Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.11.26 N 1937 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Қаулысымен.
"Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңының 20-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың медициналық көмек алу ережесi бекiтілсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2006 жылғы 16 қазандағы
N 997 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен
азаматтығы жоқ адамдардың медициналық көмек алу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың медициналық көмек алу ережесi Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келген немесе тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың (бұдан әрi - шетел азаматтары) медициналық көмек алу тәртiбiн айқындайды.
2. Шетел азаматтарына медициналық көмектi олардың келген жерi бойынша денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар көрсетедi.
3. Шетел азаматтарының медициналық көмек алуы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Шетел азаматтары денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтарға ие болады және мiндеттердi орындайды.
4. Егер Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шартында шетел азаматтарының медициналық көмек алуының өзге тәртiбi белгiленген жағдайда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
5. Шетел азаматтарының медициналық көмек алуына немесе олардың көрсетiлген медициналық көмек үшiн шоттарды уақтылы төлемеуiне байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
2. Шетел азаматтарының медициналық көмек алу тәртiбi
6. Шетел азаматтарына медициналық көмек жедел медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек , консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық көмек және стационарды алмастыратын көмек пен санаторийлiк-курорттық емдеу нысанында ұсынылады.
7. Шетел азаматтарына жедел медициналық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар аурулар немесе шұғыл медициналық көмектi талап ететiн жағдайлар туындаған кезде денсаулыққа айтарлықтай зиянды болдырмау немесе өмiрге төнген қатердi жою үшiн ұсынады.
Шетел азаматтары жедел медициналық көмектi мемлекеттiк бюджет қаражатының есебiнен тегiн алады.
8. Шетел азаматтарына тегiн медициналық көмек Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң тiзбесiне сәйкес ұсынылады.
9. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң тiзбесiне енбейтiн медициналық қызметтер (бұдан әрi - ақылы медициналық қызметтер) шетел азаматтарына олардың жеке қаражатының, оларға жұмыс берушiлер қаражатының, ерiктi медициналық сақтандыру жүйесiнiң және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердiң есебiнен ұсынылады.
10. Шетел азаматтары ақылы медициналық қызметтердi өздерiнiң тұратын жерлерiне қарамастан алады.
11. Емдеу аяқталғаннан кейiн шетел азаматтарына емдеу мерзiмi, сондай-ақ жүргiзiлген диагностикалық және емдеу қызметтерi көрсетiле отырып, тиiстi медициналық құжаттар қолдарына берiледi.
Шетел азаматтарымен келiсiм бойынша медициналық құжаттар олардың мекен-жайына немесе олардың мүдделерiн бiлдiретiн заңды не жеке тұлғалардың мекен-жайына жiберiлуi мүмкiн.
12. Шетел азаматтарының уақытша еңбекке жарамсыздығы фактiсiн куәландыру денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен тәртiппен уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақты немесе анықтаманы ұсыну жолымен жүргiзiледi.
13. Шетел азаматтарында әлеуметтiк елеулi аурулар мен айналасындағылар үшiн қауiп төндiретiн аурулар анықталған жағдайда оларға медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынылады.