Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қарашадағы № 1275 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (бұдан әрі - ХҚКК) арасындағы Қазақстан Республикасындағы ХҚКК Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Ермекұлы Омаровқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы ХҚКК Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 30 қарашадағы
№ 1275 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан
Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің
мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы
келісім

      Бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Халықаралық Қызыл Крест Комитеті (бұдан әрі - ХҚКК деп аталады),
      адам қасіретін жеңілдету мақсатында қандай да бір кемсітушіліксіз қорғауды ұсыну және көмек көрсету бойынша ХҚКК-нің жұмысын ескере отырып,
      Қазақстан Республикасының мүдделерін және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын 1949 жылғы Женева конвенциялары мен 1977 жылғы оларға Қосымша хаттамаларға, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық қозғалысының жарғысы мен Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Халықаралық конференцияларының қарарларына сәйкес ХҚКК-нің өзіне жүктелген гуманитарлық міндеттерді орындауға ниет білдіруін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. ХҚКК-нің мәртебесі

      ХҚКК Өкілдігі болатын мемлекеттің аумағында халықаралық ұйымдар мәртебесінен кем емес қолайлы құқықтық мәртебеге ие болады. ХҚКК Өкілдігі болатын мемлекеттің аумағында өз мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қажетті құқық қабілеттілігін пайдаланады.

2-бап. Құқық субъектілігі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ХҚКК Өкілдігінің өзіне шарттық міндеттемелерді қабылдау, сотта істі қарауға қатысу және құқықты иелену, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және оларға иелік ету қабілетін қамтитын, бірақ мұнымен шектелмейтін құқық субъектілігін мойындайды.

3-бап. ХҚКК-нің, оның мүлкі мен активтерінің иммунитеті

      1. ХҚКК-нің Өкілдігі, оның мүлкі, қаражаты мен активтері қайда және кімнің иелігінде болғанына қарамастан, ХҚКК Өкілдігі өз иммунитетінен анық бас тартатын жекелеген жағдайларды қоспағанда, соттың және әкімшілік іс жүргізудің кез келген нысандарынан иммунитетті пайдаланады.
      2. ХҚКК Өкілдігінің үй-жайларына қол сұғылмайды. ХҚКК Өкілдігінің мүлкі мен активтері қайда және кімнің иелігінде болғанына қарамастан, тінту, иеліктен айыру, тәркілеу, экспроприация және орындаушылық, сот, әкімшілік немесе заңнамалық әрекеттер жолымен қандай да бір өзге қол сұғушылық нысанынан иммунитетті пайдаланады.

4-бап. ХҚКК мұрағаттарына қол сұқпау

      Қайда болғанына қарамастан, өзіне тиесілі және өзі сақтайтын барлық құжаттар сияқты ХҚКК Өкілдігінің мұрағаттарына қол сұғылмайды.

5-бап. Байланыс құралдары

      1. ХҚКК Өкілдігі, атап айқанда, Женевадағы ХҚКК Штаб-пәтерімен, басқа да тиісті халықаралық мекемелер мен ұйымдармен, үкіметтік құрылымдармен, сондай-ақ заңды немесе жеке тұлғалармен байланыстарды жүзеге асыру үшін өзі неғұрлым қолайлы деп санайтын телекоммуникациялық құралдарды ресми мақсаттарда және қандай да бір араласусыз еркін пайдалана алады.
      2. ХҚКК Өкілдігінің өз үй-жайларында радиоэлектрондық құралдар орнатуға және болатын мемлекеттің аумағы шегінде жылжымалы жабдықты пайдалануға құқығы бар. ХҚКК Өкілдігі лицензиялық алымдардан және өзге де тиісті салықтар мен алымдардың барлығынан босатылады. ХҚКК Өкілдігі Халықаралық Телекоммуникация Одағының № 10 қарарына (REW.WRC - 2000) сәйкес өзіне Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары осы мақсаттар үшін берген жиіліктерді пайдаланады.
      3. ХҚКК Өкілдігі ресми байланыстарға қатысты барлық жағдайда, артықшылықтарға, тарифтер мен салықтарға қатысты қолайлылығы халықаралық ұйымдарға ұсынылатыннан кем болмайтын режимді пайдаланады.
      4. Бұл вализаларда олардың сипатын көрсететін сыртқы белгілердің болуы және ХҚКК Өкілдігінің ресми пайдалануына арналған құжаттар немесе заттар ғана қамтылу шартымен, ХҚКК Өкілдігінің өз хат-хабарларын дипломатиялық курьерлер мен вализалар тәрізді артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын курьерлер немесе мөрленген вализалар арқылы жіберуге және алуға құқығы бар.

6-бап. ХҚКК мен оның өкілдігі есептерінің, хат-хабарларының және өзге де байланыс құралдарының құпиялылығы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ХҚКК Өкілдігі есептерінің, хат-хабарларының және өзге де хабарламаларының құпиялылығын құрметтеуге міндеттенеді. Бұл олардың мазмұнын межелі алушылардан басқа адамдарға және/немесе ұйымдарға жария етпеуді және оларды ХҚКК Өкілдігінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз сот ісі барысында пайдаланбауды қамтиды.

7-бап. ХҚКК өкілдігінің қаржылық ресурстары

      1. ХҚКК Өкілдігінің ұлттық немесе шетелдік валютаға немесе басқа да қаржы активтеріне иелік етуге, сондай-ақ кез келген валютада шоттар ұстауға құқығы бар, оған Қазақстан Республикасының валюталарды айырбастауды және оған қатысты өзге де мәселелерді реттейтін заңнамасымен шек қойылмайды.
      2. ХҚКК мен оның Өкілдігі болатын мемлекетке/тен және болатын мемлекеттің ішінде қаражатты ұлттық немесе шетелдік валютада еркін аударуға, сондай-ақ осындай активтерді басқа валютаға еркін айналдыруға құқылы.

8-бап. Салықтардан босату

      1. ХҚКК мен оның Өкілдігі, оның активтері, кірістері мен меншігі коммуналдық қызметтер үшін төлем болып табылатындарды қоспағанда, болатын мемлекеттің аумағында алынатын барлық салықтардан босатылады.
      2. ХҚКК мен оның Өкілдігінің қызметтік пайдалануына және Қазақстан Республикасында гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ХҚКК бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін болатын мемлекет аумағында алынатын барлық салықтардан босатылады.

9-бап. Кедендік баждардан босату

      1. ХҚКК мен оның Өкілдігі Қазақстан Республикасының аумағында ХҚКК қызметтік пайдалануына және/немесе Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тыс жерлерде көмек көрсетуі жөніндегі бағдарламаларына арналған заттар мен материалдарға (басылымдар мен аудио және бейнематериалдарды қоса алғанда) қатысты кедендік баждардан, салықтар мен алымдардан босатылады.
      2. ХҚКК Өкілдігінің әуе тасымалдауларын ұйымдастыруға құқығы бар және Қазақстан Республикасы үшін гуманитарлық жүктерді тасымалдайтын немесе оның аумағы үстінен ұшып өтетін өз рейстері үшін ұшу және қону төлемдерінен босатылады.

10-бап. Өкілдік мүшелерінің мәртебесі

      1. ХҚКК өкілдіктерінің халықаралық персоналының мүшелеріне, олардың жұбайларына және олардың асырауындағы отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің мүшелеріне берілетіндей мәртебе беріледі.
      2. Олар жеке қамауға немесе тұтқынға алуды, жеке багажға тыйым салуды қоса алғанда, сот немесе әкімшілік процестердің кез келген нысанынан және өз міндеттерін орындауға байланысты куәгерлер ретінде әрекет ету немесе іс-әрекеттеріне және/немесе жіберген қателіктеріне қатысты түсінік беру қажеттілігінен иммунитетті пайдаланады.
      3. Олардың жеке резиденцияларына, көлік құралдарына, құжаттарына, қолжазбаларына және өзге де жеке мүлкінің барлығына қол сұғылмайды.
      4. Оларға көші-қон бойынша ешбір төлемдер мен шектеулер, сондай-ақ шетелдіктерді тіркеу мен жалпыға бірдей әскери міндеттілікке қатысты міндеттемелер қолданылмайды.
      5. Олардың көлік құралдарын қоса алғанда, өзінің жеке мүлкін бажсыз әкелуге құқығы бар. Елден кетер кезде олар осыған ұқсас артықшылықтарды пайдаланады.
      6. Олардың Қазақстан Республикадағы өзінің жеке мүлкін Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің мүшелеріне берілген шарттарда сатуға құқығы бар.
      7. Тәртіпсіздіктер немесе қарулы қақтығыс жағдайларында, егер олар оны қаласа, өздері барынша қауіпсіз және жылдам деп санайтын тәсілмен оларға болатын мемлекеттің аумағынан шығуға қажетті жағдайлар жасалады.
      8. Олар Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің мүшелеріне берілген валюта режиміне қатысты жеңілдіктерді пайдаланады.
      9. ХҚКК Өкілдігі халықаралық персоналының мүшелері ХҚКК төлейтін немесе, тұтастай алғанда, олардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерден алатын жалақысына және өзге де сыйақы түрлеріне салынатын барлық салықтардан босатылады.
      10. ХҚКК Өкілдігінің Басшысы мен оның Орынбасары өз жұбайларымен және өздерінің асырауындағы өзге де туыстарымен және отбасы мүшелерімен бірге жоғарыда көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттерге қосымша 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес дипломатиялық агенттерге берілген мәртебені пайдаланады.
      11. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын ХҚКК Өкілдігінің мүшелері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жасалған әрекеттеріне қатысты соттық іс қараудан иммунитетті қоспағанда, осы баптың 1-10 тармақтарында көрсетілген иммунитеттерді, артықшылықтар мен жеңілдіктерді пайдаланбайды.
      12. ХҚКК Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін ХҚКК Өкілдігі қызметкерлерінің аты-жөні, лауазымы мен міндеттері туралы мемлекеттік биліктің тиісті органдарын хабардар етеді.
      13. ХҚКК Өкілдігінің мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген сәттен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасын құрметтеуге міндетті және өздеріне ұсынылатын қорғауды пайдаланады.

11-бап. Уақытша миссиямен келетін ХҚКК өкілдері

      Қазақстан Республикасына уақытша миссиямен келетін ХҚКК өкілдері 10-баптың 2, 3, 4, 5, 7 және 8-тармақтарындағы иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.

12-бап. ХҚКК мүшелерінің құжаттары

      1. ХҚКК Өкілдігі халықаралық персоналының мүшелері мен уақытша миссиямен келген ХҚКК өкілдерінің жарамды визасы бар паспорты мен иеленушінің жеке басын және оның ХҚКК қызметкері ретіндегі мәртебесін растайтын «Жеке куәлік және іссапар куәлігі» деп аталатын құжаты болады.
      2. МККК өкілдігінің халықаралық персоналының мүшелері Қазақстан Республикасының шекарасынан өту және оның аумағы ішінде жүріп-тұру үшін жарамды визасы бар паспортты пайдаланады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік биліктері осы құжатты жарамды жол жүру құжаты ретінде қабылдайды. Иесі құжатты көрсеткен жағдайда, олар оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге және мемлекет ішінде жүріп-тұруына жәрдем көрсетеді.

13-бап. Болатын мемлекетпен ынтымақтастық

      1. ХҚКК және оның Өкілдігі осы Келісімде көзделген артықшылықтарды, иммунитеттер мен жеңілдіктерді асыра пайдаланудың кез келген нысанын болдырмау мақсатында мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық жасайды.
      2. ХҚКК Өкілдігі тек, өзінің жеке пікірі бойынша, осы иммунитет сот әділдігіне кедергі болатын және ХҚКК мүдделеріне нұқсан келтірмей одан бас тартуға болатын жағдайларда, кез келген иммунитеттен бас тарта алады.

14-бап. Түсіндіру

      Осы Келісім ХҚКК Өкілдігіне өз міндеттері мен функцияларын толық әрі тиімді орындауға және өз бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруге сайып келетін негізгі мақсаттары аясында түсіндіріледі.

15-бап. Дауларды келіссөздер жолымен реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар мен келіспеушіліктер өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады.

16-бап. Төрелік

      Жоғарыда аталған келіссөздер сәтсіз болған жағдайда, түпкілікті реттеу үшін келіспеушілік үш төрешіден тұратын төрелік органға жіберіледі, оның біреуін - Қазақстан Республикасының Үкіметі, екіншісін - ХҚКК Президенті, ал үшіншісін - екі тарап немесе олардың арасында келісім жасау мүмкін болмаған жағдайда - БҰҰ Халықаралық Сотының Президенті тағайындайды. Осылайша құрылған органның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

17-бап. Өзгерістер енгізу

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге кез келген уақытта осы Келісімнің 19-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап. Қосымша келісімдер

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚКК қосымша Келісімдер жасасу туралы келісе алады.

19-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы ХҚКК Өкілдігі алған күннен бастап күшіне енеді.

20-бап. Келісімнің қолданылуын тоқтату

      Тараптар өзінің осындай ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады, бұл ретте осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

21-бап. Түпнұсқа мәтіндер және депозитке қою

      Осы Келісім әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте бір данасы Қазақстан Республикасының Үкіметіне, екіншісі - ХҚКК-ға сақтауға беріледі.
      20___ жылғы «___» _________ _______________ қаласында жасалды.

      Қазақстан Республикасының      Халықаралық Қызыл Крест
            Үкіметі үшін                 Комитеті үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады