* Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 10, 69-құжат.
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Беларусь Республикасының Yкiметi, бұдан былай Тараптар деп аталады,
көлiк саласында ынтымақтастықты онан әрi дамытуға ұмтыла отырып,
екi мемлекет арасында жүк тасымалдау және жолаушылар қатынасын, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша үшiншi елдерге (Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығын қоса есептегенде) аялдап өту iсiн жүзеге асыруды жақсартуға ниеттенiп,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар барлық көлiк түрлерi мен олардың инфрақұрылымы саласында өзара экономикалық әрi ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытып, тереңдете бередi.
2-бап
Әрбiр Тарап өз аумағында өзара сыйласу принципiнде екi мемлекет арасында жолаушылар мен жүк тасымалдауды және олардың аумақтары мен әуе кеңiстiгiнде аялдап өтуге қолайлы жағдайлар жасауды жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн болады.
3-бап
Осы келiсiмге қатысушы мемлекеттер арасында жолаушыларды, жүк тасымалдауды ұйымдастыру, көлiк құралдарының қозғалысы, сондай-ақ олардың аумақтары мен әуе кеңiстiгiнде аялдап өтудiң шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдары мен Беларусь Республикасы заңдарының талаптары ескерiлiп, көлiк түрлерi бойынша жеке келiсiмдермен анықталады.
4-бап
1. Тараптар көлiк жұмысын реттеу жөнiнен қолданылып жүрген ережелердi, нұсқауларды, стандарттар мен техникалық шарттарды сақтауға келiстi.
2. Екiншi Тараптың мүдделерiне қатысты өзгертулер, сондай-ақ жаңа нормативтiк құжаттар енгiзу Тараптардың құзыреттi органдарының арасындағы келiсiм бойынша жасалады.
3. Тараптар өз аумағында қолданылып жүрген көлiк заңдарын бiр iзге келтiруге ұмтылатын болады.
5-бап
Тараптар екiншi Тараптың мүдделерiне қол сұқпай, көлiк саласында басқа мемлекеттермен келiсiмдер жасасу хұқығын өзiне қалдырады және келiсiм жасаса қалған ретте бұл туралы екiншi Тарапқа хабарлайды.
6-бап
Тараптар екi мемлекеттiң көлiк және жол шаруашылығы кәсiпорындары мен ұйымдарының тiкелей экономикалық байланыстарды дамытуына жәрдемдесуге келiстi.
7-бап
Тараптар көлiк инженерлерiн, техниктерiн, көпшiлiкке арналған кәсiптердiң мамандарын оқытып-үйрету және оларды даярлаудың бiрыңғай талаптарын әзiрлеу саласында ынтымақтасу туралы уағдаласты, ал оқу орнын тәмамдау туралы берiлген бiлiктiлiк құжаттары екi мемлекеттiң аумағында бiрдей заңды күшке ие болады.
8-бап
Екi мемлекеттiң көлiк ұйымдары мен фирмалары арасындағы төлемдер мен есеп айырысулар Тараптар арасында есеп айырысулар мен төлемдер туралы келiсiмдерге сәйкес жүргiзiлетiн болады.
9-бап
Осы Келiсiм бойынша, сондай-ақ екi Тарап та мүше болып табылатын халықаралық келiсiмдер бойынша реттелмеген мәселелер әрбiр Тараптың iшкi заңдарына сәйкес шешiледi.
10-бап
1. Осы Келiсiмдi орындау мақсатымен, сондай-ақ тасымалдау iсiнде екi мемлекет арасында қиыншылықтар туа қалған ретте Тараптардың уәкiлдерi тiкелей байланыс жасайды және өзара тиiмдi шешiмдер әзiрлеу үшiн қажеттiгiне қарай екiжақты кеңестер жүргiзедi.
2. Осы Келiсiмге өзгертулер мен толықтырулар хаттамалармен рәсiмделедi, олар Тараптар бекiткеннен немесе келiсiлгеннен кейiн Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
11-бап
Бұл Келiсiм оған қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және ол Тараптардың бiрi Келісiмнiң күшiн тоқтату туралы өз ниетiн нота арқылы екiншi Тарапқа хабарлаған күннен бастап 90 күн өткенше күшiн сақтайды.
Келiсiм Алматы қаласында 1992 жылғы 16 қыркүйекте екi дана болып, әрқайсысы қазақ, белорус және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық текстердiң күшi бiрдей.
(Қолдары)