Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім

Жаңа

Келісім, 2014 жылғы 21 шілде

      (2014 жылғы 21 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 4, 47-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы

      теңдік, егемендікті құрметтеу қағидаттарын негізге ала отырып және жалпы мойындаған нормаларға және халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес,

      өзара қызығушылық білдіретін мәселелер бойынша ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға екіжақты талпына отырып,

      қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында бұдан әрі екі мемлекеттің прокуратуралары арасындағы әрекеттесуін кеңейтудің және достық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын мойындай отырып,

      Тараптардың қылмыстылықпен, әсіресе оның ұйымдасқан және трансұлттық нысандарымен күресудегі біріккен әрекеттеріне өзара талпынуына негізделе отырып,

      адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңыздылығына аса назар аудара отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын және халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып өз құзыреті шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Тараптар қылмыстылықпен күрес, адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау саласында практикалық нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылатын болады.

2-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

      қылмыстылықпен, соның ішінде терроризм, сыбайлас жемқорлық, қару-жарақтың, есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон, адам саудасы сияқты оның ұйымдасқан нысандарымен, экономика саласындағы және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен, сондай-ақ қылмыстардың өзге де түрлерімен күрес;

      құқықтық мәселелер бойынша консультациялар, тәжірибемен және ақпаратпен алмасу, өзара қызығушылық білдіретін мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу қызметі;

      Тараптар мемлекеттерінің прокуратура органдары мен мекемелері үшін кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру.

      Осы Келісім Тараптарға осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандарын дамытуды анықтауға кедергі келтірмейді.

3-бап

      Тараптардың ынтамақтастығы ұлттық заңнамаға сәйкес мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      қылмыстардың алдын-алуға, анықтауға және ашуға себепші болуы мүмкін ақпаратпен, соның ішінде жасалған қылмыстар және оларға қатысы бар адамдар туралы ақпаратпен алмасу;

      Тараптар мемлекеттерінің прокуратура органдарының қызметін ұйымдастыру, соның ішінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасу;

      тергеуге дейінгі тексерулер жүргізуде, азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарауда көмек көрсету;

      құқық қорғау қызметі, қылмыстылықпен күрес, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында Тараптар мемлекеттерінде қолданыстағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ ведомстволық басылымдарымен және әдістемелік материалдармен алмасу;

      қылмыстық-құқықтық саладағы Тараптардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарды орындау мәселелері бойынша жұмыс кездесулерін және консультациялар өткізу;

      Тараптар мемлекеттерінің прокуратура органдары мен мекемелері үшін кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыруда өзара әрекеттесу;

      бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар өткізу, бірлескен ғылыми жариялымдар әзірлеу;

      қылмыстылықтың жағдайы, үрдісі мен қарқыны, прокурорлық қадағалау жүргізудің тәжірибесі туралы статистикалық ақпаратпен алмасу;

      оқу әдебиеттерімен және ғылыми басылымдармен алмасу.

4-бап

      Осы Келісім аясындағы Тараптардың ынтымақтастығы сұрау салулар негізінде жүзеге асырылады.

      Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және онда:

      а) сұрау салушы Тараптың атауы;

      б) сұрау салынатын Тараптың атауы;

      в) сұрау салудың негіздемесі, мақсаты мен мазмұны;

      г) сұрау салуды орындау уақыты күтілетін мерзімдер;

      д) сұрау салуды орындау үшін қажет болуы мүмкін өзге де мәліметтер көрсетіледі.

      Қажет болғанда сұрау салуға тиісті құжаттар қоса беріледі.

      Сұрау салуға сұрау салушы Тараптың басшысымен немесе онымен уәкілеттік берілген тұлғамен қол қойылады.

      Кейінге қалдыруды күттірмейтін жағдайларда кейіннен міндетті түрде сұрау салудың түпнұсқасын почтамен жолдай отырып, ол коммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып жіберіле алады.

      Ақпарат, материалдар және өзге де құжаттар екінші Тарапқа, егер ұсынылатын көмек сол Тарап үшін қызығушылық білдіреді деп пайымдауға негіз болса сұрау салусыз беріле алады.

5-бап

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды жылдам және мүмкіндігінше толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салуды орындауда сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы қолданылады.

      Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды елеулі кідіртетін мән-жайлар туралы дереу хабарландырылады.

      Сұрау салынатын Тарап оның пікірі бойынша сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      Сұрау салынатын Тарап мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салуды орындаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

6-бап

      Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін не оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп пайымдаса, оны орындаудан толық немесе ішінара бас тартады.

      Мұндай бас тартудың себептері туралы Сұрау салушы Тарап жазбаша хабарландырылады.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптан алынған құжаттар мен ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарап өтініш жасаған құпиялылық дәрежесін қамтамасыз етеді.

      Сұрау салынатын Тараптан алынған ақпарат пен құжаттар олар сұратылғаннан басқа өзге де мақсаттар үшін оларды берген Тараптың алдын-ала жазбаша келісімін алған соң ғана пайдаланылуы мүмкін.

8-бап

      Тараптар осы Келісімнің негізінде ынтымақтастықты және өзара әрекеттесуді жүзеге асыруда орыс тілін пайдаланады.

9-бап

      Әрбір Тарап, егер әрбір нақты жағдайда өзгелер туралы уағдаластыққа қол жеткізілмеген жағдайда осы Келісімді орындаумен байланысты оның мемлекеті аумағында туындаған шығыстар дербес көтереді.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндірумен және қолданумен байланысты барлық даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар дипломатиялық арналарды пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармай, бір-бірімен тікелей қатынасады.

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығын үйлестіру мынадай құрылымдық бөлімшелермен жүзеге асырылады:

      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан - Халықаралық ынтымақтастық департаменті,

      010000, Қазақстан Республикасы,

      Астана қ., Орынбор көшесі, 14

      телефон: (+77172) 71-25-77, факс (+77172) 71-29-63

      e-mail: 7172577@prokuror.kz;

      Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан халықаралық-құқықтық бөлім

      220030, Беларусь Республикасы,

      Минск қ., Интернациональная көшесі, 22 телефон: (+375 17) 203-72-43, 328-55-91 e-mail: intl_legal_dept@prokuratura.gov.by.

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараппен байланыс ұстауға жауапты бір немесе одан да көп байланыс тұлғаны тағайындайды. Осы Келісімге қол қойған күннен бастап бір ай ішінде бір-біріне байланысқа арналған деректерді қоса алғанда, байланыс тұлғаларының аты-жөнін хабарлауы тиіс.

      Тараптар бір-бірін байланыс тұлғалар тізіміндегі өзгерістер және олардың деректері туралы ақпараттандырады.

12-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалар ретінде рәсімделетін және осы Келісімнің 14-бабымен көзделген тәртіпте күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісімнің қолданысы бір Тараппен екінші Тараптың өзінің Келісімнің қолданысын тоқтатуға ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 60 (алпыс) күн өтуі бойынша тоқтатылады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оларға қатысты басқа уағдаластық болған жағдайларды қоспағанда, осы Келісім шеңберінде бұрын пайда болған міндеттемелерді орындауға кедергі келтірмейді.

      2014 жылғы 21 шілдеде Минск қаласында әрқайсысы бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы үшін
Беларусь РеспубликасыныңБас прокуратурасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады