Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 35, 480-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 336 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 186-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қаңтардағы № 725 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 1-2, 1-құжат).
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкімшілігімен келісім бойынша екі ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі қағидаларын басшылыққа алсын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы «__» ________
№ ____ Жарлығымен
мақұлданған
Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы 1. Кіріспе
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан кейінгі дамуға дайындалуға, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекетті одан әрі дамыту басымдықтары айқындалған болатын.
Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.
Жаңа Тұжырымдамада алғашқы Тұжырымдаманы іске асырудан алынған, дұрыс пысықталған нәтижелер сақталған. Негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және Ұлттық қордың қаражатын жинақтауды үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады.
2. Қазіргі жағдайды талдау
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы № 402 Жарлығымен бюджет кірістерінің қомақты бөлігі табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін түсімдер есебінен қалыптастырылатын басқа елдерге ұқсас Ұлттық қор құрылған болатын. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерін басқару жөніндегі негізгі принциптер мен тәсілдер айқындалған болатын.
2006 жылдың ортасынан бері қолданылған Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау схемасында республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер, сондай-ақ қаражатты отандық бағалы қағаздарға қаражатты ұзақ мерзімді инвестициялау көзделген. Бұл ретте кепілдендірілген трансфертті айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауы болып табылды.
Қабылданған саясаттың нәтижесінде экономикалық өсу кезеңінде валютаның шамадан тыс түсуін зарарсыздандыру, теңгені айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етілді. Дағдарысқа қарсы белсенді саясат жүргізу үшін қаржы резервтері құрылып, оның шеңберінде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 трлн. теңгені құрады, оның 750,0 млрд. теңгесі ішкі активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 млрд. АҚШ доллары - шетелдік активтерге орналастырылды.
Құрылған уақытынан бері, яғни 2001 жылғы маусымнан бастап 2009 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда Ұлттық қордың кірістілігі Ұлттық қордың базалық валютасы - АҚШ долларымен 55 %-ды құрады, бұл жылдық мәнде 5,2 %-ды құрайды.
Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргізу үшін қажетті көлем қалыптастырылды, дегенмен болашақ ұрпақ үшін қалпына келтірілмейтін табиғи ресурстардан алынған қаражатты барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігі және мұнайлық емес тапшылықты жою туралы мәселе өзектілігін сақтап қалуда.
Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуінің бәсеңдеуін ескере отырып, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемінің құбылмалылығын оны тіркеу жолымен алып тастау қажет болып отыр, бұл ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтауды қамтамасыз етеді.
3. Ұлттық қордың негізгі мақсаты мен қағидаттары
Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын жинау және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету болып табылады. Тиісінше, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда төмендетілмейтін қалдық белгіленеді, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшеріне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді көздейді.
Тұтастай алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудің ашықтығына қол жеткізу үшін олар ел экономикасына тек республикалық бюджет арқылы жіберілетін болады.
Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негізделетін болады:
транспаренттілік - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетілген) көрсеткіштерін, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептерді, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептерді міндетті түрде жариялау;
толықтық - Ұлттық қор туралы есептілікте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсімдер мен шығыстарды көрсету;
уақтылылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкіметтің шоттарына тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіпті сақтай отырып мерзімінде аудару;
тиімділік - Ұлттық қорды тәуекел деңгейі орташа болған жағдайда ұзақ мерзімді перспективада активтерді сақтау мен кірістілікті қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып басқару.
4. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тәртібі
1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау
Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мынадай түсімдердің есебінен жүзеге асырылатын болады:
1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға мыналар жатады:
корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын ренталық салық, үстеме пайдаға салынатын салық, өнімді бөлу бойынша үлес және қызметін өнімді бөлу туралы келісім-шарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемі;
2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда), оның ішінде мұнай келісім-шарттарының талаптарын бұзғаны үшін түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда);
3) республикалық меншіктегі және тау-кен өндіру және өңдеуші салаларға жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін түсімдер;
4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;
5) ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кіріс;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер.
Ішкі нарықтағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін кірістердің Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына теріс әсерін жою мақсатында Ұлттық қорға өзге де түсімдер шоғырландырылуы мүмкін. Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейтін болады.
2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану
Қаражатты пайдаланудың келесі онжылдыққа арналған жаңа тәсіліне сәйкес 2010 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады. Шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, соның ішінде республикалық бюджетке нысаналы трансферттер белуге, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алуға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретіндегі активтерді пайдалануға тыйым салынады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін жыл сайынғы тіркелген кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет шығыстарының «тарихи» қалыптасқан құрылымы ескеріле отырып айқындалады. Бұл ретте кепілдендірілген трансферт жобаларды инвестициялауды көздейтін ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға бағытталады, олардың нәтижелерін болашақ ұрпақ пайдаланатын болады.
Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 20 %-ы мөлшерінде төмендетілмейтін қалдық белгіленеді. Бұл ретте кепілдендірілген трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда төмендетілмейтін қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
Тұтастай алғанда, Ұлттық қордың қаражаты тіркелген кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ай сайын (тоқсан сайын) Ұлттық қордың шотында республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.
5. Ұлттық қордың активтерін басқару
Тұтастай алғанда, Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қалады. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
сақтау;
өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау;
тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету.
Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді. Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Ұлттық қордың активтерін орналастыру шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне қосылған қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте шектеулер 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған, Ұлттық қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.
6. Ұлттық қордың, үкіметтік қарыз алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы
Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерін тиімді басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Осылайша, ұлттық холдингтердің, ұлттық басқарушы холдингтердің және олардың еншілес компанияларының қарыз алуы мен міндеттемелерінің барабар деңгейін айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтерін ескере отырып, сындарлы тәсілді талап етеді. Осы мақсатта, Үкімет басқарушы холдингтер мен олардың еншілес компанияларының борышын мониторингілеу мен бағалаудың тиісті көрсеткіштерін және осы ұйымдар сақтауға міндетті қарыз алу жөніндегі шектеулерді айқындайды.
Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсіл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкіндігін жояды. Бұдан басқа, Үкімет бюджет заңнамасында белгіленген шектеулер шеңберінде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергілікті атқарушы органдар борышының өсуін реттейтін болады.
Ұлттық қор қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
- үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5 %-ынан аспауы тиіс;
- үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар он жылдық кезеңде орташа алғанда Ұлттық қордан берілетін трансфертті қамтитын бюджетке түсетін түсімдердің 15 %-ынан аспауы тиіс.
7. Қорытынды
Осы Тұжырымдама шеңберіндегі шараларды іске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс істеуінің және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделін таңдаудың негіздеріне, инвестициялық стратегияны өзгертуге қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етеді.
Осы мақсаттарда Ұлттық қордың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігі жөніндегі саясат осы он жылдықтың соңына ЖІӨ-нің 3 %-ынан артық болмауға тиіс мұнайлық емес тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейіннен тек даму бюджетін қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады.
Жоғарыда айтылған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға Ұлттық қордың қаражаты 90 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі тиіс, бұл ЖІӨ-нің кемінде 30 %-ын құрайды.
Тұтастай алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру республикалық бюджеттің тұрақтылығын одан әрі қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және мұнай кірістерін ұрпақтар арасында қайта бөлуге ықпал ететін болады.