"Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31,37 баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 256-НҚ "Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 192 "Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіру қағидаларын бекіту туралы" бұйрықтарына сәйкес, Жылыой ауданы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Отбасын қолдау орталығы" (бұдан әрі-Орталық) коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылсын.
2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Орталықтың Жарғысы бекітілсін.
3. Орталықтың басқару органы болып "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі белгіленсін.
4. "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (Ж.Казиева) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды атқару тапсырылсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Г.Айшуаковаға жүктелсін.
Аудан әкімі | Ж. Қаражанов |
Жылыой ауданы әкімдігінің 2024 жылғы "19" қыркүйектегі № 227 қаулысына қосымша |
|
Жылыой ауданы әкімдігінің 2024 жылғы "19" қыркүйектегі № 227 қаулысымен бекітілген |
"Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ЖАРҒЫСЫ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Мемлекеттік мекеме) функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Мемлекеттік мекеме 20___жылғы "__"_____________№__ Жылыой ауданы әкімдігінің қаулысына сәйкес құрылды.
3. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Жылыой ауданы әкімдігі болып табылады.
4. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ оған байланысты орталықтың мүлкіне қатысты субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) болып табылады.
5. Мемлекеттік мекеменің атауы: "Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
6. Мемлекеттік мекеменің тұрған жері: Қазақстан Республикасы, 060100, Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, Р.Караманов көшесі, № 50.
2-тарау. Мемлекеттік мекеменің заңдық мәртебесі
7. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банктерде шоттары, бланкілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және орталықтың атауы жазылған мөрі болады.
8. Мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды, Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда.
9. Мемлекеттік мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiнің кепілдігіндегі ақшамен жауап бередi. Орталықта ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауапты болады.
10. Мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері, олардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгеннен кейін, күшіне енеді.
3-тарау. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары
11. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мемлекеттік отбасы саясатының шараларын іске асыру, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) жан-жақты қолдау.
12. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты өтініш білдірген адамдарды (отбасыларды), оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) жан-жақты қолдау арқылы отбасы институтын нығайту, отбасының әл-ауқатын арттыру болып табылады.
13. Мемлекеттік мекеме мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру;
2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдауымен, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамтуы жөніндегі жұмысты үйлестіру;
3) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу;
4) тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету;
5) мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы;
6) жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлармен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
7) мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингілеу және талдау;
8) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру;
9) тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асыру.
14. Мемлекеттік мекеме осы жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға тыйым салынады.
15. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен нақты шектелген не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып, қызмет мақсаттарына қайшы жасалған мәміле: тиісті саланың уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның, прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
4-тарау. Мемлекеттік мекемені басқару
16. Мемлекеттік мекемені жалпы басқаруды Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
17. Басқару органы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ретпен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік мекемеге мүлікті бекітіп береді;
2) мемлекеттік мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;
3) мелекеттік мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
4)мемлекеттік мекеме жарғысын бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
5) мемлекеттік мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылуы тәртібі мен өкілеттік мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды;
6) мемлекеттік мекеме басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оның лауазымынан босату негіздерін айқындайды;
7) мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, орталықтың құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;
8) мемлекеттік мекеме басшысының ұсынымы бойынша оның орынбасарын (орынбасарларын) лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
9) жылдық қаржы есептілікті бекітеді;
10) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге жазбаша келісімін береді;
11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша республикалық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады коммуналдық мемлекеттік мекемеде қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
12) осы жарғының және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
18. Мемлекеттік мекеме басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
19. Мемлекеттік мекеменің басшысы орталықтың жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, уәкілетті органына тікелей бағынады (Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда) және орталыққа жүктелген міндеттер мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.
20. Мемлекеттік мекеменің басшысы дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етеді және орталық қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
21. Мемлекеттік мекеме басшысының орталықпен жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.
22. Мемлекеттік мекеменің қызметті жүзеге асыруы барысында орталық басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда орталықтың мүддесін білдіреді;
3) шарттар жасайды;
4) сенімхаттар береді;
5) мемлекеттік мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың өзге де түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
6) банк шоттарын ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) уәкілетті орган тағайындайтын қызметкерлерден басқа, орталық қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
9) мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, Қазақстан Ресчпубликасының заңнамасына сәйкес көтермелеу және жазалау шараларын қолданады;
10) өз орынбасарының (орынбасарларының) және орталықтың өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктер аясын айқындайды;
11) оған Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы жарғымен және жергілікті атқарушы органның жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5-тарау. Мемлекеттік мекеме мүлкінің құрылу тәртібі
23. Мемлекеттік мекеме мүлкін құны оның теңгерімінде айқындалатын заңды тұлғаның активтері құрайды. Орталықтың мүлкі мыналардың:
1) оған меншік иесі берген мүлік;
2) өз қызметі барысында сатып алған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздер есебінен құрылады.
24. Мемлекеттік мекеме дербес иеліктен шығаруға немесе оған бекітілген мүлік пен оған смета қаражаты бойынша мүлікке өзгеше тәсілмен иелік етуге бөлінген құқығы жоқ.
25. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен орталыққа кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 161-бабының 2-тармағында көзделген салаларында мемлекеттік мекемелер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, мұндай қызметтен алынған ақша тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.
26. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, орталықтың қызметі уәкілетті органның бюджетінен қаржыландырады.
27. Мемлекеттік мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
28. Мемлекеттік мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру және ревизияны Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
6-тарау. Мемлекеттік мекемедегі жұмыс тәртібі
29. Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
7-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
30. Мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша жүзеге асырылады жәңе "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңға сәйкес аймақты тіркеу органдарында тіркеледі.
8-тарау. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
31. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.
32. Мемлекеттік занды тұлга, заңнамалық актілермен басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.
33. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, коммуналдық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
34. Коммуналдық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
35. Кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған орталықтың мүлкін құрылтайшы қайта бөледі.
36. Таратылған мемлекеттік мекеменің мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, осы мекеменің кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
9-тарау. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер
37. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері жоқ.