"Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 сәуірдегі N 490 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2008 жылғы 12 желтоқсанда қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мақсаттары мен міндеттерін іске асыра отырып,
      бұл мемлекеттердің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолдауға ниеттене отырып,
      осы Келісімнің негізінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау Тараптар мемлекеттерінің ықпалдасу процестерін, өзара тиімді сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететіндігін тани отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің экономикалық өсуіне жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Негізгі ұғымдар

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      а) "инвестор" - Тараптардың әрқайсысының мемлекетіне қатысты:
      бір Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын, екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын кез келген жеке тұлға;
      бір Тарап мемлекетінің аумағында ұйымдасқан (құрылған) және тіркелген, екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын кез келген заңды тұлға;
      б) "инвестициялар" - бір Тарап мемлекетінің инвесторы екінші Тарап мемлекетінің аумағында соңғысының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет объектілеріне салатын материалдық және материалдық емес құндылықтар, оның ішінде:
      ақша қаражаты (ақша), бағалы қағаздар, өзге де мүлік;
      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасы негізінде немесе атап айтқанда, табиғи ресурстарды барлауға, әзірлеуге, өндіруге және пайдалануға арналған құқықты қоса алғанда, шарт бойынша берілетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған құқықтар;
      ақшалай бағасы бар мүліктік және өзге де құқықтар.
      Инвестициялар салынатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның өзгеруі мұндай өзгерістің реципиент мемлекеттің заңнамасына қайшы келмеуі шартымен инвестиция ретінде олардың біліктілігіне әсер етпейді;
      в) "инвестицияларға байланысты қызмет" - инвестицияларды иелену, пайдалану және (немесе) иелік ету;
      г) "кірістер" - инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражат, атап айтқанда, пайда, дивидендтер, пайыздар, лицензиялық, комиссиялық және басқа да сыйақылар;
      д) "реципиент мемлекет" - аумағында басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары инвестицияларды жүзеге асыратын Тарап мемлекеті;
      е) "заңнама" - Тарап мемлекетінің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері;
      ж) " аумақ" - Тарап мемлекетінің аумағы, сондай-ақ оларға қатысты ол халықаралық құқыққа және ішкі заңнамаға сәйкес егеменді құқықтарды және заңды құзырын жүзеге асыратын оның айрықша экономикалық аймағы мен континентальдық қайраңы.

2-бап
Инвестицияларға рұқсат беру және оларды қорғау

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының инвестицияларын жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасайды және өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат береді.
      2. Әрбір Тарап оның аумағында өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының инвестицияларына кепілдік береді және оларды қорғауды қамтамасыз етеді.

3-бап
Заңнаманың ашықтығы

      Әрбір Тарап мемлекетінің инвестициялық қызметті реттейтін  заңнамасының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

4-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторлары жүзеге асыратын инвестицияларға қатысты және инвестицияларға байланысты әділ және тең құқықты режимді қамтамасыз етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген режимнің қолайлылығы осы Тарап ұлттық инвесторлардың немесе кез келген басқа мемлекеттің, оның ішінде осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекет инвесторларының инвестицияларына беретін режимнен кем болмауы тиіс және инвестордың пікірі бойынша көрсетілген режимдердің қайсысы барынша қолайлы болатындығына қарай оның таңдауы бойынша ұсынылуы тиіс.
      3. Кез келген Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес шетелдік инвесторлардың қызметін шектеу, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұлттық режимнен өзге де алып қоюларды қолдану және енгізу құқығын өзіне қалдырады.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының неғұрлым қолайлылық режиміне қатысты ережелері Тарапты инвестицияларға және бұл Тарап бере алатын немесе келешекте беруі мүмкін мына:
      еркін сауда аймағына, кеден одағына, валюталық одаққа, жалпы нарыққа және осындай одақтарды немесе құрылымдарды құруға алып баратын осындай кез келген өңірлік экономикалық ықпалдасу құрылымдарына немесе кез келген халықаралық келісімдерге оның қатысуымен байланысты;
      қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдердің немесе салық салу мәселелері бойынша басқа да уағдаластықтардың негізінде басқа Тараптар мемлекеттері инвесторларының осындай инвестициялармен байланысты қызметке қатысты кез келген режимнің, преференцияның немесе артықшылықтың басымдығын міндеттеу ретінде түсіндірілуі тиіс емес.
      5. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің 5, 6 және 9-баптарының ережелері үшін залал келтірместен, басқа Тараптардың мемлекеттері инвесторларының инвестицияларына және осындай инвестициялар мен байланысты олардың қызметіне қатысты Қызметтермен сауда жөніндегі бас келісім (ҚСБК) бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісім бойынша қабылданған міндеттемелерге, сондай-ақ Тараптардың қатысуымен қол жеткізілуі және инвестициялар режиміне қатысты болатын кез келген басқа да көп жақты уағдаластыққа сәйкес ол ұсынатын режимге қарағанда барынша қолайлы режимді ұсынбауға құқылы.
      Осы Келісімнің 14-бабы 1-тармағының ережелері үшін залал келтірместен, осы тармақтың бірінші абзацының ережесі Тараптардың әрқайсысы үшін осы Тарап ҚСБК бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісім бойынша міндеттемелерді қабылдаған күнінен бастап немесе осы баптың бірінші абзацында көрсетілген көп жақты уағдаластық күшіне енген күнінен бастап күшіне енеді.

5-бап
Зиянды өтеу

      Инвесторлар азаматтық тәртіпсіздіктер, әскери іс-қимылдар, революция, бүлік, төтенше жағдайлар енгізу немесе басқа да осындай мән-жайлардың нәтижесінде реципиент мемлекеттің аумағында олардың инвестициялары мен кірістеріне келтірілген зиянды өтемеуге құқылы. Бұл ретте осындай зиянмен байланысты Тарап қабылдайтын шараларға қатысты ұлттық инвесторларға немесе кез келген басқа мемлекеттің инвесторларына, оның ішінде осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын кез келген мемлекеттің инвесторларына қолайлылығы реципиент мемлекет Тарабы ұсынатын режимнен кем емес режим ұсынылады.

6-бап
Экспроприация кезіндегі инвесторлардың құқықтарына кепілдік беру

      1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырылған бір Тарап мемлекеті инвесторларының инвестициялары және мұндай инвесторлардың кірістері, мұндай шаралар реципиент мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғамдық мүдде үшін қабылданып, кемсітушілі болып табылмайтын және жылдам, барабар өтемақымен қамтамасыз етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей немесе жанама экспроприацияға (бұдан әрі - экспроприация) немесе ұлт меншігіне алуға, сондай-ақ экспроприация немесе ұлт меншігіне алу салдары бойынша тең күші бар өзге де шараларға ұшырауы мүмкін емес.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтемақы экспроприацияланатын инвестициялардың және оларды нақты экспроприация күні не алда болатын экспроприация туралы жалпы белгілі болған күн алдындағы күні кірістерінің нарықтық құнына сәйкес келуі тиіс.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтемақы реципиент мемлекеттің заңнамасында көзделген мерзімде кідіріссіз, бірақ экспроприация күнінен бастап үш айдан кешіктірмей еркін айырбасталатын валютамен төленеді және осы Келісімнің 7-бабына сәйкес реципиент мемлекет аумағынан шетелге еркін аударылады.
      Өтемақы сомасына өтемақыны нақты төлеу күніне дейін осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес төленуі тиісті күннен бастап өтемақыны төлеу кідіртілген жағдайда 6 айға дейінгі мерзімде АҚШ долларымен нақты берілген кредиттер бойынша ұлттық банкаралық нарық ставкасы бойынша есептелетін немесе инвестор мен реципиент мемлекет Тарабы арасындағы уағдаластық бойынша айқындалатын тәртіппен пайыздар есептеледі.

7-бап
Кірістерді пайдалану, ақша қаражатын (ақшаны) аудару және төлемдер

      1. Реципиент мемлекет Тарабы басқа Тараптар мемлекеттерінің инвесторларына олар барлық салық және реципиент мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді орындағаннан кейін мыналарға:
      инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынған кірістерді реципиент мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған кез келген мақсатта пайдалану және иелік ету құқығына;
      инвестордың қалауы бойынша кез келген елге инвестицияларға байланысты ақша қаражаты (ақша) аударымдары мен төлемдерді, атап айтқанда:
      кірістерді;
      Тараптар инвестициялар ретінде таныған қарыздар мен кредиттерді жабуға төлейтін қаражатты;
      инвесторлар коммерциялық ұйымды ішінара немесе толық таратумен не инвестицияларды сатумен байланысты алған қаражатты;
      инвестор осы Келісімнің 5-бабына сәйкес шығынды өтеу ретінде алған қаражатты және осы Келісімнің 6-бабында көзделген өтемақыны;
      инвесторлар мен басқа Тараптар мемлекеттерінің реципиент мемлекеттің аумағында инвестицияларға байланысты жұмыс істеуге рұқсат етілген азаматтары алатын жалақыны және басқа сыйақыларды;
      зияткерлік меншік құқықтарынан туындайтын, инвесторлар төлейтін авторлық сыйақыларды (роялти) және лицензиялық төлемдерді кедергісіз жүзеге асыруға кепілдік береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақша қаражатын (ақшаны) аудару және төлемдерді жүзеге асыру бастапқыда инвестициялар жүзеге асырылған валютамен немесе кез келген басқа еркін айырбасталатын валютамен негізделмеген кідіріссіз жүргізіледі. Мұндай қаражатты және төлемдерді айырбастау реципиент мемлекеттің валюталық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, реципиент мемлекеттің аумағында аударым күніне ақша қаражатын (ақшаны) аударатын және төлемдерді жүзеге асыратын күні қолданылатын айырбас бағамы бойынша жүзеге асырылады.

8-бап
Инвестор құқықтарының ауысуы

      Реципиент мемлекеттің аумағындағы осындай инвестордың инвестицияларына байланысты коммерциялық емес тәуекелдерден қорғау кепілдігінің негізінде өз мемлекетінің инвесторына төлем жасаған Тарап немесе ол өкілеттік берген орган суброгация тәртібімен инвестордың құқықтарын инвестордың өзі сияқты көлемде жүзеге асыра алады. Мұндай құқықтар реципиент мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап
Тарап пен инвестор арасындағы дауларды шешу

      1. Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес шығынды өтеу және осы Келісімнің 6-бабында көзделген өтемақы ретінде алынған соманы төлеудің мөлшеріне, шарттарына немесе тәртібіне немесе осы Келісімнің 7-бабында көзделген ақша қаражатын (ақшаны) төлеуді және аударуды жүзеге асырудың тәртібіне қатысты дауларды қоса алғанда, реципиент мемлекет Тарабы мен Инвестор арасындағы осы инвестордың реципиент мемлекеттің аумағындағы инвенстицияларына байланысты туындаған даулар мүмкіндігінше келіссөздер жолымен шешіледі.
      2. Егер дау даудың кез келген тарабы оны келіссөздер жолымен шешу туралы жазбаша хабарлаған күннен бастап алты ай ішінде келіссөздер жолымен шешілмесе, онда ол инвестордың таңдауы бойынша мыналардың:
      а) тиісті дауларды қарауға құзыретті реципиент мемлекет сотының;
      б) дауға қатысушылармен келісілген кез келген мемлекеттің сауда палатасының жанындағы халықаралық коммерциялық төреліктің;
      в) егер дау тараптары өзгеше келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік регламентіне сәйкес құрылуы және әрекет етуі тиіс "аd һос" төрелік сотының;
      г) 1965 жылы 18 наурызда қол қойылған Мемлекеттер және жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы Инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес дауды шешу үшін құрылған (екі Тарап мемлекеттері үшін де ол күшіне енген жағдайда) немесе Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша ережесіне сәйкес (Тараптар мемлекеттерінің екеуі немесе бірі үшін Конвенция күшіне енбеген жағдайда) инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қарауына берілуі мүмкін.
      3. Осы баптың 2-тармағының б), в) және г) тармақшаларына сәйкес қаралатын дау жөніндегі кез келген төрелік шешім дау тараптары үшін соңғы және міндетті болып табылады. Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мұндай шешімнің орындалуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

10-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу

      1. Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар, мүмкіндігінше, мүдделі Тараптардың консультациялар мен келіссөздер жүргізуі жолымен шешіледі.
      2. Егер дау бір мүдделі Тараптың екінші мүдделі Тарапқа оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтінішті жіберген күннен бастап алты ай ішінде консультациялар мен келіссөздер жолымен реттелмесе, онда дауды шешу тәсіліне қатысты мүдделі Тараптар арасында өзгеше уағдаластық болмаған жағдайда мұндай Тараптардың кез келгені дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына жүгінуі мүмкін.
      3. Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының соты өз регламентіне сәйкес дау бойынша шешім шығарады.

11-бап
Консультациялар

      Тараптар олардың кез келгенінің өтініші бойынша осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты мәселелер бойынша консультациялар өткізеді.

12-бап
Келісімді қолдану

      Осы Келісім бір Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Тарап мемлекетінің аумағында 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады. Осы Келісім олар үшін негіз орын алған немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін реттелген және (немесе) қанағаттандырылған бір Тарап мемлекетінің инвесторлары басқа Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырған инвестицияларға байланысты дауларға және (немесе) талап-арызға қолданылмайды.

13-бап
Келісімге өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жазбаша нысанда жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді. Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
      2. Тараптардың кез келгені депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Бұл Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданылуы депозитарий осындай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған және оның қолданысына жататын инвестицияларға қатысты осы Келісімнің ережелері осы күннен кейін келесі он жыл ішінде күшінде қалатын болады.
      Осы тармақтың бірінші абзацының ережесі сондай-ақ бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда қолданылады.

      2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

      Беларусь Республикасының          Қазақстан Республикасының
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының            Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

                      Тәжікстан Республикасының
                            Үкіметі үшін

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 12 желтоқсанда қол қойылған Еуразиялық Экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттерде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Индустрия және сауда министрлігі
      Әкімшілік департаментінің
      директоры                                       Қ. Сейітқожаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады