"Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 мамырдағы Заңына және "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қазандағы N 1050 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2006-2007 жылдарға арналған тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемін ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 28 желтоқсандағы
N 1296 қаулысымен
бекітілген
1. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі (бұдан әрі - ТМККК тізбесі) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға (бұдан әрі - азаматтар) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын медициналық көмек көрсетудің түрлерін, көлемі мен шарттарын айқындайды және мейлінше дәлелденген тиімділігі бар медициналық қызметтерді қамтиды.
2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылатын ТМККК тізбесі шұғыл көрсетімдер бойынша, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек көрсетуді қамтиды.
3. ТМККК тізбесіне кірмейтін медициналық қызметтерге:
1) халықтың жеке қаражаты;
2) жұмыс берушінің қаражаты;
3) ерікті медициналық сақтандыру жүйесі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен ақы төленеді.
4. ТМККК азаматтарға жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек нысандарында көрсетіледі.
5. Жедел медициналық көмек және санитарлық авиация нысандарында көрсетілетін медициналық көмек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жіті аурулардан, созылмалы аурулардың өршуінен, жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан, сондай-ақ жүктілік пен босанудан туындаған өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларда (шұғыл жағдайлар) халықтың барлық санаттары үшін тегін жүзеге асырылады.
6. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне емдік-диагностикалық манипуляцияларды орындау және науқастарды медициналық көрсетімдері бойынша шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жеткізу, сондай-ақ көпшілік іс-шараларды медициналық қамтамасыз ету кіреді.
7. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін науқастарды, жүкті әйелдерді жоспарлы емдеу мен жоспарлы тасымалдау, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық ұйымдар дәрігерлерінің тағайындауларын орындау, сот-наркологиялық және медициналық сараптаманың басқа түрлерін жүзеге асыру, еңбекке жарамсыздық парақтары мен қорытындыларды беру кірмейді.
8. Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы ТМККК азаматтарға амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында бастапқы медициналық-санитарлық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек түрінде, оның ішінде стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылады.
9. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (бұдан әрі - БМСК) азаматтардың тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілеген тәртіппен терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, акушерлер, медбикелер (бұдан әрі - БМСК мамандары) көрсетеді.
Білікті медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар БМСК мамандары көрсетеді.
10. Мамандандырылған медициналық көмекті БМСК маманының жолдамасы бойынша бейіндік мамандар көрсетеді.
11. Амбулаториялық-емханалық көмек нысанындағы ТМККК тізбесі уәкілетті орган бекітетін диагностика мен емдеудің стандарттарына (кезеңдік хаттамаларға) (бұдан әрі - хаттамалар
1
) сәйкес алдын алу, диагностикалық және емдеу қызметтерін қамтиды.
__________________
1
Бұл жерде және бұдан әрі қарай хаттама болмаған кезде диагностикалық және емдеу іс-шараларының көлемі жалпыға бірдей қабылданған көзқарастарға сәйкес медициналық көрсетімдер бойынша айқындалады.
12. Алдын алу қызметтері мыналарды қамтиды:
1) уәкілетті орган белгіленген тәртіпке сәйкес 15 пен қоса алғанда 49 жас аралығындағы әйелдерді, 18 жасқа дейінгі декреттелген жастағы балаларды және халықтың жекелеген топтарын алдын ала тексеру;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін
тізбеге
сәйкес жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы егу;
3) санитарлық-гигиеналық, iндетке қарсы iс-шаралар мен аурулардың алдын алу, оның iшiнде:
жұқпалардың ошақтары мен сыртқы ортаның қолайсыз факторларын эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық тексеру, сондай-ақ оларды жою немесе әсерлерiн азайту жөнiндегі шаралар;
халықты және шаруашылық жүргiзушi субъектілердi санитарлық- эпидемиологиялық ахуал мен аумақтың санитарлық-эпидемиологиялық мониторингiнiң нәтижелерi туралы хабардар ету;
4) халықты қауiпсiз сумен жабдықтау және ұтымды тамақтану жөнiндегi түсiндiру жұмысы;
5) негiзгi аурулар кезiнде қатердiң iс-қимыл факторларының алдын алуды қоса алғанда, салауатты өмiр салтын қалыптастыру жөнiндегi iс-шаралар;
6) отбасын жоспарлау мен ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi түсiндiру жұмысы.
13. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
1) осы тiзбенiң 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген халық топтарын алдын ала тексеру кезiнде:
БМСК маманының жолдамасы бойынша БМСК маманының, стоматологтың, акушер-гинекологтың, хирургтiң, офтальмологтың, сондай-ақ басқа да бейiн мамандарының тексеруi;
зертханалық зерттеулер: қанды жалпы талдау (лейкоциттердiң, гемоглобиннiң санын, эритроциттердiң шөгу жылдамдығын анықтау), зәрдi жалпы талдау, копрограмма, қандағы және зәрдегi глюкозаны анықтау, қандағы аспарагиндi және аланиндi аминотрансферазды, несеп нәрiн анықтау, қақырықты талдау, мерезге микрореакция, әйелдердiң кынап жағындысы мен онкоцитологияға арналған жағынды, уретральды жағынды-айғақтар бойынша;
аспаптық зерттеулер: 40 жастан асқан адамдарға электрокардиография, 40 жастан асқан адамдардың көзi iшiнiң қан қысымын өлшеу, 35-тен 49 жасқа дейiнгi әйелдерге маммография, флюорография;
2) ауруы бойынша есепте тұрған азаматтарды диспансерлеу кезiнде:
БМСК маманының және/немесе бейiн маманының тексеруi;
полимеразды тiзбектi реакция негiзiндегi диагностиканы, иммундық-феномендiк типтеудi, компьютерлiк томографияны, магниттiк-резонанстық томографияны, ангиографияны, медициналық-генетикалық зерттеулердi (бұдан әрi - қымбат тұратын зерттеулер) қоспағанда, БМСК маманы мен бейiн мамандарының жолдамасы бойынша азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетiмдерi бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер;
БМСК маманы мен бейiн мамандарының жолдамасы бойынша 18 жасқа дейiнгi балаларға, жүктi әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектерге, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" белгiлерiмен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтiк көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге (бұдан әрi - халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарына) жұқпалы аурулармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн
тiзбе
бойынша әлеуметтiк елеулi аурулармен және айналадағыларға қауiп төндiретiн аурулармен (бұдан әрi - әлеуметтiк елеулi аурулар) ауыратын науқастарға медициналық көрсетімдер бойынша қымбат тұратын зерттеулер;
3) ауруы бойынша қаралған кезде:
БМСК маманының тексеруi;
БМСК маманының жолдамасы бойынша бейiн маманның тексеруi;
БМСК маманы мен бейiн мамандарының жолдамасы бойынша азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетiмдерi бойынша, қымбат тұратын зерттеулердi қоспағанда, зертханалық және аспаптық зерттеулер;
БМСК маманы мен бейiн мамандарының жолдамасы бойынша халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарына, әлеуметтiк елеулi аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көрсетiмдер бойынша қымбат тұратын зерттеулер.
14. Емдеу қызметтерi мыналарды қамтиды:
1) емделушi қиын жағдайдан шыққанға және/немесе жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейiн шұғыл көмек көрсету;
2) емдiк манипуляциялар: инъекциялар, дәке, қатайтатын таңғыштар, шендеуіштер салу, медицина ұйымының шығыс материалдарын пайдалана отырып, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да амбулаториялық ем-шаралар;
3) 18 жасқа дейiнгi балаларға медициналық көрсетiмдерi бойынша физиоем-шаралар;
4) халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарына шұғыл стоматологиялық көмек, сондай-ақ тiс жұлуды, бұрғылауды және химиялық қатайтылған композицияланған материалдардан пломбылар салуды қоса алғанда, 18 жасқа дейiнгi балалар мен жүктi әйелдерге көрсетiлетiн жоспарлы стоматологиялық (ортодонтикалықтан және ортопедиялықтан басқа) көмек;
5) темiр тапшылығы анемиясының және йод тапшылығының алдын алуға арналған препараттармен жүктi әйелдердi, бес жасқа дейiнгi балаларды, диспансерлiк есепте тұрған балалар мен жасөспiрiмдердi, сондай-ақ уәкiлеттi орган бекiткен аурулар түрлерiнің тiзбесi бойынша азаматтардың жекелеген санаттарын тегiн/жеңiлдiктi дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету.
15. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының ұсынуы бойынша облыстар, Астана және Алматы қалалары үшiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен айқындалатын емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған санының (шектi көлемiнiң) шеңберiнде көрсетiледi.
17. Жоспарлы көрсетiмдер бойынша ТМККК БМСК маманының, емделушiнi басқа медициналық ұйымға ауыстыру кезiнде стационарлық көмек көрсететiн медицина ұйымының, сондай-ақ уәкiлеттi орган белгiлеген
тәртiппен
құрылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмек жөнiндегi комиссиялардың жолдамасы бойынша көрсетiледi.
Шұғыл көрсетiмдер бойынша ТМККК жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан көрсетiледi.
18. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК азаматтарға уәкiлетті орган немесе денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары, сондай-ақ медициналық мекемелермен тиiстi шарттары бар денсаулық сақтау ұйымдары бiлiктi, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрiнде, оның iшiнде хаттамаларға сәйкес стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынады.
19. Бiлiктi медициналық көмек терапиялық, хирургиялық, педиатриялық және акушерлiк-гинекологиялық бейiндер бойынша көрсетiледi.
20. Мамандандырылған медициналық көмек мынадай мамандықтар бойынша көрсетiледi:
1) аллергология, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология (кең көлемде зақымданған аурулардың ауыр рефрактерлi нысандары) иммунология, жұқпалы және паразиттiк аурулар, кардиология, кардиоревматология, лепрология, наркология, неврология, нефрология, профпатология, психиатрия, пульмонология, реабилитология (сауықтыру емдеудiң ажырамас бөлiгi болып табылған жағдайда), ревматология, терапия, фтизиатрия, эндокринология кiретiн терапиялық бейiн;
2) андрология, анестезиология мен реаниматология, камбустиология, маммология, нейрохирургия, онкология, оториноларингология, офтальмология, проктология, травматология мен ортопедия, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, трансплантология, токсикология, урология, хирургия, жақ-бет сүйегi хирургиясы кiретiн хирургиялық бейiн;
3) балалар аллергологиясы, балалар гастроэнтерологиясы, балалар мен жасөспiрiмдер гинекологиясы, балалар гематологиясы, балалар дерматовенерологиясы, балалардағы жұқпалы және паразиттiк аурулар, балалар иммунологиясы, балалар камбустиологиясы, балалар кардиоревматологиясы, неонатология, балалар неврологиясы, балалар нейрохирургиясы, балалар нефрологиясы, жасөспiрiмдер наркологиясы, балалар оториноларингологиясы, балалар онкологиясы, балалар офтальмологиясы, педиатрия, балалар психиатриясы, балалар пульмонологиясы, балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясы, балалар реабилитологиясы (сауықтыру емдеудiң ажырамас бөлiгi болып табылған жағдайда), балалар жүрек-қан тамырлары хирургиясы, балалар стоматологиясы, балалар травматологиясы мен ортопедиясы, балалар трансплантологиясы, балалар токсикологиясы, жасөспiрiмдер терапиясы, балалар урологиясы, фтизиопедиатрия, балалар хирургиясы, балалар жақ-бет сүйегi хирургиясы, балалар эндокринологиясы кiретiн педиатриялық бейiн;
4) денеден тыс ұрықтандыру мен медициналық генетикадан басқа акушерлiктi және гинекологияны қамтитын акушерлiк-гинекологиялық бейiн.
22. Стационарлық көмек нысанында көрсетiлетiн ТМККК тiзбесi диагностикалық және емдiк қызметтердi қамтиды.
23. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
1) мамандардың тексерулерi, консультациялары;
2) жоспарлы ауруханаға жатқызу кезiнде талап етiлетiндердi, сондай-ақ қымбат тұратындарды қоспағанда, азаматтардың барлық санаттарына медициналық көрсетiмдерi бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер;
3) халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарына және әлеуметтік елеулi аурулармен ауыратындарға медициналық көрсетiмдерi бойынша қымбат тұратын зерттеулер.
24. Емдеу қызметтерi мыналарды қамтиды:
1) медициналық көрсетiмдерi бойынша емдiк манипуляциялар;
2) уәкiлеттi орган бекiтетiн негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрi-дәрмек тізiмi шегiнде медициналық көрсетiмдерi бойынша дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету;
3) медициналық көрсетiмдерi бойынша қан препараттарымен және компоненттерiмен қамтамасыз ету;
4) емдiк тамақтандыру.
25. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК көрсету уәкiлеттi орган белгiлеген стандарттағы палаталарда қосымша сервистiк қызметтер (теледидар, телефон, тапсырыспен тамақтану және т.б.) ұсынылмастан мыналар болған кезде жүзеге асырылады:
1) емдеуге жатқызуға (жоспарлы емдеуге жатқызу кезiнде) жолдама;
2) жоспарлы емдеуге жатқызу кезiнде жеке басын куәландыратын құжат немесе оны алмастыратын құжат;
3) медициналық көрсетiмдер (тәулiк бойы медициналық бақылаудың қажеттілiгi);
4) диагностика мен емдеу хаттамаларына сәйкес жоспарлы емдеуге жатқызу кезiнде талап етiлетiн тексерулер.
26. Стационарды алмастыратын көмек нысанындағы ТМККК уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен күндiзгi стационарларда, күндiз емделу палаталары мен үйдегi стационарларда ұсынылады.
27. Күндiзгi стационарларда және күндiз емделу палаталарында ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек диагностикалық, емдiк iс-шараларды, оның iшiнде медициналық көрсетімдерi бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрi-дәрмек құралдарының тiзiмi шегiнде дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етудi қамтиды.