Шаруа немесе фермер қожалығы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 31 наурыздағы N 214 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Кодексімен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 29.10.2015 № 375-V Кодексімен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Тақырыптағы және бүкіл мәтін бойынша:
      «(фермер)» деген сөздер «немесе фермер» деген сөздермен;
      «қолданылып жүрген заңдарға», «қолданылып жүрген заңдарда» деген сөздер тиісінше «Қазақстан Республикасының заңнамасына», «Қазақстан Республикасының заңнамасында» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасына шаруа немесе фермер қожалықтарын құрудың және олардың жұмыс iстеуiнiң құқықтық, ұйымдық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi.

I-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Шаруа немесе фермер қожалығы

      1. Адамдардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен, сондай-ақ осы өнiмдi ұқсатумен және өткiзумен тығыз байланысты еңбек бiрлестiгi шаруа немесе фермер қожалығы деп танылады.
      Заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) оралмандар шаруа немесе фермер қожалығы субъектiлерi болып табылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматтары туралы осы Заңның ережелері оралмандарға қолданылады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi ортақ шаруашылықты бiрлесiп жүргiзетiн жұбайлары, жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (аға-қарындастары), аталары, әжелерi, немерелерi) және басқа да адамдар болып табылады.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығы мынадай нысандарда болуы мүмкiн:
      кәсiпкерлiк қызмет бiрлескен ортақ меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы;
      өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы;
      бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде, жалпы үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы.

      4. 18 жасқа толған, Қазақстан Республикасының іс-әрекетке қабілетті азаматы шаруа немесе фермер қожалығының басшысы бола алады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.12.29 N 512, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      1-1-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен
                мүшелерінің құқықтары және міндеттері

      1. Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы:
      1) жеке және заңды тұлғалармен қатынастарда шаруа немесе фермер қожалығының мүдделерін білдіруге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыруға;
      3) ұзақ уақыт болмаған жағдайда қожалық мүшелерінің біреуіне өзінің функцияларын орындауға уәкілеттік беруге;
      4) шаруа немесе фермер қожалығы қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға;
      5) ішкі қағидаларды, оларды қабылдау рәсімдерін және шаруа немесе фермер қожалығының ішкі қызметін реттейтін басқа да құжаттарды бекітуге;
      6) шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне қатысуы туралы мәселені шаруа немесе фермер қожалығы мүшелері жалпы жиналысының қарауына шығаруға;
      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы:
      1) шаруа немесе фермер қожалығының есебі мен есептілігін жүргізуді ұйымдастыруға;
      2) шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері жалпы жиналысының Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шешімдерін өз құзыреті шегінде орындауға;
      3) шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері үшін еңбек жағдайын жасауға;
      4) жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттарын жасасуға, жұмыс берушінің актілерін шығаруға;
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері:
      1) шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жалпы жиналысында белгіленген тәртіппен шаруа немесе фермер қожалығынан өз еркімен шығуға;
      2) шаруа немесе фермер қожалығының қызметі туралы ақпарат алуға, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығының бухгалтерлік есебінің, есептілігінің деректерімен және басқа да құжаттамасымен танысуға;
      3) шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жалпы жиналысына және (немесе) мемлекеттік органдарға басшының және басқа мүшелердің заңсыз іс-әрекеттеріне шағым жасап жүгінуге;
      4) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда шаруа немесе фермер қожалығы басшысының және мүшелерінің жалпы жиналысының шешімдеріне сот тәртібімен шағымдануға;
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      4. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері:
      1) шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жалпы жиналысының шешімдерін орындауға;
      2) шаруа немесе фермер қожалығының ішкі құжаттарының талаптарын сақтауға;
      3) шаруа немесе фермер қожалығының басшысы ауысқан жағдайда, бұл туралы қожалықты тіркеген органға ортақ өтініш беріп хабарлауға;
      4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      Ескерту. Заң 1-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын құру

      1. Шаруа немесе фермер қожалығы ерікті негізде құрылады және жер учаскесіне құқық мемлекеттік тіркелген кезден бастап, ал Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жағдайларда, дара кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін құрылды деп есептеледі.
      2. Бірлескен кәсіпкерлікке негізделген шаруа немесе фермер қожалығын тіркеген кезде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік шаруа немесе фермер қожалығының басшысына беріледі. Куәлікке мемлекеттік кіріс органының тиісті аумақтық бөлімшесінің басшысы куәландырған шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      3-бап. Шаруашылық жүргiзу нысаны ретiндегi шаруа
             немесе фермер қожалығы

      1. Шаруа немесе фермер қожалығы Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығының тең құқықтық өндiрiстiк бiрлiгi болып табылады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы өз қызметiнiң бағытын, өндiрiсiнiң құрылымы мен көлемдерiн дербес айқындайды, өнiмдi өсiредi, ұқсатады және сатады, сондай-ақ шаруашылық жүргiзумен байланысты басқа да мәселелердi шешедi.

      4-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншiгi

      1. Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартпен өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығымен тиесілі болады.
      Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады.
      Жеке кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығымен тиесілі болады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң меншiгiнде жер учаскелері, жер учаскесiндегi екпелер, оның ішінде жеке орман қорының екпелері, ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлген және ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнiм беретiн және жұмысқа жегiлетiн мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, керек-жарақтар және шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері берген және (немесе) қожалық үшiн оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлiк болуы мүмкін.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде алынған жемiстер, өнiмдер және табыстар шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк мүлкi болып табылады және олардың арасындағы келiсiм бойынша пайдаланылады.

      4. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң мүлiктiк қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасының тиiстi нормаларымен реттеледi.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5-бап. Шapуa немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң мүлкiн
             және жер учаскесiне құқығын мұраға алу

      Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкi және жер учаскесiне құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен мұраға алынады.
     Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.12.29. N 512 Заңымен.

II тарау. Шаруа немесе фермер қожалығының жер
учаскесiне пайдалану құқығы

      Ескерту. Тараудың тақырыбы өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.12.29. N 512 Заңымен.

      6-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер
             учаскесiн беру

      1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн - жеке меншiк құқығымен немесе 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзiмге уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылымдар) осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiледi.
      Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншiк құқығын беру ақылы негiзде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының азаматтары жер учаскесiне жеке меншiк құқығын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындалатын оның кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен не жеңiлдетiлген бағамен алуы мүмкiн.
      Жер учаскесiн сатып алу сомасын төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесiне жеке меншiк құқығын алған тұлғаның жазбаша өтiнiшi бойынша он жыл мерзiмге дейiн ұзартылып жүргiзiлуi мүмкiн.
      Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшін жep учаскелерiн беру уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

      2. Жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзiндегi жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда, кентте тұратын азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн алуға басым құқықты пайдаланады.
      Қызметін кемінде бес жыл жүзеге асыратын және өз қызметін тоқтататын шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесін сатып алуға басым құқық осы шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін сатып алған және арнайы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі бар Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.

      3. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шығатын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн аталған оның ұйымдардың жерiнен жep учаскелерi берiледi, оларды кадастрлық бағалау шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс.

      4. Өздерiне тиесілi жер учаскелерiне құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестіктердің жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не өздерiнiң қалауы бойынша жер үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.
      Үлестi немесе пайды нақтылы бөлiп шығару (бөлiсу) шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң талабы бойынша жүзеге асырылады.
      Шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарғылық капиталға пайдалануға ғана берген жер учаскесi, Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сыйақысыз нақтылы қалпында қайтарылады.
      Қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығу және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.
      Шаруа немесе фермер қожалығын ұйымдастыру үшiн үлес немесе пай есебiне нақтылы бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi шаруашылық серiктестiктердiң, өндiрiстiк кооперативтердiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен немесе тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
      Құрылтай құжаттарында жер учаскесiн бөлiп шығару (бөлiсу) тәртiбi болмаған жағдайда, осы баптың 5-тармағының ережелерi қолданылады.

      5. Үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушы болып табылатын және шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн қатысушылар құрамынан шығатын азаматтарға жер учаскелерi үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысында бекiтiлген, үлестiк меншiктегi (үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбiне сәйкес берiледi. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушыларды жер учаскелерiн пайдалану тәртiбiн бекiту жөнiндегi алдағы жиналыс туралы хабардар ету оның өткiзiлетiн күнiнен кемiнде бiр ай бұрын жазбаша нысанда, қолхат алу арқылы жүргiзiледi. Тиiсiнше хабарланған жағдайда, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде елу процентi қатысқан кезде, жиналыс заңды деп есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға жиналыста болған үлестiк меншiкке (үлестiк жep пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң барлығы қол қояды.
      Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi болмаған кезде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) мүдделi қатысушы жep үлесi (жер үлестерi) есебiне жер учаскесiн бөлiп шығару ниетi туралы, оның болжамды орналасқан жерiн көрсете отырып, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың қалғандарын жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi жөнiндегi мәселе келiсу рәсiмдерiн өткiзу арқылы не ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде шешiлуi мүмкiн. Жиналыс хабарланған кезден бастап бiр ай iшiнде өткiзiлуге тиiс және ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде елу процентi қатысқан жағдайда заңды деп есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға жиналыста болған үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң барлығы қол қояды.
      Егер тиiсiнше хабарланған күннен бастап бiр ай iшiнде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардан қарсылықтар келiп түспесе, жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы ұсыныс келiсiлген болып есептеледi.

      6. Азаматтың өтiнiшi және осы өтінішке қоса берiлген, бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келiсiлген материалдар оған жер учаскесiне құқықты ресімдеу үшiн жергілікті атқарушы органға жіберіледі.

      7. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығымен сақталады, ол шаруа немесе фермер қожалығы жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.

      8. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледі.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.12.29 N 512 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.06 N 276 (1-тармақтың төртінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      7-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер
             учаскесiн беру нормалары

      1. алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
      2. Шаруа (фepмep) қожалығын жүргiзу үшiн бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) шегiнде Қазақстан Республикасының азаматтарында жеке меншiк құқығымен болуы мүмкiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi (eң үлкен) мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) өкiлеттi және атқарушы органдардың бiрлескен ұсыныстары негiзiнде белгiлейдi .
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.29. N 512, 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      8-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер
              учаскесін беру тәртібі

      1. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін өздеріне арнайы жер қорының жері мен босалқы жер құрамынан жер учаскелеріне меншік және (немесе) жер пайдалану құқығы берілуіне мүдделі азаматтар жер учаскесінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің халыққа қызмет көрсету орталықтарына, олар болмаған жағдайда, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына өтініш береді.
      2. Өтініште:
      1) жер учаскесін пайдалану мақсаты;
      2) оның болжамды көлемі;
      3) орналасқан жері;
      4) сұралып отырған пайдалану құқығы;
      5) басқа жер учаскесінің болуы (болмауы);
      6) шаруа немесе фермер қожалығының құрамы көрсетілуге тиіс.
      Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішке шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен мүшелері қол қояды.
      Өтінішке:
      1) ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы;
      2) өтініш беруші азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
      3) тиісті білімі немесе арнайы дайындықтан өткені туралы құжаттар (олар болған кезде);
      4) еңбек қызметін растайтын құжаттар (олар болған кезде) қоса беріледі.
      Қосымша құжаттарды талап етуге жол берілмейді.
      3. Ауыл шаруашылығы ұйымдары жерінің және ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы жердің құрамынан шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн алатын азаматтар (осы Заңның 6-бабының 3, 4 және 5-тармақтары) өтiнiшке осы баптың 2-тармағында көрсетiлгендерден басқа, бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келiсiлген материалдарды қоса береді.
      Азаматтардың ауыл шаруашылығы ұйымына немесе ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушыларға беретiн, шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiштерiн олар бiр айдың iшiнде қарауға тиiс. Бұл ретте жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару ауыл шаруашылығы егiс жұмыстары басталғанға дейiн не аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Басқа жағдайларда жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншiкке (ортақ жep пайдалануға) қатысушылардың келiсiмiмен жүргiзiледi.
      4. Жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат онда Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес барлық меншiк иелерi (жер пайдаланушылар) көрсетiле отырып, шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерiне ресiмделедi.
      5. Шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiне құқығы жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеген кезден бастап туындайды.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесi

      1. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi бiрыңғай алқап болып берiледi, бұған жекелеген жер учаскелерi мен ауыл шаруашылық алқаптары топырақ сапасы бойынша құндылығы жағынан салғастыруға келмейтiн (азық дайындау шектеулi болатын, мал жайылымдарын пайдаланудың маусымдылығы айқын бiлiнетiн суармалы жер аймағындағы) жерлер қосылмайды.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығына берiлген жер учаскесi ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк меншiк (ортақ бiрлескен немесе ортақ үлестiк жер пайдалану) құқығында болады.

      3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы бар шаруа немесе фермер қожалығы оны иелену, пайдалану және билiк ету құқығын өз қалауынша, мемлекеттiк органдардың қандайда бiр рұқсатын алмай жүзеге асырады.
      Уақытша жер пайдалану құқығы бap шаруа немесе фермер қожалығы көрсетiлген құқықтарды уақытша жер пайдалану туралы шартқа сәйкес жүзеге асырады.
      Шаруа немесе фермер қожалығы жеке меншiк құқығындағы жер учаскесiне қатысты, соның iшiнде толық құнына сатып алынған жер учаскесi бойынша - ол мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап және жеңiлдетiлген бағамен сатып алынған жер учаскесi бойынша - ол жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының төмендеген әрбір он пайызы үшін екі жылды құрайтын, жер учаскесімен мәміле жасасуға шек қою мерзімі өткен соң, нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасай алады.
      Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы осындай құқықты сатып алмастан, кепілге, шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде, акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде берілуі мүмкін.

      4. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы шаруа немесе фермер мүлкiнiң құрамына кiредi, онымен ол өз мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.

      5. Шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін берілген жер учаскелерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді. Бұл ретте мал шаруашылығы кешендерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде маусымдық жұмыстарға және шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар мен шаруашылық-тұрмыстық қора-жайлар салуға суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлері, егістік, тыңайған жерлер және көпжылдық екпелер егілген жерлер жататын бағалы ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланыла алмайды.
      Жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгіленген ең аз мөлшерінен төмен учаскелерге, алаңдарға бөлуге жол берілмейді.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.12.29 N 512, 2009.07.10 N 180-IV, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының жep пайдалану
              жөнiндегi құқықтары

      1. Шаруа немесе фермер қожалығының:

      1) жердi ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру мақсатында пайдалана отырып, онда дербес шаруашылық жүргiзуге;

      2) ауыл шаруашылығы дақылдары мен өзге де екпе-көшеттердi егу мен отырғызуға, жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде өндiрiлiп алынған ауыл шаруашылық өнiмiн және оны сатудан түскен табысты меншiктенуге;

      3) жер учаскесiнде бар құм, саз, қиыршық тас және басқа да көп кездесетiн пайдалы қазбалар, шымтезек, орман алқаптары, жер үстi және жер асты суларын өз шаруашылығының мұқтаждары үшiн белгiленген тәртiпте пайдалануға, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн кәдеге жаратуға;

      4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда шығындардың толық көлемде өтелуiне;

      5) жердi аймақтарға бөлуге сәйкес құндылығы төмен алқаптарда шаруашылық қажеттерi үшiн, жер учаскесiнiң нысаналы пайдалану мақсатына қайшы келмейтiн өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) меншiк құқығымен тұрғызуға;

      6) жердi суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстарды жүргiзуге, белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарға сай келетiн тоғандар мен өзге де суаттарды сатуға құқығы бар.

      2. Уақытша жер пайдалану кезiнде осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктерге шартпен шектеу жасалуы мүмкiн.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығына бекiтiлiп берiлген жер учаскесiнде аң аулауға, балық аулауға, дәрiлiк шөп, жидек, саңырауқұлақ және басқа да табиғат өнiмдерiн жинау мен өзге де қызметке осы шаруашылық басшысының келiсiмiмен ғана рұқсат берiледi.

      4. Шаруа немесе фермер қожалығы өз өнiмiн дербес пайдаланады, оны iшкi және сыртқы рыноктарда сатады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.12.29 N 512, 2009.07.10 N 180-IV, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының жер пайдалану
              жөнiндегi мiндеттемелерi

      Шаруа немесе фермер қожалығы:

      1) өзiне берiлген жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға;

      2) топырақ құнарлылығының төмендеуiне жол бермеуге;

      3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрудiң табиғат қорғау технологияларын қолдануға және жер қорғау жөнiндегi шаралар кешенiн жүзеге асыруға;

      4) өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге;

      5) жер учаскесiнде құрылыс салуды жүзеге асыру кезiнде сәулеттiк-жоспарлау, құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) басшылыққа алуға;

      6) басқа жер пайдаланушылар мен жер учаскелерi меншiк иелерiнiң құқығын бұзбауға;

      7) сервитуттарды Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген тәртiппен берудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiне
             жеке меншiк құқығын және жер пайдалану құқығын
             тоқтату

      1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
      жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тартылғанда;
      жер учаскесiн басқа адамдарға бергенде;
      шаруа немесе фермер қожалығының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу қолданылғанда;
      жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылғанда;
      жер учаскесi берiлген мерзiм бiткенде;
      мақсатына сай пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесi алынып қойылғанда;
      жерлер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда алынып қойылғанда;
      жер учаскесi тәркiленгенде тоқтатылады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілген және мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскесі Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес алып қойылуы мүмкін.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.12.29 N 512, 2007.07.06 N 276 (1-тармақтың  сегізінші абзацында орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

III-тарау. Шаруа немесе фермер қожалығы қызметiнiң
негiздерi

      13-бап. Шаруа немесе фермер қожалығындағы еңбек

      1. Шаруа немесе фермер қожалығындағы жұмыстарды орындауға еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтар тартылуы мүмкiн.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығында жалдау туралы шарт жасасу тәртiбi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен белгiленедi.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi мен қожалықта еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.

      4. Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы Қазақстан Республикасының тиiстi әлеуметтiк сақтандыру, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау органдарында өзiнiң тұрғылықты жерi бойынша сақтандырушы ретiнде тiркеледi және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына және басқа органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз табысынан белгiленген тәртiппен қаржы енгiзедi.

      5. Шаруа немесе фермер қожалығында жұмыс iстеген уақыт еңбек кiтапшасы не Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүзеге асырылған сақтандыру жарналарының төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жалпы және үздiксiз жұмыс стажына есептеледi.

      6. Шаруа немесе фермер қожалықтарының мүшелерiне, сондай-ақ жалданып жұмыс iстеген азаматтарға зейнетақы тағайындау мен төлеу Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша жүргiзiледi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.05.15. N 253 Заңдарымен.

      14-бап. Шаруа немесе фермер қожалығы қызметiнiң шарттары

      1. Шаруа немесе фермер қожалығы өз шығындарын алынатын табысының есебiнен жабады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығының өндiрiстiк, коммерциялық және өзге де қатынастары шарт негiзiнде жүзеге асырылады.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметiне, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда, мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар тарапынан араласуға тыйым салынады.

      15-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының банк шоттары

      Шаруа немесе фермер қожалығы банк шоттарын ашуға және банктегi өз ақшаларына иелiк етуге құқылы.

      16-бап. Шаруа немесе фермер қожалығына салық салу

      Шаруа немесе фермер қожалығына салық салу Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен.

      17-бап. Шаруа немесе фермер қожалығына кредит беру және
              оны сақтандыру

      1. Шаруа немесе фермер қожалығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiп пен ережелер бойынша мүлкiн, жер учаскесiн және
жер пайдалану құқығын кепiлге салып кредит алуға құқылы.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалға алынған және жеке меншiк өндiрiс құрал-жабдықтарын, сондай-ақ ауыл шаруашылық дақылдарының егiсiн (екпелерiн), көпжылдық екпелердi, шығарған өнiмдерiн, шикiзатты, материалдарды жойылуы немесе зақымдануы жағдайынан сақтандыруды жүзеге асырады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.29. N 512 Заңымен.

      18-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк
               қолдау

      1. Қызметкерлерiнiң жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың мәрте есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалығы:
      1) алып тасталды

      2) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясымен, жылумен, сумен жабдықтау жөнiнде қосылатын қуаттар үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiп пен жағдайда босатылады;

      3) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы алынбай шот ашады;

      4) бухгалтерлiк есептілікті жеке кәсiпкерлер ретiнде оңайлатылған тәртiппен бередi; 
      5) алып тасталды

      6) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде басым құқықты пайдаланады;

      7) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде тиiстi жылға арналған мемлекеттiк бюджетте белгiленген шекте жеңiлдiктi жағдайларда ақпараттық қызмет (қаражат), сондай-ақ ғылыми-техникалық талдамалар мен технологиялар;

      8) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру iсiн жүргiзедi.

      1-1. Шаруа немесе фермер қожалықтары жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес оңайлатылған не жалпы белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.

      2. Ауыл шаруашылық өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн. 
      3. алып тасталды

      4. Мемлекет отандық шаруа немесе фермер рыногын дамыту мен қорғауға жәрдемдеседi.

      5. Шаруа немесе фермер қожалықтарын дамытуды мемлекеттiк қолдаудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енізілді - ҚР 2001.12.24 N 276, 2003.01.08 N 375, 2003.03.13 N 395, 2003.12.29 N 512, 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.12.29 N 116-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      19-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарының бiрлескен
               қызметi

      1. Шаруа немесе фермер қожалықтары ерiктi негiзде кооперативтерге, қоғамдарға және басқа да бiрлестiктерге бiрiгiп, кооперативтiк, шаруашылық серiктестiктерiнiң және басқа да ұйымдардың қызметiне қатыса алады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы өз қалауы бойынша кез келген ұйымнан шығуға құқылы.

      20-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметiн
               тоқтатудың ережелерi мен тәртiбi

      1. Егер қожалықтың қызметiн жалғастырғысы келетiн бiрде-бiр қожалық мүшесi, мұрагер немесе басқа адам қалмаса, сондай-ақ банкрот болған және жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайларда шаруа немесе фермер қожалығының қызметi тоқтатылады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметi тоқтатылған кезде ортақ мүлiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiне үлес бөлiп беру ортақ мүлiк құқығындағы әрбiр қатысушылардың үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.

      3. Үлестiк меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасында бiр-бiрiмен келiсiм бойынша бөлiнуi мүмкiн.

      4. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметiн тоқтату кезiнде мүлiктi, жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын бөлудiң шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.

      5. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде туатын мүлiктiң,  жер даулары мен өзге де даулар сот тәртiбiмен қаралады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.12.29 N 512, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Қазақстан Республикасының шаруа немесе фермер
               қожалығы туралы заңнамасын бұзғаны үшін
               жауаптылық

      Қазақстан Республикасының шаруа немесе фермер қожалығы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады