Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Қазақстан және Ресей кеден қызметтерiнiң 2005-2006 жылдарға арналған ынтымақтастығы туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрi - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы Бердiбек Машбекұлы Сапарбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Қазақстан және Ресей кеден қызметтерiнiң 2005-2006 жылдарға арналған ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттік берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей
Федерациясының Үкiметi арасындағы Қазақстан және
Ресей кеден қызметтерiнiң 2005-2006 жылдарға
арналған ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
1994 жылғы 28 наурыздағы Кеден iстерiндегi ынтымақтастық пен өзара көмек туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы келiсiмдi, 1995 жылғы 16 мамырдағы Ресей Федерациясының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасындағы Кеден қызметтерiн басқарудың біртұтастығы туралы келiсiмдi, 1998 жылғы 12 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998-2007 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық туралы шартты, 1999 жылғы 24 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аймақтарының 1999-2007 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
экономиканы, өңіраралық және шекара маңындағы кедендiк ынтымақтастықты дамытуда, бiрлескен кедендiк бақылауды ұйымдастыруда, кедендiк инфрақұрылымды нығайтуда келiсілген іс-қимылдарды әзiрлеу қажеттiгiн мойындай отырып,
сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, шаруашылық субъектiлерi және шекара маңындағы өңiрлердiң тұрғындары үшін қолайлы жағдайлар жасауға маңызды мән бере отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң сауда-экономикалық әлеуетiн кеңейту үшiн Ресей Федерациясының шекара маңындағы өңiрлерi - субъектiлерiнiң және Қазақстан Республикасының шекара маңындағы облыстарының кеден органдары арасында өңiраралық және шекара маңындағы кедендiк ынтымақтастықты дамытады.
2-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң қосымшасы және ажырамас бөлiгі болып табылатын Қазақстан және Ресей кеден қызметтерi ынтымақтастығының 2005-2006 жылдарға арналған бiрлескен кешендi бағдарламасын (бұдан әрi - Кешендi бағдарлама) iске асырады.
3-бап
Тараптар одан әрi тауарлар өткiзу үшiн жағдайларды жақсартуға және Қазақстан мен Ресей азаматтары үшiн кеден рәсiмдерiн оңайлатуға жәрдемдеседi.
4-бап
Кешендi бағдарламаны орындау жөнiндегі жұмысты үйлестіру Тараптар мемлекеттерiнiң шекара маңындағы өңiрлерi өкiлдерiнің қатысуымен Тараптар мемлекеттерiнiң орталық кеден органдарына жүктеледi.
Тараптар мемлекеттерiнiң орталық кеден органдары өз өкiлеттiктерiнiң шеңберiнде шешiм қабылдауды талап ететiн мәселелердiң туындауына қарай отырыстар өткiзедi.
5-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдану жөнiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар жолымен шешетiн болады.
6-бап
Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмеген жағдайда, Тараптар осы Келiсiмдi орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларында көзделген қаражаттың шегінде дepбec көтереді.
7-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша жекелеген және осы Келiсiмнiң ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.
8-бап
Осы Келiсiм оған қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi және бiр Тараптың өзiнiң оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапты жазбаша нысанда хабардар еткен күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
2005 жылғы "___" ______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiндегi екi түпнұсқа данада жасалды, әрi екi мәтiннiң бiрдей күшi бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн
Қазақстан Республикасының Үкiметi
мен Ресей Федерациясының Үкiметі
арасындағы Қазақстан және Ресей
кеден қызметтерінің
2005-2006 жылдарға арналған
ынтымақтастығы туралы келiсiмге
қосымша
Қазақстан және Ресей кеден қызметтерi
ынтымақтастығының 2005-2006 жылдарға
арналған кешендi бағдарламасы
1. Мақсаты мен маңызды бағыттары
Қазақстан және Ресей кеден қызметтерi ынтымақтастығының 2005-2006 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң және Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметiнiң ұсыныстарын ескере отырып әзірлендi.
Кешендi бағдарлама 1994 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден iстерiндегі ынтымақтастық пен өзара көмек туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметі арасындағы келiсiмдi, сондай-ақ 1995 жылғы 16 мамырда Мәскеу қаласында қол қойылған Ресей Федерациясының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Yкiметi арасындағы Кеден қызметтерiн басқарудың біртұтастығы туралы келiсiмдi одан әрі iске асыру мақсатында дайындалды.
Кешендi бағдарлама кеден қызметтерінің әлеуетін арттыруға, шекара маңындағы сауданы дамыту үшiн қажетті жағдайлар жасауға, кедендік рәсiмдердi оңайлатуға ықпал етедi.
Кешенді бағдарлама шекарада бiрлескен бақылауды құру мен енгізу, бірлесiп тиiсті инфрақұрылымы бар кеден бекеттерiн салу жолымен бiрыңғай өткізу пункттерiн дамыту жөнiнде бірлескен тетiктi айқындайды.
Шешiмi Кешенді бағдарламада көзделетін бiрлескен міндеттер қатарына мыналар жатады:
шекарада бақылау рәсімін жетілдіру, бақылаушы органдар арасында барынша тығыз өзара iс-қимылды жүзеге асыру, "бiр аялдама" қағидаты бойынша бір жерде бақылау жүргізу және тауарлар мен көлiк құралдарын шекара арқылы өткiзу кезiнде бақылау жүргізу уақытын қысқарту;
осы тауарлар мен көлiк құралдарының мақсатты пайдаланылуын қатаң сақтауды ескере отырып, Ресей Федерациясынан "Байқоңыр" кешеніне әкелінетiн және "Байқоңыр" кешенiнен Ресей Федерациясына әкетілетін тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк ресімдеу мен бақылау рәсімдерін оңайлату;
транзиттік тауарлардың өткiзiлуiн бақылаудың бiрыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн құрудың пилоттық жобасын әзiрлеу;
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының кеден қызметтерi арасында кеден шекарасы арқылы өткiзілетiн тауарлар мен көлiк құралдары бойынша, сондай-ақ кеден ережелерiн бұзушылықтар мен контрабанда фактілерi бойынша ақпарат алмасуды жетiлдiру.
2. Кедендiк ынтымақтастықты дамыту
Кешендi бағдарламада өңiраралық ынтымақтастықты одан әрi жетiлдiру, шекара маңындағы сауданың өсуiн арттыру, халықаралық стандарттарға және сауда операцияларын жүзеге асыру практикасына сәйкес болу мақсатында шекарада кедендiк рәсiмдердi оңайлату, тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу үшiн жағдайларды жақсартуға жәрдемдесу жөнiнде нақты шараларды қабылдау көзделген.
Кеден қызметтерiнiң әлеуетiн және қызметiнiң тиiмділігiн арттыру үшiн қазақстан-ресей шекарасында бақылауды жетілдiру, олардың қызметiн регламенттейтiн тиiстi нормативтiк базаны бекiте отырып, шекара арқылы өткiзу пункттерiн келiсу мен айқындау жөнiндегi келiсiмдерге қол қою көзделедi.
3. Кешендi бағдарламаны iске асыруды басқару
Кешендi бағдарламаны iске асыруға:
Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi;
Ресей Тарабынан - Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi қатысады.
Кешендi бағдарламаны iске асыру мен оның орындалуын үйлестiру Кешендi бағдарламаның ажырамас бөлiгi болып табылатын Қазақстан және Ресей кеден қызметтерi ынтымақтастығының 2005-2006 жылдарға арналған кешендi бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
4. Қорытынды ережелер
Кешендi бағдарламаны орындау мақсатында кеден қызметтерi оларға бағынысты кеден органдарының арасында қажеттi байланысты орнатады.
Өзара келiсiм бойынша Кешендi бағдарламаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Қазақстан және Ресей кеден
қызметтерi ынтымақтастығының
2005-2006 жылдарға арналған
кешендi бағдарламасына
қосымша
Қазақстан және Ресей кеден қызметтерi ынтымақтастығының
2005-2006 жылдарға арналған кешендi бағдарламасын
iске асыру жөніндегі iс шаралар жоспары
Р/б |
Iс-шара |
Iске асыру мерзiмi |
Жауапты орындаушы |
1 |
2 |
3 |
4 |
1 |
1998 жылғы 6 шiлдедегі Ресей Федерациясы Мемлекеттік кеден комитетi мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлігі Кеден комитетiнiң арасындағы Ресей Федерациясынан "Байқоңыр" кешенiне әкелiнетiн және "Байқоңыр" кешенiнен Ресей Федерациясына әкетiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк ресiмдеу мен бақылаудың оңайлатылған тәртiбi туралы келiсiмге "тауарлар мен көлiк құралдарының мақсатты пайдаланылуы" деген терминдi қолдану бойынша бiрiздi түсiнiктеме берiлетiн Хаттама дайындау және оған қол қою. |
2005 жыл iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі |
2 |
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органының шотына енгізiлген, не бiр мемлекеттiң кеден органына кепілгер төлеген немесе одан өндiрiп алынған ақша қаражатын басқа мемлекет кеден органының шотына аударудың екі жақты мемлекетаралық тетiгiн әзiрлеу. |
2005 жыл iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi, Қазақстан РеспубликасыҚаржы министрлігi |
3 |
1996 жылы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Темiр жол көлiгi кәсіпорындарының мекемелері мен ұйымдарының қызметiн құқықтық реттеудiң ерекшелiктерi туралы келiсiмге қосымшаға сәйкес бiр Тарап мемлекетiнiң темiр жолдар құрамына енетiн, бiрақ екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан темiржол бөлiмшелерi кәсіпорындарының атына және мұқтаждары үшін әкелiнетiн жүктердi өткiзу кезiнде олардың жүк кедендік декларациясын ұсынбай және кедендік ресімдегені үшін алымдар алынбай ресімделуін көздейтiн оңайлатылған кедендік ресiмдеу және кедендік бақылау рәсiмiн белгiлейтiн үкiметаралық шарт дайындау. |
2005-2006 жылдар iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі |
4 |
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей Федерациясына және Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан Республикасына баратын транзиттiк тауарлардың өткізілуін бақылаудың бiрыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн құрудың пилоттық жобасын әзірлеу. |
2005-2006 жылдар iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігi |
5 |
Кедендiк ресiмдеу мен кедендік бақылау жүргізу кезiнде оны қолдану мүмкiндiгін қамтамасыз ету мақсатында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының кеден қызметтерi арасында Қазақстан мен Ресейдiң кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар бойынша, сондай-ақ кеден ережелерiн бұзушылықтар мен контрабанда фактiлерi бойынша ай сайын ақпарат алмасуды белгілеу. |
2006 жыл iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігi |
6 |
Қазақстан-ресей шекарасы арқылы құбыр желiсi көлiгімен және Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының аумақтарындағы электр беру желiлерi бойынша өткiзiлетiн энергия ресурстарын өткiзу пункттерiнiң (кедендiк бақылау орындарының) тiзбесiн бекiту. |
2005 жыл iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі |
7 |
Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының аумақтарында орналасқан энергия ресурстарын есепке алу аспаптарынан көрсеткiштердi алу актілерiмен алмасудың тәртібiн бекiту. |
2005 жыл iшiнде |
Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі |