Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмді перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі N 1641 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2010.04.02 № 962 Жарлығымен

      ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы мақұлдансын.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң     
2005 жылғы 1 қыркүйектегi
N 1641 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНДЫ      

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастырудың және пайдаланудың орта
мерзiмдi перспективаға арналған
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

1. Кiрiспе

      Бүгінгі таңда қазақстан экономикасының жағдайы елеулi дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы ахуалмен анықталады. Республикалық бюджет түсiмдерiнiң табиғи ресурстардан болып отырған қазiргі тәуелдiлiгі Қазақстанның болашағына байланысты бiрқатар мәселелердi мемлекет алдына қояды. Бiрiншiден, бұл табиғи байлықтардың қайта толмайтынына байланысты оларды пайдалануды дұрыс жоспарлау мәселесi. Екiншiден, бұл мемлекеттік кiрiстер мен шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстарға деген әлемдiк бағаның күрт әрi алдын ала болжанбаған ауытқуларына тәуелдiлiгін төмендету мәселесi.
      Осы мәселелердi шешу үшiн "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 23 тамыздағы N 402 Жарлығымен Ұлттық қор құрылды.
      Бюджет түсiмдерiнiң елеулi бөлiгі табиғи ресурстардың экспортынан түскен түсiмдер есебiнен қалыптасатын және қолайсыз конъюнктура жылдарындағы шығыстарды қаржыландыруға арналған тұрақтандыру қорлары мен болашақ ұрпақ қорлары басқа елдерде де жұмыс iстейдi. Қазақстанда Ұлттық қорды құру кезiнде шетелдiк осы тәжiрибе пайдаланылды.
      Қазақстанда 2000 жылдан бастап әлемдiк қаржы нарығындағы қолайлы конъюнктураға байланысты республикалық бюджетке табиғи ресурстарды өндiруге байланысты төлемдердiң түсiмi айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, көмiрсутегiн қазақстандық экспорттаушылардың экспорттық түсiмдерiнiң арта түсiп отырған мөлшерi теңгенiң айырбас бағамын, сондай-ақ инфляцияға да қысымды күшейтедi. Бұл өз кезегiнде отандық тауар өндiрушiлер өнiмдерiнiң бағалық бәсеке қабiлеттілiгін төмендетуге әкеп соқтырады және де отандық өндiрушiлердiң қаржылық нәтижелерiне қолайсыз әсер етедi.
      Қазiргі уақытта әлемде тұрақтандыру немесе жинақ қорлары бар онға тарта ел бар. Мұндай қорлардың қаражаты түсiмдерi кiрiстердiң негізгі баптарын құрайтын табиғи ресурстардың белгiлi бiр түрлерiне бағаның ауытқуына байланысты қолайсыз кезеңдерде бюджет шығыстарын қаржыландыру үшiн немесе сыртқы борышты өтеу үшiн, сондай-ақ басқа мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн. Экспорттың шикiзатқа мамандануы орын алған бiрсыпыра мемлекеттердiң тәжiрибесi бюджеттерi әлемдiк баға конъюнктурасының ықпалына ұшырауға бейiм елдер үкiметтерiнiң басы артық түсiмдердi жинақтау үшiн шикiзатқа бағаның қымбаттауы кезеңiн пайдаланып қалу мүмкiндігі бар екенiн көрсетедi.
      Мұндай қорларды құрудың жағымды жақтары:
      баға конъюнктурасына тәуелдi табиғи ресурстар секторынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер мен республикалық бюджет шығыстары арасындағы өзара байланысты барынша азайту;
      қолайсыз конъюнктура бағасы кезеңдерiнде мемлекеттің қаржылық мiндеттемелерiн қолдау үшiн қолайлы конъюнктура бағалары кезеңдерiне қаражат жинақтау;
      болашақ ұрпақтың мұқтажын қамтамасыз ету үшiн қайта толмайтын табиғи ресурстарды сатудан түскен қаражатты жинақтау;
      валютаның басы артық түсуi нәтижесiнде монетарлық өлшемдерге жасалатын шамадан тыс қысымды болдырмау үшiн ақша массасын залалсыздандыру болып табылады.

2. Ұлттық қордың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты тұрақтандыру функциясы - Республикалық бюджеттің әлемдiк баға конъюнктурасына тәуелдiлігін төмендету болып табылады. Ұлттық қор болашақ ұрпақтарға қор жинауды қалыптастыру арқылы жинақтау функциясын да атқарады.
      Ұлттық қордың негізгі мiндеттерi экономикадан басы артық мұнай долларын шығару және теңге бағамына және инфляцияға қысымды тежеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайлы жоспарлау арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.
      Жинақтау мен пайдалану транспарентті болуы тиiс, мұның өзi қойылған мақсаттарға қол жеткiзу кезiнде Ұлттық қордың ойдағыдай жұмыс iстеуiнiң кепiлi болып табылады.

3. Қазiргі жай-күйдi талдау

      Бүгінгі таңда Ұлттық қор жинақтарын қалыптастырудың және оның активтерiн басқарудың қолданыстағы тетігіндегі негізгі проблемалар мыналар болып табылады:
      шикізат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтық түсiмдер бойынша республикалық бюджеттi жоспарлау кезiнде бағаны анықтау тетiгi үнемi нақты көрiнiстi көрсете бермейдi. Болжамданған "базалық" баға (баррель үшiн 19 АҚШ доллары) республикалық бюджетте қалдырылатын және Ұлттық қорға жiберiлетiн шикiзат секторы ұйымдарынан алынатын салықтардың оңтайлы бөлiнуiн белгілемейдi. Оның үстiне, "базалық" бағаны ескере отырып есептелген республикалық бюджетке есептеулердiң мөлшерi сату көлемiн өзгертуге, амортизациялық аударымдарға және салық салынатын пайдаға әсер ететiн өзге де жағдайларға байланысты өзгеруi мүмкiн. Осыған байланысты республикалық бюджетке түсетiн мұнай түсiмдерiнiң жыл сайынғы көлемiне қатысты тұрақтылық болмайды;
      ұлттық қор жинақтауын қалыптастырудың тұрақты әдiснамасының болмауы.
      Қазақстан Республикасының Yкiметi Ұлттық қорды қалыптастыратын шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн бекiттi, ол кәсiпорындарды тiзбеге енгізу және одан шығару бойынша бiрнеше рет өзгерiстерге ұшырады. Бұл факт Ұлттық қорға аударылатын түсiмдер мөлшерiн айқындаудың тұрақты болмайтынын көрсетедi. Бұл ретте, тiзбе басынан-ақ және қазiр де мұнай секторының барлық кәсiпорындарын қамтымайды. Республикалық бюджетті жоспарлау және атқару кезiнде кiрiс бөлiгiне салық бiр кәсiпорындар бойынша базалық орта бағаны ескере отырып, тiзбеге енгiзiлмеген басқа кәсiпорындар бойынша iс жүзiнде қалыптасқан баға бойынша түседi.
      Ұлттық қордың жұмыс iстеуiнiң жоғарыда көрсетiлген проблемаларын шешу қажеттiлiгiн ескере отырып, қор жинақтауды қалыптастырудың одан әрi оңтайлы жолын және оның активтерiн басқарудың тиiмдi әдiстерiн айқындау қажет етiледi.

4. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың
және пайдаланудың қағидаттары

      1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау
      Әлемдiк тәжiрибенi талдау жинақтаулар үшiн қандай да бiр белгiленген шек болмайтынын және көптеген елдер қол жеткiзiлген жинақ көлемiне қарамастан жинақтау саясатын жалғастырып отырғанын көрсетедi. Мәселен, әртүрлi уақытта Норвегияда Қор активтерiнiң деңгейi ел IЖӨ-iнiң жартысынан асты, ал Аляскада штаттың бүкiл IЖӨ-iн, Кувейтте ІЖӨ-нiң үш жарым бөлігін, Оманда IЖӨ-нiң бестен бiр бөлiгiн құрайды. Қазақстанда 3 жыл iшiнде Ұлттық қорда IЖӨ-нiң шамамен 12%-i жинақталды.
      Ұлттық қорда жоғары баға конъюнктурамен туындаған қосымша түсiмдер шоғырланғандықтан, Ұлттық Қордың ең жоғары мөлшерi шектеле алмайды. Оның үстiне Ұлттық қордың жинақтаушы қызметiн атқару үшiн төмендетiлмейтiн қалдық белгіленедi.
      Ұлттық қордың қалыптасуы сол сияқты бiржолғы сипаттағы (республикалық меншiктегi және тау-кен өндiру мен ұқсату салаларындағы мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сату) не түсiмдер көлемi бойынша тұрақты емес (мұнай секторының түсiмдерi) кiрiстер көзi есебiнен жүзеге асырылуы тиiс, оның мөлшерi едәуiр шекте ауытқуы мүмкiн, ол осымен Қазақстанның бюджет саясатына елеулi ықпал жасайды.
      Осылайша, Ұлттық қорды қалыптастырудың негізгi көздерi мыналар болып табылады деп болжанады:
      корпорациялық табыс салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, роялтилер, бонустар, өнімді бөлу жөніндегі үлес, экспортталатын шикі мұнайға, газ конденсатына салынатын ренталық салық, өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі жататын мұнай секторы кәсіпорындарынан түсетін тікелей салықтар (жергілікті бюджеттерге есептелетін салықтарды қоспағанда), сондай-ақ мұнай секторы кәсіпорындары жүргізетін операциялардан түсетін басқа да түсімдер, оның ішінде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшін түсетін түсімдер (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда). Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мұнай секторы кәсіпорындары төлейтін салықтардың басқа түрлері және бюджетке басқа да міндетті төлемдер тиісті бюджеттерге есептелуге жатады. Бұл ретте мұнай секторының кәсіпорындарына тізбеде айқындалатын мұнай операцияларымен айналысатын, сондай-ақ шикі мұнай мен газ конденсатын сататын барлық заңды тұлғалар жатады;
      республикалық меншiктегі және кен өндiру мен ұқсату салаларындағы мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер;
      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер.
      Ұлттық қордың жинақтарын қалыптастыру моделi республикалық бюджет пен Ұлттық қор арасында мұнай түсiмдерiн бөлудiң оңтайлы теңгерiлiмiн қамтамасыз етуi тиiс. Сондай-ақ қолайсыз әлемдiк баға конъюнктурасы кезiнде мемлекеттiң әлеуметтiк мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн мұнай секторы түсiмдерiнiң көлемiне қарамастан тұрақты деңгейде ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстарды ұстап тұрудың маңызы зор. Бұл ретте макроэкономикалық деңгейде iшкi баға өсуiн тоқтатуға және теңге бағамын ұстап тұруға арналған Ұлттық қордың тұрақтандырушы функциясы неғұрлым тиiмдi жүзеге асырылуы тиiс.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.05.29. N 336 жарлығымен.

      2. Ұлттық қор үшiн жинақтарды қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдау
      Ұлттық қорға қойылған мiндеттердi тиiмдi iске асыру мақсатында, жағымды әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып теңгерiмдi бюджет әдiсi әзiрлендi.
      Осы әдiске сәйкес 4-бөлiмнiң 1-бөлiмшесiнде көрсетiлген түсiмдер толығымен Ұлттық қорға жiберiлетiн болады.
      Бұл ретте кепiлдiк берiлген трансферт болашақ ұрпақ та пайдаланатын жобаларды инвестициялауды көздейтiн бюджеттiк даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға ғана бағытталуы тиiс. Осылайша, ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстар экономиканың мұнай емес бөлiгінен республикалық бюджетке аударымдар есебiнен, ал бюджеттiк даму бағдарламаларына шығыстарды қаржыландыру Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферт есебiнен қаржыландырылады, бұл ретте бюджеттiң шығыс бөлiгінiң белгілi бip үлесi оның iшiнде белгіленген шектеулер шеңберiнде қарыз (сыртқы және iшкi) алу есебiнен жабылуы мүмкiн.
      Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферт (G o ) мазмұндамасы осы Тұжырымдамаға қоса берiлетiн әдiске сәйкес тұрақты сома қосу Ұлттық қордың өткен кезеңдегі активтерiнiң бөлiгі ретiнде анықталады. Осы трансферттің көлемi екi құрауышқа - республикалық бюджетке трансферттің кепiлдiк берiлген ең төмен деңгейiн қамтамасыз ететiн және белгілi бiр кезеңдегі бюджеттік даму бағдарламаларына шығындардың орташа көлемi негізiнде анықталатын А константасына, сондай-ақ белгiлi бiр кезеңдегi инвестициялық кiрiстiң орташа деңгейiне сәйкес келетiн b коэффициентiне байланысты. А константасы және b коэффициентi үш жылдық кезеңге арналған Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiмен бекiтiледi және осы кезең iшiнде өзгерiстерге ұшырамауы тиiс.
      Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферттiң республикалық бюджетке мөлшерi жеке бiр кезеңде Ұлттық қор активтерiнiң осы кезең басындағы шамасына, яғни бұрынғы жылдардағы жинақтардың мөлшерiне байланысты. Бұл ретте Ұлттық қорға осы кезеңде түсетiн түсiмдер республикалық бюджетке жiберiлетiн сомаға әсер етпейдi. Республикалық бюджетке Ұлттық қордан түсетiн трансферт көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiледi.
      Ұлттық қордың "сарқылуына" жол бермеу мақсатында кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгінен аспауы тиiс. Егер кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi осы шектен асып кеткен жағдайда, онда Ұлттық қордан алынатын ең жоғарғы сома тиiстi жылдың басындағы Ұлттық қор активтерiнiң үштен бiр бөлiгінiң баламасын құрайтын болады, ал қалған үштен екi бөлiгі болашақ ұрпақтың қоры ретiнде жинақталатын болады, бұл Ұлттық қордың негiзгi бiр мақсаттарына сәйкес келедi.
      Егер Ұлттық қордан алулар мөлшерi кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерiнен аз болған жағдайда, тиiстi жылға арналған бюджеттi жоспарлау кезiнде бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстарды қысқарту көзделедi. Бұл ретте егер бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстарды көзделiп отырған қысқарту жеткiлiксiз болса, шығыстар белгiленетiн шектеулер шегінде үкiметтiк қарыз алу есебiнен бюджет тапшылығын қаржыландыру шеңберiнде жабылатын болады және ағымдарды бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстар азайтылуы мүмкiн.
      Активтердi "сарқылуына" жол бермеу мақсатында (бiр жағынан Ұлттық қорда жинақтау жүзеге асырылғанда, ал екiншi жағынан шамадан тыс үкiметтiк қарыз алынады) бюджет тапшылығын үкiметтiк қарыз алу есебiнен қаржыландыру деңгейi бес жылдық кезең үшiн орташа жылдық мәнiнде IЖӨ-нiң 1%-iнен аспайтын мөлшерде шектелетiн болады, өйткенi халықаралық ұйымдардың (Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзiлiк Банк және басқалар) зерттеулерiне сәйкес мұнай дағдарысының орташа ұзақтығы шамамен 4-5 жылды құрайды. Бұл бюджетке түсiмдердiң деңгейiне жағымсыз әсер ететiн қолайсыз экономикалық конъюнктура кезеңiнде бюджет тапшылығының көрсеткiшi бес жылдық кезең үшiн орташа мән шеңберiнде ұлғаю жағына қайта қаралуы мүмкiн екенiн бiлдiредi.
      Сонымен қатар, бюджет тапшылығы кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi алынған Ұлттық қорға жалпы түсiмдер ретiнде есептелетiн Ұлттық қордың орташа жылдық өсуiнiң бес жылдық кезеңiнен асып кетпеуi тиiс.
      Жоғарыда айтылғаннан басқа, үкiметтiк қарыз алу қор нарығында тиiсті бағдар белгілеу үшiн айналымда мемлекеттiк бағалы қағаздардың жеткiлiктi көлемiн ұстап тұру мақсатында да пайдаланылатын болады. Бес жылдық перспективада нақты жинақтау мақсатында үкiметтiк қарыз алу саясаты кепiлдiк берiлген борышты ескере отырып, үкiметтiк борыштың Ұлттық қор активтерiнiң нарықтық құнына қатысты 50-70%-тiк арақатынасқа қол жеткiзуге бағдарланатын болады.
      Кепiлдiк берiлген трансферт шегiнде мұнай түсiмдерiн пайдалану салмақты фискальдық саясат жүргізуге мүмкiндiк бередi, өйткенi салық режимiн ырықтандырудан "таза" бюджет нәтижесi көрiнетiн болады, бұл әдетте, мұнай секторы кәсіпорындарының кiрiстерi есебiнен бұрмаланатын.
      Кепiлдiк берiлген трансферттiң мөлшерi формуламен шектелгендiктен және бюджет тапшылығының мөлшерiн шектеудi ескере отырып тек бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстарды қаржыландыратындықтан, республикалық бюджеттiң ағымдағы бюджеттік бағдарламаларына арналған шығыстарды көбейту экономиканың мұнай емес бөлiгі түсiмдерiнiң баламалы өсуiнсiз мүмкiн болмайды, бұл экономиканың мұнай емес секторын дамытуды ынталандыру қажеттiгін көрсетедi.
      Трансферт формуласы айқын және оңай есептелiнедi. Алайда, А абсолюттiк көрсеткiшiнiң жоғары мәнi Ұлттық қор қаражатын шамадан тыс жұмсауға, төмен мәнi - бюджеттiң үлкен құбылмалылығына әкеп соқтырады.

      3. Ұлттық қордың активтерiн пайдалану
      Мұндай қорлар қаражатын пайдаланудың әртүрлi бағыттары бар - республикалық бюджетке түсетiн тұрақтандыру трансферттерi, сыртқы борыштарды өтеу, инвестициялық кiрiстің бөлiгін халық арасында бөлу, экологиялық бағдарламаларды қаржыландыру және т.б.
      Сол сияқты балама ретiнде мұнай ақшасын халық арасында бөлудiң мүмкiндiгі де қаралды. Алайда, бiрқатар кейбiр себептерге байланысты мұндай тәсiл бүгінгі таңда тиiмдi бола қоймайды.
      Бiрiншiден, елге мұнай долларының артық ағылуы ақша массасының ұлғаюын тудырды, ол инфляцияның өсуiне түрткi болады және ұлттық валютаның нығаюына әкеп соғады. Бұл отандық өндiрушiлердi бәсекеге қабiлетсiз етедi және бағасы арзандаған импорттық өнiмге сұранысты қайта бағдарлауға әкеп соғады. Бұл ретте, егер "саудасы қызған" секторда (тұтыну тауарлары, жабдық) жоғары сұраныс импортпен қанағаттандырылатын болса, онда елдiң iшiнде өндiрiлетiн "саудасы жүрмейтiн" сектордың тауарлары мен қызметтерi (тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау) әкелiне алмайды, ол бағаның күрт өсуiне әкеп соқтырады.
      Екiншiден, мұнайдың бағасы күрт төмендеген жағдайда мемлекет ақша қаражатының тапшылығына ұшырайды және әлеуметтiк мiндеттемелер бойынша тиiстi деңгейде есептесе алмайды. Ұлттық қордың болуы Қазақстанның фискальдық тұрақтылығына ықпал етедi, ал Ұлттық қорда қаражат жинақтау ұрпақтар арасында табиғи байлықты тең бөлу қағидатына сәйкес келедi.
      Осыған байланысты, Ұлттық қордың қаражаты кепiлдiк берiлген трансфертті қамтамасыз етуге және басқарумен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға жiберiлетiн болады. Бұл ретте Ұлттық қордан мұнай емес сектордан түсiмдердiң төмендеуi салдарынан ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға деген шығыстардың өсуiн қаржыландыру үшiн қосымша қаражат алынбауы тиiс, ал ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға деген шығыстардың өсуi көзделген шектеулердi ескере отырып, тапшылықты қаржыландыру шеңберiнде қарыз алу есебiнен жабыла алады.

5. Ұлттық қордың активтерін басқару

      Ескерту. 5-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.01.19. N 725 Жарлығымен.

      Ұлттық қорды басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары:
      Ұлттық қор активтерінің сақталуы;
      Ұлттық қордың активтері өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұру;
      тәуекелдің қалыпты деңгейі жағдайында ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету болып табылады.
      Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы Ұлттық қордың мақсаттарына сәйкес айқындалады.
      Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.
      Ұлттық қордың активтерін басқару алдыңғы қатарлы практикаларды пайдаланумен осындай қорларды басқарудың әлемдік тәжірибесі ескеріле отырып және әлемдік қаржы нарықтарының конъюнктурасы ескеріле отырып жүзеге асырылуы тиіс. Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады .
      Ұлттық қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды .
      Ұлттық қордың активтерін орналастыру Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қаржы құралдарына жүзеге асырылуы тиіс. Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес - материалдық емес активтерді қоспағанда, Ұлттық қорды тиімді пайдалану және оны қаржы құралдарына орналастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңес органы.

6. Қорытынды

      Осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру Ұлттық қордың жұмыс iстеуiнiң және жинақтауларын қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi қозғайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерiстер енгiзудi талап етедi.
      Осы мақсатта Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерiне Ұлттық қордың қызметін реттейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізу бойынша жаңа нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары дайындалатын болады. P060808
      Тұтастай алғанда, осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және ұрпақтар арасында мұнай кiрiстерiн қайта бөлуге ықпал ететiн болады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған, осы Тұжырымдамада баяндалған тетiгiн 2007 жылғы
1 қаңтардан бастап енгiзу көзделiп отыр.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң   
2005 жылғы 1 қыркүйектегі         
N 1641 Жарлығымен мақұлданған       
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының   
қаражатын қалыптастырудың және     
пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға 
арналған тұжырымдамасына        
ҚОСЫМША                   

Теңгерiмдi бюджеттiң қағаз жүзiндегi әдiсi

      Теңгерiмдi бюджеттің әдiсiн мынадай түрде беруге болады:
      Е= G no + G o + D, мұнда
      E - республикалық бюджет шығыстары;
      G no - мұнай емес сектордан түскен кiрiстер;
      G o - белгілi кезеңге бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстардың орта көлемiн ескере отырып есептелетiн Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт;
      D - таза үкiметтiк қарыз алу (тартылатын және өтелетiн қарыздардың арасындағы айырма), тиiсті жылға арналған IЖӨ-нiң 1% деңгейiнде бесжылдық кезеңге белгiленетiн орта жылдық мән шегі. Бұл ретте, D мөлшерi кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi алынған Ұлттық қорға жалпы түсiмдер ретiнде есептелетiн бесжылдық кезеңге Ұлттық қордың орташа жылдық өсуiнен асып кетпеуi қажет.
      Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (G o ) өткен кезең үшiн Ұлттық қор активтерiнен алынатын тұрақты сома қосу соманың бөлігі ретiнде мынадай формула бойынша анықталады:
      G o = А + bх NFRK t-1 x e, мұнда
      G o - Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (теңгемен анықталады);
      А - тұрақты сома (заңмен бекiтiледi және теңгемен
белгіленедi);
      b - белгілi кезең үшiн инвестициялық кiрiстiң орта деңгейiне сәйкес келетiн коэффициент (заңнама актiсiмен бекiтiледi);
      NFRK t-1 - қаржы жылының басындағы Ұлттық қор активтерi (Қордың базалық валютасында);
      e - Қордың базалық валютасымен қатысты теңге бағамы.

       Ұлттық қордың орта мерзімді кезеңге
арналған негізгі көрсеткіштер (2007-2009 жж.)

       Ескерту. Кесте алып тасталды - ҚР Президентінің 2009.01.19. N 725 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады