Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін қысқа мерзімді визалар алу қажеттілігінен өзара босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы N 1507 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін қысқа мерзімді визалар алу қажеттілігінен өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін қысқа мерзімді визалар алу қажеттілігінен өзара босату туралы келісімге қол қойсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 2 қазандағы
N 1507 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін қысқа
мерзімді визалар алу қажеттілігінен өзара босату туралы
келісім.

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі, Тараптар мемлекеттерінің арасындағы екі жақты қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысты негізге ала отырып және өз мемлекеттері азаматтарының өзара сапарларын жеңілдетуге ықылас білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Есептелуі Шенген кеңістігіне немесе Франция аумағының көрсетілген кеңістікке кірмейтін қандай да бір бөлігіне алғашқы келген күнінен басталатын алты айлық кезеңде жалпы ұзақтығы тоқсан күннен аспайтын бір мәртелік немесе бірнеше бір мәртелік сапарға барған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары жарамды ұлттық дипломаттық паспортын көрсету арқылы Францияның негізгі аумағының департаменттеріне, сондай-ақ теңіздің арғы жағындағы департаменттер мен өңірлерге (ТДӨ), теңіздің арғы жағындағы аумақтық құрылымдарға (ТАҚ) және Жаңа Каледонияға визасыз кіруге рұқсат алады.

2-бап

      Есептелуі Қазақстанға алғашқы келген күнінен басталатын алты айлық кезеңде жалпы ұзақтығы тоқсан күннен аспайтын бір мәртелік немесе бірнеше бір мәртелік сапарға барған жағдайда, Француз Республикасының азаматтары жарамды ұлттық дипломаттық паспортын көрсету арқылы Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіруге рұқсат алады.

3-бап

      Ұзақтығы осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген мерзімнен асып кететін бір немесе бірнеше сапарға барған жағдайда, осы Келісім Тараптарының әрқайсысы мемлекеттерінің дипломаттық паспорты бар азаматтары виза алуға тиіс.

4-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары, сондай-ақ өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар сақталған жағдайда қолданылады.

5-бап

      Тараптар дипломатиялық арналар арқылы өздерінің қазіргі уақытта қолданыстағы, сонымен қатар жаңа немесе өзгертілген үлгідегі ұлттық дипломаттық паспорттарының үлгілерімен алмасады әрі бірін-бірі мұндай паспорттарды беру және қолдану шарттары туралы хабардар етеді. Көрсетілген паспорттардың сыртқы түріне, сондай-ақ беру және қолдану шарттарына қатысты кез келген өзгерістер мүмкіндігінше мұндай өзгерістер күшіне енгенге дейін алпыс күн бұрын екінші Тараптың назарына жеткізіледі. Дипломаттық паспортты жоғалту, ұрлату немесе жоюдың барлық фактілері туралы ақпарат аса қысқа мерзімде екінші Тараптың назарына жеткізіледі.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді бұзу ұйғарылған күніне дейін тоқсан күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы хабардар ету жолымен оны кез келген сәтте бұза алады. Осы Келісімнің қолданысын Тараптардың кез келгені толық немесе ішінара тоқтата тұра алады, бұл ретте мұндай қолданысын тоқтата тұру және мұндай шараны жою туралы ақпарат дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
      Осы Келісімді жүзеге асыруға қатысты келіспеушіліктер болған жағдайда, екі Тарапта мұндай келіспеушіліктерді дипломатиялық арналар арқылы еңсеру үшін күш салады.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың екі жақты келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін: бұл өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалар түрінде ресімделеді.

8-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламасының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
      2009 жылғы "___" _________ __________ қаласында қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар

      Қазақстан Республикасының         Француз Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады