Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті мен Эстонияның мемлекеттік аудит офисінің арасындағы мемлекеттік секторы аудитіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы МЕМОРАНДУМ

Жаңа

2016 жылғы 9 желтоқсан, Меморандум.

      (2016 жылғы 9 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 1, 5-құжат)

      Бұдан әрі “Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және Эстонияның Мемлекеттік аудит офисі,

      Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының (ИНТОСАИ) және Еуропа жоғары аудит органдары ұйымының (ЕУРОСАИ) мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      екіжақты ынтымақтастықты да, ИНТОСАИ және ЕУРОСАИ шеңберіндегі ынтымақтастықты да дамытуға ниет ете отырып,

      Тараптар сыртқы мемлекеттік аудитті жетілдіруге өзара ынтасын білдіре отырып,

      өзара құрмет, сенім, тең құқықтық және өзара ынтымақтастық қағидаттарын негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы өзара түсіністікке келді:

1-бап

      Тараптар өз өкілеттіктері мен мүмкіндіктері шеңберінде өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мынадай бағыттар:

      сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырудың әдіснамасы мен тәртібі саласында тәжірибе алмасу;

      кадрларды кәсіби оқыту және олардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимыл жасау;

      Тараптардың қызметі туралы ақпараттық-анықтамалық материалдармен алмасу;

      консультациялар, бірлескен зерттеулер, бірлескен, қосарлас және достастық аудиторлық іс-шаралар, семинарлар, конференциялар мен жұмыс бабындағы кездесулер ұйымдастыру және өткізу бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниет білдіреді.

      Тараптар өзара қызығушылық танытатын басқа да бағыттар бойынша өз өкілеттіктері шегінде ынтымақтастықты дамытады.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Меморандумның шеңберінде ақпарат пен материалдар алмасу кезінде халықаралық ақпарат алмасуға қатысуды, мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды қорғауды реттейтін өз мемлекетінің заңнамасын басшылыққа алады.

      Бірлескен зерттеулер, бірлескен, қосарлас және достастық аудиторлық іс-шараларын жүргізу кезінде Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің заңнамасын басшылыққа алады.

3-бап

      Тараптар қажеттілікке қарай, Тараптардың мемлекеттері аумағында ұйымдастырылатын сыртқы мемлекеттік аудит мәселелері бойынша конференцияларға, семинарларға және халықаралық оқу бағдарламаларына қатысу үшін басқа Тараптың өкілдерін шақырады.

4-бап

      Тараптар қызметі жөніндегі ақпаратты, материалдарды және нормативтік құқықтық актілерді алмасуды Тараптардың өзара келісімі бойынша ағылшын тілінде жүзеге асыра алады.

5-бап

      Тараптар осы Меморандумды іске асыруға байланысты шығыстарды өз мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражаттың шегінде, егер Тараптардың арасындағы қосымша келісімдерде немесе уағдаластықтарда өзгеше көзделмеген болса, өздері дербес көтереді.

6-бап

      Қажеттілікке қарай, Тараптар осы Меморандумды іске асыру үшін кез келген мәселелер бойынша бір бірімен кеңесе алады.

7-бап

      Осы Меморандумға, Тараптардың өзара келісімі бойынша, оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтыру енгізілуі мүмкін және олар жекелеген хаттамалармен ресімделіп, Тараптар қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

8-бап

      Осы Меморандумның ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.

9-бап

      Осы Меморандум Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың біреуі екінші Тараптан дипломаттық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап үш ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2016 жылғы 9 желтоқсанда Әбу-Даби қаласында бірдей күші бар, әрқайсысы қазақ, эстон және ағылшын тілдерінде, екі түпнұсқалық данада қол қойылды. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының
Республикалық бюджеттің атқарылуын

бақылау жөніндегі есеп комитеті үшін

 

Эстонияның Мемлекеттік
аудит офисі үшін

 


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады