Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 27-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары қабылдаған Тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерден ақпаратты Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберу тәртібі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылған деп танылсын:
Кеден одағы Комиссиясының "Кеден одағы комиссиясының ресми сайтында Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының тауарларды сыныптау бойынша қабылданған алдын ала шешімдерінің жинағын қалыптастыру және жүргізу тәртібін реттейтін құжаттар туралы" 2010 жылғы 18 маусымдағы № 297 шешімі;
Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы ("Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 38 шешіміне қосымша);
Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы ("Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 6 қазандағы № 129 шешіміне қосымша).
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының тауарларды сыныптау бойынша қабылданған алдын ала шешімдерінің жинағын қалыптастыру" жалпы процесін қолданысқа енгізуді көздейтін Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының өкімі күшіне енетін күннен кейін күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2022 жылғы 15 қарашадағы № 172 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары қабылдаған Тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерден ақпаратты Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберу тәртібі
I. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған кеден органдары қабылдаған тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерден кедендік реттеу туралы ақпаратты (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер, алдын ала шешімдер, ақпарат) жіберу қағидаларын, ақпараттың құрамын, оны жіберу мерзімдерін, Одақтың ресми сайтында (бұдан әрі – ресми сайт) ақпаратты жариялау мақсатында қатысушылардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасау қағидаларын айқындайды.
Ресми сайтта жарияланған ақпарат анықтамалық-ақпараттық сипатта болады.
2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін ақпараттық өзара іс-қимыл кедендік реттеу саласында уәкілеттік берілген мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары (бұдан әрі – кеден органдары) мен Комиссия арасында жүзеге асырылады.
3. Ақпаратты қалыптастыру кезінде Одақтың нормативтік-анықтамалық ақпаратының бірыңғай жүйесі ресурстарының құрамына кіретін анықтамалықтар мен сыныптауыштар қолданылады.
4. Ақпаратты кеден органдары кеден органдарының ақпараттық жүйесін немесе Комиссияның оларды интеграцияланған жүйеге мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттерінің құрамында пайдалану мүмкіндігін көздейтін интеграцияланған ақпараттық жүйенің интеграциялық сегментінің бағдарламалық қамтамасыз ету компоненттерін (бұдан әрі – интеграцияланған жүйе) пайдалана отырып қалыптастырады және Комиссияға автоматты режимде береді.
5. Ақпараттық өзара іс-қимыл Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 29 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жалпы процестер тізбесінің 25-тармағында көзделген "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының тауарларды сыныптау бойынша қабылданған алдын ала шешімдерінің жинағын қалыптастыру" Одақ шеңберіндегі ортақ процестің интеграцияланған жүйесінің құралдарымен, Комиссия бекітетін технологиялық құжаттарға сәйкес іске асыру кезінде жүзеге асырылады.
6. Кеден органдары Комиссияға өзекті және дұрыс ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді.
II. Ақпарат ұсыну
7. Кеден органдары алдын ала шешімдер қабылданған күннен бастап 30 жұмыс күнінен кешіктірмей қолданылу мерзімі аяқталмаған, өзгертілмеген (өзгертілген), кері қайтарып алынбаған және қолданысы тоқтатылмаған (тиісінше Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 25-бабының 2-тармағына және 26-бабына сәйкес) алдын ала шешімдерден ақпаратты автоматты режимде Комиссияға береді.
8. Ақпарат мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
а) тауардың сипаттамасы (мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) не басқа да құпия ақпаратты құрайтын ақпаратты қоспағанда);
б) ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауар коды;
в) Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 378 шешімімен бекітілген әлем елдерінің жіктеуішіне сәйкес алдын ала шешім қабылданған мүше мемлекеттің коды;
г) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсіндірудің негізгі қағидаларына, олардың негізінде алдын ала шешім қабылданған ЕАЭО СЭҚ ТН бөлімдеріне, топтарына, субпозицияларына ескертпелерге сәйкес алдын ала шешім қабылдау негіздемесі;
д) алдын ала шешімнің қолданылу мерзімінің аяқталу күні;
е) алдын ала шешімнің тіркеу нөмірі.
9. Осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген ақпаратты кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім нысанын толтыру және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 58 шешімімен бекітілген осындай алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібіне сәйкес қалыптастырады.
10. Егер кеден органдары ресми сайтта бұрын жіберілген және жарияланған ақпаратты түзетуді жүзеге асырған жағдайда, Комиссияға түзетілген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей автоматты режимде ақпарат оған өзгерістер енгізілгенге дейін және ресми сайтта жариялау үшін енгізілген өзгерістері бар ақпарат беріледі.
11. Алдын ала шешімнің қолданылу мерзімі аяқталған, алдын ала шешімді кері қайтарып алған немесе осындай шешімнің қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда бұл туралы ақпаратты тиісті кеден органы ресми сайттағы ақпаратты өзектендіру үшін осындай шешімнің қолданылу мерзімі аяқталған (кері қайтарып алу, қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған) күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияға автоматты режимде береді.
III. Ақпараттың ресми сайтта жариялануы
12. Комиссия ақпарат алған кезде мыналарды автоматты режимде жүзеге асырады:
а) осы Тәртіптің 8-тармағының "а" - "д" тармақшаларында көзделген ақпаратты ресми сайтта жариялау;
б) бұрын ресми сайтта жарияланған ақпаратқа өзгерістер енгізу (алдын ала шешімді түзету туралы мәліметтерді алған кезде);
в) бұрын ресми сайтта жарияланған ақпаратты алып тастау (алдын ала шешімнің қолданылу мерзімі аяқталған, мұндай шешімді кері қайтарып алған немесе оның қолданылуы тоқтатылған жағдайда).