"Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 сәуірдегі № 325 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы

      Женевада 1929 жылғы 20 сәуірде қол қойылған Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенция және оған Хаттама мынадай ескертпемен ратификациялансын:
      Осы Халықаралық конвенция шеңберінде Қазақстан Республикасы өзара құқықтық көмек көрсету, қылмыстық қудалау және ұстап беру мәселелері бойынша басқа мемлекеттердің орталық бюроларымен өзара іс-қимыл жасауды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы арқылы жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенция
(Женева, 1929 жылғы 20 сәуір)

      Ұлы мәртебелі Албания королі; Германия Республикасының президенті; Америка Құрама Штаттарының президенті; Австрия Республикасының федералды президенті; бельгиялықтардың ұлы мәртебелі королі; ұлы мәртебелі Ұлыбритания, Ирландия және теңіздің ар жағындағы британдық иеліктер королі, Үндістан императоры; болгарлардың ұлы мәртебелі королі; Қытай Республикасы ұлттық үкіметінің президенті; Колумбия Республикасының президенті; Куба Республикасының президенті; ұлы мәртебелі Дания королі; еркін Данциг қаласы үшін Польша Республикасының президенті; ұлы мәртебелі Испания королі; Франция Республикасының президенті; Эллин Республикасының президенті; Венгрия корольдігінің жарқын мәртебелі регенті; ұлы мәртебелі Италия королі; ұлы мәртебелі Жапония императоры; жоғары мәртебелі патшайым ұлы Люксембург герцогинясы; жарқын мәртебелі Монако ханзадасы; ұлы мәртебелі Норвегия королі; Панама Республикасының президенті; ұлы мәртебелі Нидерланды патшайымы; Польша Республикасының президенті; Португалия Республикасының президенті; ұлы мәртебелі Румыния королі; сербтердің, хорваттардың және словендердің ұлы мәртебелі королі; Кеңес Социалистік Республикалар одағының Орталық атқарушы комитеті; Швейцария Федералдық Кеңесі; Чех-Словак Республикасының президенті,
      ақша белгілерін қолдан жасаудың алдын алуды және онымен күресті неғұрлым пәрменді етуге ниет білдіре отырып, мыналарды өздерінің уәкілетті өкілдері етіп тағайындады:
      ұлы мәртебелі Албания королі - Париждегі істерге сенім білдірілген доктор Ставро Ставриді;
      Германия Республикасының президенті - Сыртқы істер министрлігіндегі миссия кеңесшісі доктор Эрих Краскені; империялық әділет министрлігіндегі министр кеңесшісі доктор Вольфганг Меттенбергті; құпия қаржы кеңесшісі, Рейхсбанктің басқарма мүшесі доктор Фокені;
      Америка Құрама Штаттарының президенті - Швейцария федералды кеңесінің жанындағы төтенше уәкіл және өкілетті министр Юза Р. Вильсон мырзаны;
      Австрия Республикасының федералды президенті - Венаның полиция басқармасындағы қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция директоры доктор Бруно Шульцті;
      бельгиялықтардың ұлы мәртебелі королі - мемлекеттік министр, Брюссель апелляция палатасы жанындағы құрметті бас прокурор Сервэ мырзаны;
      ұлы мәртебелі Ұлыбритания, Ирландия және теңіздің ар жағындағы британдық иеліктер королі, Үндістан императоры - Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия үшін, сол сияқты Британия империясының Ұлттар лигасының жеке мүшесі болып табылмайтын барлық бөлігі үшін - Репарациялық комиссия жанындағы британдық әділет кеңесшісі сэр Джон Фишер Уильямсты; Ішкі істер министрлігіндегі директор көмекшісі Ласли С. Брассты; Үндістан үшін - эск. К.И.И, Үндістан істері бойынша министрліктегі директор Вернонанон Даусонды;
      болгарлардың ұлы мәртебелі королі - Берндегі істерге сенім білдірілген Д.Миков мырзаны;
      Қытай Республикасы ұлттық үкіметінің президенті - Германия Республикасы президенті жанындағы Қытай миссиясының кеңесшісі Лон Лян мырзаны;
      Колумбия Республикасының президенті - төтенше уәкіл және өкілетті министр, Ұлттар лигасы жанындағы тұрақты делегат Антонио Хозе Рестрепоны;
      Куба Республикасының президенті - тұрақты уәкіл және өкілетті министр, Ұлттар лигасы жанындағы тұрақты делегат Г. де Бланк и Менокаль мырзаны; Ұлттар лигасы жанындағы тұрақты делегация жанындағы коммерциялық атташе - Мануэль Р.Альварец мырзаны;
      ұлы мәртебелі Дания королі - Ұлттар лигасы жанындағы тұрақты делегат Уильям Борберг мырзаны;
      еркін Данциг қаласы үшін Польша Республикасының президенті - төтенше уәкіл, Ұлттар лигасы жанындағы Польша Республикасының делегаты Франциск Сокаль мырзаны; еркін қаланың бас прокуроры және қылмыстық полиция бастығы Джон Муль мырзаны;
      ұлы мәртебелі Испания королі - маркиз де Торрегермоз, Швейцария федералды кеңесі жанындағы төтенше уәкіл және өкілетті министр Морисо Лопец Робертс мырзаны;
      Франция Республикасының президенті - британдық ұлы мәртебелі жанындағы елшілік жанындағы қаржы атташесі граф де Шаландты;
      Эллин Республикасының президенті - Каир жоғары апелляция палатасы жанындағы құрметті кеңесші Меголос Калоянни мырзаны;
      Венгрия корольдігінің жарқын мәртебелі регенті - резидент министрі, Ұлттар лигасы жанындағы тұрақты делегат П. Де Гевеси де Гевес мырзаны;
      ұлы мәртебелі Италия королі - Әділет министрлігінің есебіндегі кассациялық палата жанындағы кеңесші командор доктор Уго Аллоизиді;
      ұлы мәртебелі Жапония императоры - кассациялық палатаның бас прокуроры Райзабуро Хаяши мырзаны; монета сарайының директоры Шигеру Нагай мырзаны;
      жоғары королева мәртебелі ұлы Люксембург герцогинясы - Женевадағы консул Карл Г. Вермер мырзаны;
      жарқын мәртебелі Монако ханадасы - Женевадағы вице-консул Родольф Эллес мырзаны;
      ұлы мәртебелі Норвегия королі - Парламентаралық одақтың бас хатшысы Хр.Л. Ланге мырзаны;
      Панама Республикасының президенті - сыртқы істер жөніндегі статс-хатшы доктор Аросеменді;
      ұлы мәртебелі Нидерланды королевасы - Нидерланды қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі орталық бюросының бұрынғы бастығы, Амстердам апелляция палатасы жанындағы бұрынғы бас прокурор барон А.А. ван дер Фельцті; Нидерландылық Үндістанның қаржы департаментінің бас қазынашысы П.И. Герке мырзаны; мемлекеттік полиция комиссары, бас полиция инспекторы К.Г. Брекгофф мырзаны;
      Польша Республикасының президенті - өкілетті министр, Ұлттар лигасы жанындағы делегат Франциск Сокаль мырзаны; жоғарғы сот судьясы доктор Влодимирж Сокальскийді;
      Португалия Республикасының президенті - Португалия банкінің директоры, Лиссабон университеті заң факультетінің профессоры доктор Хозе Каэйро да Маттаны;
      ұлы мәртебелі Румыния королі - Ұлттар лигасы жанындағы төтенше уәкіл және өкілетті министр Константин Антониаде мырзаны; Ясск университетінің қылмыстық құқық профессоры Веспазиан В. Пелл мырзаны; апелляция палатасы жанындағы адвокат Паскаль Тонческо мырзаны;
      сербтердің, хорваттардың және словендердің ұлы мәртебелі королі  - Белград университетінің қылмыстық құқық профессоры доктор Фома Живановичті;
      Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Орталық атқарушы комитеті - Француз Республикасының президенті жанындағы Одақ елшілігінің заң консульты Георгий Лашкевич мырзаны; Француз Республикасының президенті жанындағы Одақ елшілігінің атташесі Николай Любимов мырзаны;
      Швейцария Федералдық Кеңесі - Швейцария Федералдық әділет және полиция департаментіндегі полиция бөлімшесінің бастығы, Берн университетінің құқық профессоры Е. Делакис мырзаны;
      Чех-Словак Республикасының президенті - Брнодағы университеттің қылмыстық және халықаралық құқық профессоры доктор Ярослав Каллабаны;
      олар дұрыс және тиісті нысанда деп танылған өз өкілеттерін ұсына отырып, төмендегі қаулылар туралы келісті:

Бірінші бөлік 1-бап

      Жоғары Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның бірінші бөлігінде жазылған ережені қазіргі жағдайлар кезінде ақша белгілерін қолдан жасаудың алдын алу үшін және оларға қарсы күрес ретінде неғұрлым пәрменді құрал деп таниды.

2-бап

      Осы Конвенцияда «ақша белгілері» деген сөздер заңға орай банк билеттерін қоса алғанда, қағаз ақшалар және айналымдағы металл монеталар деп түсініледі.

3-бап

      Мыналар әдеттегі қылмыс ретінде жазалануы тиіс:
      1. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін қолданылатын тәсіл қандай болса да, ақша белгілерін жасау немесе өзгерту бойынша алдау әрекеттерінің барлығы.
      2. Жалған ақша белгілерін өткізу.
      3. Олардың қолдан жасалу сипаты белгілі болған жағдайда жалған ақша белгілерін өткізуге, елге әкелуге немесе алуға немесе өзіне иеленуге бағытталған әрекеттер.
      4. Осы құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу және қасақана бірге қатысу жөніндегі әрекеттер.
      5. Өзінің табиғаты жағынан жалған ақша белгілерін дайындауға немесе ақша белгілерін өзгертуге арналған құралдарды немесе өзге де заттарды әзірлеу жөніндегі, алу жөніндегі немесе өзі үшін сатып алу жөніндегі алдау әрекеттері.

4-бап

      3-бапта көзделген әрекеттің әрқайсысы әр түрлі елдерде жасалғандықтан, олар оқшауланған құқық бұзушылық ретінде қаралуы тиіс.

5-бап

      Жазалау шарасына қатысты 3-бапта көзделген әрекеттер арасында олардың ұлттық ақша белгілеріне немесе шетелдік ақша белгілеріне қатысты жасалуы тұрғысынан айырмашылық белгіленбеуі тиіс; бұл қаулы заңнан немесе шарттан туындайтын қандай да бір өзара жағдайларға тәуелді бола алмайды.

6-бап

      Халықаралық рецидив қағидатына жол беретін елдер тиістілігі бойынша өздерінің заңнамаларында белгіленген шарттар сақталған жағдайда 3-бапта көзделген әрекеттердің бірінің жасалуына орай шығарылған шетелдік сот үкімдерін осыған ұқсас рецидивті туындататын жағдай ретінде таниды.

7-бап

      Азаматтық талапкер ретінде ішкі заңнамамен рұқсат етілетін шамада қажет жағдайларда ақша белгілері қолдан жасалған уағдаласушы жоғары тарапты қоса алғанда, шетелдік азаматтық талапкерлер сот ісі жүргізіліп жатқан елдің заңдары бойынша жергілікті тұрғындарға берілетін барлық құқықтарды жүзеге асыру мүмкіндігін иеленуі тиіс.

8-бап

      Өз азаматтарын ұстап беру қағидатын мойындамайтын елдерде шетелде 3-бапта көзделген әрекеттерді жасағаннан кейін өз елінің аумағына қайтып келген жергілікті тұрғындар әрекет өздерінің аумағында жасалған жағдайдағыдай тәртіппен және тіпті айыпты құқық бұзушылықты жасағаннан кейін азаматтық алған жағдайда да жазаға тартылуы тиіс.
      Егер осындай жағдайда шетел азаматын ұстап беруге болмаса, бұл қаулы қолданылмайды.

9-бап

      Шетелде 3-бапта көзделген әрекеттерді жасаған және ішкі заңнамасы шетелде жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тарту қағидатын жалпы тәртіп ретінде қолданатын елдің аумағында жүрген шетелдіктер әрекет сол елдің аумағында жасалған жағдайдағыдай тәртіппен жазаға тартылуы тиіс.
      Жауапқа тарту міндеттемесі ұстап берудің талап етілуімен және талап жіберілген ел осы іспен байланысты емес себеп бойынша айыптыны ұстап бере алмайтынымен негізделеді.

10-бап

      3-бапта көзделген әрекеттер автоматты түрде түрлі жоғары уағдаласушы тараптар арасында жасалған немесе жасалуы мүмкін барлық ұстап беру туралы шарттарға ұстап беру үшін негіздеме ретінде енгізіледі.
      Ұстап беруді шарттың бар болуымен немесе өзара қатынас жағдайымен байланыстырмайтын жоғары уағдаласушы тараптар бұдан былай 3-бапта көзделген әрекеттерді олардың арасындағы ұстап беру үшін негіздеме ретінде таниды.
      Ұстап беру талап жіберілген елдің құқығына сәйкес жүргізіледі.

11-бап

      3-баптың 5-тармағында көрсетілген құрал мен өзге де заттар сияқты жалған ақша белгілері алынып қоюы және тәркіленуі тиіс. Қудалау орын алған елдің заңдары бойынша қылмыстық мұрағаттарда сақталуы қажет айғақ заттарды, сол сияқты 12-бапта сөз болып отырған орталық бюроға беру пайдалы болатындай үлгілерді қоспағанда, осы ақша белгілері, осы құрал және осы заттар тәркіленгеннен кейін тиісті талап бойынша не үкіметке не ақша белгілері туралы сөз болып отырған эмиссиялық банкке берілуі тиіс. Кез келген жағдайда осы заттардың барлығы пайдалануға жарамсыз етілуі тиіс.

12-бап

      Әрбір елде ақша белгілерін қолдан жасау істері жөніндегі анықтауды ұлттық заңнама шеңберінде айрықша орталық бюро жүргізуі тиіс.
      Бұл орталық бюро мыналармен:
      а) эмиссиялық органдармен;
      б) ел ішіндегі милиция (полиция) биліктерімен;
      с) басқа елдердің орталық бюроларымен тығыз байланыста болуы тиіс.
      Ол әрбір елде ақша белгілерін қолдан жасау жағдайларын іздестіруді, олардың алдын алуды және жолын кесуді жеңілдете алатын барлық мәліметтерді орталықтандыруы тиіс.

13-бап

      Әр түрлі елдердің орталық бюролары тікелей өзара қатынаста болуы тиіс.

14-бап

      Әрбір орталық бюро өзі пайдалы деп табатын шекте өз елінің ақша белгілерінің перфорацияланған түпнұсқа үлгілерінің жинағын басқа елдердің орталық бюроларына тапсыруы тиіс.
      Ол тұрақты түрде сол шектерде шетелдік орталық бюроларға қажетті барлық мәліметтерді бере отырып, а) өз елінде шығарылатын ақша белгілерінің жаңа шығарылымдары туралы; б) ақша белгілерінің алынып қойылуы және күші жойылғандығы туралы хабарлауы тиіс болады.
      Тек жергілікті маңызы бар жағдайларды қоспағанда, әрбір орталық бюро өзі пайдалы деп санайтын шектерде шетелдік орталық бюроларға мыналарды хабарлауы тиіс:
      1. Қолдан жасалған ақша белгілерінің анықталуы туралы. Банктік немесе мемлекеттік ақша белгілерінің қолдан жасалуы туралы хабарлама билеті қолдан жасалуға тартылған эмиссиялық орган ғана жасаған қолдан жасаудың техникалық сипаттамасымен сүйемелденеді, фотографиялық түсірілімі немесе егер мүмкін болса, қолдан жасалған билеттің данасы хабарланады. Шұғыл жағдайларда мүдделі орталық бюроларға жоғарыда аталған хабарламаларға және техникалық сипаттамаларға нұқсан келтірместен, милиция (полиция) биліктерінен шығатын хабарламалар және қысқаша сипаттама хабарлануы мүмкін.
      2. Ақша белгілерін қолдан жасаушыларды іздестіру, қудалау, тұтқындау, соттау, қуғындау туралы, сондай-ақ қажетті жағдайда олардың тұрғылықты жерлерін ауыстыруы туралы және басқа да әр түрлі пайдалы мәліметтер, мысалы: белгілері, саусақтарының іздері және ақша белгілерін қолдан жасаушылардың фотографиялық суреттері.
      3. Бұл анықтау айналымға шығарылған жалған ақшаның бүкіл массасын толық қамтуға мүмкіндік берген-бермегенін көрсете отырып, қолдан жасалғанды анықтаудың анық-қанығы туралы.

15-бап

      Ақша белгілерін қолдан жасаудың алдын алу және жолын кесу саласындағы тікелей халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, жетілдіру және дамыту үшін жоғары уағдаласушы тараптардың орталық бюроларының өкілдері эмиссиялық банктер мен мүдделі орталық билік өкілдерінің қатысуымен ара-тұра конференциялар шақыруы тиіс. Орталық халықаралық анықтама бюросын ұйымдастыру және оның қызметін қадағалау осы конференциялардың бірінің мәні болып табылуы мүмкін.

16-бап

      3-бапта көрсетілген құқық бұзушылықтарға жататын сот тапсырмаларын беру:
      а) мүмкіндігінше сот биліктерінің тікелей қатынастары арқылы немесе мүмкін болған жағдайда орталық бюролар арқылы;
      б) екі елдің әділет министрліктерінің хат алмасуы арқылы немесе тапсырма берілетін елдің әділет министріне тапсырма беретін ел билігінің тікелей жіберуі арқылы;
      с) іске құзыретті сот биліктеріне немесе тапсырма берілетін елдің үкіметі көрсететіндерге тапсырма берілетін және осы биліктерден сот тапсырмасының орындалуын білдіретін құжаттарды тікелей алатын елде тапсырма беретін елдің дипломатиялық немесе консулдық агенті арқылы жүргізілуі тиіс.
      «а» және «с» жағдайларында сот тапсырмасының көшірмесі барлық жағдайларда бірдей ол берілетін елдің жоғары билігінің атына берілуі тиіс.
      Өзге келісім болмаған жағдайда сот тапсырмасы тапсырма беретін биліктің тілінде болуы тиіс, әрі оның өз тіліне жасалған және тапсырма беретін билік куәландырған аудармасын талап ету тапсырма берілетін елге байланысты болады.
      Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы қалған уағдаласушы жоғары тараптардың әрқайсысын хабардар ету арқылы уағдаласушы жоғары тарап берген сот тапсырмалары үшін жол беретін жоғарыда санамаланған әдіске немесе әдістерге қатысты хабарлайды.
      Жоғары Уағдаласушы тарап осындай хабарлама жасамайынша, сот тапсырмаларына қатысты онда қолданыстағы рәсім сақталады.
      Сот тапсырмаларын орындау алымдарды немесе сараптама бойынша шығасылардан өзге шығасыларды өтеу үшін негіз бола алмайды.
      Осы бапта ештеңе де уағдаласушы жоғары тараптардың тарапынан қылмыс саласындағы дәлелдемелер жүйесіне қатысты қандай да болмасын заңдарынан жаңылысуға жол беру міндеттемесін құрайтындай түсіндіріле алмайды.

17-бап

      Уағдаласушы жоғары тараптардың осы Конвенцияға қатысуы халықаралық құқық мәселесі сияқты қылмыстық юстицияның құзыреттілігі туралы жалпы мәселеде оның ұстанымына нұсқан келтіретіндей талқыланбауы тиіс.

18-бап

      Осы Конвенция 3-бапта көзделген әрекеттер әрбір елде оның ішкі заңнамасының жалпы ережесіне сәйкес жіктелуі, қудалануы және сотталуы тиіс екендігі қағидатын, бірақ қандай жағдайда да олар үшін жазаламауды қамтамасыз етпей қозғаусыз қалдырады.

Екінші бөлік 19-бап

      Жоғары Уағдаласушы тараптар осы Конвенцияны талқылауға немесе қолдануға қатысты туындауы мүмкін барлық дауларды тікелей келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, олар Халықаралық соттың тұрақты палатасына шешу үшін жіберілетінімен келіседі. Егер араларында дау туындаған уағдаласушы жоғары тараптар немесе олардың біреуі Халықаралық соттың тұрақты палатасына қатысты 1920 жылғы 16 желтоқсандағы хаттаманың қатысушысы болмаса, онда бұл келіспеушілік олардың тілектеріне байланысты және олардың әрқайсысының конституциялық ережелеріне орай ие Халықаралық соттың тұрақты палатасына, не 1907 жылғы 18 қазандағы Халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу туралы конвенцияға сәйкес құрылатын аралық сотқа, не кез келген басқа аралық сотқа шешу үшін беріледі.

20-бап

      Французша және ағылшынша Мәтіндері бірдей дәлме-дәл болатын осы Конвенцияға осы күннің датасы қойылады; 1929 жылғы 31 желтоқсан, оған Ұлттар лигасының кез келген мүшесінің және оған мүше емес, осы Конвенцияны әзірлеген конференцияда таныстырылатын немесе Ұлттар лигасының кеңесі аталған конвенцияның данасын жолдайтын кез келген мемлекеттің атынан қол қоюға болады.
      Осы конвенция ратификацияланатын болады. Ратификациялау грамоталары Ұлттар лигасының бас хатшысына беріледі, ол алғаны туралы Лиганың барлық Мүшелеріне, сондай-ақ мүше болып табылмайтын, алдыңғы бөлімнің аясында қаралатын мемлекеттерге хабарлайды.

21-бап

      1930 жылғы 1 қаңтардан бастап осы Конвенцияға Ұлттар лигасының кез келген мүшесінің немесе оған мүше болып табылмайтын, 20-баптың аясында қаралатын, осы келісімге әлі қол қоймаған кез келген мемлекеттің атынан қосылуға болады.
      Қосылу туралы құжаттар Ұлттар лигасының бас хатшысына беріледі, ол алғаны туралы Лиганың барлық мүшелеріне, сондай-ақ мүше болып табылмайтын, аталған баптың аясында қаралатын мемлекеттерге хабарлайды.

22-бап

      20-баптың екінші бөліміне сәйкес конвенцияны ратификациялауға немесе 21-баптың күшіне орай оған қосылуға ықыласты, бірақ конвенцияны қолдануға қатысты ескертпелер енгізуге рұқсат алуға ниет білдірген елдер Ұлттар лигасының бас хатшысына өз ниеті туралы хабарлай алады. Соңғысы атынан ратификациялау туралы немесе қосылу туралы грамота сақтауға берілген уағдаласушы жоғары тараптардан қарсылығының бар-жоғы туралы сұрай отырып, бұл ескертпелерді оларға дереу хабарлайды. Егер осы хабарламадан кейін алты ай мерзімде жоғары уағдаласушы тараптардың ешқайсысы қарсылық білдірмесе, онда көрсетілген ескертпені жасаған елдің конвенцияға қатысуын жоғары уағдаласушы тараптардың барлығы көрсетілген ескертпемен қабылдады деп қаралады.

23-бап

      Жоғары уағдаласушы тараптардың бірінің осы конвенцияны ратификациялауы немесе оған қосылуы заңнама және оның әкімшілік құрылымы конвенцияда баяндалған ережелерге жауап беретінін білдіреді.

24-бап

      Қол қою кезінде, ратификациялау кезінде немесе қосылу кезінде жоғары уағдаласушы тараптар тарапынан өзге мәлімдеме болмаған жағдайда, конвенция қаулылары колонияларға, теңіздің арғы жағындағы иеліктерге, протектораттарға немесе сюзеренитеттегі немесе мандаттағы аумақтарға қолданылмайды.
      Алайда, жоғары уағдаласушы тараптар 21 және 23-баптардың шарттары негізінде өз колониялары, теңіздің арғы жағындағы иеліктері, протектораттары немесе сюзеренитеттегі немесе мандаттағы аумақтары үшін конвенцияға қосылу құдығын сақтайды. Олар сонымен қатар 27-баптың шарттарында оны денонсациялау құқығын өздеріне бөлек қалдырады.

25-бап

      Осы Конвенция ратификацияланған кезде немесе оған Ұлттар лигасы мүшелерінің немесе оның мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің бесеуінің атынан қосылған кезде ғана күшіне енеді. Ұлттар лигасының бас хатшысы бесінші ратификациялауды немесе қосылуды қабылдағаннан кейінгі тоқсаныншы күн күшіне енген күн болып есептеледі.

26-бап

      Конвенция күшіне енгеннен кейін болған әрбір ратификациялау немесе әрбір қосылу 25-бапқа сәйкес оны Ұлттар лигасының бас хатшысы қабылдаған күннен кейін тоқсаныншы күннен бастап қолданысқа енеді.

27-бап

      Осы Конвенция Ұлттар лигасының кез келген мүшесінің немесе оның мүшесі болып табылмайтын кез келген мемлекеттің атынан Ұлттар лигасының бас хатшысына жазылған жазбаша мәлімдеме арқылы денонсациялануы мүмкін, ол бұл туралы Лиганың кез келген мүшесіне немесе оған мүше болып табылмайтын, 20-баптың аясында қаралатын мемлекеттерге хабарлайды. Күшін жою Ұлттар лигасының бас хатшысы оны алған күннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді; Оның атынан ол күшін жою жүргізілетін жоғары тарапқа қатысты ғана жарамды болады.

28-бап

      Осы Конвенцияны Ұлттар лигасының бас хатшысы күшіне енген күні тіркейді.
      Осыны куәландыру үшін жоғарыда аталған уәкілетті адамдар осы Конвенцияға қол қойды.
      Бір мың тоғыз жүз жиырма тоғызыншы жылы жиырмасыншы сәуірде Женевада Ұлттар лигасы хатшылығының мұрағатында сақтауға қалдырылатын бір данада жасалды, ал оның тиісті түрде куәландырылған көшірмелері Ұлттар лигасының барлық мүшелеріне және оған мүше емес, 20-баптың аясында қаралатын мемлекеттерге беріледі.

/қолдары/

      Норвегия: Осы Конвенцияға қол қойған сәтте төмендегі қол қоюшылар өз үкіметтерінің атынан:
      жалпы Норвегия қылмыстық кодексінің 2-бөлімі 176-бабының және Норвегияның қаскүнемдерді ұстап беру туралы заңы 2-бабының қаулыларына орай, егер қолдан жасалған ақша белгілерін айналымға жіберген адамның тұлғаның өзі оларды адал жолмен алса, осы конвенцияның 10-бабында көзделген ұстап беруге 2-бөлімінің 3-бабында көрсетілген құқық бұзушылық үшін рұқсат беру мүмкін емес екенін мәлімдейді.

Хаттама 1. Түсіндірулер

      Конвенцияға қол қойған сәтте осы күннен бастап төменде қол қойған уәкілетті адамдар конвенцияның әр түрлі қаулыларына қатысты төменде баяндалған түсіндірулерді қабылдайтынын мәлімдейді.
      Мыналар:
      1) белгілі бір елде заң күшін беру нәтижесі болып табылуы тиіс банктік билетке соғылған мөртабандарды қолдан жасау билетті қолдан жасауды білдіретіні;
      2) Конвенция уағдаласушы жоғары тараптардың жазаны жеңілдету режимін, сондай-ақ кешірім жасау және рақымшылық жасау құқығын өздерінің ішкі заңнамасы бойынша өздері қажет деп санайтындай реттеу құқығына ешқандай нұқсан келтірмейтіні;
      3) Конвенцияның 4-бабының мәнін құрайтын ереже қылмыстардың жиынтығы жағдайында жаза белгілейтін ішкі ережелерге ешқандай өзгерістер енгізбейтіні. Ол бір уақытта қолдан жасаушы және таратушы болып табылатын бір адамды тек қана қолдан жасаушы ретінде қудалауға болмайтынына кедергі жасай алмайды;
      4) уағдаласушы жоғары тараптар сот тапсырмаларын өздерінің ішкі заңнамасында көздеген шамада ғана орындауға міндетті екендігі белгіленеді.

2. Ескертпелер

      Төменде жазылған ескертпелерді жасайтын жоғары уағдаласушы тараптар өздерінің конвенцияны қабылдауын осыларға байланысты етеді; олардың қатысуын басқа барлық уағдаласушы жоғары тараптар осы ескертпелермен қабылдайды.
      1. Үндістан Үкіметі 9-бап Үндістанда қолданылмайды деген ескертпені жасайды, онда осы бапта жазылған ережені бекіту заңнамалық билік функциясына жатпайды.
      2. Кейбір державалардың азаматтары қолданатын консулдық заңды құзырды жоюға қатысты келіссөздердің аяқталуын күтуде Қытай үкіметі үшін үшінші мемлекет ақша белгілерін қолдан жасады деп айыптаған шетел азаматын ұстап беруге келісетін үкіметтің жалпы міндеттемелерін қамтитын 10-бапты қабылдау мүмкін емес.
      3. 20-баптың қаулысы бойынша Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының делегациясы, егер ол қаласа, өзінің ратификациялау грамотасын соңғысы оның көшірмесін Ұлттар лигасының бас хатшысына қалған барлық  қол қойған немесе қосылған мемлекеттерге хабарлауы үшін басқа қол қойған мемлекетке хабарлау құқығын өз үкіметіне қалдырады.

3. Декларациялар Швейцария

      Конвенцияға қол қойған сәтте Швейцария өкілі мынадай декларация жасады:
      «Швейцарияда бірыңғай қылмыстық кодекс енгізу туралы мәселе оң шешімін таппайынша, Конвенцияның қылмыстық қаулыларына қатысты міндеттемелерді өзіне қабылдай алмайтын Швейцария Федералдық кеңесі конвенцияны ратификациялау белгілі бір уақыт аралығында жүргізілуі мүмкін емес екенін атап өтеді.
      Алайда, Швейцария Федералдық кеңесі 25-бапқа сәйкес Конвенция күшіне енген сәттен бастап өзіне берілген билікке қарай Конвенцияның әкімшілік қаулыларын орындауға ықыласты».

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

      Конвенцияға қол қойған сәтте Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының өкілі мынадай декларация жасады:
      «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының делегациясы 19-баптың қаулысын қабылдай отырып, соған қатысты болғандықтан, Одақтың Үкіметі Халықаралық соттың тұрақты палатасының заңды құзырына жүгінуді білдірмейтінін мәлімдейді.
      Сол баптың ол бойынша тікелей келіссөздермен шешуге болмайтын дауларды Халықаралық соттың тұрақты палатасына өтініш білдіруден басқа кез келген аралық тәртіппен шешуге беруге болатын қаулысына қатысты Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы осы қаулыны қабылдау мемлекеттер арасындағы дауларды шешуші құрал ретінде аралық сот туралы жалпы мәселеге Одақ үкіметінің көзқарасын өзгертетіндей түсіндірілмеуі тиіс екенін анық мәлімдейді».
      Осы хаттама жоғары уағдаласушы тараптар арасында міндеттемелер тудыратындықтан, оның осы күні жасалған Конвенция сияқты күші, мәні және ұзақтығы болады, оның үстіне ол оның ажырамас бөлігін құрайтындай қаралуы тиіс.
      Осыны куәландыру үшін төменде қол қойған уәкілетті адамдар осы хаттаманың астына өз қолдарын қойды.
      Бір мың тоғыз жүз жиырма тоғызыншы жылы жиырмасыншы сәуірде Женевада Ұлттар лигасының хатшылық мұрағатында сақтауда қалатын бір данада жасалды; оның тиісті түрде расталған көшірмелері Ұлттар лигасының барлық мүшелеріне және конференцияда ұсынылған оның мүшелері емес мемлекеттерге беріледі.

/қолдары/

      Осымен ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияның қазақ тіліндегі осы мәтіні орыс тіліндегі нұсқасына сай келеді.

      Қазақстан Республикасы
      Экономикалық қылмысқа
      және сыбайлас жемқорлыққа
      қарсы күрес агенттігі
      (қаржы полициясы)
      Төрағасының орынбасары                               А. Лукин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады