Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 қыркүйектегі № 909 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2010 жылғы 2 наурызда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 909 қаулысымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Румыния Үкіметі арасындағы
Туризм саласындағы ынтымақтастық
туралы келісім
 (2011 жылғы 15 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 38-құжат)

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы туризм саласындағы қатынастарды дамытуға және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал жасауды қалай отырып,
      туризм саласындағы қатынастар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қатынастарды нығайтуда маңызды және қажетті аспектіні құрайтындығын мойындай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы туризм саласындағы қатынастарды кеңейту үшін негіз қалауға ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері арасындағы туристік қатынастарды жылжыту мен дамыту үшін Уағдаласушы Тараптар қажетті шараларды қабылдайды, туристік агенттіктердің және туристік қызметпен айналысатын басқа да құрылымдар мен ұйымдардың қолдауымен туристік ағынға ықпал етеді.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің туристік салаларына инвестициялар тартады. Уағдаласушы Тараптар халықаралық тәжірибеде қабылданған туризмнің барлық түрлерін (мәдени туризм, ауыл туризмі, экологиялық туризм, ұйымдасқан және жеке туризм) дамытуға ықпал етеді.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттеріндегі туризмге қатысты мәселелер бойынша ақпарат, оның ішінде статистикалық ақпарат алмасуды жүзеге асырады, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың өзара келісіміне негізделген туристік көрмелерге өзара қатысуды көтермелейді.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар екі мемлекеттегі туристік объектілерге баруға ықпал етеді.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің туристік салалары үшін кадрларды кәсіби оқыту саласында тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар Дүниежүзілік туристік ұйымның және басқа да халықаралық туристік ұйымдардың шеңберінде ынтымақтастықты дамытады.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің туристік ұйымдарының қызметіне қатысты Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тәжірибе және ақпарат алмасуға ықпал етеді.
      Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің туристік әлеуеті туралы ақпарат алмасады, журналистер, радио- және телевизия тілшілері, сондай-ақ туризм саласындағы мамандар үшін сапарлар ұйымдастыруды көтермелейді.

8-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

9-бап

      Келісім Уағдаласушы Тараптар қабылдаған халықаралық міндеттемелерге әсер етпейді.
      Осы Келісім Румынияның Еуропалық одаққа мүшелігінің нәтижесі болып табылатын міндеттемелерге әсер етпейді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
      Румыния тарапынан - Румыния Туризм министрлігі болып табылады.
      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар өзгерген кезде Уағдаласушы Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

12-бап

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және жеке хаттамалармен ресімделеді. Хаттамалар осы Келісімнің 13-бабында көзделген шарттарға сәйкес күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы кезеңнің аяқталуына алты айдан кем емес уақыт қалғанға дейін оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етпеген жағдайда, осы Келісімнің қолданылуы кейінгі бес жылға автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы барысында басталған іс-шаралар аяқталғанға дейін олардың орындалуына әсер етпейді.
      20___ жылғы "_______" _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, румын және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл болып табылады.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мақсаты үшін Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінін пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының                   Румыния
            Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады