Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 2000 жылғы 9 ақпан N 191


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     
     1. 1999 жылғы 15 қыркүйекте София қаласында жасалған Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы 
туризм саласындағы ынтымақтастық туралы шарт бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі
     
     
                  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
                    Болгария Республикасы Үкіметінің 
            арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы
                                  ШАРТ 
     
     (2000 жылғы 23 шілдеде күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары 
                бюллетені, 2001 ж., N 5, 49-құжат)
     
     Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі,
     
     туризмнің Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы 
халықтарының арасында өзара түсіністікті және достық қарым-қатынасты 
нығайтуда маңызды құрал болып табылатынын ұғына отырып,
     
     Тараптардың тұрғындарына екі мемлекеттің тарихи және  мәдени 
мұраларымен, сондай-ақ табиғи байлықтарымен танысуға жәрдемдесуге тілек 
білдіре отырып,
     
     1963 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік туристік ұйымның мәртебесіне 
сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Римде өткен Туризм және халықаралық 
сапарлар жөніндегі конференциясының қағидалары мен ережелерін басшылыққа 
ала отырып,
     
     төмендегілер жөнінде уағдаласты:
     
     
                                    1-бап
     
     Уағдаласушы Тараптар екі мемлекет арасында туризм саласындағы 
ынтымақтастықты осы Шартқа, екі мемлекеттің заңдарына және Уағдаласушы 
Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес теңдік 
пен өзара тиімділіктің негізінде нығайтады және дамытатын болады.
     
                                    2-бап
     


      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің туристік қызметіне қолдау көрсетеді, қазақстандық және болгарлық туристік қоғамдар, қауымдастықтар және кәсіпорындар арасында ынтымақтастықты дамытатын болады.
                                    3-бап




      Уағдаласушы Тараптар туристердің Уағдаласушы Тараптардың бір мемлекетінің аумағынан екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына топтасып және жеке саяхат жасауына жәрдемдеседі.
      Уағдаласушы Тараптар екі мемлекет арасында туристермен алмасуға байланысты нысандылықтарды оңайлатуға ұмтылады, сондай-ақ үшінші елдерге сапар шегетін өз мемлекеттерінің туристеріне Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен өтуі кезінде жәрдемдесетін болады.
                                 4-бап




      Уағдаласушы Тараптар туристік топтармен, соның ішінде фестивальдарда, көрмелерде, симпозиумдарда, конгрестерде болып қайту мақсатында және емделу үшін алмасуды жандандырады.
                                 5-бап




      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің заңдарына сәйкес туризм туралы анықтамалықтармен және жарнамалық материалдармен, статистикалық деректермен, туризм саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік база және шетелдік азаматтардың Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағында болу шарттары туралы хабарлармен, туризм қызмет көрсетулері рыногы, инвестициялар салуға және екі мемлекеттің аумағында туристік қызметті жүзеге асыратын объектілерді жекешелендіруге қатысу шарттарына қатысты ұсыныстар туралы ақпаратпен алмасатын болады.
      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттері заңдарының талаптарына сәйкес жарнамалық және ақпараттық туристік материалдарды таратуға жәрдемдесетін болады.
                                 6-бап




      Әрбір Уағдаласушы Тарап туризм салалары үшін кәсіби мамандарды даярлауда, туризм саласына мамандандырылған ғылыми қызметкерлермен және сарапшылармен алмасуда екінші Уағдаласушы Тарапқа көмек көрсетеді және Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасының осы салада зерттеуді жүзеге асыратын ұйымдарына жан-жақты байланыстар мен бірлескен іс-қимылдарына жәрдемдеседі.
                                 7-бап




      Сауда-экономикалық байланыс және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі аралас Қазақстан-Болгар үкіметаралық комиссиясының аясында туризм жөніндегі жұмыс тобы қалыптастырылады, ол осы Шарт ережелерінің орындалуын бақылап, талдайды және туризм саласында өзара мүдделікті білдіретін басқа да мәселелерді талқылайды.
                                 8-бап




      Уағдаласушы Тараптар өзара келісім бойынша осы Шартқа тиісті хаттамалармен ресімделетін, осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Шарт сияқты 10-бапқа сәйкес тәртіп пен шарттарда күшіне енетін қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша дау-дамайлар туындаған жағдайда тараптар оларды келіссөздер мен кеңесулер жолымен шешетін болады.
                                 9-бап




      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптар бір-біріне Шарттың күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарлайтын ноталармен алмасқаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Шарт бес жыл мерзімге жасалады және, егер Уағдаласушы Тараптардың біреуі екінші Уағдаласушы Тарапқа осы Шарттың күшін тоқтату туралы өз ниетін оның кезекті күш кезеңінің мерзімі аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша нысанда мәлімдемесе, онда кейінгі бес жылдық кезеңдерге өздігінен күшін жалғастыратын болады.

     Осы Шарт күшінің тоқтатылуы, егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше 
уағдаласпаса, оның күші бар кезеңде келісілген туризм саласындағы 
бағдарламалар мен жобалардың орындалуына әсер етпейді.
     1999 жылғы 15.09. София қаласында әрқайсысы қазақ, болгар және орыс 
тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің тең заң 
күші бар. Осы Шарттың қағидаларын түсіндіру кезінде келіспеушіліктер 
туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа 
алады.
     Қазақстан Республикасының              Болгария Республикасының
          Үкіметі үшін                            Үкіметі үшін 
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Омарбекова А.Т. 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады