Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 қазандағы N 1715 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1715 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық
талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі,
      екі жақты қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,
      қазіргі бар достық қатынастарды нығайтудағы мүдделілікті қарай отырып және бір Тарап азаматтарының екінші Тараптың аумағына сапарларын жеңілдету мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Жарамды дипломаттық паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген бірінші Тарап мемлекетінің азаматтары осы екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, транзитпен өту, болу немесе кету үшін қабылдаушы мемлекеттің аумағына алғашқы келген күнінен бастап (Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Шенген кеңістігіне алғашқы келген күнінен бастап) 6 (алты) ай ішінде 90 (тоқсан) күнге дейінгі кезеңге (бір немесе бірнеше мәртелік) визалық талаптардан босатылады.

2-бап

      Осы Келісім дипломатиялық миссиялардың, консулдық мекемелердің қызметкерлерін, сондай-ақ екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардың өкілдерін және жарамды дипломаттық паспорттары бар олардың отбасы мүшелерін қабылдаушы мемлекетте аккредиттеу үшін виза алу қажеттілігінен босатпайды.
      Аккредиттелгеннен кейін аталған азаматтар өздері тағайындалған кезең ішінде қабылдаушы мемлекет аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, бола алады және кете алады.

3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған дипломаттық паспорттары бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары халықаралық қатынас үшін ашық шекараны кесіп өтетін барлық пункттер арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, одан кете алады.

4-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын құрметтеуге міндетті.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімге сәйкес болуы қолайсыз деп танылған адамдардың қабылдаушы мемлекеттің аумағына келуінен немесе онда болуынан бас тарту құқығын өзіне қалдырады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өзіне қалдырады.
      Екінші Тарап осы Келісімді тоқтата тұру туралы мұндай шешім күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабардар етіледі.
      Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған, қабылдаушы мемлекеттің аумағындағы азаматтардың құқықтарын қозғамайды.

7-бап

      Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы жарамды дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      Дипломаттық паспорттарға қатысты өзгерістер туралы Тараптар көрсетілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді, сондай-ақ жаңа паспорттардың үлгілерімен алмасады.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен немесе оның ажырамас бөліктері болып табылатын дипломатиялық ноталар алмасумен ресімделетін арқылы өзгерістер мен  толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешілетін болады.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың-бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады.
      2009 жылғы "___" _______ _______ қаласында қазақ, италия, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                Италия Республикасының
      Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады