Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру жүйелерін ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 қарашадағы N 1116 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру жүйелерін ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру жүйелерін ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 20 қарашадағы
N 1116 қаулысымен
мақұлданған   

жоба  

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру жүйелерін ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды үйлестіру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің және 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (жалпы) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
      білім берудегі ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың өсе түскен рөлін ескере отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру ресурстарын интеграциялауға келісілген тәсілдерін пысықтауда одан әрі өзара іс-әрекеттерін үйлестіру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерінің білім беру жүйелерін ақпараттандыру - барлық білім беру жүйесін ақпараттық қоғамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес келтіру;
      қашықтықтан білім беру технологияларының мемлекетаралық желісі - қашықтықтан білім беру технологиялары арқылы білім алатын Тарап мемлекеттерінің ұйымдары мен білім алушыларын біріктіретін желі.

  2-бап

      Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (жалпы) білім беру кеңістігін қалыптастыру шеңберінде білім беру жүйелерін ақпараттандыру саласындағы жұмыстарды орындауды, жобаларды дайындауды және іске асыруды үйлестіреді.

  3-бап

      Тараптар ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, қашықтықтан білім беру технологияларын дамыту және қолдану бойынша Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруды қолдау жөніндегі шараларды келіседі.
      Тараптар тиісті халықаралық шарттардың негізінде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген тәртіппен Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қашықтықтан білім беру технологияларының мемлекетаралық желісін ұйымдастыруға ықпал етеді.

  4-бап

      Тараптар білім беру жүйелерін ақпараттандыру және талаптарды білім беруді ақпараттандыру саласындағы стандарттарға үйлестіру саласындағы ақпараттық материалдармен, зерттеулердің нәтижелерімен алмасады.

  5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес білім беруді ақпараттандырудың міндеттерін шешуге бағытталған бірлескен жобалар мен жұмыс топтарының қызметін іске асыруға Тараптар ықпал етеді.
      Тараптар оқу, әдістемелік және өзге де материалдармен алмасу кезінде, сондай-ақ ақпаратты пайдалануда халықаралық шарттарды және өз мемлекеттерінің зияткерлік меншік, авторлық және аралас құқықтарды қорғау туралы ұлттық заңнамалық актілерін басшылыққа алады және қашықтықтан білім беру технологияларының мемлекетаралық желісі ақпараттарының тиісті қорғалуын ұйымдастырады.

  6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қашықтықтан білім беру технологияларының мемлекетаралық желісі шеңберінде барлық деңгейдегі жалпы орта және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру саласындағы мамандар даярлауда, олардың біліктілігін арттыруда және қайта даярлауда қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға ықпал етеді.

  7-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны дипозитарийге сақтауға берген күнінен бастап күшіне енеді.
      Көрсетілген рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

  8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

  10-бап

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы әрекет етеді және егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.

  11-бап

      Әрбір Тарап болжамды шығу күніне дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісім қолданылған уақытта туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шыға алады.

  12-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты тапсыру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекеттер үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      200__жылғы "__" ________ _________» қаласында бір түпнұсқада орыс тілінде жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасының Үкіметі үшін
Молдова Республикасының Үкіметі үшін
Әзірбайжан Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Грузия Үкіметі үшін
Түрікменстан Республикасының Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Украина Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады