Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелiк келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 мамырдағы N 543 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
 

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелiк келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелiк келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы
Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты
дамыту туралы негiздемелiк келiсiм

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi (бұдан әрi "Тараптар" деп аталады)
      екi мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайту, мұнай және газ саласындағы олардың ынтымақтастығын ынталандыру мақсатында
      Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық өзара толықтыратын сипатта екенiн, сондай-ақ екi мемлекеттiң де экономикалық дамуы үшiн маңызы зор осы саладағы екi елдiң ынтымақтастығын одан әрi кеңейту үшiн географиялық басымды екенiн ескере отырып,
      теңдiк, өзара тиiмдiлiк және ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық қағидаттарына сәйкес
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар мұнай және газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрi нығайту үшiн екi елдiң кәсiпорындарын қолдау бойынша тиiмдi шаралар қабылдауға келiседi.

  2-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумағында мұнай мен газды барлау, өндiру, өңдеу және тасымалдау жөнiндегi бiрлескен жобаларға өз мемлекеттерiнiң кәсiпорындарының қатысуына, сондай-ақ өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара тиiмдi инвестициялық жағдай жасауға және мемлекеттер кәсiпорындарының рұқсаттарды, жеңілдiктер мен преференцияларды алуына жәрдемдеседi.

  3-бап

      Тараптар мұнай саясаты, технологиялар, жобалар, сауда мәселелерi бойынша және басқа да салалар бойынша ақпарат алмасуға және консультациялар жүргізуге жәрдемдеседi, екi елдiң мұнай және газ саласындағы ынтымақтастығын жаңа кезеңге шығаруға мүмкiндiк беретiн мұнай және газ саласындағы өз елдерiнiң кәсiпорындарының ынтымақтастығы үшiн мүмкiндiк бередi және қажеттi қолайлы жағдайлар жасайды.

  4-бап

      Тараптар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясының Қазақстан Республикасының аумағындағы Атасудан Қытай Халық Республикасының аумағындағы Алашанькоуға дейiн мұнай құбырын (бұдан әрi "Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры") салу жөнiндегi жоспарларын iске асыру үшiн қолайлы жағдай жасайды және Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының жобасын табысты iске асыру мақсатында оны iске асырудың төмендегi негізгi принциптерiне келiседi:
      1) мұнай құбырын қаржыландыру, жобалау, салу және пайдалану мұнайды тасымалдаудың мемлекетаралық жүйелерiн құру бойынша көпшiлiк мойындаған халықаралық стандарттар мен принциптердiң негізiнде iске асырылатын болады;
      2) Тараптар жобаның инвесторларына, мердiгерлiк және жобалық ұйымдарға мұнай өнеркәсiбiнде қолданылатын, талаптарды төмендетпейтiн және өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына қарама-қайшы келмейтiн халықаралық стандарттарға сәйкес бiрыңғай техникалық талаптарды, қауiпсiздiк, денсаулықты және қоршаған ортаны қорғау нормаларын және экологиялық нормативтердi пайдалану құқығын бередi;
      3) табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылауды және реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi орган бекiтетiн табиғи монополияның субъектiсi көрсететiн қызметтерге арналған тарифтер (бағалар, алым ставкалары) қызмет көрсету (тауарларды, жұмыстарды өндiру) үшiн қажеттi шығындардан төмен болмауы және табиғи монополия субъектiсiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн пайданы алу мүмкiндігін ескеруi тиiс.

  5-бап

      Тараптар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясының арасындағы Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын салудың негізгi принциптерi туралы келiсiмге қол қоюды қолдайды.
      Тараптар қажет болған жағдайда Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын салу жобасын табысты iске асыру үшiн келiсiмге және басқа да құжаттарға қол қою қажеттiлігіне келiседi.

  6-бап

      Екi тараптың осы Келiсiмдi iске асыру бойынша уәкiлеттi органдары:
      қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгі;
      қытай тарапынан - Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар мемлекеттiк комитетi болып табылады.
      Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптарға уақытында дипломатиялық арналар бойынша хабарланатын болады.

  7-бап

      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында белгiленген тәртiппен табиғи монополия субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасындағы магистралдық мұнай құбырлары бойынша мұнайды транзитпен үшiншi елдерден тасымалдауға және табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылауды және реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органның мұнай тасымалдау бойынша көрсететiн қызметтерiне арналған тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) бекiту мәселелерi бойынша кемсiтпейтiн әдiстердi қолдануға кепiлдiк бередi.
      Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органы:
      Қытай Халық Республикасына тасымалданатын мұнайға, оның iшiнде транзиттік мұнайға арналған экспорттық квоталарды беруге байланысты мәселелердi шешуге;
      Қазақстан Республикасындағы магистралдық мұнай құбыры жүйесiн Атасу-Алашанькоу мұнай құбырымен бiрiктiруге кепiлдiк бередi.

  8-бап

      Қытай Халық Республикасының Үкiметi:
      Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясының және ол тағайындаған Қытай Халық Республикасының басқа да шаруашылық жүргiзетiн субъектiлерiнiң мұнайды Атасу-Алашанькоу мұнай құбырымен одан әрi тасымалдау үшiн сатып алу-сатуға арналған ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуына;
      Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын iске қосу күнiне қарай Алашанькоу пунктiнен мұнайды әрi қарай тасымалдау үшiн қажеттi Қытай Халық Республикасының аумағындағы мұнай тасымалдау инфрақұрылымын салуды аяқтауға және оны аталған мұнай құбырымен қосуға кепiлдiк бередi.

  9-бап

      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен Атасу-Алашанькоу құбырымен тасымалдау үшiн ресурстық базаны құру мақсатында Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы мен Қытай Халық Республикасының басқа да мұнай компанияларының Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторындағы мұнай-газ кен орындарын барлауға және игеруге қатысуын қолдайды.

  10-бап

      Тараптар кездесулер жүргiзуге, мұнай және газ саласындағы саясатқа, ақпаратқа және ынтымақтастық жобаларына қатысты алмасулар мен консультацияларды белсендi жүргiзуге келiстi.

  11-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ корпорациясына 1997 жылғы 24 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы арасындағы кен орындарын игеру және мұнай құбырларын салу жобалары туралы бас келiсiмдi одан әрi қолдануды тоқтату қажеттiлiгiн қарауды тапсыруға келiседi.

  12-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.

  13-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану бойынша даулар пайда болған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар арқылы шешедi.

  14-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және бес жыл мерзiмге жасалады. Егер Тараптардың бipeуi екiншi Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарландыру жiбермесе, осы Келiсiмнiң қолданылуы өзiнен-өзi келесi бес жылға ұзартылады.
      Бұл жағдайда, Тараптардың бiреуi екiншi Тараптың тиiстi жазбаша хабарландыруын алғаннан кейiн алты айдан соң осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылады.

      Осы Келiсiм 2004 жылғы 17 мамырда Пекин қаласында екi данада, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тiлдерiнде жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң бiрдей күшi бар. Осы Келiсімнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер пайда болған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгінедi.

      Қазақстан Республикасының     Қытай Халық Республикасының
      Үкiметi үшiн                  Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады