Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметінің арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 тамыздағы N 691 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметінің арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
 

      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Виктор Вячеславович Храпуновқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметінің арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей
зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
 

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
         Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                              Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметінің арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

       Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі,
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы ынтымақтастықтың екі мемлекеттің әл-ауқаты мен қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкіндігін мойындай отырып,
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласында ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың Тараптардың мемлекеттері үшін пайдасы болатындығын атап өте отырып,
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою жөнінде келісілген саясат жүргізуді, қоршаған ортаның бірыңғай мониторингін ұйымдастыруды талап ететін екі мемлекеттің экологиялық жүйелерінің өзара байланысы бар екендігін назарға ала отырып,
      бір Тараптың күшімен жойылуы мүмкін емес төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін және осымен Тараптардың төтенше жағдайларды жою жөніндегі үйлестірілген іс-қимылдары қажеттілігінің туындауын ескере отырып,
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа халықаралық ұйымдардың рөлін атап көрсете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

       Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
      "жарақтар" - көмек көрсету жөніндегі топтардың материалдары, техникалық және көлік құралдары мен топ мүшелерінің жеке жабдықтары;
      "қамтамасыз ету материалдары" - төтенше жағдайлардың нәтижесінде зардап шеккен халықтың арасында тегін таратуға арналған материалдық құралдар.

2-бап

      Тараптар қауіпті өнеркәсіптік, табиғи және экологиялық құбылыстардың мониторингі мен оларды болжауды қоса алғанда, өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

3-бап

      Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай:
      мамандармен және сарапшылармен алмасу;
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласында қабылданған шаралар мен әдістер туралы ақпарат алмасу;
      бірлескен конференциялар, семинарлар мен жұмыс кеңестерін ұйымдастыру және өткізу;
      зерттеу жобаларын бірлесе жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру;
      материалдардың, баяндамалар мен тақырыптық зерттеулердің нәтижелерін дайындау және жариялау;
      бірлескен тақырыптық зерттеулерді, жаттығулар мен оқу-жаттығуларын жоспарлау, дайындау және өткізу;
      Тараптардың біреуінің мемлекетінің аумағында орын алған өнеркәсіптік авариялар, апаттар, дүлей зілзалалар туралы, сондай-ақ олардың алдын алу және олардың салдарларын жою жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпарат алмасу;
      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында туындаған өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алудағы және салдарларын жоюдағы өзара іс-қимыл нысандарында жүзеге асырылады.

4-бап

      Осы Келісімді орындау бойынша құзыретті органдар (бұдан әрі - құзыретті органдар):
      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі;
      Моңғолия үшін - Моңғолия Төтенше жағдайлар мемлекеттік
басқармасы болып табылады.
      Тараптар өзінің Құзыретті органдары атауларының өзгергендігі туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы дипломатиялық арналар бойынша бір-бірін тез арада хабардар етеді.

5-бап

      Құзыретті органдар осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында бірлескен жұмыс топтарын құра алады, сондай-ақ Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақстан-моңғол комиссиясының шеңберінде өзара іс-қимыл жасай алады.

6-бап

      Сұрау салынған Тарап көмекке ресми жүгінген кезде сұратушы Тарапқа жарақтарды, қамтамасыз ету материалдары мен мамандар беру арқылы соңғы Тарап мемлекетінің аумағында туындаған өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарларын жою бойынша көмек көрсетеді.
      Құзыретті органдар бірлескен авариялық-құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізудің нақты шарттары бойынша өзара іс-қимыл жасайды. Сұратушы Тараптың құзыретті органы көрсетілген жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады.

7-бап

      Сұратушы Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өз мемлекетінің аумағына сұрау салынған Тараптың жарақтарын, қамтамасыз ету материалдары мен мамандарын әкелуге, әкетуге көмек көрсетеді.
      Сұратушы Тарап мемлекетінің аумағында әкелінуі осы Келісімнің 6-бабында көзделген жарақтар, материалдар мен мамандар салықтардан, кедендік және өзге де алымдардан босатылады.

8-бап

      Құзыретті органдар ақпарат және материалдар алмасу, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес көмек көрсету туралы сұрау жіберуді жазбаша нысанда жүзеге асырады.
      Сұратушы Тарап мемлекетінің аумағында туындаған өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алумен және олардың салдарларын жоюмен байланысты жағдайларда құзыретті органдар кейіннен 48 сағат ішінде факсимильді байланыс арналары немесе электронды почта бойынша өз сұрауларын растай отырып, алдын ала ауызша жүгіне алады.
      Ақпарат және материалдар алмасу, сұрауларды жіберу және орындау ағылшын және/немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
      Егер сұратушы Тарап сұрау бойынша ұсынылған ақпаратты жеткіліксіз деп есептесе, ол қосымша ақпарат сұрата алады. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы мұндай сұрауларды дереу орындайды.

9-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде ақпаратты және зерттеу материалдарын беру және пайдалану шарттарын Тараптардың мемлекеттері заңнамаларының шеңберінде бірлесе отырып, құзыретті органдар анықтайды.
      Осы ақпарат пен материалдарды берген Тараптың келісімінсіз алынған ақпарат пен материалдарды үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.

10-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау бойынша шығыстарды өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

11-бап

      Тараптардың арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және/немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

12-бап

       Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін шектемейді.

13-бап

       Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және ол осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

14-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптан өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде хабарлама алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ол әрекет еткен кезеңде басталған қызметті жүзеге асыруға әсерін тигізбейді.      
      200__жылғы "___" ___________ _____________ қаласында
әрқайсысы қазақ, моңғол және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіннің бірдей заңды күші бар. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының     Моңғолия Үкіметі
            Үкіметі үшін                      үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады