Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы «__» мамырдағы
№ __ қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия
Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі,
заңсыз трансшекаралық көші-қонды болдырмауға үлес қосуға және оған қарсы іс-қимыл жасауға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
өзара тиімді негізде және ынтымақтастық рухында Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағына заңсыз келуді жүзеге асырған немесе осы Тарап мемлекетінің аумағында заңсыз жүрген адамдарды кері қабылдауды жеңілдетуге ықпал етуге ұмтыла отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалар:
«Сұрау салушы Тарап» – осы Келісімнің ережелеріне сәйкес адамның реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау жіберетін Тарап;
«Сұрау салынатын Тарап» – осы Келісімнің ережелеріне сәйкес атына адамның реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау жіберілген Тарап;
«Реадмиссия» – Сұрау салатын Тарап аумағына заңсыз келген, жүрген немесе тұрып жатқан адамдарды (Сұрау салынатын Тарапының азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды) Сұрау салатын тараптың құзыретті органының қайтаруы және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының қабылдауы;
«Реадмиссия туралы сұрау» – оның көмегімен Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапты адамды өз мемлекетінің аумағына кері қабылдауды сұрайтын сұрау;
«Транзит туралы сұрау» – оның көмегімен Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптан арқылы үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың өз мемлекетінің аумағы арқылы транзитіне рұқсат беруді сұрайтын сұрау;
«Сұрауға жауап» – Сұрау салынатын Тарап реадмиссия немесе транзит туралы сұрауға жауап беретін мәлімдеме;
«Үшінші мемлекеттің азаматы» – Латвия Республикасының немесе Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адам;
«Азаматтығы жоқ адам» – Латвия Республикасының немесе Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ және өзге мемлекеттің азаматтығына тиесілілігіне дәлелдемелері жоқ адам;
«Виза» – транзиттік визадан басқа, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бір мәрте немесе көп мәрте келуге және белгілі бір уақыт ішінде олардың мемлекеттерінің аумағында болуға Тараптардың құзыретті органдары беретін жарамды рұқсат;
«Болуға рұқсат» – адамға өз мемлекетінің аумағында болуға құқық беретін Тараптардың құзыретті органдары берген жарамды рұқсат. Болуға рұқсат виза болып табылмайды, сондай-ақ адамға пана беру туралы арызды қарау уақытында немесе оның мемлекетінің аумағынан адамды депортациялау рәсімін жүзеге асыру кезінде осы Тарап мемлекетінің аумағында болу мүмкіндігін білдірмейді;
«Құзыретті органдар» – осы Келісімді іске асыру жүктелген Тараптар мемлекеттерінің органдары.
2-бап
Өз азаматтарын кері қабылдау
1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан реадмиссия туралы сұрау алғаннан кейін егер осы Келісімге сәйкес бұл адам Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса, Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез келген адамды, осы Келісімнің шеңберінде өз мемлекетінің аумағында қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтығын жоғалтқан немесе одан бас тартқан және Сұрау салушы Тарап мемлекетінің немесе үшінші мемлекеттің азаматтығын алмаған адамдарға да қатысты қолданылады.
3. Реадмиссия туралы сұрау салуға оң жауап алғаннан кейін Сұрау салынатын Тараптың дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі жарамды жол жүру құжаты жоқ қабылданатын адамға жарамдылық мерзімі кемінде отыз (30) күнді құрайтын жол жүру құжатын тегін береді. Жол жүру құжаты үш (3) жұмыс күні ішінде беріледі. Егер қандай да бір себептер бойынша жол жүру құжатының жарамдылық мерзімі ішінде адамды беру мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі осындай жарамдылық мерзімімен жаңа жол жүру құжатын береді.
3-бап
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және
азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы
1. Сұрау салынатын Тарап реадмиссия туралы сұрауды алған кезде, егер бұл адам келуді сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағынан тікелей жүзеге асырғаны немесе ол сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келу, онда болу және тұру шарттарын орындамайтыны немесе орындауды тоқтатқаны анықталса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз келген үшінші мемлекеттің азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды осы Келісімнің шеңберінде кері қабылдайды.
2. Егер сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттің азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға өз мемлекетінің аумағына келгенге дейін және келгеннен кейін тұруға виза немесе рұқсат берсе, үшінші мемлекеттердің азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға таратылмайды. Осы баптың 1-тармағының ережелері:
а) осы адамның Сұрау салынатын Тарап берген және ұзақ қолданылатын визасы немесе тұруға рұқсаты болған; немесе;
b) Сұрау салынатын Тарап берген виза немесе болуға рұқсат жасанды құжаттардың көмегімен алынған.
3. Осы келісімнің осы және 4-баптарына сәйкес реадмиссия бойынша міндеттеме:
а) құзыретті органдар заңсыз келу немесе болу фактісін анықтаған күннен бастап бір (1) жыл ішінде оларды кері қабылдауға Тараптардың құзыретті органдары сұрау салмаған үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға;
b) егер сұрау салушы Тараптың осы адамдардың азаматтығы (шыққан жері) мемлекетімен ортақ шекарасы болса, үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға;
c) сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағында тек халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында болған үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылмайды.
4. Сұрау салушы Тарап реадмиссия туралы сұрау салуға оң жауап алғаннан кейін қайтарылуға жататын адамға жарамдылық мерзімі кемінде 30 (отыз) күнді құрайтын, сұрау салынатын Тарап мойындайтын жол жүру құжатын береді.
4-бап
Адамдар реадмиссиясының жеңілдетілген рәсімі
Осы Келісімнің 2 және 3-баптарының ережелеріне зиян келтірмей, оны қабылдайтын мемлекет берген жарамды ұлттық паспорты, жарамды визасы немесе болуға рұқсаты бар адамдарға қатысты реадмиссия туралы сұрау салу талап етілмейді, бірақ бұл ретте Тараптардың құзыретті органдары шығуға дейін кемінде жетпіс екі (72) сағат қалғанда осындай адамның шығатын уақыты туралы бір-біріне хабарлайды.
5-бап
Әңгімелесу
Егер осы Келісімді іске асыру тәртібі туралы хаттамада санамаланған құжаттардың бірде-біреуі ұсынылмаса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі сұрау салу бойынша сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарымен реадмиссияға жататын адаммен оның азаматтығын анықтау мақсатында, ақталмайтын кідірістерсіз, әңгімелесу жүргізу туралы уағдаласады. Осындай әңгімелесулер жүргізу рәсімі осы Келісімнің 13-бабында көзделген осы Келісімді іске асыру тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
6-бап
Орындау мерзімдері
1. Сұрау салынатын Тарап реадмиссия туралы сұрау салу алынған күннен бастап он төрт (14) жұмыс күнінен кешіктірмей, оған жауап береді. Реадмиссия туралы сұрау салуға уақтылы жауап беруге кедергі келтіретін заңды немесе нақты сипаттағы мән-жайлар болған кезде, жауап беру мерзімі бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа алдын ала хабарлау ету арқылы күнтізбелік отыз (30) күнге дейін ұзартылады.
2. Сұрау салынатын Тараптың жауабын алғаннан кейін адамдарды беру отыз (30) күнтізбелік күннен кешіктірмей жүзеге асырылады. Адамдарды берумен байланысты құқықтық немесе өзге де сипаттағы кедергілер болған жағдайда, бұл мерзім негізделген өтініштің негізінде осы кедергілер жойылғанға дейінгі уақытқа ұзартылуы мүмкін.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін кері қабылдау туралы сұрау салуға жауап алынбаған болса, адамды кері қабылдау туралы мәселелер келісілген деп есептеледі.
7-бап
Жаңылысып берілген адамдарды қайтару
1. Егер адамды бергеннен кейін күнтізбелік отыз (30) күн ішінде сұрау салынатын Тарап адамды берген сәтте осы Келісімнің 3-бабының 1 және 3-тармақтарында көрсетілген шарттар болмағанын анықтаса, сұрау салушы Тарап осы Келісімнің шеңберінде үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қайта қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайда сұрау салынатын Тарап қайтарылатын адаммен бірге беруге жататын адамның тұлғасы мен азаматтығы туралы барлық қолда бар ақпараттық сондай-ақ реадмиссия уақытында адаммен бірге берілген құжаттардың түпнұсқаларын береді.
8-бап
Үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ
адамдардың транзиттік жол жүруінің жалпы қағидаттары
1. Тараптар үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың транзитін, мұндай адамдар баратын мемлекетке тікелей қайтарыла алмайтын жағдайларда шектейді.
2. Сұрау салынатын Тарап транзит туралы сұрау салуды алған кезде және осы Келісімнің шеңберінде әуе немесе құрлық жолын пайдалана отырып, өз мемлекетінің аумағы арқылы оларды Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекетке реадмиссиялау мақсатында депортациялайтын және кері қабылдауға және соңғы баратын жері болып табылатын мемлекетке дейін транзиттің барлық кейінгі мемлекеттерінің аумағы арқылы жол жүруге кепілдік берілген үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзиттік жол жүруіне рұқсат етеді.
3. Егер:
а) үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам өлім жазасы, азаптап қорлау немесе қудалау қаупіне және немесе соңғы баратын жері болып табылатын мемлекетте, барудың, транзиттің қандай да бір мемлекетінде нәсілдік, діни, ұлттық тиесілі қоғамның әлеуметтік тобына немесе саяси бірлестікке тиесілілігі себебі бойынша немесе қудалау қаупіне қудалауға ұшырауы мүмкін;
b) үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам барудың соңғы баратын жері болып табылатын мемлекетте немесе транзиттің қандай да бір мемлекетінде қылмыс жасады деп (шекараны заңсыз өтуден басқа) айыпталуы немесе сотталуы мүмкін;
с) үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның транзиті Сұрау салынатын Тараптың мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне және халқының денсаулығына немесе халықаралық қатынастарына қауіп төндіреді;
d) транзит техникалық тұрғыдан мүмкін емес деп ұйғаруға нақты негіздер болса, транзит туралы сұрау беруге болмайды, сондай-ақ транзиттен бас тартылуы мүмкін.
9-бап
Үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ
адамдардың транзиттік жол жүру рәсімі
1. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жоспарланған транзитке дейін бес (5) жұмыс күнінен кешіктірмей транзит туралы сұрау салу жібереді.
2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жолдау Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына жоспарланған транзитке дейін үш (3) жұмыс күнінен кешіктірмей транзит туралы сұрау салуды жібереді. Тараптардың құзыретті органдары транзит уақытын, орнын және тәсілін келіседі.
3. Сұрау салынатын Тарап транзиттік жол жүру кезінде ілесіп жүретін адам ретінде екінші Тараптың құзыретті органдары өкілінің қатысуын талап етуге құқылы.
4. Егер Сұрау салынатын Тарап осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағында айтылған жағдайлар болған кезде транзит туралы сұрау салуға бас тартумен жауап берсе, ол Сұрау салушы Тарапқа бас тартудың себептері туралы жазбаша хабарлайды.
5. Сұрау салушы Тарап жол жүру үшін қажетті барлық жарамды құжаттардың, барудың түпкі мақсаты болып табылатын мемлекетке адамды жеткізу үшін және транзит мемлекеті арқылы жол жүру үшін басқа да қажетті рұқсаттар мен жарамды билеттердің болуын қамтамасыз етеді.
6. Сұрау салушы Тарап барудың түпкі мақсаты болып табылатын мемлекеттің аумағына дейін үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың транзиттік жол жүруі үшін жауапкершілікте болады және үшінші мемлекетке келуге, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағы арқылы транзитке рұқсат етілмеген жағдайда немесе қандай да бір себеппен оның одан әрі жол жүруі мүмкін болмай қалған жағдайда, оны кері қабылдайды.
10-бап
Шығыстар
1. Осы Келісімнің 2, 3 және 4-баптарының ережелерін іске асыруға байланысты көліктік шығыстарды Сұрау салынатын Тараптың шекарасына дейін Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес төлейді.
2. Осы Келісімнің 8-бабына сәйкес барудың түпкі мақсаты болып табылатын мемлекеттің шекарасына дейін транзиттік жол жүргені шығыстарды және қажет болған жағдайда кері қайту шығыстарын Сұрау салушы Тарап төлейді.
3. Осы Келісімнің 7-бабына сәйкес қате қабылданған адамды қайтаруға байланысты көліктік шығыстарды Сұрау салынатын Тарап көтереді.
11-бап
Ақпарат алмасу
Тараптар осы Келісімді орындау мақсатында ақпаратпен, оның ішінде дербес деректермен алмасады.
12-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Осы Келісімді орындау үшін Тараптар арасында алмасу болатын дербес деректер (бұдан әрі – деректер) деректерді беретін Тарап белгілеген мақсаттарда және тек ережелерге сәйкес пайдаланылады.
2. Деректерді берген Тараптың сұрау салуы бойынша деректерді алған Тарап берілген деректердің пайдаланылуы туралы және қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат ұсынады.
3. Деректер осы Келісімді орындау үшін жауапты мекемелерге ғана беріледі. Кез келген деректі қандай да бір басқа мекемеге беру үшін деректерді берген Тараптың жазбаша рұқсатын алу қажет.
4. Деректерді берген Тарап олардың толықтығы мен түпнұсқалығы үшін жауап береді. Егер қате деректер немесе берілмеуі тиіс деректер берілген жағдайда беруші Тарап бұл туралы алған Тарапқа дереу хабарлайды және соңғысы бұл деректерді түзетеді немесе жояды.
5. Беруші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тарапқа деректері берілетін адам оның өтініші бойынша мұндай деректер және олардың жоспарланған пайдаланылуы туралы хабарлайды. Мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп мүддесі үшін Тараптар мемлекеттері мұндай ақпаратты беруден бас тартуы мүмкін.
6. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес деректерді жою үшін шекті мерзімдер белгілейді. Мұндай мерзімдер осы Келісімді іске асыру мақсатында деректерді пайдалану қажеттілігінің аяқталу мерзімінен аспауы тиіс.
7. Тараптар деректерді беру, алу және жою туралы жазбаларды сақтайды.
8. Тараптар берілген деректерді оларға уәкілетті емес адамдардың оларға санкцияланбаған енуінен қорғауды жүзеге асырады және оларды өзгертуге не жариялауға құқығы жоқ.
13-бап
Келісімді орындау
Тараптардың Ішкі істер министрліктері осы Келісімді іске асыру тәртібі туралы хаттама жасасады, ол:
а) негізге алынып адамның азаматтығын/тиесілігін анықтауға немесе болжауға болатын құжаттарды;
b) құзыретті органдарды және ақпарат алмасу тәсілін;
с) осы Келісімді орындау рәсімін, беру, қабылдау және транзит үшін, сондай-ақ азаматтықты айқындау үшін қажетті деректер мен құжаттарды;
d) адамның заңсыз келуінің дәлелдемесін;
е) шығыстарды жабудың тәртібі мен рәсімін;
f) адамдарды қайтару және транзит үшін мемлекеттік шекараны кесіп өту пункттерін айқындайды.
14-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатысы
1. Осы Келісім Тараптардың мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
2. Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің арасындағы құқықтық көмек шеңберінде экстрадиция жағдайларында қолданылмайды.
3. Осы Келісім 1951 жылғы 28 шілдеде Женевада қабылданған Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияны, сондай-ақ 1967 жылғы 31 қаңтарда Нью-Йоркте қабылданған Қосымша хаттаманы қозғамайды.
15-бап
Даулы мәселелер
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындауы мүмкін даулы мәселелер Тараптардың құзыретті органдарының консультациялары жолымен немесе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
16-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
17-бап
Қатынас тәсілі
Тараптар осы Келісімді орындау барысында ауызша және жазбаша қарым-қатынаста орыс немесе ағылшын тілін пайдаланады.
18-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі, қолданылуын
тоқтата тұру және тоқтату
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабарлау жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданылуы мұндай хабарлама алынған күннен бастап алпыс (60) күн өткен соң тоқтатылады.
3. Тараптардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін немесе халқының денсаулығын қорғаумен байланысты себептер бойынша 2, 11 және 12-баптарды қоспағанда, екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлау арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұра алады. Бұл жағдайда тоқтата тұру мұндай хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күннен кейін басталады. Тараптар осы Келісімнің қолданысын қалпына келтіру туралы бірі-біріне дипломатиялық арналар арқылы өзара хабарлайды.
201_ жылғы « » ___________ әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бүкіл мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Латвия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін