бiлiктiлiк талаптары

      1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысу үшiн ықтимал өнiм берушi, осы Заңның 20-бабында және 21-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мынадай бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге: 
      1) кәсіптiк бiлiктiлiгi, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетiн қызметтердiң тиiстi рыногында кемінде бір жыл жұмыс тәжiрибесі болуға; 
      2) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындауға қажеттi қаржы, материалдық және еңбек ресурстары болуға; 
      3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу үшін азаматтық құқық қабілеттiлiгі болуға; 
      4) төлем қабiлетi болуға, таратылуға жатпауға, оның мүлкiне тыйым салынбаған болуға тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатылып қоймаған болуға тиіс; 
      5) мемлекеттiк сатып алу туралы соңғы екi жыл iшiнде жасалған шарттардағы өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негізiнде жауапқа тартылмаған болуға тиiс. 
      Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер рыногындағы жұмыс тәжірибесі болуының қажеттігі туралы талаптар осы Заңның 27-бабына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектілерiне және ықтимал өнiм берушілер болып табылатын жағдайларда мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдарына қолданылмайды. 
      1-1. Мемлекеттік сатып алу жөнiндегi конкурстарға кәсіпкерлiк қызметпен айналыспайтын ықтимал өнiм беруші - жеке тұлғалар өздері осындай ықтимал өнім берушi - жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесiлі тауарларды тапсырыс берушіге сату мақсатында қатысқан кезде, осы баптың 1-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көзделген талаптарды қоспағанда, олардың білiктiлiк талаптарына сай болуы талап етiлмейдi. 
      2. Ықтимал өнiм берушi өзінің осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетінін растау үшін конкурсты ұйымдастырушыға аттестаттардың, куәлiктердiң, патенттердiң, лицензиялардың, сертификаттардың, дипломдардың және анықтамалардың көшiрмелерiн табыс етеді. 
      Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылы үшiн аудиторлық есептi де табыс етеді. 
      3. Ықтимал өнiм берушi, оған бiлiктiлiк талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берілген жағдайда, осындай факт анықталған кезден бастап бiр жыл ішінде мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысуға жiберiлмейдi. 
      Табыс етілетін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы конкурстық  комиссияның ықтимал өнім берушiнiң бiлiктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарын қарауы кезiнде анықталады.
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ықтимал өнiм берушiлердің дәйектемесiз ақпарат ұсынған анықталған барлық фактiлерi туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi. 
      Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар өнiм берушiлердiң мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны туралы сотқа талап-арыздар ұсынған кезде олардың талап-арыздары қанағаттандырылған жағдайда, олар сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн үш жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органның мекен-жайына белгiленген тәртiппен расталған сот шешiмiнің көшiрмесiн жiбере отырып, оны хабардар етуге мiндеттi. 
      Бiлiктiлiк талаптары бойынша дәйектемесiз ақпарат ұсынған ықтимал өнiм берушiлер туралы, сондай-ақ соңғы екi жыл iшiнде мемлекеттiк сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн соттың заңды күшiне енген шешiмi негiзiнде жауапқа тартылған ықтимал өнiм берушiлер туралы ақпарат уәкiлеттi органның WEB-сайтына орналастырылады. 
      4. Конкурсты ұйымдастырушының ықтимал өнiм берушiге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Ықтимал өнiм берушi өзіне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына жатпайтын ақпаратты табыс етпеуге құқылы.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       9-бап. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәсiлдерi

      1. Мемлекеттiк сатып алу мына тәсiлдердiң бiрiмен:
      1) ашық конкурс;
      2) жабық конкурс;
      3) баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып, өнiм берушiнi таңдау;
      4) бiр көзден сатып алу;
      5) ашық тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
      2. Ашық және жабық конкурстар екi кезеңдi рәсiм пайдаланыла отырып өткiзiлуi мүмкiн. 
      3. Мемлекеттiк сатып алуды осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында аталған тәсілдермен жүзеге асыру үшiн конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссия құрады. 
      Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу, конкурстық комиссияны құру мен оның қызметінің тәртібін, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың салалық ерекшеліктерін және солар бойынша шарттар жасасу мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 
      4. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсiпорындар қаржы жоспарын бекiткен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарын бекiтедi, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледi. 
      Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар жыл сайын, бiрiншi сәуірден кешіктірмей, бюджеттердің (бизнес-жоспарлардың) негізінде, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледі. 
      Тапсырыс берушi мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары бекiтiлгеннен кейiн оны жеті жұмыс күні ішінде уәкiлеттi органға табыс етеді. 
      Мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарының нысанын уәкiлеттi орган бекiтедi. 
      5. Мемлекеттiк органдардың, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс беруші, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген мерзімде республикалық бюджет туралы заң немесе мәслихаттың тиісті жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешімі қабылданбаса, Қазақстан Республикасының Үкіметі келесі жылдың бірінші тоқсанына белгілейтін тізбе бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сатып алу көлемінен осы шарт бойынша аспайтын көлемде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданылуын ұзартуға құқылы.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер олардың үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында, егер жаңа қаржы жылының басына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетi бекiтiлмеген болса, осы баптың 5-тармағының бiрiншi бөлiгiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тiзбе бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданылуын ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында осы шарт бойынша мемлекеттiк сатып алу көлемiнен аспайтын көлемде келесi жылдың бiрiншi тоқсанына ұзартуға да құқылы. 
      Құрылыстағы ұзақ мерзiмдi мердiгерлiк жұмыстарға және оларға iлеспе тауарларға және (немесе) көрсетiлетiн қызметтерге жасалған шарттар, сондай-ақ әзiрленуiнiң технологиялық мерзiмi бiр жылдан асатын тауарларды сатып алу туралы шарттар бiр жылдан асатын мерзiмге жасалуы мүмкiн. Мұндай шарттар жасасудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi. 
      6. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес тапсырыс беруші таңдайды. 
       Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

  2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК САТЫП АЛУДЫ АШЫҚ КОНКУРС
ТӘСIЛIМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

       10-бап. Ашық конкурсты ұйымдастыру

      1. Осы Заңда сатып алуды жүзеге асырудың өзгеше тәсiлi көзделген жағдайларды қоспағанда, ашық конкурс мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың негiзгі тәсiлi болып табылады. 
      2. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсты ұйымдастырады және өткiзедi.
      Тапсырыс берушi бюджет (бизнес-жоспар) бекiтiлгеннен кейiн келесi жылға қажеттi және бекiтiлген бюджетте (бизнес-жоспарда) көзделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiнде конкурс өткiзу туралы шешiм қабылдауға құқылы. 
      3. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi өзіне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны анықтауға құқылы. 
      Тапсырыс беруші мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме болған жағдайда, басқа мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің конкурсты ұйымдастырушы болып белгіленуі мүмкін. 
      Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөліністің әкiмi жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi үшiн олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы. 
      Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс әкiмiнiң бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуін қоспағанда, тиiстi бюджеттердiң деңгейлерi бойынша өзiне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілей алады. 
      Мемлекеттік кәсіпорындар мен акцияларының (үлестерiнің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар өздерінің аффилиирленген заңды тұлғалары үшін бірыңғай конкурсты ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгілеуге құқылы. 
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік кәсіпорындар және өзі құрылтайшысы (уәкілетті орган) болып табылатын заңды тұлғалар үшін конкурсты ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы. 
      4. Мемлекеттiк органдарға бағынысты мемлекеттiк мекемелерден басқа, бiрнеше тапсырыс берушi біртекті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттiк сатып алу жөнiнде бiрыңғай конкурс өткiзе алады. Бұл орайда бірыңғай конкурсты ұйымдастырушыны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 
       Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       11-бап. Конкурсты өткiзу туралы хабарландыру
              (хабарлама)

      1. Конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда (хабарлама) мынадай мәлiметтер: 
      1) конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi; 
      2) жорамалданып отырған мемлекеттік сатып алудың көлемi, атауы және тауарлардың жеткiзілу, жұмыстардың орындалу және қызметтердiң көрсетілу орны; 
      3) тауарлар жеткiзудiң, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етiлетiн мерзiмдерi; 
      4) конкурстық құжаттама алу орны мен тәсiлдерi, сондай-ақ оған төлем жасаудың реквизиттерi; 
      5) конкурстық өтiнiмдер табыс етілетін орын мен соңғы мерзiмi, сондай-ақ конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күнi мен уақыты; 
      6) конкурсты ұйымдастырушы белгілейтін басқа да қажетті ақпарат болуға тиіс. 
      2. Ашық конкурсты өткiзу туралы хабарландыру конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталған күнге дейiн күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірмей мерзімді баспасөзде мемлекеттік тілде және орыс тiлiнде жариялануға тиiс.
      Хабарландырулар бiр мезгiлде уәкiлеттi органның WEB-сайтында жариялануы мүмкiн.
      Конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда қайтадан ашық конкурс өткiзу туралы хабарландыру конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталатын күнге дейiн күнтізбелік он бес күннен кешiктiрілмей мерзiмдi баспасөзде жариялануға тиiс. 
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       12-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны

      1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал өнiм берушiге мынадай ақпарат: 
      1) ықтимал өнiм берушi өзінің қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растау үшін табыс етуге тиісті құжаттарға қойылатын талаптар; 
      2) техникалық ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, ал қажет болған жағдайда нормативтiк-техникалық құжаттама көрсетiле отырып, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер сипатталған жазбалар мен олардың талап етілетін техникалық және сапалық сипаттамалары; 
      3) сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң көлемi; 
      4) тауарлардың жеткізілу, жұмыстардың орындалу немесе қызметтердiң көрсетілу орны; 
      5) тауарлар жеткiзудің, жұмыстар орындаудың немесе қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзiмдерi; 
      6) төлем талаптары және мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарт; 
      7) жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтау негiзделетiн бағадан басқа, барлық өлшемдердің сипаттамасы, соның ішінде мұндай әрбiр өлшемдердің салыстырмалы мәнi, конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру тәсiлiнің сипаттамасы; 
      8) егер тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң балама сипаттамаларына жол берiлсе, баламалы конкурстық өтiнiмдерге баға беру мен салыстыру тәсілінің тиiстi нұсқамасы мен сипаттамасы, шарттың ережелерi немесе конкурстық құжаттамада айтылған басқа да талаптар; 
      9) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің өз құнынан басқа, бағаның басқа элементтердi (тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтар мен алымдарды және т.б. төлеуге арналған шығыстарды) қамтуға тиiс екендігіне не тиiс еместiгiне нұсқамаларды қоса алғанда, конкурстық өтінімнiң бағасын есептеу әдістемесі; 
      10) конкурстық өтiнiмнiң бағасы көрсетiлуге тиiсті валютаны немесе валюталарды және конкурстық өтiнiмдердiң бағасын салыстыру мен бағалау мақсатында бiрыңғай валютаға келтiру үшiн қолданылатын бағам; 
      11) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарына сәйкес конкурстық өтiнiмдердi, мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасау мен табыс етудің тiлiне қойылатын талаптар; 
      12) конкурстық өтiнiмдi енгiзу талаптары, мазмұны мен қамтамасыз ету нысаны; 
      13) ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiм берудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқама; 
      14) конкурстық өтiнiмдер беру тәсiлi, орны және соңғы мерзiмi (бiрақ жұмыс күніндегi жергiлiктi уақыт бойынша он бес сағаттан кешіктірмей) және олардың қолданылу мерзiмi; 
      15) ықтимал өнiм берушiнің конкурстық өтінімнің бір бөлігін ұсыну құқығына тиісті нұсқау, онда конкурстық өтінім бар конверттерді тікелей ашу сәтінде сатып алынатын тауарлардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасы көрсетіледі; 
      16) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал өнім берушілердің солардың көмегімен түсіндірме сұрата алатын тәсілдері және конкурсты ұйымдастырушының сол кезеңде ықтимал өнім берушілермен ашық нысанда өткізілетін және хаттамаланатын кездесу өткізу ниеті туралы хабарламасы; 
      17) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күн және уақыт (бірақ конкурстық өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткен кезден бастап екі сағаттан кешіктірмей); 
      18) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу және конкурстық өтінімдерді қарау үшін пайдаланылатын рәсімдер; 
      19) конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушының өкілдік етуге ол уәкiлеттiк берген лауазымды адамдары туралы мәліметтер; 
      20) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудi енгiзу талаптары, оның нысаны, көлемi мен тәсiлi; 
      21) отандық тауар өндірушіге - ықтимал өнiм берушiлерге басымдық беру талаптары мен тәртiбi көрсетілген конкурстық құжаттаманы табыс етуге мiндетті. 
      2. Бiртектi тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi сатып алу жөнінде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi оларды жеткiзіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бiртектi тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң бірнеше түрін сатып алу жөнінде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi олардың бiртекті түрлерi бойынша және (немесе) жеткiзіп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бұл орайда конкурс жеңімпазы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң әрбiр лоты бойынша анықталады. 
      3. Құрылыс мерзiмi алты айдан асатын құрылыс объектiлерiне мердiгерлiк жұмыстарды мемлекеттік сатып алу өткізілген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада сатып алу үшiн көзделген ең жоғары соманы көрсетуге құқылы. 
      4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткені үшiн конкурстық құжаттаманың көшірмесіне нақты жұмсалған шығындардан аспайтын, ал жабық конкурс өткізілген жағдайда оны жіберу үшін де Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейтiн тәртiп пен талаптар бойынша ақы алуға құқылы. 
      Егер конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттiк мекеме болса, мұндай ақы тиiстi бюджет кiрiсiнің есебіне аударылады. 
      5. Ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттама ережелерiне түсiндiрме беру туралы сұрау салып жүгінуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмді табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiнгі күнтізбелік он күннен кешiктiрiлмеуi керек. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген кезден бастап үш күн мерзім ішінде оған жауап қайтаруға және сұрау салудың кімнен түскенін көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнім берушіге осындай түсіндірмені хабарлауға міндетті. 
      6. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмді табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн күнтізбелік бес күннен кешiктiрмей өз бастамасымен немесе ықтимал өнiм берушiнiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресімдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізуге құқылы. <*>
      Енгізілген өзгерістердің міндетті күші болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы берген барлық ықтимал өнiм берушiлерге олар туралы дереу хабарлайды. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнiм берушiлердің бұл өзгерістерді конкурстық өтiнiмдерде есепке алуы үшін конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмiн кемiнде күнтізбелік он күн мерзiмге ұзартады. 
      7. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiне түсiндiрме беру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта ықтимал өнiм берушілермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы осы кездесу барысында табыс етілген конкурстық құжаттамаға түсiндiрме беру туралы сауал салу көздері көрсетілмеген сауалдарды, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптарды қамтитын хаттама жасайды. Хаттама конкурстық комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнім берушілерге дереу жiберiледi. 
      8. Конкурстық құжаттама уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгi негізінде жасалады. 
      Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       13-бап. Конкурстық өтiнiмдердің қолданылу, табыс
             етілу, өзгертiлу және кері қайтарып
             алыну мерзiмi

      1. Конкурсқа қатысуға тілек білдiрген ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн конкурстық құжаттамаға сәйкес конкурстық өтiнiмдi желiмделген конвертке салып конкурсты ұйымдастырушыға табыс етуге мiндеттi. 
      Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiн дайындауға және беруге, сондай-ақ өзінің осы Заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы өткiзетiн кездесуге қатысуына байланысты барлық шығыстарды көтередi. Конкурсты ұйымдастырушы, тапсырыс берушi және конкурстық комиссия конкурстың нәтижелерiне қарамастан, осы шығыстарды өтеу жөнiнде мiндеттеме алмайды. 
      2. Конкурстық өтiнiмдер конкурстық құжаттамаға сәйкес онда көрсетiлген мерзiм ішінде күшiнде қалады. 
      3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердiң қолданылу мерзiмi өткенге дейiнгі күнтізбелік он күннен кешiктiрмей ықтимал өнiм берушiлерден осы мерзiмдi нақты уақыт кезеңiне ұзартуды өтiнуге құқылы. Ықтимал өнiм берушi өзi берген конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi қайтып алу құқығын жоғалтпай, мұндай сауалды қабылдамауға құқылы және оның конкурстық өтiнiмiнің мерзiмi ұзартылмаған қолданылу мерзiмi біткен соң аяқталады. 
      4. Ықтимал өнiм берушi өзi берген конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi қайтарып алу құқығын жоғалтпай, конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгертуге немесе кері қайтарып алуға құқылы. Мұндай өзгерiс немесе кері қайтарып алу туралы хабарлама, егер оны конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн алса, жарамды болып табылады. 
      5. Конкурстық өтінім берудің ең соңғы мерзімі өтіп кеткеннен кейін берілген конкурстық өтінім ашылмайды және ол ықтимал өнім берушіге қайтарылады. 

       14-бап. Конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету

      1. Конкурсқа қатысуға тiлек білдiрген ықтимал өнiм берушi, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамада көзделген, конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткеннен кейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн кері қайтарып алмайтынына немесе өзгертпейтiнiне кепiлдiк беретiн нысанда, тәсіл мен жағдайларда мәлімделген жалпы соманың бiр процентiнен үш процентiне дейінгі мөлшерде конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi енгiзуге, сондай-ақ оның конкурстық өтінімі жеңіп шықты деп танылған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға мiндеттi. Бұл ретте конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету мөлшерi барлық конкурсқа қатысушылар үшiн бiрдей болуға тиiс. 
      2. Ықтимал өнiм берушiлер, егер: 
      1) олар шағын кәсіпкерлік субъектілерi болып табылатын және тұтас алғанда конкурс бойынша олар ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердің көлемі құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептік көрсеткiштiң алты мың еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда ғана; 
      1-1) олар Қазақстан Республикасы мүгедектерiнiң қоғамдық бiрлестiктерi құрған тауар өндіруші, жұмыстар орындаушы және қызмет көрсетуші ұйымдар болса және тұтас алғанда конкурс бойынша олар ұсынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердің көлемi құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептік көрсеткіштің он сегіз мың еселенген мөлшерiнен аспайтын жағдайда ғана; 
      2) мемлекеттiк сатып алу нысанасы iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер, талдамалар жүргiзу болса; 
      3) олар екi кезеңдi рәсiмдердi пайдалана отырып, конкурстың бiрiншi кезеңiне қатысса;
      4) олар қайталама рыноктағы тұрғын үйді мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысушы жеке тұлғалар болып табылса;
      5) олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алуға конкурсқа қатысушы үүкіметтік емес ұйымдар болып табылса, конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
      3. Конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету: 
      1) банкте орналастырылатын ақша кепiлi; 
      2) банк кепiлдiгi түрiнде берiлуi мүмкiн. 
      4. Конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудiң қолданылу мерзiмi конкурстық өтiнiмнiң өзiнiң қолданылу мерзiмiнен кем болмауға тиiс. 
      5. Конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету, егер ықтимал өнiм берушi: 
      1) конкурстық өтiнiмді табыс етудің соңғы мерзiмi өткеннен кейiн конкурстық өтiнiмдi кері қайтарып алса немесе өзгертсе; 
      2) конкурстың жеңiмпазы ретiнде анықтала отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасаспаса; 
      3) конкурстық құжаттамада көзделген нысанда, көлемде және талаптарда мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойылғаннан кейiн мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзбесе, конкурстық өтiнiмдi және тиiстi қамтамасыз етудi табыс еткен ықтимал өнiм берушiге қайтарылмайды. 
      Бұл орайда, мемлекеттiк сатып алу мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебінен жүзеге асырылған жағдайда, конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету сомасы тиiстi бюджет кiрiсiне немесе, егер ол конкурсты ұйымдастырушы болса, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есебіне аударылады. 
      6. Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнiм берушiге енгізілген конкурстық өтінімді қамтамасыз ету келіп түскен кезінен бастап мынадай жағдайларда: 
      1) конкурстық өтiнімнің қолданылу мерзiмi өткен; 
      2) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт күшiне енген; 
      3) конкурстың жеңiмпазы анықталмай, мемлекеттiк сатып алу рәсiмдері тоқтатылған; 
      4) конкурстық өтiнiмдердi табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн конкурстық өтiнiм кері қайтарып алынған; 
      5) конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмейді деп, конкурстық өтiнiм қабылданбаған;
      6) басқа ықтимал өнiм беруші конкурстың жеңiмпазы болып айқындалған жағдайларда бес жұмыс күнi iшiнде қайтарып бередi. 
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N  569 ,   2005.04.12.  N 35   Заңдарымен

       15-бап. Конкурстық өтінімдер салынған конверттердi ашу

      1. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiмде, уақыт пен орында ашады. Конкурстық өтiнiмді табыс еткен ықтимал өнiм берушi немесе оның уәкiлеттi өкiлi конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашқан кезде қатысуға құқылы. 
      2. Конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашқан кезде конкурстық комиссия қатысып отырған тұлғаларға конкурсқа қатысатын ықтимал өнiм берушiлердiң атауы мен тұратын жерiн, олар ұсынған бағаны, егер олар құжат арқылы көрсетілсе, конкурстық өтінімдерді кері қайтарып алуды және өзгертудi, конкурстық өтiнiмдi құрайтын құжаттардың болуы немесе болмауы туралы ақпаратты хабарлайды және конкурстық өтiнiмдердi ашу хаттамасын жасайды. 
      Конкурстық өтiнiмдердi ашу хаттамасының конкурстық комиссиясының мүшелері және хатшысы қол қойған көшірмесі ашу рәсімі кезінде қатысушы ықтимал өнім берушілерге беріледі, қатыспағандарға - олардан сауал салу алынған күннен бастап екі жұмыс күні мерзімінен кешіктірілмей жіберіледі. 
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .       

       16-бап. Конкурстық өтiнiмдердi қарау, бағалау мен
              салыстыру және конкурс қорытындыларын шығару

      1. Конкурстық өтiнiмдердi қарау, бағалау және салыстыру кезiнде: 
      1) конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдердi қарау, бағалау және салыстыруды жеңiлдету үшiн ықтимал өнiм берушiлерден олардың конкурстық өтінім беруіне байланысты түсіндірмелер сұратуға құқылы;
      1-1) ықтимал өнiм берушілердiң конкурстық өтінімдеріндегі мәлiметтердi нақтылау мақсатында конкурстық комиссия тиiстi мемлекеттiк органдардан, жеке және заңды тұлғалардан қажеттi ақпарат сұратуға құқылы; 
      2) конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмейтін конкурстық өтінімдi осы талаптарға сәйкес келтiру үшiн сауалдар, ұсыныстар немесе рұқсаттар жасауға жол берілмейді.
      1-1. Ықтимал өнiм берушінің конкурстық өтiнімiн бағалау кезiнде осы ықтимал өнiм берушiден тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi тапсырыс берушiнiң сатып алумен байланысты барлық шығыстары ескеріледi. 
      2. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімді, егер онда конкурстық өтінімнің мәнін өзгертпей түзетуге келетін грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін конкурстық өтінім ретінде қарайды. 
      3. Конкурстық комиссия, егер: 
      1) осы конкурстық өтінімдi табыс еткен ықтимал өнiм берушi бiлiктiлiк талаптарына сай келмесе; 
      2) ықтимал өнiм берушi, осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамада көзделген нысанда, көлем мен талаптарда конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз етудi енгiзбесе; 
      3) осы конкурстық өтінім, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келмесе; 
      3-1) осы конкурстық өтiнiмдi тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтерді сатып алу өз мүддесiне орай жүзеге асырылатын тұлға берсе; 
      4) конкурсқа қатысуға жiберiлген ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтінімiнің бағасы осы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетiн қызметтердi сатып алуға бөлiнген сомадан артық болса, конкурстық өтiнiмдi қабылдамайды. 
      Объектiлердi салуға және оларға iлеспе тауарларға және (немесе) көрсетiлетiн қызметтерге мердiгерлiк жұмыстарды мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi, сондай-ақ әзiрленуiнiң технологиялық мерзiмi бір жылдан асатын тауарларды сатып алуға конкурс өткiзiлген кезде, егер конкурсқа қатысуға жiберiлген ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтінімінің бағасы осы тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу үшiн көзделген сомадан артық болған жағдайда да оның конкурстық өтінімі қабылданбайды. 
      3-1. Егер ықтимал өнiм берушінің конкурстық өтінiмiнің бағасы демпингтiк болып табылатын жағдайда, конкурстық комиссия оның конкурстық өтiнiмiн қабылдамауға құқылы. Конкурстық өтiнiмнің демпингтік бағасын айқындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. 
      4. Егер конкурсқа қатысуға біліктiлiк талаптарын қанағаттандыратын екеуден кем ықтимал өнім беруші конкурстық өтiнiм берсе, конкурстық комиссия конкурс өтпедi деп таниды. 
      Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң бiртекті түрлерiн сатып алуға конкурс өткiзу кезiнде, егер қайсыбір лот бойынша біліктілік талаптарына сай келмейтін екеуден кем ықтимал өнім беруші конкурстық өтінім бермесе, конкурстық комиссия осы лот бойынша конкурс өтпеді деп таниды. 
      Егер конкурстық құжаттама талаптарына сай келетiн екiден кем  конкурстық өтінім ұсынылған болса да конкурстық комиссия конкурсты өтпей қалды деп таниды. 
      5. Егер конкурс тұтас алғанда немесе қайсыбір лот бойынша өтпеді деп танылса, тапсырыс берушi конкурсты ұйымдастырушыға:
      1) қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманың мазмұнын өзгертудi және қайтадан конкурс өткiзудi; 
      2) екi кезеңдi рәсiмдi пайдалана отырып, конкурс өткiзуді ұсынуға құқылы.
      6. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшін қабылданған конкурстық өтінімдерге баға берiп, оларды салыстырады және мынадай өлшемдердi ескере отырып, ең төменгі баға негiзiнде жеңiп шыққан конкурстық өтінімдi айқындайды:
      1)  алып тасталды
      2) сатып алынатын тауарларды пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстар;
      3) тауарларды жеткiзіп беру, жұмыстарды аяқтау немесе қызметтердi көрсету мерзiмдерi;
      4) тауарлардың функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамалары;
      5) төлем талаптары;
      6) тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге кепiлдiк беру талаптары; 
      7) мейлінше жоғары экономикалық тиiмдiлiктi қамтамасыз ететiн басқа да өлшемдер (қосымша инвестициялар, жұмыспен қамтуды ынталандыру, технологияны беру мен басқару, ғылыми және өндiрiс кадрларын даярлау), сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтердiң тиісті рыногындағы жұмыс тәжiрибесi; 
      8) осы Заңның 26-бабына сәйкес отандық тауар өндiрушiлерді - ықтимал өнiм берушiлердi қолдау; 
      9) ықтимал өнiм берушiнiң бiлiктiлiк деректері. 
      7. Мемлекеттік сатып алудың нысанасы консультациялық қызметтер көрсетуді тарту болатын жағдайда: 
      1) конкурстық өтiнiмнiң бағасы; 
      2) консультациялық қызметтердiң сапалық сипаттамалары; 
      3) ықтимал өнiм берушiнiң осы қызметтер көрсету рыногындағы жұмыс тәжiрибесi; 
      4) ықтимал өнiм берушiнiң біліктілік деректері, беделі, сенімділігі, кәсіптік құзыретті іріктеу өлшемдері болып табылады. 
      8. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзiмде конкурстың қорытындыларын шығарады. 
      9. Конкурстың қорытындылары осы Заңның 17-бабына сәйкес отырысқа қатысқан конкурстық комиссияның мүшелерi мен хатшысы қол қоятын хаттама түрiнде ресiмделедi.  
      10. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурстың қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін уәкілетті органға табыс етеді. 
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде конкурс нәтижелерін оның атауын, жеңімпазы мен оның мекен-жайын, конкурс жеңімпазы ұсынған тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің атауын және бірлігінің бағасын көрсете отырып, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мерзімді баспасөзде жариялау жолымен барлық қатысқан ықтимал өнім берушілерге хабарлайды.  
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       17-бап. Конкурс қорытындылары туралы хаттама

      1. Конкурс арқылы мемлекеттiк сатып алу жүзеге асырған кезде конкурстық комиссия конкурстың қорытындылары туралы хаттама ресiмдеуге мiндетті, онда мынадай ақпарат болуға тиiс: 
      1) әрбір лот бойынша конкурс жеңімпазының атауы мен орналасқан жері және жеңімпаз анықталатын талаптар көрсетіле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң атауы және қысқаша сипаттамасы; 
      2) конкурстық өтiнiмдерді табыс еткен ықтимал өнiм берушiлердiң атауы мен орналасқан жерi; 
      3) конкурстық өтiнiмдерді табыс еткен ықтимал өнiм берушiлердiң бiлiктілiк деректерi туралы немесе осындай деректердің жоқ болуы туралы; 
      4) әрбiр конкурстық өтiнiмнің бағасы және басқа да негiзгі жағдайларының қысқаша мазмұны; 
      5) конкурстық өтiнiмдердi бағалаудың мазмұны және оларды салыстыру; 
      6) конкурстық өтiнiмдердi қабылдамаудың себептерiн көрсету; 
      7) егер конкурс нәтижесiнде жеңiмпаз анықталмаса, себептерін көрсету; 
      8) конкурстық құжаттамаға түсiндiрме беру туралы сауалдардың, оларға қайтарылған жауаптардың қорытылған мазмұны, сондай-ақ конкурстық құжаттамаға енгізілген өзгерiстер мен толықтырулардың қорытылған мазмұны; 
      9) мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа қол қойылуға тиiс болған мерзім (конкурс жеңiмпазы хабарламаны алған кезден бастап үш жұмыс күнінен аспауы керек);
      10) егер конкурс өткен жағдайда, - сатып алуға бөлiнген сома.<*>
      Конкурстық өтiнiмдi ұсынған ықтимал өнiм беруші конкурстың қорытындылары мерзiмдi баспасөзде жарияланған күннен бастап күнтізбелік бес күн iшiнде конкурстың қорытындылары бойынша уәкiлеттi органға шағым жасауға құқылы. Бұл ретте мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру процесінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаралады.  
      2. Конкурстың қорытындылары туралы хаттама конкурсқа қатысуға конкурстық өтiнiмдi табыс еткен кез келген ықтимал өнiм берушiнiң талап етуi бойынша конкурс қорытындылары шығарылғаннан кейiн табыс етiледi. Егер бұл ақпаратта Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәліметтер болған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарында белгiленген тәртіппен беріледi.  
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

  3-ТАРАУ. МЕМЛЕКЕТТIК САТЫП АЛУДЫ БАСҚА ТӘСIЛДЕРМЕН
ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

       18-бап. Жабық конкурс

      1. Жабық конкурс уәкілетті органның келісімі бойынша, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер олардың күрделi немесе мамандандырылған сипатта болуы себебiмен ықтимал өнiм берушiлердiң конкурсты ұйымдастырушыға алдын ала мәлім шектеулi санында ғана болған жағдайларда өткiзiледi. 
      2. Жабық конкурс өткiзу туралы хабарлама сатып алынатын тауарлары, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерi бар барлық ықтимал өнiм берушілерге осы конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталатын күнге дейiн бiр айдан кешiктiрілмейтін мерзімде жiберілуге тиiс. 
      Хабарлама жiберiлетiн ықтимал өнiм берушiлердiң тiзiмiн тапсырыс берушінің басшысы бекiтедi. 
      3. Жабық конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Заңның 2-тарауында көзделген нормалар қолданылады. 

       19-бап. Екi кезеңдi рәсiмдер пайдаланылатын конкурс

      1. Екi кезеңдi рәсiмдер пайдаланылатын конкурс: 
      1) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі ерекшелiктерiн толық тұжырымдау, олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын анықтау қиын және ықтимал өнiм берушiлердiң ұсыныстарын сұрау не туындаған мәселелер бойынша олармен келiссөз жүргiзу қажет болған; 
      2) ғылыми зерттеулер, эксперименттер, iздестiрулер жүргiзу немесе талдамалар жасау қажет болған; 
      3) бiр кезеңдi ашық конкурс немесе жабық конкурс жеңiмпазды анықтауға жеткізбеген жағдайларда өткiзiледi. 
      2. Екi кезеңдi рәсiмдер пайдаланылатын конкурс мынадай кезеңдердiң: 
      1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң техникалық, сапалық немесе өзге сипаттамаларына, оларды берудiң (орындаудың, қызмет көрсетудің) шарттық талаптарына қатысты ұсыныстарды ықтимал өнім берушiлерден конкурстық құжаттама негiзiнде сұрату; ықтимал өнім берушілер конкурстық құжаттамаға сәйкес бағасын көрсетпей табыс еткен бастапқы конкурстық өтінімдердi қарау; ықтимал өнiм берушiлердің бiлiктiлiк деректерін қарау; қажет болған жағдайда тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң техникалық, сапалық немесе өзге сипаттамаларына, оларды берудiң (орындаудың, қызмет көрсетудің) шарттық талаптарына қатысты мәселелердi біліктілік талаптарына сай келетін ықтимал өнім берушiлермен талқылау; 
      2) ықтимал өнiм берушiлер табыс еткен тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң техникалық, сапалық немесе өзге де сипаттамалары негiзiнде конкурстық құжаттамаға конкурсты ұйымдастырушының өзгерiстер енгiзуi; конкурстың бiрiншi кезеңiнен өткен ықтимал өнiм берушiлердің түпкiлiктi конкурстық өтiнiмдердi табыс етуі; олардың бағасы мен бағалық ұсыныстарын және бағалау өлшемдерiн ескере отырып салыстыру, конкурс қорытындыларын шығару кезеңдерінің жиынтығы болып табылады. 
      3. Екi кезеңдi рәсiмдер пайдаланылатын конкурс арқылы мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде бастапқы конкурстық құжаттамада осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 2), 7)-9) тармақшаларында айтылған ақпарат болмауы мүмкін. 
      4. Ықтимал өнiм берушi конкурстық өтінімдi қамтамасыз етудi қайтару құқығын жоғалтпай, түпкi конкурстық өтінімдi табыс етпеуге құқылы. 
      5. Конкурстық комиссия түпкі конкурстық өтінімдер салынған конверттер ашылған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде екi кезеңді рәсімдер пайдаланылатын конкурстың қорытындыларын шығарады. 
      6. Екi кезеңдi рәсімдер пайдаланылатын ашық конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, осы Заңның 2-тарауында көзделген нормалар қолданылады. 
      Екi кезеңдi рәсiмдер пайдаланылатын жабық конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, осы Заңның 18-бабында көзделген нормалар қолданылады. 

       20-бап. Өнім берушіні баға ұсыныстарын сұратуды
              пайдалана отырып таңдау

      1. Өнiм берушіні баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып таңдау тапсырыс берушi үшiн егжей-тегжейлi ерекшелiктерiнiң елеулi маңызы жоқ, нақтылы бар тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жүргізіледі, бұл орайда баға шешуші талап болып табылады. 
      2. Өнiм берушіні баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып таңдау, осы тармақтың екiншi бөлiгінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, қандай болса да бiртектi тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алудың жылдық көлемдері құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептік көрсеткiштiң төрт мың еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана қолданылады.
      Мемлекеттiк бюджеттің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнiң қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелер қандай болса да бiртектi тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алудың жылдық көлемiнiң құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштiң екі мың еселенген мөлшерiнен аспаған жағдайда ғана өнiм берушіні баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып таңдауға құқылы.  
      3. Өнiм берушiнi баға ұсыныстарын пайдалана отырып таңдау әдісін қолдану мақсатында қаржы жылы ішінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң бiртекті түрлерiн сатып алудың жылдық көлемiн олардың ең болмаса бiреуiнiң мөлшерi осы баптың 2-тармағында белгiленгеннен кем болатындай бөлiктерге бөлшектеуге жол берiлмейдi. 
      4. Тапсырыс берушi кем дегенде екi аффилиирлендірілмеген ықтимал өнiм берушiден сатып алынатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жазбаша баға ұсыныстарын сұратады және белгiленген мерзiмде түскен барлық баға ұсыныстарын қарайды. Тапсырыс берушi ең төмен баға ұсынысын табыс еткен ықтимал өнiм берушiден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi сатып алады.
       Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       21-бап. Бiр көзден мемлекеттiк сатып алу

      1. Бiр көзден мемлекеттiк сатып алу конкурсты қолданбай сатып алуды бiлдiредi және: 
      1) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер табиғи монополияның субъектісі болып табылатын ықтимал өнiм берушiде ғана нақтылы болған немесе қандай да бiр нақты ықтимал өнім берушiнiң баламасы жоқ болған жағдайда осы тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтары болған;
      1-1) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер белгiлi бір тауар рыногындағы үлесi жүз процентке тең, осы рынокта үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектісiнде ғана болған немесе балама болмаған;  
      1-2) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер мемлекеттiк монополия субъектiсi болып табылатын ықтимал өнiм берушiде ғана болған;  
      2) дүлей зілзалалар (жер сілкіну, сел, көшкін, су тасқыны және басқалар), табиғи өрттер, індеттер мен эпизоотиялар, ауыл шаруашылық өсімдіктері мен ормандарды аурулардың және зиянкестердің зақымдануы туғызған төтенше жағдайлардың, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік авариялары мен басқа да авариялар, өрттер (жарылыстар), күшті әсер ететін улы радиоактивті және биологиялық қауіпті заттар шығаратын (шығару қатері бар) өрттер, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, бөгеттердің бұзылуы, тіршілік етудің электр энергетикалық және коммуникациялық жүйелеріндегі, тазалау құрылыстарындағы авариялар туғызған төтенше жағдайлардың салдарынан Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен сол тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге конкурс өткізу мүмкіндігін жоққа шығаратын жедел қажеттiктер туындаған; 
      3) қандай да бiр өнiм берушіден тауарлар, жабдықтар, технологиялар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер сатып алған тапсырыс берушіде нақ сол тапсырыс берушіде бірыңғайлау, стандарттау немесе қолда бар тауарлармен, жабдықтармен, технологиямен, жұмыстармен немесе көрсетілетін қызметтермен сыйымдылығын қамтамасыз ету мақсатында нақ сол тапсырыс берушіден басқа да сатып алуды жүргiзу қажеттігі туындайтын;  
      4) конкурс өтпей қалды деп танылған және (немесе) тапсырыс берушi қолданған, осы Заңның 16-бабының 5-тармағында көзделген шаралар мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға алып келмеген жағдайларда ғана жүргізiледi. Бұл ретте осы ереже конкурс жарамсыз деп танылған жағдайларға қолданылмайды;  
      5) сатып алғанда стратегиялық маңызы зор тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер берушіні осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген;
      6) коммуникациялар, тетiктер, агрегаттар, қосалқы бөлшектер мен материалдар жол жүрiп бара жатқанда сынған, iстен шыққан әрі оларды дереу қалпына келтiру талап етілген жағдайда акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбірек процентi немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар, заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар уәкiлеттi органға кейiннен мiндеттi түрде күнтiзбелiк он күннен аспайтын мерзiмде хабарлай отырып, тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған;  
      7) күн сайын және (немесе) апта сайын тұтынылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi конкурстың қорытындылары шығарылғанға дейiнгi кезеңге мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қажет болған жағдайларда ғана жүргiзiледi;  
      8) кепiл берушi - Қазақстан Республикасының азаматы ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мiндеттеменi орындауға қабiлетсiз болған жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша талап ету құқығын сатып алады.  
      2. Егер мемлекеттiк бюджеттің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнің қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттік органдар мен мемлекеттiк мекемелер үшiн бiртектi тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алудың жылдық көлемi құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің екi мың еселенген мөлшерiнен, ал акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорындар, заңды тұлғалар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткіштiң төрт мың еселенген мөлшерiнен артық болса, осы баптың 1-тармағының 1), 1-1), 3), 4) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда мемлекеттiк сатып алуды тапсырыс берушi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша жүзеге асырады. Табиғи монополия субъектiлерінің немесе белгілi бiр тауар рыногындағы үлесi жүз процентке тең, осы рынокта үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсiнiң тауарларын, жұмыстарын және көрсетілетiн қызметтерiн сатып алуы уәкiлеттi органның келiсiмiн талап етпейдi.
      Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетiн қызметтердiң бiртекті түрлерiн, егер олардың тіптi бiреуінің мөлшерi айлық есептiк көрсеткiштiң:
      1) мемлекеттiк бюджеттiң, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнiң қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк мекемелер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң екi мың еселенген мөлшерiнен;
      2) акцияларының (үлестерінің) елу және одан көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындар, заңды тұлғалар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткіштiң төрт мың еселенген мөлшерiнен кем болса, сатып алудың жылдық көлемiн қаржы жылы iшiнде бөлшектеуге жол берілмейдi.
      Осы баптың 1-тармағының 1-2) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде тапсырыс берушілер мемлекеттiк монополия субъектілерiнен осы субъектiлер мемлекеттiк монополия субъектiлерi ретiнде айқындалған бөлiгiнде көрсететiн қызметтердi ғана сатып алуға құқылы. Бұл ретте уәкілеттi органның келiсiмi талап етiлмейдi.  
      3. Бiр көзден мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезiнде конкурстық комиссия осындай ықтимал өнiм берушiден тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң осы ықтимал өнiм берушi ұсынып отырған бағасының барлық қажетті негiздемелерiн сұратады. 
      Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасында көзделген жағдайда мемлекеттiк сатып алу бір көзден сатып алу тәсiлiмен жүргiзiлген кезде конкурстық комиссияны құру талап етілмейдi. <*>
      4. Бiр көзден мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде ықтимал өнiм берушi, осы баптың 1-тармағының 1), 1-1), 1-2) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 8-бабында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге тиiс. Осы баптың 1-тармағының 1), 1-1), 1-2) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, бiр көзден сатып алу тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды келiсудің тәртiбiн, сондай-ақ бұл жағдайларда өтiнiштердi қарау үшін қажеттi құжаттардың тiзбесiн уәкiлетті орган белгілейдi.  
      5. Бiр көзден мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде конкурстық комиссия сатып алу туралы хаттама жасауға міндетті, онда мынадай ақпараттар: 
      1) бiр көзден мемлекеттік сатып алу әдiсiн қолданудың негiздемесi; 
      2) бiр көзден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң қысқаша сипаттамасы; 
      3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасалатын өнiм берушiнiң атауы мен орналасқан жерi және осындай шарттың бағасы болуға тиiс.
       Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N  569 , 2004.07.09. N  587   Заңдарымен

       22-бап. Ашық тауар биржалары арқылы мемлекеттік 
             сатып алу

      Мемлекеттiк сатып алу процесінде тек қана ашық тауар биржалары арқылы сатылуға тиiстi биржалық тауарлар тiзбесiне енгiзілген тауарлар сатып алынатын жағдайда, мемлекеттiк сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңдарына сәйкес тауар биржаларында жүргiзіледi.
      Биржалық тауарлар тiзбесiне енгiзілген қандай да бір бiртектi тауарларды мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемi құны жағынан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептiк көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен, ал мемлекеттiк бюджеттiң, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетінiң қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк органдар мен мемлекеттік мекемелер үшін тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептiк көрсеткiштiң екі мың еселенген мөлшерден аспайтын болса, егер Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңдарында өзге ең төменгі көлем белгіленбесе, тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың өзге тәсілін таңдауға құқылы.
       Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       23-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу

      1. Тапсырыс берушi конкурс жеңiмпазы - ықтимал өнiм берушiге хабарлай отырып, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес типтiк шарттың негізiнде жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына қол қояды және оны оларға жiбередi.  
      2. Конкурстың жеңiмпазы оның конкурстық өтiнiмiн жеңiп шықты деп тану туралы хабарламаны және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын алған кезден бастап бес жұмыс күні iшiнде осы шартқа қол қоюға немесе тапсырыс берушiнi келiспеушiлiктер туралы немесе шартқа қол қоюдан бас тарту туралы жазбаша хабардар етуге мiндеттi.  
      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудың мерзiмi конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.  
      4. Мемлекеттік сатып aлу туралы шарттың жобасына немесе қол қойылған мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа (бағасын төмендетудi қоспағанда) өнiм берушіні таңдау үшін негіз болған ұсыныстың мазмұнын өзгертуi мүмкiн қандай да бiр өзгерiстер және (немесе) жаңа талаптар енгiзуге жол берілмейдi.
      Өнiм берушiнi таңдау үшiн негіз болған сапа, көлем және басқа да талаптар өзгермейтін жағдайда мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына немесе қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартқа бағасын төмендету бөлiгінде өзгерiстер енгізуге жол берiледi.
      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойғанға дейiн шарттың бағасын төмендету мақсатында ықтимал өнім берушімен келiссөздер жүргiзуге құқылы. Бұл ретте ықтимал өнім беруші мұндай төмендетуге келіспеуге құқылы, ол тапсырыс берушіге тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы болып танылған ықтимал өнiм берушімен жасалатын шартқа қол қоюдан жалтару құқығын бермейді.
      Егер мемлекеттiк сатып алу туралы шартты орындау барысында сатып алынатын ұқсас тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетін қызметтердің бағалары төмендеу жағына өзгерген жағдайда, осы тармақта көзделген ережелер ескерiле отырып, тапсырыс беруші мен ықтимал өнiм берушінің екі жақты келiсiмi бойынша мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа тиiстi өзгерiстер енгізiлуi мүмкiн.  
      5. Тапсырыс берушi өнiм берушiден мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi енгiзудi талап етуге құқылы және өнiм берушi бұл қамтамасыз етуді ол конкурстық құжаттамада көзделген жағдайда ғана Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде және тәртiппен енгізуге міндетті. 
      6. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта тараптардың оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшiн айыппұл санкциялары көзделуге тиіс.
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .  

  4-тарау. АРНАУЛЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       24-бап. Қорғаныс, құқықтық тәртiп және ұлттық
              қауiпсiздiк қажеттерiн қамтамасыз етуге
              арналған мемлекеттiк сатып алудың ерекше
              талаптары

      Мемлекеттiк сатып алу процесi үшiн құпиялылық режимін сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мен қорғаныс қабілетінің кепiлдiгiн қамтамасыз ететін ерекше тәртіп белгілеу талап етілетiн жағдайларды қоспағанда, қорғаныс, құқықтық тәртіп және ұлттық қауіпсiздiк қажеттерiн қамтамасыз ету үшін мемлекеттiк сатып алу осы Заңға сәйкес жүргiзіледi. Осындай сатып алуды жүргiзудiң ерекше тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi. 

       24-1-бап. Мемлекеттiк меншiкке билік етуге уәкiлеттi
               мемлекеттiк органның көрсетілетін қызметтердi
               сатып алуының ерекше талаптары

      Активтердi басқарудың тиiмдiлiгiне талдау жүргізу, жекешелендiру объектiлерінің құнын және олардың қаржылық жай-күйiн бағалау жөнiндегi қызметтердi мемлекеттік сатып алу, инвестициялық міндеттемелердi орындау Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ерекше тәртiппен жүргiзіледi.
      Ескерту. 24-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       25-бап. Жеке адамдар үшiн мемлекет кепiлдiк берген
              көрсетілетін қызметтердi сатып алудың
              ерекше талаптары

      Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актілерiнде мемлекет кепiлдiк берген қызметтер көрсетушіні таңдау құқығы тiкелей жеке адамға берiлген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтін тәртіппен белгіленген баға (тарифтер) бойынша жеке адам таңдаған өнiм берушіден осы қызметтердi мемлекеттік сатып алуды тапсырыс беруші жүзеге асырады. 

       25-1-бап. Ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып
                мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру

      1. Ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттік сатып алу арнайы тәртiппен жүзеге асырылады. Мемлекеттiк сатып алу процесін жүзеге асырудың арнайы тәртiбiн, ақпараттық жүйеге жол берудің ерекшелігін, номенклатураны, көлемдердi және мемлекеттік сатып алу процесiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ақпараттық жүйелер арқылы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыруға міндетті тапсырыс берушілерді Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Мемлекеттiк сатып алу процесін қамтамасыз ету үшiн құрылатын ақпараттық жүйелер саласындағы шаруашылық жүргізудi жүзеге асыру мемлекеттік монополия болып табылады.
      Ескерту. 25-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен

       26-бап. Отандық тауар өндiрушiлердi қорғау талаптары

      1. Отандық тауар өндiрушi - ықтимал өнiм берушiлердің жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтау кезінде басымдығы болады, оның тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Республикасының Yкіметi белгiлейді. 
      2. Отандық тауар өндiрушi - ықтимал өнiм берушiлерге басымдық беру талабы конкурстық құжаттамада көзделуге тиiс. 
      3. Егер мемлекеттiк сатып алудың нысанасы Қазақстан Республикасының аумағында орындалатын (көрсетілетін) жұмыстар (қызметтер) болса, тапсырыс берушi отандық (қазақстандық) шикiзат пен материалдарды, жергілiктi (қазақстандық) еңбек және өндiрiс ресурстарын пайдалана отырып, жұмыстар орындауды (қызметтер көрсетуді) талап етуге құқылы. Мұндай талап конкурстық құжаттамада көзделуге тиiс. 

       27-бап. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру 
             кезiнде шағын кәсiпкерлiк субъектілерi 
             мен мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері
             ұйымдарын қолдау

      1. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсты ұйымдастыру кезінде конкурсты ұйымдастырушы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін шағын кәсіпкерлiк субъектiлерiнен және (немесе) тауарлар өндіретін, жұмыстар орындап, қызметтер көрсететін, Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдардан сатып алуды жүзеге асыруға міндетті. 
      Бұл орайда мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің аталған ұйымдарындағы мүгедектер саны қызметкерлердің жалпы санының елу бір процентінен кем болмауға тиіс. 
      1-1. Осы баптың 1-тармағында белгіленген ережелерді іске асыру үшін конкурсты ұйымдастырушы тек қана шағын кәсіпкерлік субъектілері және (немесе) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған тауарлар өндіруші, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетуші ұйымдар қатыстырылатын конкурс өткізеді.
      Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен және (немесе) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған тауарлар өндіруші, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетуші ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде олардың арасынан өнiм берушіні таңдау, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Заңның 2-тарауында көзделген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 16-бабында көзделген негiздер бойынша мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда конкурсты ұйымдастырушы осы Заңның 16-бабының 5-тармағына сәйкес жалпы негiздерде конкурсты қайтадан өткiзуге құқылы.  
      2. Шағын кәсiпкерлiк субъектілерiнен және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің аталған ұйымдарынан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы және олардың көлемін (процентпен көрсеткенде) Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілеп отырады. 
      3. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен және Қазақстан Республикасы мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің сол ұйымдарынан конкурстық өтінімдер түспеген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы сатып алуды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жалпы негiзде жүзеге асыруға құқылы.
       Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N 569   Заңымен .

       27-1-бап. Сатып алынуы мемлекеттiк сатып алу нысанасы
                болып табылмайтын тауарлар, жұмыстар мен
                көрсетілетiн қызметтер

      1. Мыналар:
      1) жергiлiктi атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстар;
      2) жалақы, жәрдемақылар, iссапар шығыстары және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер;
      3) ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторларына төленетiн авторлық сыйақы;
      4) мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурстың жеңiмпаздары болып белгіленген акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк кәсіпорындар, заңды тұлғалар немесе олармен аффилиирленген заңды тұлғалар жүзеге асыратын, осы конкурстың нәтижесiнде белгiленген өздерiнiң шарттық мiндеттемелерiн орындауға қажетті тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу;
      5) өкiлдiк шығыстар (өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау мақсатында жүргізiлетін ресми қабылдауларды өткiзу, сондай-ақ басқарманың, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетінің қаражаты есебiнен қамтылатын органдардың, директорлар кеңесiнiң, тексеру комиссиясының отырысына қатысушыларды ресми қарсы алу және акционерлер жиналысын өткiзуге арналған, келiссөздер кезiнде оларды көлiкпен қамтамасыз ету, буфет (фуршет) қызметiн көрсету жөнiндегi, ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегі шығыстар);
      6) көрмелерге, семинарларға, конференцияларға, кеңестерге қатысуға қажетті шығыстар, сондай-ақ көрмелердiң, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердiң материалдарын сатып алу, мерзiмдi баспасөз басылымдарын сатып алу;
      7) қызметкерлердi шет елдерде даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру;
      8) кепіл, кепiлдiк және қаржылық қызметтердi тарту туралы шарттар бойынша мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етудің басқа да тәсiлдерi;
      8-1) мүлікті лизингтік қызметті жүзеге асыру шеңберінде лизингке беру мақсатымен сатып алу.
      9) лизингке беру, факторинг, франчайзинг, комиссия шарты бойынша сыйақы төлеу, сенiмгерлiк басқару, бюджет қаражатынан төлем жасау бөлігінде тiкелей субсидия алушыға субсидия бepу;
      10) рейтингтiк агенттiктер көрсететiн қызметтердi сатып алу, қаржылық қызметтер (сақтандыру қызметтерiн, сондай-ақ табиғи монополия субъектiлерiнiң қаржылық қызметтердi тартуын қоспағанда);
      11) мемлекеттер, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық және мемлекеттiк ұйымдар, қызметтерi қайырымдылық және халықаралық сипаттағы шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар Қазақстан Республикасының Үкiметiне белгілi бiр мақсаттарға (мiндеттерге) жету үшiн өтеусіз негiзде ұсынатын гранттар қаражатын, сондай-ақ оларды беру туралы келiсiмде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың өзге де рәсiмдерi көзделген жағдайларда осы гранттарды бiрлесiп қаржыландыруға бөлiнетiн қаражатты жұмсау;
      12) мемлекеттiк бiлiм тапсырысы;
      13) медициналық көмектiң тегiн кепiлдi көлемi;
      14) саудаларға (аукциондарға) қатысуға байланысты шығыстар, мүлiктi (активтердi):
      Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдарына сәйкес сот орындаушылары жүргiзетiн;
      Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес өткiзiлетін;
      Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес өткiзілетiн;
      мемлекеттiк мүлікті жекешелендiру кезiндегi;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тiзбе бойынша өткiзілетiн саудаларда (аукциондарда) сатып алу;
      15) бағалы қағаздарды сатып алу;
      16) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң монетарлық қызметi;
      17) банкноттар мен монеталардың дизайны бойынша көрсетiлетiн қызметтер, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгенi жасауға байланысты тауарлар, жұмыстар және көрсетiлетiн қызметтер;
      18) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлік басқару жөнiндегi қызметi;
      19) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына сыртқы аудит жүргiзу;
      20) ұйымдардың жарғылық капиталына инвестициялар салуды жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасы Инвестициялық қорының қызметi, сондай-ақ осы ұйымдардың мұндай инвестициялау жүзеге асырылғанға дейiн оларға осы Заңның күші қолданылмаған жағдайда тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуы;
      21) Қазақстан Республикасы Қылмыстық ic жүргізу кодексінің 72-бабына, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргiзу кодексiнiң 114 және 304-баптарына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 590-бабына және "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес (6-бапта көзделген жағдайларды қоспағанда) адвокаттар көрсететін заң көмегi үшiн ақы төлеуден босатылған тұлғаларға көрсетiлген заң көмегi үшін ақы төлеу және мұндай жағдайларда қорғау мен айыпталушының немесе сезiктінің таңдау құқығы болмаған кезде қылмыстық iстер бойынша адвокаттық қызмет көрсетілуiне байланысты шығыстарды өтеу;
      22) жасалатын нотариаттық iс-әрекеттер үшiн ақы төлеу;
      23) мемлекеттік органдардың актілерi негізiнде жер учаскелерiн беру үшін ақы төлеу;
      24) акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттік кәсiпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың (табиғи монополиялар субъектілерiн қоспағанда) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тiзбе бойынша тауарларды кейiннен көтерме-бөлшек саудада өткізу мақсатында сатып алуы;
      25) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарында көзделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу;
      26) мемлекеттiк награлаларды, депутаттың омырауға тағатын белгісін, мемлекеттiк сенiм таңбаларын, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарын (оның iшiнде қызметтiк және дипломатиялық), Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәлiктерiн, шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн, акциздік маркаларды, мемлекеттiк үлгiдегi білiм туралы құжаттарды әзiрлеу үшін ақы төлеу;
      27) статистикалық деректердi өңдеу жөнiндегi қызметтердi сатып алу;
      28) акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көбiрек процентi немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың инновациялық қызметтi қаржыландыру жөнiндегi шешiмдi қабылдау мақсатында инновацияларға тәуелсiз ғылыми-техникалық сараптама жүргiзу жөнiндегi қызметтердi сатып алуы;
      29) ұйымдардың Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылатын қызметінің негiзгi нысанасы бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетін қызметтердi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тізбе бойынша сатып алуы;
      30) жедел-iздестiру қызметi мiндеттерiн жүзеге асыруға уәкiлеттi органдардың оларды орындау кезiнде:
      жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға құпия түрде жәрдемдесуге келісім берген адамдар көрсететiн қызметтердi;
      қызметтік үй-жайларды, көлiктiк және өзге де техникалық құралдарды, мүлікті сатып алуы;
      жасырын кәсіпорындар мен ұйымдар құруы;
      қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы бiлiмi бар лауазымды адамдар мен мамандар көрсететін қызметтердi сатып алуы;
      31) Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның Халықаралық кеңесi мүшелерiнің қызметтерiн қоса алғанда, Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның консалтингтiк қызметтер көрсетудi сатып алуы мемлекеттiк сатып алу нысанасы болып табылмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушiлер осы Заңның 3-бабында белгіленген мемлекеттiк сатып алу процесін құқықтық реттеу принциптерiн басшылыққа алуға мiндетті.
       Ескерту. 27-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.05. N  569 , өзгерту енгізілді - 2005.12.23. N  108 , 2006.06.05. N  146 , 2006.07.04. N  150  Заңдарымен.    

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       28-бап. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың
              орындалуын бақылау

      Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тапсырыс берушi жүзеге асырады. 

       29-бап. Конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс 
              берушiнiң және конкурстық комиссияның
              iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасау

      1. Мемлекеттiк сатып алу процесін жүргізу барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары бұзылған жағдайда, ықтимал өнiм берушi мемлекеттiк сатып алу процесiнiң өткiзiлуі барысында конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс берушiнiң немесе конкурстық комиссияның iс-әрекетi мен шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы. Бұл орайда мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәсiлiн таңдау шағым жасалу объектiсi болмайды. 
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдары бұзылған жағдайда, уәкiлетті орган конкурсты ұйымдастырушының, тапсырыс берушiнің немесе конкурстық комиссияның мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға дейінгі шешiмдерін жарамсыз деп тануға және мемлекеттiк сатып алу процесiн тоқтатуға құқылы. 
      Бұл орайда, егер мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасалып, күшіне енсе, уәкiлеттi орган осы мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнуге міндетті.

       30-бап. Дауларды шешу

      Мемлекеттiк сатып алу процесiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

       31-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік
              сатып алу туралы заңдарын бұзғандық
              үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 1997 жылғы 16 шілдедегі    Қазақстан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентінің  Жаршысы, 1997 ж., N 17-18, 216-құжат; 1998 ж., N 23, 415-құжат; 1999 ж., N 23, 932-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады