Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну және алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну және алмасу туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 19 мамырдағы
№ 435 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар
мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну
туралы және алмасу туралы
келісім
Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар),
2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты (бұдан әрі - Шарт) басшылыққа ала отырып,
Дүниежүзілік кеден ұйымының әлемдік саудадағы қауіпсіздігі мен оны жеңілдетудің негіздемелік стандарттарын назарға ала отырып,
кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарының кедендік бақылауын қамтамасыз етуде Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының тиімді өзара іс-қимылын және қызметтерін үйлестіруге ұмтыла отырып,
кеден одағы кеден заңнамасының және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасының бұзылу тәуекелдерін барынша азайту, сондай-ақ кедендік операцияларды жасауды жетілдіру және жеделдету, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты ұсыну мен алмасу қажеттілігін мойындай отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:
кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органы - Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, Ресей Федерациясының алмасатын электрондық хабарламалардың Федералдық кеден қызметі;
техникалық шарттар - кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық хабарламалардың құрылымын және форматын, алмасу регламентін, алмасу тәсілдерін, ақпараттық жүйелердің бағдарламалық және техникалық құралдарына, сондай-ақ тасымалдың бірегей сәйкестендіру нөміріне қойылатын талаптарды айқындайтын құжат;
техникалық талаптар - кеден органдарының автоматтандырылған жүйесі мен кеден одағының аумағына әкелу жоспарланған тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты мүдделі тұлға ұсынатын ақпараттық жүйелері арасында деректердің электронды алмасу тәртібін, форматын, тәсілін және регламенттерін айқындайтын құжат;
тасымалдың бірегей сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ТБСН) - кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары ақпараттық жүйені пайдалана отырып, тауардың әрбір легіне беретін алдын ала ақпараттың бірегей нөмірі.
2-бап
Уәкілетті экономикалық операторлар, тасымалдаушылар, оның ішінде кедендік тасымалдаушылар, кедендік өкілдер және өзге мүдделі тұлғалар (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарына кедендік шекара арқылы өткізу болжалған тауарлар, мұндай тауарлар тасымалданатын көлік құралдары, тауарлардың кеден одағының кедендік аумағына келу немесе мұндай аумақтан кету уақыты мен орны, кеден одағының кедендік аумағына келген немесе мұндай аумақтан кеткен жолаушылар туралы алдын ала ақпаратты (бұдан әрі - алдын ала ақпарат) электронды түрде ұсынуы мүмкін.
3-бап
Алдын ала ақпаратты ұсыну міндеттілігі тауарлар өткізілетін көлік түріне байланысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен (бұдан әрі - Комиссия шешімі) айқындалады.
Комиссия шешімінде мыналар:
алдын ала ақпаратты міндетті ұсынуды енгізу күні;
оларға қатысты алдын ала ақпаратты міндетті ұсыну енгізілетін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін көліктің түрі;
міндетті алдын ала ақпарат мәліметтерінің құрамы;
кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу орындарында міндетті алдын ала ақпарат болмаған жағдайда кеден органдары лауазымды адамдардың іс-қимыл тәртібі;
Комиссия шешімін іске асыру үшін қажетті өзге ақпараттың болуы тиіс.
Міндетті түрде алдын ала ақпаратты ұсыну мыналарға:
жеке пайдалану үшін жеке тұлғалар өткізетін тауарлар мен көлік құралдарына;
халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарларға;
Кеден одағы Кеден кодексінің 45-тарауына сәйкес жекелеген санаттағы шетелдік тұлғалар өткізетін тауарлар мен көлік құралдарына;
дүлей апат, авариялар мен зілзала салдарын жою үшін өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына;
әскери жүктерге қатысты талап етілмейді.
Кеден одағының комиссиясы мен кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары Комиссия шешімінің жариялануын және мұндай шешімге қол қойылғаннан кейін отыз күннің ішінде, бірақ алдын ала ақпаратты міндетті ұсынуды енгізу күніне дейін жүз сексен күннен кешіктірмей, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оның барлық мүдделі тұлғаларға жеткізілуін қамтамасыз етеді.
4-бап
Алдын ала ақпарат кеден органдары жіктеуіш ретінде пайдаланатын шартты белгілерді қоспағанда, кеден одағына мүше мемлекеттердің тілінде ұсынылады.
5-бап
Мүдделі тұлғалар Кеден одағы Кеден кодексінің 182-бабында немесе осы Келісімнің 3-бабының екінші бөлігінде айқындалған мәліметтер көлемінде келу орындарында кедендік транзит рәсімімен орналастыру болжанған тауарларды әкелуге қатысты алдын ала ақпараттарды ұсынады.
Егер әкелінетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік транзит кедендік рәсімдері қолданылмаған жағдайда мүдделі тұлғалар Кеден одағы Кеден кодексінің 159-бабында айқындалған мәліметтер көлемінде алдын ала ақпараттарды ұсынады.
6-бап
Алдын ала ақпараттарды ұсыну кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының ақпараттық жүйесі мен мүдделі тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы жолымен не кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының web-порталдары арқылы электронды түрде жүзеге асырылады.
Мүдделі тұлғалардың ақпараттық жүйелеріне техникалық талаптар кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының мүдделі тұлғаларын хабардар ету үшін әзірленеді және жарияланады.
7-бап
Алдын ала ақпаратты тауарлар мен көлік құралдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткенге дейін кемінде 2 сағат бұрын мүдделі тұлға кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органына жолдауы тиіс.
Алдын ала ақпарат техникалық, талаптармен бекітілген мәліметтер құрамына, оның құрылымына және форматына сәйкес келмеген жағдайда мүдделі тұлғаға себептері көрсетіле отырып, алдын ала ақпараттың қарауға қабылданбағаны туралы электронды хабар жолданады.
Ұсынылған алдын ала ақпаратта қате болмаған кезде мүдделі тұлғаға ТБСН бар электронды хабарлама жолданады.
Бірнеше тауарлар легі бір көлік құралында тасымалданған жағдайда алдын ала ақпарат әрбір тауар легіне жеке ұсынылуға тиіс. Әрбір тауардың легіне жеке ТБСН беріледі.
Алдын ала ақпарат ТБСН берілген күннен бастап кемінде 30 тәулік алдын ала ақпарат дерекқорында сақталады.
Егер алдын ала ақпаратты сақтау мерзімі шегінде тауарлар мен көлік құралдарын іс жүзінде әкелу жүргізілмесе, онда аталған алдын ала ақпарат жойылады.
8-бап
Кедендік операцияларды жасау үшін мүдделі тұлға кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органына кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдары өткізілетін орында ТБСН береді.
Кеден одағына мүше мемлекет кеден органының лауазымды адамы мүдделі тұлғадан ТБСН алған кезде мынадай іс-қимылдарды жасауы тиіс:
кеден органдарының дерекқорында бар тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратқа бағдарламалық құралдар арқылы ТБСН бойынша сұрау салу;
алдын ала ақпаратта бар мәліметтермен тасымалдаушылар ұсынған көліктік (тасымалдау) және коммерциялық құжаттарда (бұдан әрі - құжаттар) бар мәліметтермен салыстыру;
тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын тексеру;
кеден одағының және кеден одағына мүше мемлекеттің кедендік заңнамасында белгіленген өзге іс-қимылдарды орындау.
Кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының алдын ала ақпаратының дерекқорында бар мәліметтер тасымалдаушы ұсынған құжаттарда бар мәліметтермен сәйкес келмеген жағдайда, кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының лауазымды адамы кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тиісті шараларды қабылдайды.
Кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарының дерекқорында осы Келісімнің 3-бабына сәйкес ұсынылуы міндетті тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат болмаған жағдайда кедендік операциялар Комиссияның шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
Кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдары арасында тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасу электронды түрде жүзеге асырылады.
10-бап
Осы Келісімнің 9-бабының ережелерін іске асыру үшін кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратпен алмасуды ұйымдастырудың техникалық шарттарын әзірлейді және кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарының басшылары оларды бекітеді.
11-бап
Осы Келісімге сәйкес алынатын ақпарат құпия сипатта болады және кедендік мақсаттар үшін ғана пайдаланылуы тиіс.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алысу орыс тілінде жүргізіледі.
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру және түсіндіру барысында Тараптар арасында туындауы мүмкін даулар келіссөздер және консультациялар жолымен шешілетін болады.
13-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге қосымша хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
15-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
__________ қаласында 2010 жылғы «__» _________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
еспубликасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін