Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердегі валюталық саясаттың келісілген принциптері туралы келісімге қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қарашадағы № 1301 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердегі валюталық саясаттың келісілген принциптері туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

Жоба

Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердегі
валюталық саясаттың келісілген принциптері туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы
      экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге және валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағында тауарлардың, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жәрдемдесе отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарының сыртқы сауда және инвестициялық операциялардағы рөлін арттыру және көрсетілген валюталардың өзара айырбасталуын қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде валюталық саясатты үйлестіру бағытындағы бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын мойындай отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы әрбір мемлекеттің экономикалық ерекшелігін ескере отырып, тең құқықтық және өзара пайда алу принциптеріне сүйене отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      «Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті» - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің осы мемлекеттің валюталық заңнамасына сәйкес резиденті;
      «Келісімге қатысушы мемлекеттің резидент емесі» - осы Келісімге қатысушы мемлекет болып табылмайтын елдің резиденті;
      «үшінші ел» - осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекет немесе юрисдикция;
      «валюталық шектеулер» - оларға тікелей тыйым салумен, көлемдерін, санын және жүргізу мерзімдерін, төлем валютасын лимиттеумен, оларды жүргізуге арналған арнайы рұқсаттарды (лицензияларды) алуға, бір бөлігін, барлық соманы немесе жүргізілетін валюталық операцияның барлық сомасына еселі соманы резервтеуге талаптар белгілеумен көрсетілген валюталық операцияларға заңнамада белгіленген шектеулер, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында шоттарды ашуға және жүргізуге байланысты шектеулер;
      «ырықтандыру шаралары» - нәтижесі Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен операцияларға қатысты валюталық шектеулерді жұмсарту немесе жою болып табылатын шаралар.
      Осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін жасалатын халықаралық шарттарда оларды орындау үшін басқа да қажетті терминдер пайдаланылуы мүмкін.

2-бап

      Тараптар валюталық саясатты мынадай принциптердің негізінде әзірлейді және жүргізеді:
      Тараптар валюталық саясатты кезең-кезеңімен және интеграциялық ынтымақтастықтың қалыптасқан макроэкономикалық қажеттіліктеріне сәйкес келетіндей көлемде қалыптастырудың және жүргізудің тәсілдерін үйлестіруді және жақындатуды жүзеге асырады;
      Тараптар валюта саласындағы ықпалдасу процестерін дамыту, валюталық саясатты үйлестіру және келісу үшін ұлттық және мемлекетаралық деңгейде қажетті ұйымдастыру-құқықтық жағдайлар жасайды;
      Тараптар валюта саласында ықпалдасу процестерінің дамуына теріс әсер етуі мүмкін іс-қимылдарды қолданбайды, ал оларды еріксіз қолданған жағдайда мұндай іс-қимылдардың салдарларын барынша азайтуға тырысады;
      Тараптар Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің ішкі валюта нарығында, сол сияқты халықаралық валюта нарықтарында Тараптардың ұлттық валюталарына деген сенімді арттыруға бағытталған экономикалық саясатты жүргізеді.

3-бап

      Келісілген валюталық саясатты жүргізу мақсаттары үшін Тараптар жекелеген жағдайларда тиісті халықаралық шарттар жасауды қоса алғанда, мынадай шараларды қабылдайды:
      1) Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарының Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің өзара есеп айырысуында пайдаланылуын кеңейтуді қамтамасыз ету үшін ұлттық валюталарды айырбастау бағамының саясатын (бұдан әрі - бағамдық саясат) үйлестіру;
      2) Келісімге қатысушы мемлекеттердің шетелдік валютаны Келісімге қатысушы мемлекеттердің банктері арқылы шектеулерсіз сатып алу және сату мүмкіндігі үшін жағдайлар жасау арқылы шетелдік  валюталардың төлем балансының ағымдағы және күрделі баптары бойынша шектеулерсіз айырбасталуын қамтамасыз ету;
      3) Тараптардың ұлттық валюталарының өзара тікелей баға белгілеуіне жағдайлар жасау және қамтамасыз ету;
      4) Келісімге қатысушы мемлекеттердің сыртқы экономикалық қызметіне қатысушылар арасында Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарымен өзара есеп айырысуды жүргізуді қамтамасыз ету;
      5) Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы өзара саудаға кедергі келтіретін ұлттық валюталардың ресми айырбастау бағамдарының көптігіне жол бермеу;
      6) Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерінің биржа нарығында қалыптасқан бағамның негізінде не ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты кросс-бағамдарының негізінде ұлттық валюталарының ресми бағамдарын белгілеуі;
      7) бағамдық саясаттың іс-шараларын әзірлеу және үйлестіру мақсатында өзара консультациялар жүргізу;
      8) валюта нарығының жай-күйі және даму перспективалары туралы жүйелі негізде ақпарат алмасу;
      9) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын қалыптастыру;
      10) әрбір Тараптың Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын және өз мекемесі мемлекетінің заңнамасына сәйкес осы Тараптың резиденттері болып табылатын банктерге жасалған қолайлы режимнен кем емес құқықтық режим жағдайында банкаралық айырбастау операцияларын жүргізу үшін валюталық операцияларды жүзеге асыру құқығына ие банктердің өз ұлттық валюта нарығына кіруін қамтамасыз етуі;
      11) Келісімге қатысушы мемлекеттердің банктеріне Келісімге қатысушы мемлекеттердің корреспонденттік шоттарындағы ұлттық валюталарындағы өздеріне тиесілі қаражатты үшінші елдердің валюталарына еркін айырбастау құқығын беру;
      12) ұлттық валюта нарықтарының өтімділігін одан әрі дамыту және арттыру;
      13) Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерінің валюталық активтерін Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарына, оның ішінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастыру үшін жағдайлар жасау;
      14) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасында Келісімге қатысушы  мемлекеттердің резиденттері арасындағы өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту негізінде төлем-есеп айырысу қатынастарының тетігін жетілдіру.

4-бап

      Валюталық құқықтық қатынастарды реттейтін Тараптардың ұлттық заңнамаларын және Тараптардың нормативтік құқықтық актілерін жақындастыру және ырықтандыру шараларын қабылдау мақсатында Тараптар жекелеген жағдайларда тиісті халықаралық шарттар жасауды қоса алғанда, төмендегілер туралы келісті:
      1) Тараптар тиімді экономикалық кооперацияға кедергі келтіретін валюталық операцияларға және Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында орналасқан банктерде шоттарды ашуға немесе жүргізуге қатысты валюталық шектеулерді біртіндеп жоюды қамтамасыз етеді;
      2) Тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттер резидент еместерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында орналасқан банктерде шоттарды, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің үшінші елдерде орналасқан банктерде шоттарды ашу немесе жүргізу тәртібіне қатысты келісілген тәсілдерді айқындайды;
      3) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің олардың банк шоттарына міндетті түрде аударылуы тиіс ақша қаражатын репатриациялау талабына қатысты тәсілдерді әзірлеуге қатысты ұлттық егемендікті сақтау принципіне сүйенеді;
      4) Тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық шектеулер қолданылмайтын резиденттерінің арасында жүзеге асырылатын валюталық операциялардың тізбесін айқындайды;
      5) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің банктеріндегі банк шоттарын пайдаланбай есеп айырысуларды жүзеге асыру құқығын қоса алғанда, валюталық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттерінің қажетті көлемін келісіп айқындайды;
      6) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің олардың банк шоттарына міндетті түрде аударылуы тиіс ақша қаражатын репатриациялау жөніндегі талаптардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді;
      7) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің және резидент еместерінің қолма-қол ақша қаражатын және бағалы қағаздарды Кеден одағының кеден аумағы шеңберінде құжаттандырылған нысанда еркін өткізуін қамтамасыз етеді;
      8) Тараптар валюталық операцияларды есепке алу және бақылау талаптарының үйлесімділігін қамтамасыз етеді;
      9) Тараптар валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнаманы және валюталық реттеу органдарының актілерін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы нормалардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді.

5-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы жекелеген жағдайларда тиісті халықаралық шарттар жасасуды қоса алғанда:
      а) мыналар:
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бақылау және құқық қорғау органдарының валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы  ұлттық заңнаманың сақталуына бақылау саласындағы практикасы туралы;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау жүйесін жетілдіру және оның жұмыс істеуі жөніндегі шаралар туралы ақпарат алмасу;
      б) Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің валюталық операцияларды жүзеге асыруы кезінде заңнаманы бұзуын анықтау жөніндегі ынтымақтастығы;
      в) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылау саласындағы өзара мүдделерін қозғайтын проблемалар бойынша бірлескен талдамалық зерттеулер жүргізу;
      г) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығының өзге де мәселелері арқылы жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекет, егер ахуал экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешілмейтіндей ерекше жағдайларда валюталық шектеулерді бір жылдан аспайтын мерзімге енгізуге құқылы.
      Ерекше жағдайларға мыналар жатады:
      а) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру экономикалық және қаржылық ахуалдың нашарлауына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      б) төлем балансындағы ахуалдың теріс дамуы, оның салдарынан алтын-валюта резервтері рұқсат берілген деңгейден азаюы мүмкін;
      в) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру өз мемлекеттерінің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтіретіндей және қоғамдық тәртіпті қолдау көрсетуге кедергі келтіретіндей жағдайлардың туындауы;
      г) өз мемлекетінің валютасы бағамының күрт ауытқулары.
      Валюталық шектеулерді енгізу туралы хабарламаларды Тараптардың бірі басқа Тараптарға осындай шектеулер күшіне енген сәттен бастап 15 күннен кешіктірмей жібереді.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыру:
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдарының осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды келісу мақсатында консультациялар жүргізуі;
      осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін халықаралық шарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады.
      Тараптар осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін халықаралық шарттарға қол қоюдың мынадай мерзімдерін айқындады:
      Келісімнің 3-бабы бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері арасындағы шарттарға қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін;
      Келісімнің 4-бабы бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері мен орталық (ұлттық) банктері арасындағы шарттарға қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін;
      Келісімнің 5-бабы бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері мен орталық (ұлттық) банктері арасындағы келісімдерге қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелері осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажыратылмас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және орындауға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі, ал олар келісімге қол жеткізбеген жағдайда дау ЕурАзЭҚ Сотына қарауға беріледі.

11-бап

      Осы Келісім депозитарий болып табылатын Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитеті оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім 2003 жылғы 19 қыркүйектегі Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру туралы келісімнің және 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шарттың қатысушылары болған басқа да мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      _______ қаласында 201__ жылғы «___» _______ бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь              Қазақстан           Ресей
   Республикасының       Республикасының     Федерациясының
      атынан                атынан              атынан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады