Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестiң және заң тәртiбiн нығайтудың 1993-1995 жылдарға арналған кезек күттiрмейтiн шаралардың Мемлекеттiк бағдарламасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 23 қыркүйектегi N 1352 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес қаулы етемiн:
      1. Қылмысқа қарсы күрестiң және заң тәртiбiн нығайтудың 1993-1995 жылдарға арналған кезек күттiрмейтiн шараларының Мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi, министрлiктер мен ведомстволардың басшылары осы Бағдарламада белгiленген шаралардың мезгiлiнде орындалуын қамтамасыз етсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Төралқасына Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1989 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақ ССР-iнде қылмысқа қарсы күрес және заң тәртiбiн нығайтудың 1989-1995 жылдарға арналған Бағдарламасын бекiткен N 4351 - ХI қаулысының күшi жойылған деп тану туралы ұсыныс енгiзсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
1993 жылғы 23 қыркүйектегi
N 1352 қаулысымен  
Бекiтiлген  

Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестiң
және заң тәртiбiн нығайтудың 1993-1995 жылдарға
арналған кезек күттiрмейтiн шаралардың Мемлекеттiк
Бағдарламасы

      Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтiк-экономикалық реформаларды тереңдету Бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мемлекеттiк басқару органдары лауазымды адамдарының тәртiп, қоғамдық тәртiп және қауiпсiздiк жағдайына жауапкершiлiгiн арттыру туралы" 1992 жылғы 4 желтоқсандағы Қаулысының 1"б" тармағын орындау мақсатында жасалынған.
      Республикадағы құқық қорғау қызметi 1989 жылдан берi Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Төралқасы 1989 жылғы 12 желтоқсанда N 4351-ХI қаулысымен бекiткен Қазақ ССР-iнде қылмысқа қарсы күрес және заң тәртiбiн нығайтудың 1989-1995 жылдарға арналған Бағдарламасына сәйкес жүргiзiлiп келдi.
      Қалыптасқан саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар негiзiнде, КСР Одағының тұсында жасалынған бұл Бағдарламада қылмысқа қарсы күрес мәселесiн мемлекеттiк тұрғыда, кешендi шешу мақсаты көзделген болатын, осы мақсат белгiлi дәрежеде орындалды.
      Бүгiнгi таңда республиканың егемендiк алуына, саяси және экономикалық жүйедегi терең өзгерiстерге, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды жариялаған жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Бағдарламаның көптеген ережелерi өз мәнiн жоғалтты, ал кейбiрi жаңарған республикалық заңдарға қайшы келiп отыр.
      Қоғамдағы саяси-әлеуметтiк жағдай түбiрiмен өзгердi. Нарықтық қатынастарға көшу кезеңi экономикада және әлеуметтiк өмiр саласында дағдарыстық құбылыстар белең алып, қылмыстық ахуалдың шиеленiсуi жағдайында қауiптi көрiнiстердiң күрт өсуiмен сипатталуда. Әлеуметтiк құбылыс ретiнде қылмыс экономикалық реформалар процесiн елеулi тежейтiн, қоғамда әлеуметтiк шиеленiстiң күшеюiне ықпал ететiн факторға айналды.
      Республикада қабылданған дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтiк-экономикалық реформаларды тереңдетудiң (экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу кезеңiне арналған) Бағдарламасы әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды заңдылық пен заң тәртiбiн нығайту мәселелерiмен тығыз байланыста шешу қажеттiгiн көздейдi.
      Бұл заң саясатын түбегейлi өзгерту қажеттiгiн, қылмысқа қарсы күрестiң және заң тәртiбiн нығайтудың кезек күттiрмейтiн шараларының жаңа Бағдарламасын қабылдау қажеттiгiн көрсетедi.
      Бағдарламаның мақсаты - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, меншiктiң барлық нысандарын қылмыстық қол сұғудан сенiмдi қорғауды ұйымдастыру, қоғамда тиiстi заң тәртiбiн қамтамасыз ету болып табылады.
      Осы мақсатқа жету үшiн Бағдарламада:
      - мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдардың қалыптасып отырған жағдайда ескере отырып заңдылық пен заң тәртiбiн нығайту жөнiндегi қызметiнiң негiзгi бағыттары;
      - өтпелi кезең талабына сай құқықтық қатынастар орнату қоғамдық өмiрде құқық пен заңдылықтың басым рөлiн қамтамасыз ететiн саяси, ұйымдастыру және құқықтық сипаттағы шаралар;
      - Бағдарламаны жүзеге асыруға қажеттi кадр, материалдық-техникалық, қаржы және өзге де ресурстар белгiленген.
      Бағдарлама мынадай тұжырымдамалық қағидаларға негiзделедi:
      1. Қылмыспен күрестiң және заңдылықты нығайтудың тәжiрибеде шыңдалған және бүгiнгi талапқа сай нысандары мен әдiстерiнiң қолданылуындағы сабақтастық.
      2. Өкiмет пен басқару органдарының заңдылық және заң тәртiбiнiң жай-күйi үшiн жауапкершiлiгiн арттыру, қылмысқа қарсы күресте заң қорғау органдарының, еңбек ұйымдарының және қоғамдық ұйымдардың күшiн бiрiктiру.
      3. Заң қорғау жүйесiн қаржыландыру, материалдық-техникалық қамсыздандыру мәселелерiн қалыптасып отырған қылмыстық ахуалға сәйкес шешу.
      4. Республиканың және аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының ағымдағы және перспективалық жоспарларын түзу үстiнде заңдылық пен заң тәртiбiн нығайтуға қатысты бөлiгiнде Бағдарлама ережелерiн ұстанудың мiндеттiлiгi белгiленсiн.

Бағдарламаның мазмұны

      1 бөлiм: Республикадағы заңдылық пен заң тәртiбiнiң жай-күйiн талдау және заң қорғау қызметiнiң басым бағыттары.
      II бөлiм: Қылмысқа қарсы күрестiң тиiмдiлiгiн арттыруға және заң тәртiбiн жақсартуға бағытталған ұйымдастыру, құқықтық және материалдық-техникалық шаралар.
      Қосымшаларда: Заң қорғау жүйесiнiң қалыпты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, кадрлармен және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi жақсартуға бағытталған, мемлекеттiк деңгейде шешудi талап ететiн нақты мәселелердiң тiзбесi ұсынылады.

I Бөлiм

Заң тәртiбiнiң жай-күйi және заң қорғау
қызметiнiң басым бағыттары

      Егемен Қазақстан Республикасы тарихи дамуының жаңа сатысына қадам басып, нарықтық қатынастарға негiзделген жаңа экономикалық жүйе құру үстiнде.
      Реформалар барысында қоғамның мүлiк иеленуi жағынан жiктелуi, жұмыссыздық, қылмыстық өсуi тәрiздi әлеуметтiк, экономикалық және құқықтық сипаттағы елеулi келеңсiздiктер қабағат өрiстеп отыр. Қоғамды қылмыстың шұғыл меңдеуi шиеленiскен сипат алады, бұл мемлекет негiздерiне қауiп төндiрiп, өркениеттi жолмен нарыққа көшу мүмкiндiгiне күмән туғызуда.
      Қылмыс соңғы 5 жылда екi есе артып, 200-мыңдық шектен асты. Ол барған сайын көпе-көрнеу зорлық және дүниеқорлық сипат алып келедi. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қасақана қастандық көздеген қылмыстар саны артып, олар арсыздықпен және қатыгездiкпен, көбiне қару жұмсалып жасалуда.
      Реформаларға негiзiнен жасырын сипаттағы экономикалық қылмыстар тасқыны күйретерлiктей әсер етуде. Нарықтық экономикалық өзгерiстердiң беделiн түсiретiн көлеңкелi экономика қалыптасуда. Контрабанда, бағалы шикiзат ресурстарын бақылаусыз сыртқа тасу кең ауқымда өрiстеп отыр.
      Кей жерлер мен аймақтарда негiзгi өндiрiстiк құралдарды, әлеуметтiк-мәдени объектiлердi жекешелендiру барысында елеулi жөнсiздiктерге жол берiлуде, соның нәтижесiнде мемлекет орны толмас шығынға ұшырауда.
      Банк жүйесiнде де қаржыға байланысты iрi келеңсiздiктерге жол берiлген. Несие берудiң белгiленген тәртiбi жан-жақты бұзылуда, несие негiзiнен мемлекет мүддесi үшiн емес, делдалдық операциялар үшiн пайдаланылуда. Банк жүйесi республикадағы несие-ақша айналымының негiздерiне елеулi нұқсан келтiретiн жалған төлем құжаттары тасқынының астында қалып отыр.
      Заңдылықты өрескел бұзуға өкiмет пен басқару органдарында жол берiлуде, олардың өздерiне берiлген құқықтар мен өкiлеттiлiк шеңберiнен көпе-көрнеу тыс заң белгiлейтiн актiлер шығару фактiлерi жаппай сипат алуда. Кей облыстар мен аймақтарда мемлекеттiк аппарат чиновниктерiнiң пара алуы кең тараған. Шетелдiк iссапарларға валюта қаражаты есепсiз жұмсалуда. Өкiмет және басқару органдары лауазымды адамдарының заңға қайшы кәсiпкерлiк қызметпен қоса айналысу әрекетiне тыйым салынбаған. Басқару органдарында жер-жерде бюджеттен тыс көптеген қорлар құрылған. Олар көбiне мемлекеттiк кәсiпорындардан түскен алымдар есебiнен толықтырылады, ал айналымынан түскен қаражат коммерциялық мақсатқа жұмсалады.
      Мемлекеттiк қаржы ресурстары коммерциялық құрылымдарға кәсiпорындар жанында құрылған көптеген кәсiпкерлiк құрылымдар арқылы да құйылуда.
      Қылмыстың дәстүрлi нысандарына бағдарланып жасалған қолданылып жүрген заңдарда елеулi олқылықтар мен қайшылықтар көп. Ұйымдасқан қылмыс түрлерiмен күрес мәселесi заң арқылы реттелмеген, мемлекеттiк қызметшiлердiң коммерция iсiмен айналысуының тәртiбi нақты белгiленбеген, олардың табыстарын мәлiмдеу тәртiбi анықталмаған, коммерциялық құрылымдарды сүйемелдеу әрекетi үшiн жауаптылығы белгiленбеген.
      Заң қорғау органдары қызметiнiң құқықтық негiзiн қамтамасыз ететiн қылмыстық, қылмыстық iс жүргiзу және басқа заң кодекстерiн қабылдау мерзiмi себепсiз созылуда. Заң жобаларын криминалогиялық тұрғыда сараптау мәселесi шешiлген жоқ.
      Қылмыстың өсуiне себепшi фактор, бұрынғыша, меншiкке қол сұғу болып отыр. Жыл сайын өсiп отырған мемлекеттiк және жеке меншiк мүлкiн ұрлау - барлық тiркелген қылмыстың жартысынан көбiн құрайды. Соған қарамастан мемлекет меншiгiнiң тиiстi дәрежеде сақталуы қамтамасыз етiлмеген. Шаруашылық объектiлерiнiң едәуiр бөлiгiнiң техникалық жабдықталуы төмен. Темiр жол көлiгiнде мемлекет жүгi талан-таражға ұшырауда. Өрт саны көбейiп, одан келген залал мөлшерi күннен күнге артып келедi.
      Iшкi iстер органдарының қанағаттанғысыз жұмысының нәтижесiнде азаматтардың жеке меншiгiне қол сұғылған ұрлықтың жартысынан көбi ашылмайды.
      Республика жолдарындағы жағдай да күрделi қалпында қалып отыр, онда жыл сайын ондаған мың адам қаза тауып, ауыр жарақат алуда.
      Нашақорлыққа және наркобизнеске қарсы күрестiң ұйымдастырылуы нашар. Қылмыстық заң шаралары негiзiнен нашақорларға қарсы қолданылады, ал наркобизнестiң пысықайлары көбiне әшкереленусiз қалады.
      Республиканың қарулы Күштерiнде қолайсыз жағдай қалыптасып келедi. Соңғы екi жылда әскердегi қылмыс саны үш есе артты. Өз еркiмен кетiп қалу, әскери мүлiктi, қару-жарақты және оқ-дәрiнi талан-таражға салу кең етек алған.
      Заң қорғау органдарының қылмысы үшiн сөзсiз жазалану принципiнiң толық орындалуын қамтамасыз етудегi жұмысының нәтижелiлiгi төмен. Республика Iшкi iстер министрлiгiнiң көптеген салалық бөлiмшелерi өздерiне жүктелген мiндеттердi орындай алмайды. Олардың қылмысты ашу және тергеу жөнiндегi iс-қимылы көбiне нәтижесiз аяқталады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргiзу үшiн IIМ-i мен ҰҚК-iнде арнайы құрылған органдардың қайтарымы аз. Қылмыстық қауымдастықтың саны көбеюде, олардың кейбiреулерi мемлекетаралық сипат алды. Қылмыстық топтарды әшкерелеу жөнiндегi жекелеген сәттi операциялар қылмыстың алдын алуға елеулi ықпалын тигiзбейдi, ахуалды күнiлгерi бағдарлап, бақылауда ұстау факторы бола алмайды.
      Прокурорлық қадағалау бүгiнгi талапқа сай емес. Өкiмет пен басқару органдарында, шаруашылық және кәсiпкерлiк құрылымдарда заңдылықтың бұзылуына прокуратура тарабынан қатаң тыйым салынбай отыр. Азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерiн қорғау деңгейi де жетiлдiрудi талап етедi. Заң қорғау органдарының өзiнде адам құқығын бұзуға жол бермеу жөнiндегi прокурорлық шаралардың нәтижелiлiгi төмен деңгейде.
      Сот тәжiрибесiнде қайшылық пен тұрақсыздық құбылыстары белең алып келедi. Әдiлетсiз үкiмдер мен шешiмдер шығару, сарсаңға салу және өзге де жауапсыздық пен құзырсыздық фактiлерiнiң саны азаймай отыр. Қоғамды қылмыс меңдей бастаған жағдайда аса қауiптi қылмыстық әрекеттердiң сот органдарында тиiстi бағасын алмауы аз кездеспейдi.
      Заң қорғау органдарының қанағаттанарлықсыз қызметi басқа себептермен қатар кадр жұмысындағы елеулi кемшiлiктерге де байланысты. Заң қорғау жүйесi үшiн кадрлар даярлайтын оқу орындарының жұмысы жетiлдiрудi қажет етедi.
      Заң қорғау органдарының жұмысы заң саласындағы мемлекетаралық қатынастардың тәртiпке салынбағандығы салдарынан да елеулi қиындықтарға душар болып отыр. Бақылау органдары, тексеру қызметi мен сарапшы мекемелер жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi үкiмет тарапынан шешудi талап етедi.
      Күрделi жағдайда жұмыс iстейтiн қатаң қылмыстық жазалау жүйесi ешқандай сын көтермейдi. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталған адамдар қарапайым тұрмыстық және санитарлық жағдайлармен қамтамасыз етiлмеген. Сотталған адамдардың еңбегi тиiстi дәрежеде ұйымдастырылмаған. Жазаны iзгiлендiру процестерi баяу қарқынмен жүруде, бұл заң жолымен реттеудi талап етедi. Еңбекпен түзеу колонияларында құқық бұзушылық пен қылмыс саны артуда, оның көпшiлiгi iшiмдiк пен есiрткiге байланысты.
      Бұрын сотталған адамдарды тұрмысқа бейiмдеу мәселелерi қанағаттанғысыз дәрежеде шешiлуде. Көптеген облыс орталықтары мен iрi қалаларда жазасын өтеген адамдарды әлеуметтiк қолдауға арналған ақтау орталықтары құрылмаған. Осының нәтижесiнде қайталама қылмыстар деңгейi жоғары күйiнде қалып отыр. Жыл сайын қарақшылық тонаудың тең жартысынан астамын, қасақана кiсi өлтiру, әйел зорлау, тонау мен ұрлықтың үштен бiрiндейiн бұрын сотталған жасайды.
      Кәмелетке толмағандардың қылмыстық проблемалары шиеленісе түсуде. Кей жерлерде жасөспiрiмдердiң құқық бұзуының алдын алудың дәстүрлi түрлерi ескерусiз қалған, кәмелетке толмағандардың iсi жөнiндегi комиссиялардың қызметi атүстi жүргiзiледi. Кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру мәселелерi тәртiпке келтiрiлмеген. Бiр ғана 1992 жылдың өзiнде 13 мыңнан аса қылмысты кәмелетке толмағандар жасаған.
      Iшкiлiкке қарсы күрестегi бұрмалаушылықтар мен асыра сiлтеушiлiктер екiншi бiр ұшқарлыққа әкелiп соқтырады, нәтижесiнде бұл мәселемен байсалды түрде ешкiм айналыспайды. Ал iшiмдiк әлеуметтiк зардаптарға соқтырып қана қоймайды, сонымен бiрге қылмыстық деңгейiне де айтарлықтай ықпал етедi. Қылмыстардың үштен бiрiндейi мас күйде жасалады. Республикада 70 мыңнан аса айықпас маскүнем бар. Алайда оларды емдеу және қалыпты өмiрге қайтару iсiнiң ұйымдастырылуы қанағаттанғысыз.
      Қоғамдық тәртiптi қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерiне байланысты қоғамдық ұйымдардың iс-қимылы доғарылған.
      Қоғамда заңға құрмет азайып келедi, құқықтық мәдениет төмен деңгейде. Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдардың құқықтық тәрбие беру жөнiндегi қызметi тиiстi нәтиже бермей отыр. Қалыптаса бастаған жағдай өкiмет пен басқару органдарының заңдылық пен заң тәртiбiнiң жай-күйi үшiн күш-жiгерiн үйлестiрудi және жауапкершiлiгiн арттыруды, құқықтық қоғам құру жөнiнде кешендi мемлекеттiк саясат әзiрлеудi талап етедi.

Заң қорғау қызметiнiң басым бағыттары

      Заңдылықты қамтамасыз ету саласында:
      Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен халықаралық заң актiлерiне сәйкес азаматтардың құқықтық басымдығын қамтамасыз ету. Сот - құқықтық реформасын жүзеге асыру. Заңның үстемдiгi мен баршаның заң алдында теңдiгiн қамтамасыз ету. Заңдардың жүзеге асырылуын бақылаудың тиiмдi нысанының және жеке адамның аяққа басылған құқығын қалпына келтiру тетiгiнiң болуы. Лауазымды адамдардың өктемдiлiгiнен қорғау кепiлдiгiмен қамтамасыз ету, заңның бұзылуы үшiн олардың жауапкершiлiгiн арттыру. Азаматтарға құқықтық көмек беру жүйесiн дамыту. Азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелерiне байланысты құқылық көмек беру туралы мемлекетаралық шарт жасау.
      Заң қорғау органдары қызметiнде заңдылықты қамтамасыз ету. Тергеуге және анықтауға прокурорлық қадағалауды күшейту. Азаматтардың қорғалу, соның iшiнде сотта қорғалу құқықтарын жүзеге асыру. Кадрлардың құқықтық және кәсiби даярлығын жақсарту, заңдылықтың бұзылуы үшiн олардың жауаптылығын арттыру. Заң қорғау органдарындағы қызметке кандидаттарды iрiктеу жұмысын жетiлдiру. Кадрларды тиiстi мерзiмде аттестациялап және алмастырып отыру.
      Кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң шаруашылық қызметiн құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етудi жетiлдiру. Кәсiпорындардағы заң қызметiн ұйымдастыру және оны нығайту. Шарттарда алынған мiндеттемелердiң орындалуының құқықтық және экономикалық кепiлдiктерiн қабылдау. Шаруашылық заңдарына жетiлдiру. Шаруашылық-құқықтық тауарларды сот арқылы шешу.

Әлеуметтiк сақтандыру саласында:

      Құқық бұзушылықтың алдын алудың әлеуметтiк базасын нығайту. Көп балалы отбасыларын, зейнеткерлердi, қоғамның кембағал топтарын мемлекет тарапынан қорғаудың әлеуметтiк-экономикалық шараларын жүзеге асыру. Ең төмен табыстар мен тұтыну қоржынын айқындап, оларды мезгiл-мезгiл қайта қарап отыру. Мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнiң, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, жетiмдер және кәрiлер үйлерiнiң желiсiн кеңейту. Балалардың адамгершiлiк және құқықтық тәрбиесiн жолға қою. Тұрғындарды жұмыспен қамтудың мемлекеттiк саясаты мен жұмыссыздарды әлеуметтiк жағынан қолдау шараларын даярлау.
      Жалпыға бiрдей құқықтық бiлiм және құқықтық тәрбие берудi ұйымдастыру. Басқару аппараты мен кадр қызметiнiң қызметкерлерiне, мамандарға, оқушы жастар мен азаматтардың басқа да топтарына құқықтық бiлiм беру жүйесiн құру. Халық арасында насихаттық ұйымдастыру, заңдарды және заң саясатын түсiндiру. Заңдарды құрметтеуге тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлiн арттыру.
      Азаматтардың әлеуметтiк құқықтық белсендiлiгiн арттыру. Халықты заң тәртiбiн қамтамасыз етуге тартудың жаңа нысандарын дамыту. Жәбiрленушiлер мен куәгерлердiң құқықтық қорғалуын заң арқылы реттеу. Заңдылықты нығайту iсiнде белсендi өмiрлiк айқындама ұстанған азаматтарды әлеуметтiк жағынан қолдау.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босанған адамдарды әлеуметтiк ақтау. ЕТМ-лерден босанған адамдарды жұмысқа орналастырып, оларға тұрмыстық жағдай туғызу жүйесiн құру. Сотталған адамдардың қажеттi жұмысшы мамандықтарын игеруi мақсатында еңбекпен түзеу мекемелерiнiң қызметiн жетiлдiру.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босанған адамдарды әлеуметтiк ақтау орталықтарын және қоғамға бейiмделудiң басқа да нысандарын ұйымдастыруға және олардың қызметiне қолдау көрсету. Iзгiлiк принциптерiне негiзделген қылмыстық атқару жүйесiнiң реформасын жүзеге асыру.
      Қылмысқа қарсы күрес саласында:
      Даярланып жатқан және басып шығарылу үстiндегi заң актiлерiн құқықтық және криминологиялық тұрғыда сараптау. Бақылаушы органдардың тиiмдiлiгiн арттыру, тексеру аппаратын қайта құру. Сараптау мекемелерiн бiрiктiру, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Заң қорғау органдарының қызметiн ұйымдастыру, кадрлық және материалдық-техникалық жағынан қамсыздандыруды жетiлдiру. Шұғыл iздестiру қызметiн реттейтiн заңдарды даярлау және қабылдау. Атыс қару-жарағының, оқ-дәрiнiң, жарылғыш заттардың сақталуын күшейтуге арналған шаралар қабылдау.
      Ұйымдасқан қылмысқа, наркобизнеске қарсы күрес. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың пайда болуы, дамуының әлеуметтiк, экономикалық, құқықтық алғышарттарын айқындау және зерделеу. Ұйымдасқан қылмысқа, жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi заңдарды дайындау. Қылмыстық құрылымдарға кiретiн адамдарға қатысты деректер жинақталатын бiрыңғай банк құру. Жабайы сора өсетiн жерлерде режим (шектеу) аймағын құру. Есiрткi заттарды мұқият сақтау шараларын қабылдау. Заң қорғау органдарының тиiстi бөлiмшелерiн кадрлармен толықтырып, материалдық-техникалық жағынан нығайту. Ұйымдасқан қылмыс пен наркобизнес мәселелерi жөнiнде халықаралық ынтымақтастық орнату.
      Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес. Мемлекеттiк сектордағы қаржы және тауарлық-материалдық құндылықтардың айналымын есепке алуды және бақылауды жетiлдiру. Тауарларды, өнiмдер мен шикiзат ресурстарын экспортқа шығару үшiн лицензия беру мәселелерiн реттеу. Бақылау-тексеру аппараты жұмысының нәтижелiлiгiн арттыру. Салық қызметiн нығайту. Шаруашылық жүргiзушi объектiлердi техникалық жағынан қорғалуын нығайту. Тасылатын жүктердi қорғау жөнiнде IIМ-нiң маманданған бөлiмшелерiн құру. Мемлекет қызметшiсiнiң кәсiпкерлiк қызметпен айналысуына шектеулер енгiзу.
      Жеке адамның мүлкiн ұрлауға, автомотокөлiгiн айдап кетуге қарсы күрес. IIМ-нiң ведомстволық емес қорғау бөлiмшелерiн материалдық-техникалық жағынан қорғалуын күшейту. Жұртшылықтың қорғау шараларын жүргiзуге қатысуының нысандарын дамыту. Гараждар мен автотұрақтар желiсiн кеңейту.
      Нашақорлық пен iшкiлiкке салынудың алдын алу. Салауатты өмiр салтын насихаттау. Сауықтыру және спорт мекемелерiнiң желiсiн кеңейту. Қоғамдық құрылымдардың iшкiлiкке салынудың алдын алу жөнiндегi жұмысын жандандыру. Кәсiпорындар, ұйымдар басшыларының еңбек тәртiбiнiң жай-күйi үшiн жауапкершiлiгiн арттыру. Өндiрiсте iшкiлiкке бой алдыруға тыйым салу. Нашақорлық пен маскүнемдiк дертiне шалдыққан адамдарды емдеу профилакторийлерiнiң жүйесiн құру, емдеудiң тиiмдi әдiстерiн енгiзу.
      Кәмелетке толмағандар мен жастар қылмыстылығының алдын алу. Жасөспiрiмдердiң өмiрiндегi және тәжiрибесiндегi қолайсыз жағдайларды айқындап, оларды жою жөнiнде шаралар қолдану. Заң бұзушылықтың алдын алуда мемлекеттiк органдардың, қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының күш-жiгерiн бiрiктiру. Жастардың әлеуметтiк оң бағыттағы ерiктi қозғалысын өрiстету. Кәмелетке толмағандар мен жастар арасында iшкiлiкке салынудың, нашақорлықтың, жыныстық азғындаудың, зорлық-зомбылыққа бой ұрудың өрiстеуiне қарсы күрес.
      Қоғамдық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiктi қорғау салаларында:
      Көшелер мен қоғамдық орындарда заң бұзушылықтың алдын алу. Милицияның бақылау - күзет қызметтерiн сан жағынан арттырып, оның техникамен жабдықталуын жақсарту. Қоғамдық тәртiптi қорғауды ұйымдастырудың жаңа нысандарын енгiзу. Көшелердi, тұрғын үй қатарларын күзету үшiн ақылы негiзде қоғамдық күштердi жасақтау.
      Жол қозғалысының қауiпсiздiгiн арттыру. Республика көшелерiн, автожолдарын қайта жөндеуден өткiзудiң кешендi шараларын жүзеге асыру. Жол қозғалысын ұйымдастыруды жетiлдiру. МАИ бөлiмшелерiнiң материалдық-техникалық базасын нығайту. Кәсiпорындар мен ұйымдар әкiмшiлiгiнiң техникалық ақауы бар көлiктi жолға шығарғаны үшiн жауапкершiлiгiн арттыру. Жүргiзушiлер арасында тәртiптi нығайту, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында Жол қозғалысының ережелерiн насихаттау және түсiндiру шараларын жүзеге асыру.
      Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. Лауазымды адамдардың өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйi жауапкершiлiгiн күшейту. Отқа жанбайтын техникалық құралдар мен материалдарды өндiрiске енгiзу.
      Кәсiпорындар мен ұйымдарды, мекемелер мен тұрғын үйлердi автоматтандырылған өрттен қорғау құрылғыларымен жабдықтау. Мемлекеттiк өрт қадағалау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.

II бөлім

Қылмысқа қарсы күресті күшейту және
заңдылықты нығайту жөніндегі шаралар

      1. Қылмысқа және өзге Құқық, бұзушылыққа қарсы күресте заңдарды, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ұйымдық құрылымы мен қызметін жетілдіру.
      1.1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот-құқық реформасын жүргізу. Нарықтық экономикаға өту және демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құру жағдайында құқық қорғау қызметін қамтамасыз ететін заңдар блогын әзірлеу.
      Мерзімі : 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, Жоғарғы Сот, Прокуратура, Жоғары Төрелік Сот, ІІМ, ҰҚК, Ұлттық Ғылым Академиясы.
      1.2. Қазақстан Республикасы кодекстерінің жобаларын әзірлеу және Жоғарғы Кеңестің қарауына енгізу:
      - Қылмыстық кодекс
      - Қылмыстық-іс жүргізу кодексі
      - Қылмыстық-атқару кодексі
      - Азаматтық кодекс
      - Азаматтық-іс жүргізу кодексі
      - Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс
      - Кеден кодексі
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Әділетмині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Жоғарғы Сот, Жоғары Төрелік Сот, Қаржымині, Ұлттық Ғылым Академиясы.
      1.3. Құқық қорғау қызметінің ұйымдастырылу негізін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзірлеу және Жоғарғы Кеңестің қарауына енгізу:
      - Сот құрылысы туралы заң
      - Соттардың мәртебесі туралы заң
      - Шұғыл іздестіру қызметі туралы заң
      - Ұйымдасқан қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң
      - Салық милициясы туралы заң
      - Әскери милиция туралы заң
      - Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы заң
      - Өрттен қорғау және апаттан құтқару қызметі туралы заң.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Әділетмині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Жоғарғы Сот, Жоғары Төрелік Сот, Ұлттық Ғылым Академиясы, Қорғанысмині, Қаржымині, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемкомиссия.
      1.4. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың мәртебесі, олардың өздері қызмет ететін аумақтағы заңдылық пен заң тәртібінің жай-күйі үшін жауапкершілігі туралы заңды дайындау.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, Жергілікті әкімдер, халық депутаттарының жергілікті Кеңестері, ІІМ, Прокуратура.
      1.5. Заң тәртібімен төмендегі мәселелер бойынша құқық қатынастарын реттеу:
      - мемлекеттік қызмет туралы
      - жекеше күзет және із кесу ұйымдары туралы
      - қаруға бақылау жасау туралы
      - төтенше жағдай туралы
      - жәбірленушіні, куәні қорғау туралы
      - әскери жарғылар
      - сотталғандардан қылмыстық іске тартылуына /қудалануына/ байланысты мемлекеттік шығындарды ішінара өндіру туралы.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Жоғарғы Сот.
      1.6. Белгіленген тәртіппен құқықтық көмек көрсету туралы, соның ішінде қылмыстық іске тартылу мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық келісімдер жасасу. Қылмысқа қарсы күрес проблемалары бойынша ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен және шет елдердің осы тақылеттес қызметтерімен ынтымақтастық жасау тәжірибесін дамыту.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Сыртқыісмині, Әділетмині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Жоғары Төрелік Сот.
      1.7. Ведомстволық нормативтік актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келтіру және заңдардағы олқылықтарды толықтыратын біртұтас нормативтік актілер әзірлеу мақсатында қайта қарау.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Әділетмині, Прокуратура, Министрліктер мен ведомстволар, әкімдер.
      1.8. Заңсыз олжаға, қылмысты жолмен тапқан табысты "тазартуға" бөгет жасау, өкіметі органдары мен коммерциялық және кәсіпкерлік құрылымдар басқармасы лауазымды адамдарының тамыр-таныстық және сүйемелдеушілік әрекетін тыю мақсатында республиканың қолданылып жүрген "Шаруашылық қызметінің бостандығы туралы", "Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы", "Жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы", "Инвестициялық қызмет туралы" заңдарына өзгерістер енгізу туралы мәселені қарау.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, Жоғары Төрелік Сот, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Қаржымині, Экономмині, Ұлттықбанкі, Мемқаржыбақылау комитеті.
      1.9. Қазақстан Республикасының кодекстері қабылданғанға дейін заң тәртібімен лауазымды адамның мәртебесін анықтау, экономика саласындағы қылмыстық іс-әрекеттің, жаңа түрлері мен нысандары үшін қылмыстық жауаптылықты көздеу. Мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың лауазымды адамдар болып табылмайтын қызметшілерінің параға сатылғандығы үшін жауаптылығының тәртібін анықтау. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, әскери мүлікті, жарылғыш, улы, радиоактивті заттарды сатып алғаны, қайта сатқаны, ұрлағаны үшін, қылмысты жолмен табылған мүлікті сатып алғаны және қайта сатқаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту жөніндегі шараларды қарастыру.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Әділетмині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Қаржымині, Мемқаржыбақылау комитеті.
      1.10. Ведомстволық тексеру /ревизия/ аппаратын қайта құру, оларды ведомстволардың басқаруынан шығару және Мемқаржыбақылау комитетіне беру мәселелерін қарау.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Мемқаржыбақылау комитеті,
Қаржымині.
      І.11. Түрлі бағдардағы барша сараптау мекемелерін қылмыстық қудалауды жүзеге асырушы органдардың құрылымынан шығара отырып, оларды Әділет министрлігі жүйесінде шоғырландыру. Жаңа құрылым жанында сот сарабы проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құру. Сарапшы кадрларын даярлау және қайта даярлау жүйесін жасау.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, Денсаулықмині, ІІМ, ҰҚК, Қаржымині.
      1.12. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жанында Құқықтық ақпарат орталығын және әділет басқармалары жанында құқықтық ақпараттың аймақтық орталықтарын құрып, оларды материалдық және техникалық ресурстармен қамтамасыз ету.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Әділетмині, Қаржымині, Қазконтракт.
      1.13. Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі жанынан Заң ғылыми-зерттеу институтын ашу.
      Мерзімі: 1994 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині.
      1.14. Қазақстан Республикасы Прокуратурасының кадрлар біліктілігін арттыру институты негізінде заңдылық пен заң тәртібін нығайту проблемалары ғылыми-зерттеу институтын құру.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Прокуратура, Қаржымині.
      1.15. Алматы қаласында құқық қорғау органдары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау бойынша мамандандырылған заң институтын құру.
      Мерзімі: 1994 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Біліммині, Ұлттық Ғылым Академиясы, Қаржымині, Әділетмині.
      1.16. Республика жоғары оқу орындарында әскери заң
қызметкерлерін даярлауды қарастыру. Алматы әскери институтында республика ішкі әскерлері үшін офицерлер даярлау факультетін ұйымдастыру.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Біліммині, Қорғанысмині, ҰҚК, ІІМ, Прокуратура, Әділетмині, Ұлттық Ғылым Академиясы.
      1.17. Қылмыстар жөніндегі біртұтас деректер банкін құру мақсатында ІІМ-де Жамбыл, Қызылорда, Ақтау, Орал, Арқалық және Талдықорған қалаларындағы базалық электронды есептеу машиналарына негізделген есептеу орталықтарын ашу. ТМД елдерімен қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша ақпарат алмасу тәртібі мен шарттары туралы келісімдер жасау.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, ІІМ, Қаржымині.

2. Құқық бұзушылықтың алдын алу және сақтандыру.

      2.1. Валюта айналымындағы келеңсіздіктерге тыйым салу мақсатында өкімет және басқару органдары лауазымды адамдарының шетелдік іссапарға бару тәртібі туралы Ережені әзірлеу. Кәсіпорындар мен ұйымдар тапсыратын қызмет бабындағы іссапарларға және шет ел мамандарының қызметін өтеуге шет ел валютасымен жұмсаған валюта қаражатының қозғалысы туралы статистикалық есепті қайта қарау. Банкілер үшін клиенттердің есепшотынан жұмсалу мақсатын көрсете отырып қолма қол берілген шет ел валютасының сомасы туралы есеп беру үлгісін әзірлеу.
       Мерзімі: 1993 жыл.
       Орындаушылар: Экономмині, Қаржымині, Мемстаткомы, Ұлттықбанкі.
       2.2. Заңды ұйымдар мен жеке адамдарға несие, қарыз және басқа заем қаржыларын беру тәртібі мен шарттары туралы бірыңғай ережені әзірлеу. Оларды бөлу мен пайдаланудың негізділігі үшін жауапкершілік тәртібін белгілеу. Ұлттық банкі құрылымында банкілер қызметінің заңдылығына жедел бақылау жасап отыру үшін арнаулы инспекция құру.
       Мерзімі: 1993 жыл.
       Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Ұлттықбанкі.
       2.3. "Мемлекеттік қызмет туралы" Заң қабылданғанға дейін өкімет және басқару органдары лауазымды адамдарының кәсіпкерлік және коммерциялық құрылымдарда қоса қызмет атқаруына арнаулы актімен тыйым салу.
       Мерзімі: 1993 жыл.
       Орындаушылар: Министрлер Кабинеті.
       2.4. Салық инспекциясын ұйымдастыру және кадр жағынан нығайту, олардың қызметкерлерін әлеуметтік-құқықтық қорғау үшін қосымша шаралар қолдану. Салық инспекциялары құрылымдарында салық милициясын құрып, оларға анықтау органдарының функциясын беру.
      Мерзімі: 1993 жыл - 1994 жылдың бірінші жартыжылдығы.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Қаржымині, Әділетмині, Прокуратура, ІІМ.
      2.5. Мемлекеттік мүліктің сақталуы үшін лауазымды адамдардың жоғары әкімшілік жауаптылығын белгілеу. Өрт және техникалық қауіпсіздігі бойынша техникалық базаны нығайту үшін шаралар қолдану.
      Мерзімі: 1995 жылға дейін.
      Орындаушылар: Әділетмині, Министрліктер мен ведомстволар, әкімдер, ІІМ.
      2.6. Кәсіпкерлік құрылымдар басшыларының еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі ережелерін бұзғандығы үшін әкімшілік жауаптылығын белгілеу.
      Мерзімі: 1994 жылдың бірінші жартысы
      Орындаушылар: Әділетмині, Прокуратура.
      2.7. Жекешелендірілетін объектілердің құнын айқындау тәртібі туралы Ережені әзірлеу және қабылдау. Жекешелендіру барысына бақылау жасауды күшейту үшін шаралар қолдану.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Меммүліккомы, Қаржымині, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК.
      2.8. Мемлекеттік меншікті пайдалана отырып құрылған мемлекеттік емес шаруашылық құрылымдарын қайта тіркеуді жүзеге асыру, соның барысында бастапқы капиталдың пайда болу көзімен заңдылығын тексеру.
      Мерзімі: 1993 жыл - 1994 жылдың бірінші жартысы.
      Орындаушылар: Меммүліккомы, Меммонсаясаткомы, Қаржымині,
Прокуратура, ІІМ, Мемстаткомы.
      2.9. Нақты фирмалар мен ұйымдарды көрсете отырып және заңдардың тексті мен мамандардың түсінігін қосып бере отырып қарау бизнес және банкроттық туралы ақпараттық бюллетень шығаруды ұйымдастыру.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Баспасөзмині, Әділетмині, Қаржымині, Мемқаржыбақылаукомы, Жоғары Төрелік Сот, Жоғарғы Сот, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК.
      2.10. Жергілікті басқару органдарының бюджеттен тыс қорларының қызметін тәртіпке келтіру. Оларды құру үшін құқыққа қарсы көздерді пайдалану практикасына тыйым салу. Мемлекеттік ресурстардың коммерциялық құрылымдарға құйылу арналарын бөгеу мақсатында осы қорларды толтыру үшін мемлекет қаржысын пайдалануға, заңда тікелей көзделген жағдайлардан басқа тұстарда, тыйым салу.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, әкімдер, Қаржымині, Мемқаржыбақылаукомы, Ұлттықбанк, Прокуратура, ІІМ.
      2.11. Тауарлар, өнімдер мен шикізат ресурстарын экспортқа шығаруға лицензия беру мәселелерін заңды негізде реттеу, органдар мен лауазымды адамдардың өкілеттіктерін айқын белгілеу, бұл ретте бақылау жасау нысандарын және орын алған жөнсіздіктер үшін жауаптылық тәртібін қарастыру.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Сыртбайланысмині, Экономмині, ІІМ, ҰҚК, Прокуратура, Қаржымині.
      2.12. Республика аумағында шетелдік және халықаралық бірлестіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерін тіркеу және олардың қызмет ету режимін реттейтін "Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы" Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлеу. Шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың республика аумағында болуы мен жүріп-тұру тәртібін әзірлеу.
      Мерзімі: 1993 жыл - 1994 жылдың бірінші жартысы.
      Орындаушылар: Әділетмині, Сыртқыісмині, ҰҚК, ІІМ, Қаржымині, Турспортмині.
      2.13. ІІМ-де поездарды жетекте алып бару жөнінде арнаулы бөлімшелер құру, сондай-ақ көліктегі тексеру қызметін нығайту үшін қосымша штаттар бөлу. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, улы және жарылғыш заттарды, әскери техника мен мүлікті тасымалдау және сақтау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолдану.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, ІІМ, Көлікмині, Қорғанысмині, Прокуратура, ҰҚК, Өндірісте қару-жарақ, улы және жарылғыш заттарды пайдаланатын ведомстволар.
      2.14. Мемлекеттік және аймақтық экологиялық бағдарламалар қабылдау. Табиғат қорғау, суды қорғау заңдарын сақтау үшін бақылау жасау мен қадағалауды күшейту жөнінде қосымша шаралар әзірлеу. Өнеркәсіп, уытты, улы және радиоактивті қалдықтарын залалсыздандыру және жою жөніндегі кәсіпорындар құруды және оларды жетілдіруді қарастыру.
      Мерзімі: 1993-1995 жылдар.
      Орындаушылар : Министрлер Кабинеті, Экобиоресурсмині, Прокуратура, Денсаулықмині, ІІМ.
      2.15. Маскүнемдікке және нашақорлыққа қарсы күрес проблемалары бойынша социологиялық және криминологиялық зерттеулер жүргізу. Олардың алдын алудың тиімді нысандарын жасау. Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінде маскүнемдік және нашақорлық дертіне шалдыққан сырқаттарды емдеу үшін арнайы мекемелер құру.
      Мерзімі: 1993-1995 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Денсаулықмині, ІІМ, ҰҚК, Прокуратура, Жоғарғы Сот, Әділетмині, Ұлттық Ғылым Академиясы.
      2.16. Құрамында есірткісі бар өсімдіктер жабайы өсетін жерлерде режимді аумақ мәртебесін орнату туралы мәселені қарау, сонымен бірге режимді бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілеу.
      Мерзімі: 1994 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, ІІМ, Әділетмині, әкімдер.
      2.17. Маскүнемдікке қарсы күрес жөніндегі комиссиясының қызметін қайта жандандыру туралы мәселені қарау, маскүнемдіктің және нашақорлықтың алдын алу ісіне жұртшылықтың қатысуының жаңа, соны нысандарын қалыптастыру. Қоғамдық орындарда ішімдік сатуды тәртіпке келтіру. Бұқаралық ақпарат құралдарында салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сату мен жарнамалау мәселелерін тәртіпке келтіру.
      Мерзімі: 1993 жыл және ұдайы.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, әкімдер, Саудамині, ІІМ, Денсаулықмині, Баспасөзмині, "Қазақстан" теле-радио хабарларын тарату компаниясы.
      2.18. Бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарға арналған әлеуметтік ақтау орталықтары қызметінің құқықтық негізін әзірлеу. Оларды материалдық, техникалық және кадрлық жағынан нығайтуға шаралар қолдану.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Еңбекмині, Әлеуметтік қорғау министрлігі, ІІМ, Әділетмині, әкімдер.

3. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары.

      3.1. Жергілікті басқару органдары құрылымдарындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссиялар жұмысын жандандыру. Осы комиссиялардың қызметі туралы жаңа ереже әзірлеп, олардың кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейту.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, әкімдер, Әділетмині, ІІМ, Прокуратура.
      3.2. Мектептер мен училищелердің оқу бағдарламасына 5 кластан 11 класқа дейін құқықтық білім негіздерін жүйелі оқытуды енгізу.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Біліммині, Қаржымині.
      3.3. Кемтар балаларға арналған мектептердің, балалар
үйлерінің, училищелерінің, мектеп интернаттарының түлектерін әлеуметтік бейімдеу мақсатында жұмыс орындарын брондауды енгізу. Экономиканың мемлекеттік емес секторының дамуын ескере отырып, балалар мен жасөспірімдердің еңбегін пайдалану мәселесін заң негізінде реттеу, осы заңды бұзғаны үшін жауаптылық нысандарын көздеу.
      Мерзімі: 1993 жыл және ұдайы.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Еңбекмині, Халықты жұмыспен қатуға қолғабыс тигізу орталықтары, министрліктер мен ведомстволар, Әділетмині, әкімдер.
      3.4. Кәмелетке толмағандарды спорт-сауықтыру шараларына тегін қатыстыруды көздеу. Балалар мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің, еңбек және демалыс лагерьлерінің, спорттық сауықтыру кешендерінің, аула клубтарының қолда бар базаларын сақтау үшін шаралар қолдану. Оларды балалар тәрбиесіне және олардың демалуына қатыссыз мақсаттарға пайдалануға тыйым салу, олар үшін меншік нысанын өзгертудің айрықша режимін көздеу.
      Мерзімі: ұдайы.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет, Біліммині, Турспортмині, әкімдер.
      3.5. Балалар мен жасөспірімдерді жыныстық тәрбиелеу жүйесін жасау. Зорлық-зомбылықты, жауыздықты, садизм мен порнографияны насихаттауға бақылауды және жауаптылық нысанын күшейту. Сауықтыру мекемелерінің қойылымдық репертуарына тиімді бақылау нысандарын қарастыру.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Әділетмині, Денсаулықмині, Біліммині, Мәдениетмині, Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет, Баспасөзмині, "Қазақстан" теле-радио хабарларын тарату компаниясы, ІІМ, Прокуратура.

4. Азаматтарды құқықтық тәрбиелеудің нәтижелілігі және олардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыру.

      4.1. Жұртшылықтың құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуының нысандары мен әдістері туралы Ережені әзірлеу және қабылдау. Онда материалдық және моральдық ынталандыру шараларын көздеу. Шетелдік қоғамдық ұйымдардың құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі тәжірибелерін ықтимал қолдану үшін зерттеу.
      Мерзімі: 1993 жыл және ұдайы.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Әділетмині, ІІМ, Прокуратура, әкімдер.
      4.2. Қазақстан Республикасындағы құқықтық сауаттылық туралы Ереженің жобасын әзірлеу және оны Министрлер Кабинетінің қарауына енгізу, оған әскердегі құқықтық сауаттылық бағдарламасын енгізу.
      Мерзімі: 1993 жыл.
      Орындаушылар: Әділетмині, Қорғанысмині, Біліммині.
      4.3. Заң тәртібін нығайту және қылмысқа қарсы күрес мәселелерін жариялау, заң тәжірибесін тарату, құқықтық тәрбие беру үшін республикалық заң газеті мен журналын шығаруды ұйымдастыру.
      Мерзімі: 1993-1994 жылдар.
      Орындаушылар: Министрлер Кабинеті, Баспасөзмині, Әділетмині, Жоғарғы Сот, Прокуратура, ІІМ, ҰҚК.

5. Құқық қорғау органдарын ұйымдастыру, кадрлық және материалдық- техникалық жағынан қамтамасыз ету.

      5.1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті қалыптасқан қылмыстық ахуалды, құқық қорғау және сот органдарындағы едәуір ұлғайған жұмыс көлемін ескере, мемлекет мүмкіндіктерін негізге ала отырып, оларды осы Бағдарламаға тіркеліп отырған қосымшаға сәйкес кадрлық және материалдық-техникалық жағынан нығайту мәселелерін қарастырсын:
      а) ІІМ, ҰҚК, Прокуратура және соттардың штаттарының санын ұлғайту;
      ә) қызмет үйлерін, ғимараттарын, тергеу изоляторларын және басқа объектілер құрылысын қаржыландыру;
      б) тұрғын үй құрылысын қаржыландыру;
      в) құқық қорғау органдарын автокөлікпен, байланыс құралдарымен, компьютерлік және ұйымдастыру техникасымен, криминалистикалық және арнаулы техникамен қамтамасыз ету;
      г) мемлекетаралық сипаты бар қылмыстарды тергеуді ұйымдастыру және осыған байланысты шетелдік іссапарларға шығу үшін валюта қаражатын бөлу.

Қазақстан Республикасында қылмысқа   
қарсы күрестің және заң тәртібін нығайтудың
1993-1995 жылдарға арналған кезек   
күттірмейтін шараларының Мемлекеттік 
бағдарламасына         
N 1 қосымша 

Ішкі істер органдарының қызметін қамтамасыз етуге арналған материалдық-техникалық ресурстардың, қару-жарақтың, арнайы құралдар мен техниканың,
штаттардың
Тізбесі

Қазақстан Республикасында қылмысқа  
қарсы күрестің және заң тәртібін нығайтудың
1993-1995 жылдарға арналған кезек 
күттірмейтін шараларының Мемлекеттік
бағдарламасына      
N 2 қосымша

Прокуратура органдары қызметін қамтамасыз етуге
арналған материалдық-техникалық ресурстардың
Тізбесі

Қазақстан Республикасында қылмысқа  
қарсы күрестің және заң тәртібін нығайтудың
1993-1995 жылдарға арналған кезек  
күттірмейтін шараларының Мемлекеттік
бағдарламасына    
N 3 қосымша

Соттардың және заң органдарының қызметін
қамтамасыз етуге арналған материалдық-техникалық
ресурстардың, штаттардың
Тізбесі

Қазақстан Республикасында қылмысқа   
қарсы күрестің және заң тәртібін нығайтудың
1993-1995 жылдарға арналған кезек   
күттірмейтін шараларының Мемлекеттік 
бағдарламасына    
N 4 қосымша

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің
ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күрес
жөніндегі қызметін қамтамасыз етуге арналған
материалдық-техникалық ресурстардың, штаттардың
Тізбесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады