Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 мамырдағы N 111 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 170 Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi, мемлекеттiк органдардың, меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың денсаулық сақтау жөнiнде азаматтардың Конституциялық құқығын iске асыруға қатысуын реттейдi.

  I тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
       анатомиялық сый  - органдар мен тканьдар беру; 
       ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемi  - Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына көрсетiлетiн және тiкелей республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы бiрыңғай көлемi; 
       ерiктi медициналық сақтандыру  - азаматтарға медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiнен тыс қосымша қызмет көрсету бойынша оларды сақтандыру түрi; 
       амбулаториялық-емханалық тарификатор  - мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек қызметiн көрсетуге арналған тарифтер тiзбесi; 
       клиникалық-шығын топтары  - емделуге арналған шығындар бойынша ұқсас аурулардың клиникалық бiртектес топтары; 
       жан басына шаққандағы норматив  - медициналық қызмет көрсетулердiң нақты көлемiн қамтамасыз ету үшiн бiр адамға есептелген жыл сайын қайта қаралатын шығындардың белгiленген нормасы; 
       халықтық медицина (емшiлiк)  - халық жинақтаған емшiлiк құралдар туралы тәжiрибелiк мәлiметтердiң, сондай-ақ емшiлiк және гигиеналық тәсiлдер мен дағдылардың жиынтығы және оларды денсаулық сақтау, аурулардың алдын алу мен емдеу үшiн iс жүзiнде қолдану;     
       медициналық оңалту  - денсаулықты iшiнара немесе толық қалпына келтiру; 
       ЖИТС - жасанды иммунды тапшылық синдромы  - адамның иммунды тапшылық вирусын жұқтыруына байланысты аса қауiптi жұқпалы ауру; 
       трансплатация  - тканьдар мен органдарды басқа орынға немесе басқа организмге ауыстырып салу, көндiктiру;      
       жеке медициналық практикамен айналысатын заңды және жеке тұлғалар  - халыққа профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмек көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет түрi; 
       эвтаназия  - науқастың қандай да бiр әрекеттер немесе құралдар, соның iшiнде тiршiлiгiн сақтау жөнiндегi жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлiмiн тездету туралы өтiнiшiн қанағаттандыру. 
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       2-бап. Осы заңмен реттелетiн мәселе

      Осы Заңмен реттелетiн мәселе Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық сақтау құқығын iске асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. 

       3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы
               Қазақстан Республикасының заңдары

      Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 

       4-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау жөнiндегi
               мемлекеттiк саясаттың принциптерi

      Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясаты: 
      денсаулық сақтау саласында мемлекеттiк кепiлдiктердi қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын сақтау; 
      мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары кепiлдi көлем шеңберiнде көрсететiн медициналық-санитариялық, медициналық-әлеуметтiк және дәрi-дәрмектiк көмектiң қолайлылығы, сабақтастығы мен тегiндiгi және оларды iске асырудағы жауапкершiлiк; 
      денсаулығынан айрылған жағдайда азаматтардың әлеуметтiк қорғалуы; 
      медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде медициналық көмек алудағы әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен теңдiк; 
      денсаулық сақтауды халықтың қажеттерiне сәйкес дамыту және меншiк нысандарына қарамастан медицина ұйымдары үшiн тең жағдайлар жасау; 
      медициналық-санитариялық және медициналық-әлеуметтiк шаралардың ғылыми негiздiлiгi мен профилактикалық нысаналылығы; 
      ерiктi медициналық сақтандыру мен сан салалы медицинаны дамыту; 
      орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, жұмыс берушiлердiң, лауазымды адамдардың азаматтардың денсаулығын нығайту мен сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау жөнiндегi жауапкершiлiгi; 
      медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдардың азаматтардың денсаулығына келтiрiлген нұқсан үшiн жауапкершiлiгi; 
      азаматтардың өзiнiң және айналасындағы адамдардың денсаулығын сақтау мен нығайту жөнiндегi жауапкершiлiгi принциптерi негiзiнде жүргiзiледi. 
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       5-бап. Мемлекеттiк органдардың азаматтардың денсаулығын
               сақтау саласындағы өкiлеттiктерi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтардың денсаулығын сақтау саласында: 
      азаматтардың денсаулығын сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын және оны жүзеге асыру жөнiндегi шараларды, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамыту стратегиясын әзiрлейдi; 
      мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеп, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынады және олардың орындалуы үшiн жауап бередi; 
      денсаулық сақтау iсiн, фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамытудың нысаналы кешендi бағдарламаларын бекiтедi және қаржыландырады; 
      атқарушы органдардың, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық атқарушы органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылық етедi; 
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орталық атқарушы органының ұсыныстары негiзiнде медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiн бекiтедi және баспасөзде жарияланады. 
      2. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттiк берiлген орталық атқарушы органы: 
      халық денсаулығын сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргiзедi; 
      денсаулық сақтау бойынша мемлекеттiк, нысаналы және кешендi бағдарламаларды iске асыруды салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ ол жөнiнде қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады; 
      денсаулық сақтау iсiн, фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi шараларды белгiлейдi; 
      республикалық медициналық, оқу, ғылыми-зерттеу және санитариялық-эпидемиологиялық ұйымдардың қызметiне басшылық етедi; 
      денсаулық сақтау ұйымдары мен халықты материалдық-техникалық, дәрi-дәрмек жағынан қамтамасыз етуге жәрдем бередi; 
      жергiлiктi атқарушы органдар арқылы меншiк нысандарына қарамастан аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырады; 
      халықтың денсаулық жағдайын талдайды;       
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiстi қызмет түрлерiне өз құзыретi шегiнде лицензия бередi;     ведомстволық медициналық-санитариялық қызметтердiң жұмысын үйлестiрiп отырады;
      дәрілік заттарға нормаларды, дәрілік заттардың жіктемесін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын бекітеді;
      Қазақстан Республикасының заңында белгіленген медициналық көмектің тегін кепілді көлемі шеңберінде тегін дәрілік көмек көрсетуге арналған негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрілік заттардың тізімін бекітеді;
      Дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді және оларға арналған нормативтік құжаттарда көрсетілмеген, адам денсаулығына қауіпті олардың жанама әсерлері анықталған жағдайда мемлекеттік тіркеу туралы шешімді қайтарып алу тәртібін айқындайды.<*>
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17.  N 325 , 2004.01.13.  N 523 Заңдарымен. 

       6-бап. Медициналық қызметке ақы төлеу жөнiндегi
               уәкiлеттi орган

      Медициналық қызметке ақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган медициналық қызметке лицензиясы бар, меншiк нысандарына қарамастан, жеке және заңды тұлғаларға, медициналық көмектiң кепiлдi тегiн көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарын өтеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекеме болып табылады. Бұл шығынды өтеу мiндеттi болып табылады. 
       Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен .

       7-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың,
               сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару
               органдарының азаматтар денсаулығын сақтау
               саласындағы өкiлеттiгi

       1. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
       денсаулықты күшейту мен нығайтуға, халықтың саулығын қалпына келтiруге, аурулардың алдын алуға және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттыққа жәрдемдесетiн халықтың тiршiлiгiне қажеттi жағдайлар кешенiн қамтамасыз ету; 
      азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      денсаулық сақтауға және аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған шығыстар бөлiгiнде жергiлiктi бюджеттердi жасау, бекiту және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
      денсаулық сақтау саласының ресурстармен, кадрлармен, қаржымен қамтамасыз етiлуiн, денсаулық сақтау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыруға халықтың қатысуын ұйымдастыру;
      салааралық ынтымақтастықты дамыту, емделуi қиын науқастар үшiн арнаулы қорлар құру;
      мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының, медицина және фармацевтика өнеркәсiбiнiң қажеттi материалдық-техникалық базасын дамыту үшiн жағдайлар жасау; 
      сан салалы медицинаны енгiзу және бұқаралық дене тәрбиесi-сауықтыру қозғалысын дамыту; 
      халықты қауiпсiз, экологиялық жағынан таза, тиiмдi және сапалы дәрi-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етуге бақылау жасау.
      2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары азаматтардың денсаулығын сақтау саласында заңдарда белгiленген өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.

       8-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың
               денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық
               бiрлестiктер

      Дәрiгерлер мен дәрi жасаушылардың, орта медициналық қызметкерлердiң, медициналық және фармацевтикалық өнiм өндiрушiлердiң кәсiптiк одақтары, ассоциациялары, Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай және Қызыл Крест қоғамы және басқа да қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге қатысады. 

       9-бап. Жұмыс берушiлердiң азаматтардың денсаулығын
               сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау
               жөнiндегi жауапкершiлiгi

      Жұмыс берушiлер меншiк нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
      экологиялық қолайлылық, азаматтардың салауатты еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қамтамасыз ету;
      қоршаған және өндiрiстiк ортаның жай-күйi жайында мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарын хабардар ету;
      санитариялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтау, өндiрiстiк үй-жайлар мен аумақтарды күтiп ұстау;
      өндiрiстiң зиянды факторлары жайында халықты хабардар ету;
      азаматтардың денсаулығына келтiрiлген нұқсан;
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапты болады.

  II тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ
ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

       10-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi

      1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне: азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың денсаулық сақтауды басқару органдары жатады. 
      2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне сондай-ақ мемлекет меншiгiндегi және мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң басқару органдарына бағынышты амбулаториялық-емхана, аурухана ұйымдары, медициналық-санитариялық бөлiмдер, ана мен баланы қорғау, медициналық жедел жәрдем, сот-медициналық сараптама ұйымдары, диспансерлер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу, санитариялық-эпидемиологиялық, санаторий-курорттық, фармацевтикалық ұйымдар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтерi және өзге де ұйымдар жатады. 
      3. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне, азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлдi орталық атқарушы органын қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа да министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдары мен ұйымдары құратын емдеу-профилактикалық және фармацевтика ұйымдары енедi. 
      4. Өздерiнiң ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары, жеке медициналық ұйымдар заңды тұлғалар болып табылады және өздерiнiң қызметiн осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырады. 
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       11-бап. Жеке денсаулық сақтау практикасымен айналысатын
                заңды және жеке тұлғалар

      1. Жеке денсаулық сақтау практикасымен айналысатын заңды және жеке тұлғаларға жеке меншiктегi емдеу-профилактикалық, санаторий-курорт, дәрiхана ұйымдары және медициналық техника ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын жеке адамдар жатады.
      2. Жеке медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын заңды және жеке тұлғалар өздерiнiң қызметiн осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырады.

       12-бап. Мемлекеттiк және жеке денсаулық сақтау ұйымдары
                мен жеке медициналық практикамен айналысатын
                жеке адамдардың қызметiн лицензиялау

      1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары, жеке медициналық практикамен және халықтық медицинамен (емшiлiкпен) айналысатын жеке ұйымдар мен жеке адамдар өздерiнiң қызметiн таңдаған қызмет түрiне лицензиясы болғанда ғана жүзеге асырады.
      2. Лицензия беру тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

       13-бап. Халықтың экологиялық,
                санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылығы мен
                радиациялық қауiпсiздiгiн   қамтамасыз ету

      Халықтың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылығы мен радиациялық қауiпсiздiгi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк уәкiлдi органдардың және жұмыс берушiлердiң кешендi шаралар жүргiзуi арқылы қамтамасыз етiледi.

  III тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АЗАМАТТАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ
КӨМЕК ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҮЙЕСI

       14-бап. Халыққа медициналық көмек ұйымдастыру

      1. Азаматтарға ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң қолайлығын және оны алуын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң негiзiн: 
      фельдшерлiк-акушерлiк пункт (дәрiгерге дейiнгi көмек); 
      дәрiгерлiк амбулатория, емхана және учаскелiк аурухана (дәрiгерлiк көмек); 
      аудандық орталық аурухана, диспансерлер (бiлiктi дәрiгерлiк көмек); 
      облыстық аурухана, қалалық аурухана, диспансерлер, жедел медициналық жәрдем ауруханалары мен станциялары, республикалық орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының клиникалары (мамандандырылған дәрiгерлiк көмек) құрайды. 
      2. Лицензиясы болған жағдайда заңды және жеке тұлғалардың медициналық ұйымдардың басқа да түрлерiн ашуына рұқсат етiледi. 

       15-бап. Халыққа медициналық көмек көрсету түрлерi

      1. Халыққа медициналық жәрдем көрсету: 
      алғашқы медициналық-санитариялық көмектi, мамандандырылған медициналық көмектi, медициналық-әлеуметтiк көмек пен оңалтуды қамтиды. 
      2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiне кiретiн арнайы медициналық ұйымдар (жедел медициналық жәрдем станциялары мен бөлiмдерi) өмiрге қауiп төнген жағдайларда, бақытсыз жағдайларда және ауыр сырқаттанған кезде ересектер мен балаларға тегiн жедел медициналық көмек көрсетедi. 
      3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек медициналық қызмет көрсетудiң әрбiр азамат үшiн негiзгi қолайлы және тегiн түрi болып табылады және ол неғұрлым кең таралған ауруларды, жарақаттарды, улануды және кiдiртуге болмайтын басқа да жай-күйлердi емдеудi, бала тууға жәрдемдесудi, санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар жүргiзудi, аса елеулi аурулардың медициналық профилактикасын, санитариялық-гигиеналық бiлiм берудi, отбасын, ананы, әке мен баланы қорғау жөнiнде шаралар жүргiзудi, тұрғылықты жерi бойынша медициналық көмек көрсетуге байланысты басқа да шаралар жүргiзудi қамтиды. 
      4. Мамандандырылған медициналық көмектi азаматтарға диагностиканың, емдеудiң арнаулы әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететiн аурулар кезiнде амбулаториялық-емханалық және стационарлық ұйымдар көрсетедi. 
      5. Медициналық-әлеуметтiк көмек медициналық-әлеуметтiк үлгiдегi ұйымдар желiсiн құру және дамыту, тұрғын үй-тұрмыстық жеңiлдiктер беру, жұмыс iстейтiндердi сауықтыру жөнiндегi медициналық ұсыныстарды жұмыс берушiлердiң орындауын қамтамасыз ету, еңбек пен тамақтанудың ұтымды режимiн ұйымдастыру жөнiндегi шаралар жүйесiн қамтиды. 
      6. Туа бiткен және жүре пайда болған, асқынған және созылмалы аурулардан және алған жарақаттар салдарынан зардап шегушi азаматтарды медициналық, дене қуатын, психологиялық және әлеуметтiк жағынан оңалту тиiстi емдеу-профилактикалық және сауықтыру ұйымдарында көрсетiледi. 

       16-бап. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және
                айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан
                зардап шегетiн азаматтарға 
                медициналық-әлеуметтiк жәрдем

      1. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегетiн азаматтарға медициналық-әлеуметтiк жәрдем, диспансерлiк қадағалау тегiн және жеңiлдiктi жағдаймен жасалады. 
      2. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулар және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 
      3. Әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардан және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегетiн азаматтарға медициналық-әлеуметтiк жәрдем жасау түрлерi мен көлемiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 

       17-бап. Айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн
                аурулардың арнаулы алдын алу шаралары

      1. Денсаулық сақтау органдары мен ұйымдары, медицина қызметкерлерi айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн ауруларды (туберкулездi, психикалық және соз ауруларын, алапестi, ЖИТС-тi және карантиндiк инфекцияларды) анықтауды (соның iшiнде құпиялылығын сақтап анықтауды), сондай-ақ олардың арнаулы алдын алу шараларын жүзеге асырады. 
      2. Айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн аталған аурулардың арнаулы алдын алу шараларын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 

       18-бап. Туберкулезбен және диабетпен ауыратын адамдарға
                медициналық-санитариялық көмек көрсету

      1. Туберкулезбен ауыратын адамдар мiндеттi түрде диспансерлiк бақылауға алынып, емделуге тиiс, олар туберкулезге қарсы дәрi-дәрмектермен және санаторий-курорттық еммен тегiн қамтамасыз етiледi, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңiлдiктердi пайдаланады. 
      2. Туберкулез микробактерияларын тарататын науқастар мiндеттi түрде ауруханаға жатқызылуға тиiс, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етiледi. 
      3. Диабетпен ауыратын адамдар мiндеттi түрде диспансерлiк бақылауға алынып, тегiн еммен және дәрi-дәрмек құралдарымен жеңiлдiктi жағдайда қамтамасыз етiлуге тиiс. 

       19-бап. Соз ауруларымен және ЖИТС-пен ауыратын
                адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету

      1. Соз ауруларына және ЖИТС-ке шалдыққан адамдарды дер кезiнде анықтап, емдеу үшiн денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының ұсынысымен жергiлiктi атқарушы органдар арнаулы орталықтар, лабораториялар, кабинеттер, соның iшiнде олардың құпия емдейтiндерiн, ауруханалар және диспансерлер ашады. Өз еркiмен емделуден жалтарған жағдайларда мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Тексерiлуге және емделуге келуден жалтаратын, сондай-ақ соз аурулары мен ЖИТС тарататын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 
      2. ЖИТС-пен ауыратын азаматтардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады. 

       20-бап. Психикалық аурулардан зардап шегушi адамдарға
                медициналық-санитариялық көмек көрсету және
                оларды оңалту

      1. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсетудiң негiздерi мен тәртiбi және оларды оңалту арнаулы заңмен реттеледi. 
      2. Психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құқықтарға кепiлдiк берiледi. 
      3. Халықтың психикалық денсаулығын сақтау, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарды емдеу мен оңалту жөнiндегi заңдардың сақталуын бақылауды жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады. 

       21-бап. Маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және
                уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға
                медициналық-санитариялық көмек көрсету

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар маскүнемдiктiң, нашақорлық пен уытқұмарлықтың алдын алу және оларды емдеу жөнiндегi шаралар жүйесiн қамтамасыз етедi. Денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының ұсынуымен жергiлiктi атқарушы органдар жасырын емдеудi қоса алғанда, аталған аурулар санаттарын емдеу үшiн арнаулы кабинеттер, ауруханалар мен диспансерлер ұйымдастырады. 
      2. Маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын азаматтардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады, оларды оңалту қамтамасыз етiледi. 

       22-бап. Бостандығы шектеулi азаматтарға медициналық
                көмек көрсету

      1. Сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жерде жазасын өтеп жатқан, уақытша ұстайтын изоляторларға, арнаулы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық-санитариялық көмек жалпы негiздерде көрсетiледi. 
      2. Тергеу изоляторларына орналастырылған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға ведомстволық медициналық қызметтер қызмет көрсетедi.

       23-бап. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын
                азаматтарға медициналық-санитариялық көмек
                көрсету

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар үшiн арнайы диспансерлер, кабинеттер, спорттық-сауықтыру кешендерi желiсiн ұйымдастырады.
      2. Санитариялық қадағалау органдары дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн пайдаланылатын үй-жайлар мен аумақтардың жай-күйiн бақылауды жүзеге асырады.

       24-бап. Қазақстан Республикасының әскери қызметшiлерiне,
                iшкi iстер органдарының, Мемлекеттiк тергеу
                комитетiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң,
                iшкi әскерлерiнiң қызметкерлерiне медициналық
                көмек көрсету

      Қазақстан Республикасының әскери қызметшiлерiне, iшкi iстер органдарының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi әскерлерiнiң қызметкерлерiне медициналық көмектi осы ведомстволардың медицина ұйымдары көрсетедi. Қызмет өткеру немесе тұрғылықты жерi бойынша медицина ұйымдары болмаған жағдайда немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған жағдайда медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлдi орталық атқарушы органның аумақтық ұйымдарында медициналық көмектiң кепiлдi шеңберiнде тиiстi бюджеттердiң қаражаты есебiнен кедергiсiз және тегiн көрсетiледi. 
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен .

       25-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және
                диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдану тәртiбi

      1. Хирургиялық операциялар, қан құю, диагностиканың күрделi әдiстерi ауру адамдардың келiсiмiмен, ал он алты жасқа толмаған науқастарға, психикасы бұзылған науқастарға - олардың ата-аналарының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының, жақын туыстарының келiсiмiмен қолданылады. 
      2. Дәрiгер медициналық араласу iсiне кiрiсiп кетiп, сол адамның өмiрi мен денсаулығына қатер төнуiне байланысты оны тоқтату немесе қайта оралу мүмкiн болмайтын жағдайлардан басқа кезде келiсiм керi қайтарылып алынуы мүмкiн. 
      3. Хирургиялық араласуды, қан құюды, диагностиканың күрделi әдiстерiн қолдануды кешiктiру ауру адамның өмiрiне қатер төндiретiн, ал аталған адамдардың келiсiмiн алу мүмкiн болмайтын жағдайларда шешiмдi дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды. 

       26-бап. Клиникалық және медициналық-биологиялық
                эксперименттер жүргiзу, диагностиканың,
                емдеудiң жаңа әдiстерiн қолдану

      1. Клиникалық және медициналық-биологиялық эксперименттер әдетте жануарларға, ал адамға - оның жазбаша келiсiмiмен немесе оның заңды өкiлiнiң қатысуымен жасалған келiсiм-шарт бойынша жүргiзiледi. 
      2. Сынақтан өтiп жатқан адамның талап етуi бойынша кез келген кезеңде және оның өмiрiне, денсаулығына қатер төнген жағдайда эксперимент тоқтатылады. Профилактикалық-емдеу ұйымдары профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң эксперимент жасау арқылы қуатталған әдiстерiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органының арнайы рұқсаты бойынша қолданады. 
      3. Клиникалық және медициналық-биологиялық эксперименттер жүргiзу, диагностика мен емдеудiң жаңа әдiстерiн қолдану тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 

       27-бап. Өлу сәтiн анықтау. Өмiрдi сақтап тұрған
                аппаратураны тоқтату шарттары

      1. Өлiмдi дәрiгер немесе фельдшер анықтайды. Адамның өлгенiн анықтау өлшемдерi Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтетiн ережеге сәйкес актiмен белгiленедi. 
      2. Өмiрдi сақтап тұрған аппаратура өлiм анықталған жағдайларда ғана тоқтатылуы мүмкiн. 
      3. Медицина қызметкерлерiнен эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады. 

       28-бап. Патологиялық-анатомиялық союды жүзеге асыру

      1. Дәрігерлер патологиялық-анатомиялық союды өлiмнiң себептерi туралы деректер алу және ауыру диагнозын нақтылау мақсатында жүргiзедi. 
      2. Патологиялық-анатомиялық союды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен актiмен белгiленедi. 

       29-бап. Анатомиялық сый

      1. Анатомиялық сый оны жасаушының өсиетi арқылы iстелуi мүмкiн және ол қайтыс болғаннан кейiн нақты сипат алады. Анатомиялық сый туралы өсиеттi сыйға тартушы адам жоюы мүмкiн. Туған-туыстары өсиетке сот тәртiбiмен дау айта алады.
      2. Анатомиялық сый туралы мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс. 
      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiм екенi анықталмаған және талап етiп алынбаған адамдардың мәйiттерi деанатомиялық сый деп танылады.

  IV тарау. ДОНОРЛЫҚ

       30-бап. Қан мен оның компоненттерiне донорлық

      1. 18 жастан 60 жасқа дейiнгi әрбiр азаматтың қан мен оның компоненттерiне донор болуға құқығы бар. Донорларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеңiлдiктер берiледi. 
      2. Қан және оның компоненттерiн алу, құю, оларды сақтау операцияларын жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен арнаулы ережемен белгiленедi. 

       31-бап. Ағзалар мен тканьдердi ауыстырып салу

      1. Адам, адамның мәйiтi, сондай-ақ жануарлар ағзалар мен тканьдердi ауыстырып салу жөнiнен донор бола алады. 
      2. Адам ағзалары мен тканьдерiн ерiксiз алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады. Адам ағзалары сатып алу, сату және коммерциялық мәмiлелер заты бола алмайды. Мұндай iс-әрекеттерге жол берген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады. 
      3. Ағзалар мен тканьдердi адамнан адамға, мәйiттен адамға және жануарлардан адамға ауыстырып салу тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен ережемен белгiленедi. 

       32-бап. Донордың өтемақы және әлеуметтiк көмек алуға
                құқығы

      Донорлық мiндеттi атқаруға байланысты зиян келтiрiлген жағдайда донордың зиянды өтеттiруге және әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар, ал ол қайтыс болған жағдайда - жұбайының (зайыбының), балаларының, ата-анасының және оның асырауында болған адамдардың өтемақы және әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар. 

       33-бап. Жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты енгiзiп
                жетiлдiру

      1. Жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты енгiзiп жетiлдiру тiркелген некеде тұратын ерлi-зайыптылардың өзара жазбаша келiсiмi негiзiнде жасалуы мүмкiн. Күйеуi жоқ әйелге қатысты жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрықты енгiзiп жетiлдiру жөнiндегi операция оның ерiк бiлдiруiне сәйкес жасалуы мүмкiн. 
      2. Денсаулық сақтау ұйымдары донорлықтың құпиялылығын және жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрық енгiзiп жетiлдiру операциясын жасау құпиясын сақтауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етедi және оған жауап бередi. 
      3. Жасанды жолмен ұрықтандыру және ұрықты енгiзiп жетiлдiру донорлығының тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 
      4. Жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрықты енгiзiп жетiлдiру операциясынан кейiн туған балалар жөнiндегi ата-аналардың құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi. 

  V тарау. ДӘРI-ДӘРМЕКТIК ЖӘНЕ ПРОТЕЗДIК-ОРТОПЕДИЯЛЫҚ КӨМЕК

       34-бап. Азаматтарға дәрi-дәрмектiк көмек

      1. Азаматтарға дәрi-дәрмектiк көмек көрсету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты және оны жүзеге асыру жөнiндегi iс-қимылды дәрi-дәрмек құралдарын тұтынуға қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжам жасау негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы жүзеге асырады және үйлестiрiп отырады. 
      2. Дәрілік заттарды өткізуді мемлекеттік тіркеуден өткен, дәрілік заттарды өткізуге лицензия алған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген сәйкестік сертификаты бар дәрілік заттар айналымы саласындағы субъектілер жүзеге асырады.
      3. Фармацевтикалық қызметті мемлекеттік қадағалауды және дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын бақылауды дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. <*>
       Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.01.13. N 523  Заңымен

       35-бап. Медициналық практикада қолданылатын есірткі
                заттарды өндіру, пайдалану және бақылау

      1. Қазақстан Республикасында тек медициналық, ветеринариялық және ғылыми мақсаттарға арналған есірткі заттар ғана өндіріледі, өңделіп, сақталады. 
      2. Есірткі заттарды өндіруге, өңдеуге, әкелуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органы мен Ішкі істер министрлігінен рұқсат алған ұйымдардың құқығы бар. 
      3. Медициналық практикада қолданылатын есірткі заттарды өндіру, пайдалану және оған бақылау жасау Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады. 
      4. Медициналық, ветеринариялық және ғылыми мақсаттарға арналған есірткі заттарды өндіруге, өңдеуге, әкелуге, сақтауға, тасымалдауға, сатуға, пайдалануға және жоюға бақылау жасау Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органы мен Ішкі істер министрлігіне жүктеледі. 

       36-бап. Протездiк-ортопедиялық көмек

      1. Азаматтардың медициналық көрсеткiштер бойынша протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар. Мүгедектердiң осы заманғы технологиялар негiзiнде дайындалған протездiк-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етiлуге құқығы бар. 
      2. Барлық мүгедектер протездiк-ортопедиялық бұйымдармен және аяқ киiммен тегiн немесе Қазақстан Республикасының уәкiлдi органы белгiлеген тәртiпке сәйкес жеңiлдiктi шарттармен қамтамасыз етiледi.
      3. Мемлекет протездiк-ортопедиялық көмектi жетiлдiру жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге, жоғары сапалы протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, осы заманғы технологияларды өндiрiске енгiзуге, мамандар даярлауға, протездiк-ортопедиялық өнеркәсiптi ұйымдастыру мен дамытуға қажеттi қаражат бөледi.

  VI тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ЖӘНЕ ЖЕКЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       37-бап. Мемлекеттiк және жеке медициналық ұйымдардың
                құқықтары мен мiндеттерi

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарының:
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң ұйымдық құрылымын, штаттарын жасауға және бекiтуге, еңбектi ұйымдастыру мен оған ақы төлеу нысанын дербес таңдауға;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды тұлға құқықтарын пайдалануға құқығы бар.

       38-бап. Жеке медициналық ұйымдардың және жеке
                медициналық практикамен айналысатын адамдардың
                құқықтары

      Жеке медициналық ұйымдардың және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардың:
      алған лицензиясына сәйкес халыққа профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмек көрсетуге;
      көрсетiлетiн медициналық қызметке баға белгiлеуге;
      Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн шарттармен медициналық қызметкерлер жалдауға, олардың еңбегiне ақы төлеудiң нысандары мен мөлшерiн белгiлеуге;
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен дәрi-дәрмекке рецепттер жазып беруге және анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын беруге құқығы бар.

       39-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарының
                мiндеттерi

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары:
      шұғыл медициналық көмек көрсетуге;
      науқас адам үшiн мемлекет кепiлдiк беретiн көлем шегiнде қолайлы, дер кезiнде бiлiктi, мамандандырылған және тегiн медициналық көмектi; 
      төтенше жағдайларда жұмыс iстеуге сақадай-сай болуды;
      айналасындағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардан, сондай-ақ кәсiби аурулардан сақтандыру, олардың диагностикасы және емделуi жөнiнде арнаулы профилактикалық медициналық шаралар жүргiзудi; 
      мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары көрсететiн бiлiктi медициналық жәрдем нысандары мен түрлерi туралы тегiн, оперативтi және ақиқат ақпар берудi; 
      санитариялық-гигиеналық, эпидемияға қарсы режимдердi сақтауды; 
      меншiк нысандарына қарамастан, басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасауды және олармен сабақтастықты;
      салауатты тұрмыс салтын насихаттауды және халыққа санитарлық-гигиеналық тәрбие берудi;
      медициналық кадрлар даярлау және қайта даярлау үшiн жағдайлар жасауды;
      азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша басқа да министрлiктермен және ведомстволармен, сондай-ақ өнеркәсiп, оқу, сауда, ауыл шаруашылық және басқа ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге мiндеттi. 
       Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.03.21. N 308  Заңымен.

       40-бап. Жеке медициналық ұйымдардың және жеке
                медициналық практикамен айналысатын адамдардың
                мiндеттерi

      Жеке медициналық ұйымдар және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдар:
      шұғыл медициналық көмек көрсетудi қамтамасыз етуге;
      халыққа өздерi көрсететiн профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмектiң барлық түрлерiне лицензиясы болғанда ғана медициналық қызметтi жүзеге асыруға;
      профилактикалық-емдеу ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жөнiнде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтетiн санитариялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi басшылыққа алуға;
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген нысан, түрлер бойынша және көлемде бастапқы медициналық құжаттарды жүргiзуге және жыл сайын есеп берiп отыруға; 
      кәсiби мiндеттерiн атқару кезiнде өздерiне белгiлi болған азаматтардың ауруы туралы, iшкi және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi. Бұл ақпаратты ашып айтуға осы Заңда көзделген жағдайларда жол берiледi; 
      бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетiлетiн медициналық жәрдем және сырқаттарды емдеу әдiстерiнiң тиiмдiлiгi туралы азаматтарға ақиқат ақпар және объективтi жарнама беруге;
      соз ауруларымен, ЖИТС-пен, алапеспен, микроспориямен, трихофитиямен, қышымамен, жұқпалы психикалық аурулармен ауыру жағдайларын денсаулық сақтау органдарына, ал жаңадан алған жарақаты мен жаралануы бойынша өтiнiш бiлдiрген адамдар туралы iшкi iстер органдарына хабарлауға мiндеттi.
       Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

  VII тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

       41-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiн
                қаржыландыру көздерi

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландыру көздерi мыналар болып табылады:
      жергiлiктi бюджеттердiң бiр тұрғынға шағып бөлiнетiн қаражаты; 
      республикалық бюджеттiң белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаты;
      халықаралық бағдарламалар бойынша халықаралық ұйымдардың қаражаты;
      кепiлдiк берiлген көлемнен тыс медициналық қызмет көрсеткенi үшiн және ақылы қызметтер мен заңдарға қайшы келмейтiн басқа да қызмет түрлерiн көрсеткенi үшiн алынған медициналық ұйымдардың қаражаты; 
      ұйымдардың пайдасынан ерiктi түрде жасалатын аударымдар;
      ұйымдар мен азаматтардың, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң қайырымдылық салымдары;
      пайдаланылуы Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да көздер;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тәртiппен амбулаториялық және стационарлық жағдайларда көрсетiлетiн медициналық көмек көрсетудiң тегiн кепiлдi көлемiнен тыс қосылып төлеу түрiнде азаматтардан түсетiн қаражат; 
      ерiктi медициналық сақтандырудан түсетiн қаражат.
       Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       42-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң
                қаражатын пайдалану

      Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң қаражаты:
      кепiлдiк берiлген көлемде тегiн медициналық көмек көрсетуге;
      денсаулық сақтаудың нысаналы кешендi бағдарламаларына;
      мемлекеттiк денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасын дамытуға және ұстауға;
      негізгі дәрілік заттарды өндіру мен сатып алуды ұйымдастыруға; <*> 
      медицина және фармацевт кадрларын даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға; 
      медицина және фармацевтика ғылымын дамытуға және олардың жетiстiктерiн енгiзуге; 
      жұқпалы аурулардың эпидемияларын жоюға; 
      қан және оның препараттарын, вакциналар, иммунды-биологиялық және басқа да медициналық препараттар сатып алуға; 
      Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiп пен нормалар бойынша халықтың жекелеген санаттарына тегiн және жеңiлдiкпен босату үшiн дәрi-дәрмек құралдарын, сондай-ақ балаларға арналған және емдiк арнаулы тамақ өнiмдерiн сатып алуға жұмсалады. 
       Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17.  N 325 , 2004.01.13.  N 523 Заңдарымен. 

       43-бап. Медициналық көмекке жұмсалған шығындарды өтеу

      1. Медициналық қызметке лицензиясы бар, меншiк нысандарына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың медициналық көмектi тегiн кепiлдi көрсету көлемi:
      алғашқы медициналық санитариялық көмек үшiн жан басына шаққандағы норматив бойынша;
      мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек үшiн амбулаториялық-емханалық тарификатор бойынша;
      стационарлық көмек үшiн клиникалық шығын топтары бойынша жүзеге асырылады.
      2. Медициналық көмекке жұмсалған шығындарды өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
       ЕСКЕРТУ. 43-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

  VIII тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ
ҚҰҚЫҚТАРЫ

       44-бап. Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен тегiн медициналық көмектi кепiлдiк берiлген көлемде алуға құқығы бар. 
      2. Азаматтардың өздерiнiң жеке қаражаты, ұйымдардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен медициналық жәрдемнiң кепiлдiк берiлген көлемiнен артық қосымша медициналық қызметтi пайдалануға құқығы бар. Бұл құқық ақылы медициналық көмек алу, ерiктi медициналық сақтандыру арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдарында ақылы медициналық қызмет көрсетудiң шарттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. 
      3. Азаматтардың медициналық ұйымды еркiн таңдап алуға, сондай-ақ дәрiгердi еркiн таңдап алуға құқығы бар. 
      4. Азаматтар ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ең жақын жердегi кез келген емдеу-профилактикалық ұйымының шұғыл және кiдiртуге болмайтын медициналық көмегiмен қамтамасыз етiледi. 
       Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       45-бап. Азаматтардың емделуден және медициналық
                араласудан бас тарту құқығы

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң осы Заңның 46-бабында көзделген жағдайлардан басқа кезде тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан кез келген кезеңде бас тартуға құқығы бар. 
      2. Тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкiлiне оған қолайлы нысанда мұның ықтимал зардаптары түсiндiрiлуге тиiс. 
      3. Тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан бас тарту оның ықтимал зардаптары көрсетiлiп, медициналық құжаттамада жазбаша ресiмделедi және оған азамат не оның заңды өкiлi, сондай-ақ медицина қызметкерi қол қояды. 
      4. 16 жасқа толмаған адамның ата-анасы немесе өзге заңды өкiлдерi, не заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның заңды өкiлдерi аталған адамдардың өмiрiн сақтап қалу үшiн қажеттi медициналық көмектен бас тартқан кезде медицина ұйымының, сондай-ақ медицина қызметкерiнiң осы адамдардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнуге құқығы бар.

       46-бап. Азаматтардың келiсiмiнсiз тексеру, емдеу және
                медициналық араласу

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз:
      өз еркiн бiлдiруге мүмкiндiк бермейтiн есеңгiреген, ес-түссiз жағдайдағы;
      айналасындағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегушi;
      психикасы бұзылуының асқынуынан зардап шегушi;
      психикасының бұзылуынан зардап шегушi және қоғамға қауiптi iс-әрекет жасаған адамдарды тексеруге, емдеуге және медициналық араласуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жол берiледi.
      2. Азаматтардың келiсiмiнсiз тексеру, емдеу және медициналық араласу осы бапта көзделген негiздер жойылғанға дейiн немесе соттың шешiмi бойынша жалғастырылады.

       47-бап. Азаматтардың экологиялық,
                санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылық пен
                радиациялық қауiпсiздiк жөнiндегi құқығы

      1. Азаматтардың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылық пен радиациялық қауiпсiздiкке құқығы бар.
      2. Мемлекет қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулық жағдайына терiс әсер етпейтiн қоршаған қолайлы ортаны сақтауды қамтамасыз етедi.

       48-бап. Азаматтардың дәрi-дәрмектiк,
                протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз
                етiлу құқығы

      1. Азаматтардың дәрi-дәрмектiк, ортопедиялық және протездiк көмекпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
      2. Дәрi-дәрмектiк препараттармен, ортопедиялық және протездiк, дұрыс көру бұйымдарымен, есту аппараттарымен, емдiк дене шынықтыру құралдарымен және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен жеңiлдiкпен қамтамасыз етiлуге жататын адамдар санаты, сондай-ақ олармен қамтамасыз ету және оларды пайдалану шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       49-бап. Некеге тұратын азаматтардың
                медициналық-генетикалық тексеруден өту құқығы

      Қазақстан Республикасының аумағында некеге тұратын азаматтардың жұбайлар мен олардың ұрпақтарының денсаулығын сақтау мақсатында өздерiнiң қалауы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және медициналық-генетикалық тексерiлуден өтуге құқығы бар.

       50-бап. Азаматтардың санаторий-курорттық емделу,
                сауықтыру бағытындағы мекемелердi пайдалану
                құқығы

      Азаматтардың санаторий-курорттық ұйымдарды, демалыс үйлерiн, профилакторийлердi, пансионаттарды, туристiк базаларды, спорт ғимараттарын және сауықтыру бағытындағы басқа да ұйымдарды пайдалануға құқығы бар.

       51-бап. Азаматтардың өздерiнiң денсаулығының жай-күйi
                және денсаулыққа әсер ететiн факторлар туралы
                ақпарат алу құқығы

      1. Азаматтардың өздерiнiң денсаулығының және өздерiнiң балалары денсаулығының жай-күйi туралы қажеттi ақпарат алуға құқығы бар. 
      2. Азаматтардың, егер заңмен өзгеше белгiленбесе, жұбайы (зайыбы) мен ата-аналары денсаулығының жай-күйi туралы ақпарат алуға құқығы бар. 
      3. Азаматтардың профилактика және емдеу әдiстерi туралы, халықтың науқастану деңгейi туралы, олардың денсаулығына әсер ететiн факторлар туралы, соның iшiнде қоршаған орта жайы, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайлары туралы денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарынан және жұмыс берушiлерден ақпарат алуға құқығы бар. 
      4. Азаматтардың дәрiханалық, профилактикалық-емдеу, санитариялық-эпидемиологиялық ұйымдардан белгiленетiн, сатылатын дәрi-дәрмектiк өнiмдердiң сапасы, қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгi туралы толық ақпарат алуға құқығы бар. 
      5. Азаматтардың денсаулық жағдайы туралы ақпарат тексеру мен емдеудi жүргiзетiн дәрiгер бередi.

       52-бап. Азаматтардың өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген
                зиянның орнын толтыру құқығы

      Азаматтардың өздерiнiң денсаулығына мемлекет, жұмыс берушiлер немесе өзге де адамдар келтiрген моральдық және материалдық нұқсандардың орнын толтыруға құқығы бар. Денсаулыққа келтiрiлген зиянның орнын толтырудың негiздемесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленедi.

       53-бап. Азаматтардың шетелдiк медициналық және басқа да
                ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық,
                протездiк-ортопедиялық көмек алу құқығы

      Азаматтардың шетелдiк медициналық және басқа да ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық, протездiк-ортопедиялық көмек алу қажеттiгi туралы мамандандырылған медицина мекемелерiнiң қорытындысы болған жағдайда осындай көмек алуға құқығы бар. Мемлекеттiк органдар оны алуға жәрдемдесуге мiндеттi. 

       54-бап. Ананың денсаулық сақтау құқығы

      1. Әйелге ана болу туралы мәселенi өзi шешу құқығы берiледi. Денсаулық сақтау мақсатында әйелге оның келiсiмiмен өзi қаламаған жүктiлiктiң алдын алудың осы заманғы әдiстерi қолданылуы мүмкiн, хирургиялық жолмен дәрiлеп тазалау медициналық айғақтар болған жағдайда тек әйелдiң келiсiмiмен және жеке тiлек бiлдiру бойынша ғана жүргiзiледi, медициналық айғақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 
      2. Қазақстан Республикасында ананы мемлекет қорғайды және көтермелейдi.
      3. Ананы қорғау: 
      арнайы медицина ұйымдарының кең желiсiн ұйымдастыру; 
      бала тууына байланысты әйелге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген тәртiппен және мөлшерде жәрдемақы төлеу; 
      жүктi әйелдерге медициналық нұсқамаларды орындауға мүмкiндiк туғызып, оларды жұмысқа ұтымды түрде орналастыру; 
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баланы күтiп-бағуға жәрдемақы төлей отырып, жұмыс iстеп жүрген әйелдерге жүктiлiгi мен босануына байланысты демалыстар беру; 
      жеке жұмыс кестесiн және толық емес жұмыс уақыты режимiн белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi. 
      4. Заңдар арқылы басқа да жеңiлдiктер жасалуы мүмкiн. 

       55-бап. Балалалардың денсаулық сақтау құқығы

      1. Мемлекет балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады, олардың дене бiтiмi, ақыл-ойы, рухани, адамгершiлiк және әлеуметтiк дамуы үшiн қажеттi тұрмыс жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етедi. 
      2. Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушiлер арнаулы медицина және балаларды сауықтыру ұйымдарының желiсiн дамытуды қамтамасыз етедi, олардың тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайлар жасауына жауапты болады. 
      3. Балалар мiндеттi мерзiмдi медициналық байқаулардан өтiп тұруға және тұрақты диспансерлiк бақылауда болуға тиiс. 
      4. 3 жасқа дейiнгi балаларды, сондай-ақ дәрiгерлердiң қорытындысы бойынша қосымша күтiп-бағуды қажет ететiн ауыр науқасты ересек жастағы балаларды стационарда емдеу кезiнде анасына (әкесiне) немесе баланы күтiп-бағуды тiкелей жүзеге асыратын өзге адамға ауырып қалған отбасы мүшесiн күтiп-бағуға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төленiп, емдеу мекемесiнде онымен бiрге болу мүмкiндiгi берiледi. 
      5. Дене бiтiмiнiң немесе психикасының жетiлуiнде кемiстiгi бар балалардың мамандандырылған балалар мекемелерiнде медициналық-әлеуметтiк жәрдем алуға құқығы бар. Аталған балаларды сәбилер үйiне және жалпы мақсаттағы оқу-тәрбие ұйымдарына орналастыруға кедергi келтiретiн медициналық айғақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтедi. 
      6. Отбасында балаларды күтiп-бағу және тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерiн орындаудан жалтару, олардың денсаулығына зиян келтiретiндей дәрежеде оларға қатал қарау Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген жауапкершiлiк жүктейдi.
       Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

  IХ тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МIНДЕТТЕРI

       56-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заңдарды
                азаматтардың ұстануы жөнiндегi мiндеттерi

      Азаматтар денсаулық сақтау туралы заңдарды ұстануға, өздерiнiң және айналасындағы адамдардың денсаулығына ұқыпты қарауға мiндеттi.

       57-бап. Азаматтардың медициналық нұсқамаларды ұстану
                жөнiндегi мiндеттерi

      1. Жұқпалы аурулардың алдын алу үшiн азаматтар денсаулық нұсқамаларын денсаулық сақтау ұйымдары белгiлеген мерзiмде орындауға мiндеттi.
      2. Стационарлық емделуде жатқан адамдар медициналық ұйымдарда қолданылып жүрген режимдi сақтауға мiндеттi.
      3. Жұқпалы аурулармен науқастанған кезiнде медициналық нұсқамаларды бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       58-бап. Азаматтардың балалар денсаулығына қамқорлық
                жасау жөнiндегi мiндеттерi

      1. Азаматтар балалардың денсаулығына, олардың дене бiтiмi, рухани және адамгершiлiк жағынан жетiлуiне қамқорлық жасауға, салауатты өмiр салты дағдыларына тәрбиеленуге мiндеттi.
      2. Жүктi әйелдер дер кезiнде медициналық есепке тұруға, тексерiлуден өтуге, медициналық нұсқамаларды орындауға мiндеттi.
      3. Ата-аналар сау балалардың тууына жәрдемдесетiн ережелердi орындауға және бала туғаннан кейiн медициналық нұсқамаларды орындауға мiндеттi.

       59-бап. Туберкулезбен, алапеспен, ЖИТС-пен, соз
                ауруларымен және карантиндiк инфекциялармен
                ауыратын азаматтардың мiндеттерi

      1. Туберкулезбен, алапеспен, ЖИТС-пен, соз ауруларымен және карантиндiк инфекциялармен ауыратын азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуi бойынша тексерiлуден және емделуден өтуге мiндеттi.
      2. Тексерiлуден және емделуден жалтарған жағдайда азаматтар ерiксiз түрде куәландырылуға және емделуге алынады.
      3. Азаматтарды ерiксiз емделуге жiберудiң негiздемелерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.

       60-бап. Азаматтардың науқастарды тасымалдауға және
                оларға медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесу
                жөнiндегi мiндеттерi

      Азаматтар науқастың өмiрiне қатер төнген жағдайларда оны тасымалдауға және медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесуге мiндеттi.

  Х тарау. ШЕТЕЛДIКТЕРДIҢ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫҢ
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       61-бап. Шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың
                Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау
                жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктерге Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес денсаулық сақтау құқығына кепiлдiк берiледi. 
      2. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын немесе уақытша келген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты бiрдей құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi атқарады. 
      3. Шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, босқындарға медициналық-санитариялық және медициналық-әлеуметтiк көмек көрсетудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 

  ХI тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМДАРЫН КАДРЛАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ
ЕТУ

       62-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлары

      1. Денсаулық сақтау кадрларына медициналық, фармацевтiк, ғылыми, ғылыми-педагогикалық, педагогикалық, инженерлiк-техникалық қызметкерлер жатады, олардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi. 
      2. Денсаулық сақтау кадрларын даярлау, пайдалану және олардың бiлiктiлiгiн арттыру мемлекет, жұмыс берушiлер және жеке адамдар есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы:
      арнаулы орта және жоғары медициналық және фармацевтiк бiлiм берудiң сабақтастығын;
      медицина және фармацевтика кадрларын даярлаудың сапасына бақылау жасауды;
      республиканың медицина, фармацевтика, ғылыми және педагогика кадрлары жөнiндегi қажетiн қамтамасыз етедi.

       63-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметпен
                айналысу құқығы

      Медициналық және фармацевтикалық қызметпен, соның iшiнде жеке практикамен айналысуға арнайы даярлықтан өткен және Қазақстан Республикасының, бұрынғы КСРО-ның тиiстi жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын бiтiргенi туралы диплом немесе сертификат алған адамдардың, сондай-ақ нострификация тәртiбiмен диплом алған адамдардың құқығы бар. 

       64-бап. Арнайы медициналық бiлiмi жоқ адамдардың халық
                медицинасымен (емшiлiкпен) айналысу құқығы

      1. Арнайы медициналық бiлiмi жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы беретiн тиiстi куәлiк пен лицензияны алған жағдайда ғана халық медицинасының (емшiлiк) әдiстерiмен емдеу құқығына ие болады. 
      2. Қалың жұртшылыққа емшiлiк сеанстарын өткiзуге, соның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып өткiзуге тыйым салынады. 
      3. Емшiлiкпен заңсыз айналысатын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 
      4. Көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасына бақылауды мемлекеттiк денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады. Азаматтардың денсаулығына нұқсан келтiрiлген тәртiп бұзушылық анықталған жағдайда лицензия қайтып алынады немесе оның қолданылуы тоқтатылады, ал емшiлердiң лицензиясы мен куәлiгi қайтып алынады. 

       65-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметпен
                айналысу құқығын қалпына келтiру және одан айыру

      1. Өздерiнiң мамандығы бойынша үш жылдан астам уақыт жұмыс iстемеген медицина және фармацевтика қызметкерлерi медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тиiстi оқу орындарында Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен қайта даярлаудан өткеннен кейiн жiберiледi. 
      2. Медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi. 

  ХII тарау. МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРIНIҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ, МIНДЕТТЕРI, ЖАУАПКЕРШIЛIГI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТIК
ҚОРҒАЛУЫ

       66-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң
                кәсiби құқықтары

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң ар-ожданы мен қадiр-қасиетi, олардың кәсiби және әлеуметтiк құқықтары заңмен қорғалады. 
      2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң: 
      теориялық және практикалық әзiрлiктiң қол жеткiзiлген деңгейiне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген мерзiмде бiлiктiлiк санаттарын алуға; 
      кәсiби бiлiмiн жетiлдiруге; 
      денсаулық жағдайы бойынша кәсiби мiндеттерiн атқару мүмкiн болмаған кезде, барлық деңгейдегi бюджеттер қаражаты есебiнен қайта даярлықтан өтуге, сондай-ақ адам санының немесе штаттың қысқаруына, ұйымдардың таратылуына байланысты қызметкерлер босатылған жағдайларда осы азаматтарды жұмысқа қабылдаған ұйымдар есебiнен кәсiби даярлықтан өтедi; 
      өздерiнiң кәсiби мiндеттерiн азаматтың денсаулығына зиян немесе нұқсан келтiретiндей дәрежеде ұқыпсыз немесе салдыр-салақ орындалумен байланысты емес кәсiби қателiгiн сақтандыруға; 
      науқастың өмiрiне қауiп төнетiн жағдайларда ұйымдарға, азаматтарға тиесiлi байланыс құралдарын кедергiсiз және тегiн пайдалануға, науқас орналасқан жерге жету үшiн немесе оны жақын жердегi емдеу-профилактикалық ұйымына тасымалдау үшiн кез-келген көлiк түрiн дәл осылай пайдалануға құқығы бар. 
      3. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң өздерiнiң кәсiби мiндеттерiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайлардан басқа кезде мемлекеттiк органдардың және басқа да ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң кәсiби қызметiне араласуына тыйым салынады. 

       67-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң
                кәсiби мiндеттерi

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерi өздерiнiң қызметiн медициналық әдеп принциптерiн басшылыққа алып жүзеге асырады. 
      2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерi: 
      өздерiнiң қызмет мiндеттерiне сәйкес медициналық көмек көрсетуге; 
      азаматтарға емдеу ұйымынан тыс жерде көмек көрсету қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге мiндеттi. Мұндай көмектiң көрсетiлмеуi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап беруге әкеп соғады; 
      кәсiби мiндеттерiн атқару кезiнде өздерiне мәлiм болған азаматтардың ауруы, жеке және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi. Мұндай ақпаратты қоғамдық қауiптi сипат алатын аурулар болатын төтенше жағдайларда, сондай-ақ тергеу, сот органдарының жазбаша сұрау салуы бойынша ашып айтуға болады; 
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен және мерзiмде меншiк нысандарына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарында бiлiктiлiктi арттыру және қайта даярлау курстарында дипломнан кейiнгi оқу циклдарынан өту арқылы кәсiби бiлiмiн жетiлдiруге мiндеттi. 

       68-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң
                азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн
                жауапкершiлiгi

      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi, сондай-ақ халықтық медицинамен (емшiлiкпен) айналысуға құқығы бар адамдар азаматтардың денсаулығына өздерi келтiрген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 

       69-бап. Денсаулық сақтау қызметкерлерін әлеуметтік
                қорғау

      1. Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің мынадай құқықтары бар: 
      ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен отын сатып алуға әлеуметтік көмек беріледі; 
      жұмысының сипаты жүріп-тұрумен байланысты денсаулық сақтау қызметкерлерінің жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоғамдық көлікте тегін жүруі. Мұндай қызметкерлердің тізбесін тиісті жергілікті атқарушы орган белгілейді; 
      жеке меншігінде малы бар денсаулық сақтау қызметкерлері жемшөппен, малын жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей қамтамасыз етіледі. 
      2. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау мамандарына жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында қызметтің осы түрлерімен айналысатын мамандардың ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 процент жоғары айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленуі мүмкін. 
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңілдіктерден басқа, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қосымша жеңілдіктер белгілей алады.
       Ескерту. 69-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.11.22. N 484  Заңымен.

  ХIII тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПТАМА

       70-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасы

      1. Азаматтардың еңбекке уақытша жарамсыздығы сараптамасын емдеу-профилактикалық мекемелерiнде дәрiгер (фельдшер) немесе дәрiгерлiк-консультациялық комиссия (ДКК) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк актiлерiмен белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. 
      2. Еңбекке уақытша жарамсыздық фактiсi құжатпен - еңбекке жарамсыздық парағымен куәландырылады. Еңбекке жарамсыздық парағы азаматтарға жұмыстан босануға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы алуға құқық бередi. 
       Ескерту. 70-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.17. N 325  Заңымен.

       71-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама

      1. Азаматтардың медициналық-әлеуметтiк сараптамасын халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. 
      2. Медициналық-әлеуметтiк сараптаманы ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органмен келісе отырып белгiлейдi. 
      3. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысына азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым беруiне болады. 
       Ескерту. 71-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.03.21. N 308  Заңымен.

       72-бап. Сот-медицина және сот-психиатрия сараптамалары

      1. Сот-медицина және сот-психиатрия сараптамалары осы мақсатқа арналған мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң медицина ұйымдарында өткiзiледi. 
      2. Сот-медицина және сот-психиатрия сараптамаларын ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк актiлерiмен белгiленедi. 
      3. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң сот-медицина немесе сот-психиатрия сараптамасын белгiлеген органға сараптама комиссиясының құрамына тиiстi сала маманын қосымша енгiзу жөнiнде жүгiнуге құқығы бар.
      4. Сот-медицина немесе сот-психиатрия сараптамасын жүргiзген ұйымның қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгенiндей сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

  ХIV тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       73-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

       Заңды және жеке тұлғалар осы Заңды бұзған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       74-бап. Халықаралық шарттар

       Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады