"Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезiнде өзара iс-қимыл жасау туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2006 жылғы 14 желтоқсандағы N 1202 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезiнде өзара iс-қимыл жасау туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезiнде өзара iс-қимыл жасау туралы келiсiмдi ратификациялау туралы

      2005 жылғы 26 қазанда Мәскеуде жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезiнде өзара iс-қимыл жасау туралы келiсiм ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

       Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезiнде өзара iс-қимыл жасау туралы келiсiм

      Осы Келiсiмнiң қатысушылары болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң үкiметтерi (бұдан әрi - Тараптар)
      төтенше жағдайлардан болатын қауiптi сезiне отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң әл-ауқаты мен қауiпсiздiгiне ықпал ететiндiгiн мойындай отырып,
      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ қоршаған табиғи орта мониторингiн ұйымдастыру жөнiнде келiсiлген саясат жүргiзудi талап ететiн экологиялық жүйелерiнiң өзара байланыстылығына сүйене отырып,
      төтенше жағдайларды Тараптардың бiрiнiң күшiмен және құралдарымен жою мүмкiн еместiгiн, сондай-ақ осыдан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында Тараптардың үйлестiрiлген iс-қимылын назарға ала отырып,
      төтенше жағдай кезiнде көмекке өңiрлiк ынтымақтастық қағидаттарын қолдануды ниет ете отырып және зардап шеккен халыққа тиiмдi және үйлестiрiлген көмектi қамтамасыз ету үшiн бiрлескен күш-жiгер жұмсай отырып,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайларда халықаралық көмек көрсету жөнiндегi күш-жiгерiн қолдай отырып,
      iзгiлiк қағидаттарына сүйене отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

Анықтамалар

       Осы Келiсiмде қолданылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
      "сұратушы Тарап" - басқа Тараптарға көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiш беретiн Тарап;
      "ұсынушы Тарап" - сұратушы Тараптың көмек көрсету жөнiндегi топтарды, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын жiберу туралы өтiнiшiн қанағаттандыратын Тарап;
      "құзыреттi орган" - осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестiру үшiн Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын мемлекеттiк орган;
      "көмек көрсету жөнiндегi топ" - төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетуге арналған және қажеттi жарақтармен қамтамасыз етiлген сұратушы Тарап келiскен жағдайда әскери персонал қосылуы мүмкiн, ұсынушы Тарап мамандарының (қажет болған жағдайда кинологиялық тобы бap) ұйымдасқан тобы;
      "төтенше жағдай" - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залалға, материалдық шығасыларға және адамдардың тыныс-тiршiлiк жағдайының бұзылуына әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн аварияның, қауiптi табиғи құбылыстың, апаттың, зiлзала немесе өзге де апаттың нәтижесiнде белгiлi бiр аумақта қалыптасқан жағдай;
      "төтенше жағдайларды жою" - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтiрiлген залал мен материалдық шығасының мөлшерiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағын оқшаулауға, оған тән қауiптi факторлардың әрекетiн тоқтатуға бағытталған авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар;
      "төтенше жағдайлардың алдын алу" - алдын ала жүргiзiлетiн және төтенше жағдайлардың пайда болу қаупiн барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залал мен олар туындаған жағдайдағы материалдық шығасылардың мөлшерiн азайтуға бағытталған iс-шаралар кешенi;
      "төтенше жағдай аймағы" - сұратушы Тарап мемлекетiнiң төтенше жағдайлар қалыптасқан аумағы;
      "авариялық құтқару жұмыстары" - төтенше жағдай аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, табиғи ортаны қорғау, төтенше жағдайды оқшаулау және оған тән қауiптi факторлардың әсер етуiн жою немесе барынша төмен деңгейге жеткiзу жөнiндегi iс-қимыл;
      "жарақ" - материалдар, техникалық және көлiк құралдары, қару мен оқ-дәрiнi қоспағанда төтенше жағдайды жоюға арналған көмек көрсету жөнiндегi топтың жарақтары және топ мүшелерiнiң жеке жарақтары;
      "қамтамасыз ету материалдары" - төтенше жағдай нәтижесiнде зардап шеккен тұрғындардың арасында бөлiп беруге арналған материалдық құралдар;
      "транзит мемлекетi" - ұсынушы және сұратушы Тараптардың мемлекеттерiн қоспағанда, аумағы арқылы көмек көрсету жөнiндегi топ, жарақ пен қамтамасыз ету материалдары алып өтiлетiн, үкiметi осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылатын мемлекет;
      "үшiншi мемлекеттер" - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң барлығы ресми мойындайтын, осы Келiсiмге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер.

2-бап

Ынтымақтастықтың қағидаттары мен нысандары

       1. Тараптар төтенше жағдайларды жоюда дереу көмек беру мақсатында халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларын сақтай отырып, осы Келiсiм ережелерiне сәйкес ынтымақтастық жасайды.
      2. Тараптардың бiреуiнiң мемлекетiнiң аумағында төтенше жағдай туындаған немесе оның туындау қаупi пайда болған жағдайда бұл Тарап басқа Тарапқа немесе Тараптарға көмек көрсету туралы сұрау сала алады. 
      3. Тараптар өздерiнiң мүмкiндiктерiне сәйкес және ерiктi негiзде бiр бiрiне көмек көрсетедi. Көмек көрсету шарттары Тараптардың уағдаластығы бойынша белгiленедi.
      4. Сұратушы Тарап қамтамасыз ету материалдарын зардап шеккен халық арасында нәсiлi, ұлты, дiнi, тiлi немесе басқа да белгiлерi бойынша қандай да бiр кемсiтушiлiксiз әдiл және ұтымды бөлiп берудi қамтамасыз етедi. Сұратушы Тарап ұсынушы Тарапты көмек ретiнде алынған қамтамасыз ету материалдарын мақсатты пайдаланғаны туралы хабардар етедi.
      5. Тараптар төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арналған бiрлескен iс-қимылдарды жоспарлау, қоршаған табиғи орта мониторингi, ақпарат алмасу және мамандар даярлау жолымен төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты дамытатын болады.
      6. Егер Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарымен алдын ала жазбаша нысанда өзгеше келiсiлмесе, Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жария етуге жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келiсiм шеңберiнде жүргiзiлетiн қызметтiң нәтижесiнде алынған ақпарат Тараптардың әрқайсысының әдеттегi практикасы мен нормативтiк ұйғарымдарының негiзiнде жарияланады және пайдаланылады.

3-бап

Көмек көрсету туралы сұрау және ақпарат алмасу

       1. Тараптар көмек көрсету туралы сұрау жiберетiн органдар болып табылады.
      2. Көмек жазбаша сұрау негiзiнде көрсетiледi, мұнда сұратушы Тарап ағымдағы сәттегi төтенше жағдайдың орнын, уақытын, сипатын, ауқымын және жай-күйiн, сондай-ақ сұратылған көмектiң басымдылығын көрсетедi.
      3. Ұсынушы Тарап сұратушы Тараптың өтiнiшiн барынша қысқа мерзiмде қарайды және оны көрсетiлетiн көмектiң түрлерi мен көлемi, сондай-ақ шарттары туралы хабардар етедi. Көмек көрсетуге мүмкiндiк болмаған жағдайда бұл туралы ақпарат дереу сұратушы Тарапқа жiберiледi.
      4. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң аумағында туындаған төтенше жағдайдың басқа Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына таралып кетуiнiң алдын алу үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды. Мұндай таралу қаупi туындаған жағдайда және өз күштерiмен оның алдын алу мүмкiн болмаған жағдайда бұл Тарап басқа мүдделi Тараптарды бұл туралы дереу хабардар етедi және қажет болған жағдайда осы Келiсiмге сәйкес көмек көрсету туралы сұрау жiбере алады.
      5. Осы баптың 2-тармағында аталған деректер төтенше жағдай аймағындағы соңғы оқиғалары мен ондағы жедел ахуалдың өзгерiстерiн бейнелеу үшiн ұдайы жаңартылып отырылады.

4-бап

Көмек түрлерi

       Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөнiндегi топтарды, қамтамасыз ету материалдарын жiберу жолымен не өзге де сұратылған нысанда көрсетiледi.

5-бап

Құзыреттi органдар және байланыс пункттерi

       1. Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыруға байланысты басшылық жасау, үйлестiру және жұмыстарды орындау үшiн құзыреттi органды тағайындайды.
      2. Тараптар осы Келiсiмнiң депозитарийiн тағайындалған құзыреттi орган туралы дипломатиялық арналар бойынша жазбаша нысанда хабардар етедi. Депозитарий бұл ақпаратты басқа Тараптарға жолдайды.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша өзара iс-қимыл жасауды ұйымдастыру үшiн Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей байланыс орнатады.
      4. Басқа құзыреттi органдар тағайындалған жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар бойынша депозитарийдi хабардар етедi, ол бұл ақпаратты басқа Тараптардың әрқайсысына жеткiзедi.
      5. Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң шеңберiнде жедел ақпарат алмасу үшiн байланыс пункттерiн белгiлейдi және бiр-бiрiн бұлар туралы дипломатиялық арналар бойынша хабардар етедi.

6-бап

Төтенше жағдай кезiнде көмек көрсету жөнiндегi топтардың
қызметiн басқару

       1. Көмек көрсету жөнiндегi топтарға жалпы басшылық жасауды осы топтардың жетекшiлерi арқылы сұратушы Тараптың құзыреттi органы жүзеге асырады.
      2. Сұратушы Тарап көмек көрсету жөнiндегi топтардың жетекшiлерiн төтенше жағдай аймағында нақты жұмыс учаскелерiнде қалыптасқан ахуал туралы хабардар етедi, қажет болған жағдайда осы топтарды аудармашылармен, байланыс құралдарымен, көлiкпен, күзетпен және медициналық қызмет көрсетумен өтеусiз негiзде қамтамасыз етедi.
      3. Көмек көрсету жөнiндегi топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында кемiнде 72 сағат бойы дербес авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуге жеткiлiктi болуы тиiс. Егер Тараптар өзгеше туралы қосымша келiспесе, қорлар түгесiлген соң сұратушы Тарап көрсетiлген көмек көрсету жөнiндегi топтарды олардың жұмысын жалғастыру yшiн қажеттi құралдармен қамтамасыз етедi.
      4. Жұмыстар аяқталғаннан кейiн көмек көрсету жөнiндегi топтың жетекшiсi сұратушы Тараптың құзыреттi органына өз тобының төтенше жағдайды жоюға бағытталған iс-қимылы және оның жұмысының нәтижелерi туралы есеп бередi. 

7-бап

Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мемлекеттiк шекараны кесiп өтуiнiң шарттары және олардың транзит мемлекетi мен сұратушы Тараптың аумақтарында болу режимi

       1. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерi сұратушы Тарап мемлекетiнiң немесе транзит мемлекетiнiң мемлекеттiк шекарасын Тараптармен келiсiлген халықаралық қатынас үшiн ашық, өткiзу пункттерi арқылы сұратушы Тарап мемлекетi мен транзит мемлекетi мойындайтын қолданыстағы құжаттар бойынша кесiп өтедi. Қажет болған жағдайда сұратушы Тарап пен транзит мемлекетiнiң Тарабы олар үшiн кiру визасын уақтылы ресiмдеудi қамтамасыз етедi. Топтың жетекшiсiнде көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiнiң тiзiмi және ұсынушы Тараптың құзыреттi органы берген оның өкiлеттiгiн растайтын құжат болуға тиiс.
      2. Кинологиялық топтардың мемлекеттiк шекараны кесiп өту тәртiбi және транзит мемлекетi мен сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумақтарында болу тәртiбi сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданыстағы карантиндiк ережелерге сәйкес белгiленедi.
      3. Көмек көрсету жөнiндегi топтың мүшелерi транзит және сұратушы Тарап мемлекеттерiнiң аумағында болған уақытта осы мемлекеттердiң заңнамасын сақтауға мiндеттi. Бұл ретте, олар сақтандыру саласындағы заңнама және еңбек заңнамасы, сондай-ақ соған байланысты мәселелер бөлiгiнде ұсынушы Тарап мемлекетiнiң заңдық құзыретiне қарайды.
      4. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың орын ауыстыруы және олардың жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темiр жол, су немесе әуе көлiгiмен жүзеге асырылады.
      5. Көмек көрсету жөнiндегi топтардың, олардың жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарының орын ауыстыруы үшiн көлiктi пайдалану тәртiбiн ұсынушы және сұратушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.

8-бап

Транзит

      1. Тараптар өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес ұсынушы Тараптың сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағындағы төтенше жағдайларды жою үшiн бара жатқан көмек көрсету жөнiндегi топтарын, жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын өз мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы кедергiсiз транзиттеуге ықпал етедi.
      2. Осы Баптың 1-тармағының ережесi мүдделi Тараптар арасындағы келiсiм бойынша Тараптардың үшiншi мемлекеттердiң аумағындағы төтенше жағдайларды жою үшiн бара жатқан көмек көрсету жөнiндегi топтарын, жарақтары мен қамтамасыз ету материалдарын өз мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы транзиттеуге қатысты әрбiр нақты жағдайда қолданылады.

9-бап

Төтенше жағдайларды жою кезiнде көмек көрсету үшiн жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелу, әкету және олардың транзитi

      1. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары ұсынушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан ұсынушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес әкетiледi.
      Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағына сұратушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес әкелiнедi. Оларды тек төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету мақсатында және көмек көрсету жөнiндегi топтардың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн ғана пайдалануға жол берiледi.
      2. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын кедендiк ресiмдеу Тараптардың құзыреттi органдары беретiн жазбаша хабарламалар негiзiнде оңайлатылған түрде және басымды тәртiппен жүргiзiледi, оларда көмек көрсету жөнiндегi топтардың құрамы, әкелiнетiн немесе әкетiлетiн жарақтар және қамтамасыз ету материалдарының тiзбесi көрсетiледi.
      3. Көмек көрсету жөнiндегi топтарға осы баптың 2-тармағында аталған тiзбелерде көрсетiлген жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын ғана сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелуге және транзит мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы алып өтуге рұқсат етiледi.
      4. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда сұратушы Тарап мемлекетiмен келiсiм бойынша және сұратушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес оның аумағына құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттардың қажеттi көлемi әкелiнуi мүмкiн. Мұндай жағдайда көмек көрсету жөнiндегi топтың жетекшiсi ұсынушы және сұратушы Тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен көлемiн көрсете отырып, құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттардың бар болуы туралы декларация ұсынады.
      5. Құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар медициналық препараттарды ұсынушы Тараптың бiлiктi медициналық персоналы ғана пайдалануға құқылы. Сұратушы Тараптың тиiстi лауазымды тұлғалары құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар аталған медициналық препараттардың пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
      6. Құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан осы препараттардың номенклатурасы мен көлемiн растайтын құжаттар негiзiнде әкетiлуге тиiс. Құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттары бар жұмсалған медициналық препараттарға олардың пайдаланғандығы туралы сұратушы Тараптың кеден органдарына көмек көрсету жөнiндегi топтың жетекшiсi мен дәрiгерi қол қойған және сұратушы Тараптың құзыреттi органының өкiлi куәландырған актi ұсынылады.
      7. Көмек көрсету жөнiндегi жұмыстар аяқталғаннан кейiн сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнген жарақтар (толығымен жұмсалғанын немесе жойылғанын қоспағанда) Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген мерзiмде ұсынушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкетiлуге тиiс.
      Жарақтардың жойылғандығы немесе толық жұмсалғандығы және қамтамасыз ету материалдарының зардап шеккен халық арасында таратылғандығы туралы факт құжатпен расталуға тиiс.

10-бап

Әуе кемелерiн пайдалану

       1. Ұсынушы Тараптың құзыреттi органы көмек көрсету үшiн әуе кемелерiн пайдалану шешiмi туралы дипломатиялық арналар бойынша сұратушы Тарап пен транзит мемлекетiне алдын ала хабарлай отырып, әрбiр әуе кемесi үшiн мемлекеттiк тиесiлiктi, ұсынушы Тараптың тасымалдаушысын, әуе кемелерiнiң түрiн, моделiн және нөмiрiн, айырым белгiлерiн, лақабын және ұшу үлгiсiн, көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiнiң санын, оның жетекшiсiнiң аты мен лауазымын, экипаж мүшелерiнiң санын, аттары мен лауазымдарын, жүктiң сипатын, ұшу және қону әуежайларын, ұшудың соңғы пунктiн, бағытын, қосалқы әуежайларды, әуе дәлiздерiн, ұшу биiктiгiн, ұшу және қону уақытын, жердегi қызметтермен байланыс арналарының жиiлiктерiн, осы рейстi жүзеге асыруға рұқсат берiлетiн ең нашар ауа райы жағдайларын көрсете отырып өтiнiм жiбередi.
      2. Сұратушы Тарап пен транзит мемлекеттерiнiң рұқсаты арқылы көмек көрсету үшiн пайдаланылатын әуе кемелерi бекiтiлген бағыт бойынша сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағындағы белгiлi пунктке ұшып өтудi жүзеге асырады. Сұратушы Тарап пен транзит мемлекетi көмек көрсету үшiн пайдаланылатын әуе кемесiнiң өз мемлекетiнiң аумағы арқылы ұшып өтуiне, сондай-ақ оның қонуы мен ұшуына жағдайды қамтамасыз етедi.
      3. Көмек көрсету үшiн пайдаланылатын әуе кемелерiнiң ұшуы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Тараптардың әрқайсысы белгiлеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

Көмек көрсету жөнiндегi шығысылар

       1. Ұсынушы Тараптың шешiмi бойынша көмек өтеусiз көрсетiлуi мүмкiн. Бұлай болмаған жағдайда сұратушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейдi.
      2. Сұратушы Тарап кез келген сәтте өзiне көмек көрсету туралы өз өтiнiшiнен бас тартуы мүмкiн, бiрақ бұл жағдайда, егер Тараптар өзгеше туралы келiспесе, ұсынушы Тарап көмек көрсету жөнiнде өзi шеккен шығыстарға өтемақы алуға құқылы.
      3. Егер Тараптар өзгеше туралы келiспесе, осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған шығыстарды өтеу сұратушы Тарап ұсынушы Тараптың бұл туралы талабын алғаннан кейiн он күн мерзiмде  Тараптардың құзыреттi органдары қол қойған көмек көрсету жөнiндегi қаржылық шығыстар туралы екi жақты актiнiң негiзiнде еркiн айырбасталатын валютада жүргiзiледi.
      4. Ұсынушы Тарап өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес көмек көрсету жөнiндегi топтардың мүшелерiн сақтандырады.

12-бап

Залалды өтеу

       1. Егер бұл осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi төтенше жағдайларды жою кезiнде болса, сұратушы Тарап көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiнiң жарақаттануына немесе қаза болуына байланысты медициналық және көлiктiк шығыстарды өз мойнына алады.
      2. Егер көмек көрсету жөнiндегi топ мүшесi сұратушы Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау кезiнде заңды немесе жеке тұлғаға зиян келтiрсе, онда залалды өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес сұратушы Тарап өтейдi.
      3. Топ мүшесiнiң қасақана келтiрген зиянын сұратушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес ұсынушы Тарап өтейдi.

13-бап

Басқа халықаралық шарттарға қатынас

       Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

14-бап

Келiспеушiлiктi реттеу

       Осы Келiсiмнiң ережелерiн талқылауға немесе қолдануға қатысты келiспеушiлiктер консультациялар немесе келiссөздер жолымен шешiледi.

15-бап

Өзгерiстер мен толықтырулар

       Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 16-бабында көзделген тәртiппен күшiне енетiн жекелеген хаттамалар арқылы ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

16-бап

Келiсiмнiң күшiне енуi және қолданылу мерзiмi

       1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады.
      2. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк ресiмдердi Тараптардың орындағандығы туралы төртiншi хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап 30-шы күнi күшiне енедi.
      3. Осы Келiсiмге қол қойған және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы хабарламаны осы баптың 2-тармағында көрсетiлген күннен кейiн тапсырған Тарап үшiн Келiсiм ол Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күнi күшiне енедi.

17-бап

Депозитарий

       Осы Келiсiмге қол қойылғаннан кейiн 15 күн iшiнде барлық Тараптарға оның расталған көшiрмелерiн жіберетiн Шанхай ынтымақтастық ұйымы осы Келiсiмнiң депозитариi болып табылады.

18-бап

Қосылу

       Осы Келiсiм Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болған кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
      Қосылған мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30-шы күнi күшiне енедi, бiрақ 16-баптың 2-тармағында көрсетiлген күннен ерте күшiне ене алмайды. Депозитарий барлық Тараптарды қосылған мемлекет үшiн Келiсiмнiң күшiне енгенi туралы хабардар етедi.

19-бап

Келiсiмнен шығу

       1. Тараптардың әрқайсысы болжанып отырған шығу күнiне дейін кемiнде 3 ай бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келiсiмнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн iшiнде осы ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етедi. 
      2. Егер Тараптар өзгеше туралы келiспесе, осы Келiсiмнiң қолданылуының тоқтатылуы оның күшi тоқтатылғанға дейiн басталған, бiрақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметтi қозғамайды.

      2005 жылғы 26 қазанда Мәскеу қаласында орыс және қытай тiлдерiнде бiр данада жасалды, әрi екi мәтiннiң күші бiрдей.

Қазақстан Республикасының       Қытай Халық Республикасының
Үкiметi үшiн                    Үкiметi үшiн

Қырғыз Республикасының          Ресей Федерациясының
Yкiметi үшiн                    Үкiметi үшiн

Тәжiкстан Республикасының       Өзбекстан Республикасының
Yкiметi үшiн                    Үкiметi үшiн

      Аталған мәтiн 2005 жылғы 26 қазанда Мәскеуде болған төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету кезiндегi өзара iс-қимыл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкiметтерi арасындағы Келiсiмнiң куәландырылған көшiрмесi түпнұсқаға сай екенiн куәландырамын. 

       Қазақстан Республикасы
      Төтенше жағдайлар министрлiгi
      Әкiмшiлiк жұмыс департаментiнiң директоры 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады