"Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасының арасындағы Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 қазандағы № 1228 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы
арасындағы Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
келісімге қол қою туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Рашид Төлеутайұлы Түсіпбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті                           Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2011 жылғы __ қазандағы
№ ___ Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН    

Жоба  

Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы
арасында Азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы (бұдан әрі әрқайсысы жеке-жеке «Тарап» немесе бірлесіп «Тараптар» деп аталатын),
      егемендікті, теңдікті және өзара пайданы өзара құрметтеу негізінде Тараптар арасында азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмекті нығайтудың ортақ ниетін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті: 

1-тарау
Жалпы ережелер 1-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету саласы

      1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар бір-біріне азаматтық істер бойынша мынадай өзара құқықтық көмек көрсетеді:
      і) өзара құқықтық көмекке қатысты құжаттарды тапсыру;
      іі) дәлелдемелерді жинау және беру;
      ііі) куәгер мен сарапшыны шақыру;
      іv) осы Келісімнің 5-тарауында көзделгендей, сот қаулыларын, шешімдерді және төрелік шешімдерді мойындау және орындау;
      v) өзара құқықтық көмекке қатысты құқықтық ақпарат пен материалдар алмасу;
      vі) осы Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмекті көрсету туралы басқа өтініштерді орындау.
      2. Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімдегі «азаматтық істер» термині азаматтық, неке және отбасылық, іскерлік, коммерциялық және еңбек мәселелерін қамтиды.
      3. Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімдегі «құзыретті органдар» термині сотты және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтық істерді қарауға құзыретті басқа органдарды білдіреді.

2-бап
Құқықтық қорғау

      1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында екінші Тараптың азаматтары сияқты жеке және мүліктік құқықтарды құқықтық қорғау құқығымен пайдаланады. Олардың екінші Тараптың азаматтары сияқты шарттарда екінші Тараптың сотына және азаматтық істер бойынша заңдық құзыры бар басқа құзыретті органдарына жүгінуге құқығы бар.
      2. Әрбір Тарап дәлелді себептерсіз екінші Тараптың азаматтары қатысатын кез келген сот талқылауын кешіктіруге жол бермейді.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кез келген Тараптың аумағында оның ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаларға және өзге ұйымдарға қолданылады.

3-бап
Сот шығасыларын төлеуден босату немесе оны азайту және тегін
заңдық көмек

      1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында екінші Тарап өзінің азаматтарына қолданатын шарттарда сот шығасыларын төлеуден босатылады немесе оны азайтуға құқылы және тегін заңдық көмекті пайдаланады.
      2. Сот шығасыларын төлеуден босату немесе оны азайту және тегін заңдық көмек аумағында өтініш беруші тұрақты немесе уақытша тұратын Тараптың құзыретті органы беретін өтініш берушінің табысы туралы анықтама негізінде өтініш берушінің қаржылық жағдайын ескере отырып беріледі.
      3. Бір Тараптың азаматтары аумағында тиісті өтініш беруші тұрақты немесе уақытша тұратын Тараптың құзыретті органына осы баптың 2-тармағында көзделген сот шығасыларын төлеуден босату немесе оны азайту және тегін заңдық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгіне алады. Аталған құзыретті орган осы баптың 2-тармағында көзделген табысы туралы анықтамасы бар өтінішті екінші Тараптың құзыретті органына орталық органдар арқылы береді.
      4. Сот шығасыларын төлеуден босату немесе оны азайту және тегін заңдық көмек көрсету туралы өтініш бойынша шешім қабылдауға жауапты құзыретті орган өтініш берушіден қосымша ақпарат сұрата алады.
      5. Осы Келісімдегі «сот шығасылары» термині соттың орналасқан жері бойынша Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген сот және басқа мемлекеттік төлемдерді қамтиды.

4-бап
Сот шығасылары үшін алдын ала төлем

      Әрбір Тараптың азаматтары, заңды тұлғалары және басқа ұйымдары соттың орналасқан жері бойынша Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот шығасылары үшін алдын ала төлем төлейді.

5-бап
Байланыс арналары

      1. Осы Келісім шеңберінде Тараптар тікелей орталық органдар арқылы құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді жіберу мен орындауды қоса алғанда, өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Орталық органдар:
      Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
      Вьетнам Социалистік Республикасы үшін – Вьетнам Социалистік Республикасы Әділет министрлігі.
      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органының кез келген өзгеріс туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
      4. Осы Келісім Тараптарға дипломатиялық арналар арқылы өзара құқықтық көмекті көрсету туралы өтініштерді жолдауға кедергі келтірмейді.

6-бап
Тілдер

      1. Тараптардың орталық органдары арасындағы өзара іс-қимыл жасау тілі ағылшын тілі болып табылады.
      2. Осы Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке және оған қоса берілетін кез келген құжатқа сұрау салынатын Тараптың ресми тілдеріне немесе ағылшын тіліне тиісті түрде куәландырылған аудармасы ілесе жүреді.
      3. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке және оған қоса тіркелетін кез келген құжатқа жауап ағылшын тіліндегі аудармасымен сұрау салынатын Тараптың ресми тілдерінде жіберіледі. 

7-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету бойынша шығыстар

      1. Тараптар, мына жағдайларды:
      і) бір Тараптың аумағында тұратын және осы Келісімнің 21-бабына сәйкес екінші Тарап шақыртқан куәның және сарапшының шығындарын;
      іі) сот қаулыларын, шешімдерді және төрелік шешімдерді мойындау және орындау туралы өтініштерге байланысты шығындарды қоспағанда, бір-біріне өзара құқықтық көмекті тегін көрсетеді.
      2. Егер өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау болжанбаған шығындарды талап етсе, Тараптар осы өтінішті орындау шарттарын анықтау мақсатында бір-бірінен консультация алады.

8-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш

      1. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш жазбаша ресімделеді және мынадай ақпаратты:
      і) өтінішті рәсімдеу күні мен орнын;
      іі) сұрау салушы органның атауын, мекенжайын және телефон мен факс нөмірін, сондай-ақ электрондық пошта мекенжайын (болғанда) қоса алғанда, басқа байланыс ақпаратын;
      ііі) сұрататын органның атауын, мекенжайын және басқа байланыс ақпаратын (болғанда);
      iv) тиісті тұлғалардың толық атын, жынысын, азаматтығын, жұмыс түрін, туылған жерін және мекенжайын немесе олардың өкілдерінің толық атауын және мекенжайын (болғанда); өтінішке қатысы бар мекеменің немесе ұйымның атауын және мекенжайын;
      v) өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке қатысты істің сипаттамасын, өтініш мәнін және басқа да ақпаратын;
      vi) осы Келісімнің 7-бабында көзделген шығындарды төлеу бойынша міндеттемені қамтиды.
      2. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш және қоса берілетін құжаттар, егер ұлттық заңнамада өзгеше көзделмесе, сұрау салушы Тараптың құзыретті органы қол қойған және куәландырған екі (2) данада болуы тиіс.
      3. Егер сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініште баяндалған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп санаса, ол қажетті ақпаратты қосымша сұратады.

9-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындайды.
      2. Сұрау салынатын Тарап, сұрау салушы Тараптың сұрау салған арнайы түрде өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішін орындау сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін болса, орындайды.
      3. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш оны алған күннен бастап тоқсан (90) күннің ішінде жедел орындалады. Заңды негіздер бойынша орындау кешіктірілетіндігі туралы сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді. 

10-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындаудан бас
тарту немесе кейінге қалдыру

      1. Егер сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына залал келтіруі мүмкін деп санаса не сұрау салынатын көмек оның құзыретті органдарының өкілеттіктеріне жатпайтын болса, ол өзара құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде бас тарту себептері туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Егер сұрау салынатын Тарап өтінішті дереу орындау ағымдағы тергеуді немесе сұрау салынатын Тараптың аумағындағы қылмыстық қудалауды қиындатуы мүмкін деп санаса, өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау кейінге қалдырылуы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде кейінге қалдыру себептері туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

11-бап
Құжаттарды, заттарды және валютаны беру

      Осы Келісім шеңберінде бір Тараптың аумағынан басқа Тараптың аумағына құжаттарды, заттарды және валютаны беру беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап
Құқықтық ақпарат және материалдар алмасу

      1. Бір Тарап екінші Тараптың өтініші бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге қатысты өздерінің нормативтік құқықтық актілері туралы және сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының жалпыға қолжетімді құжаттары туралы ақпарат ұсынады.
      2. Құқықтық ақ паратты және материалдарды беру туралы өтініште сұрау салушы органның атауы және аталған ақпарат пен материалдарды пайдалану мақсаттары қамтылады. 

13-бап
Азаматтық хал туралы құжаттарды беру

      1. Сұрау салынатын Тарап тұрғынының азаматтық халіне қатысы бар сот қаулыларын немесе шешімдерін не олардан үзінділерді және қажетті құжаттарды өтініште көрсетілген мақсаттарда ғана пайдалану үшін Бір Тарап басқа Тараптың өтініші бойынша береді.
      2.Осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды беру осы Келісімнің 5-бабына сәйкес байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.

14-бап
Заңдастырудан босату

      Осы Келісімнің 5-бабы шеңберінде құзыретті органдар дайындаған немесе растаған және байланыс арналары арқылы берілген құжаттар заңдастыру бойынша талаптардан босатылады.

15-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы бірнеше өтініштерді орындау

      1. Бір нысана бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы біреуден жоғары өтініш алған сұрау салынатын тарап қай өтінішті орындайтындығын дербес шешеді.
      2. Орындауға қабылданатын өтініш туралы шешім қабылдаған кезде сұрау салынатын Тарап барлық тиісті жағдайларды ескереді, атап айтқанда:
      i) өтінішті алу күнін;
      ii) сұрау салынған өтініштің сипатын;
      iii) аталған өтінішті орындаудың басқа өтініштерге әсер етуі.
      3. Сұрау салынатын Тарап бір пәнге қатысты бірнеше өтініштердің барлығы туралы, сондай-ақ қабылданған шешім туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

2-тарау
Құжаттарды табыстау  16-бап
Құжаттарды табыстау туралы өтініш

      1. Осы Келісімге сәйкес бір Тараптың құзыретті органдары басқа Тараптың құзыретті органдарынан құжаттарды табыстау бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге сұрау салады.
      2. Сұрау салынатын Тарап құжаттарды табыстау бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.
      3. Құжаттарды табыстағаннан кейін сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа табыстауды растайтын куәлікті немесе басқа да құжаттарды не өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті толық немесе жекелеп орындауға кедергі келтіретін себептер туралы хабарламаны жолдайды. Куәліктің немесе басқа да құжаттардың көшірмесі пошта арқылы олардың түпнұсқалары жіберілгенге дейін қалауы бойынша факспен немесе электрондық поштамен жолдануы мүмкін.
      4. Құжаттардың табысталуын растайтын куәлік немесе басқа да құжаттар құжатты алған адамның атын, мерзімін, орнын және табыстау әдісін, қолын және табыстаған органның мөрін қамтуы тиіс.

17-бап
Өз азаматтарына құжаттарды табыстау

      Бір Тараптың құзыретті органдары басқа Тараптың аумағында тұрып жатқан өз азаматтарына құжаттарды басқа Тараптың аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер арқылы табыстай алады. Құжаттарды мұндай табыстау басқа Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлесуі тиіс.

3-тарау
Дәлелдемелерді алу және беру 18-бап
Дәлелдемелерді жинау және беру өтініштері

      Осы Келісімнің 8-бабына қосымшаларға қосымша ретінде дәлелдемелерді жинау және беру өтініштері мынадай мәліметтерді қамти алады:
      i) дәлелдемелерді беру үшін сұрау салынатын;
      ii) сұрау салынған адам жауап беруі талап етілетін сұрақтар және ол қатысатын азаматтық іс сипаты;
      iii) қарап тексеруге жататын құжаттарды немесе заттарды;
      iv) қолданылуы тиіс арнайы шаралар немесе дәлелдемелерді жинау кезінде сақталуы тиіс арнайы рәсімдер. 

19-бап
Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтініштерді орындау

      1. Өтініш негізінде Тараптар дәлелдемелерді жинау және беруде бір біріне жәрдемдеседі және дәлелдемелерді берумен байланысты қажетті іс жүргізу әрекеттерін орындайды.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салынған дәлелдемелер мен құжаттарды қосымша бере отырып дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтінішті орындау нәтижелері туралы жазбаша түрде хабардар етеді не өтінішті толық немесе жекелеп орындауға кедергі келтіретін себептер туралы хабардар етеді. 

20-бап
Өз азаматтарының айғақтарын жинау

      Бір Тараптың құзыретті органдары басқа Тараптың аумағында аккредиттелген өздерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы басқа Тараптың аумағында тұрып жатқан өз азаматтарының айғақтарын ала алады. Мұндай дәлелдемелер алу басқа Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлесуі тиіс. 

4-тарау
Куәгерлерді және сарапшыны шақыру 21-бап
Куәгерді немесе сарапшыны шақыру

      1. Осы Келісімнің 5-бабында көзделген байланыс арналары арқылы бір Тараптың құзыретті органдары басқа Тараптың азаматы болып табылатын, қатысуы қажетті куәгерді және/немесе сарапшыны шақыру туралы басқа Тарапқа сұрау салады.
      2. Сұрау салынатын Тарапқа шақыру сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақырылған адам келуі тиіс күнге дейінгі тоқсан (90) күннен кешіктірмей жолданады.
      3. Шақыруда Куәгердің немесе сарапшының өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша, жолға, тамағына және тұруына жұмсалатын шығыстарын және басқа да ақысы төленетін шығыстарды өтеу бойынша жағдайларды, оларды төлеу шарттары мен мерзімдерін қоса, куәгер немесе сарапшы ретінде келу шарттары көрсетіледі.
      4. Сұрау салынатын Тарап тиісті адамға шақыруды ұсынады және сұрау салушы Тарапты шақырылған адамның келісімі немесе бас тартуы туралы хабардар етеді.

22-бап
Куәгерді және сарапшыны қорғау

      1. Сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткенге дейін осы Келісімге сәйкес шақырылған куәгер немесе сарапшы сұрау салушы Тараптың аумағында қудалауға, қылмыстық тергеуге, жазалауға, ұстауға немесе қылмыстық әрекеттер немесе нанымдар үшін немесе сарапшы немесе куәгер ретінде дұрыс айғақтар үшін жеке бостандығын басқаша шектеулерге душар болмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорғау куәгердің немесе сарапшының қатысуы енді талап етілмейді және ол сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алатындығы туралы оны сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жазбаша түрде ресми хабардар еткен күннен бастап он бес (15) күн өткеннен кейін тоқтатылады. Куәгер немесе сарапшы оған байланысты емес жағдайлар бойынша сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт бұл мерзімге есептелмейді.
      3. Шақырушы құзыретті орган осы Келісімнің 21-бабына сәйкес шақырылатын куәгерге немесе сарапшыға жол, тамақтану және тұру шығыстарын, сондай-ақ жұмыста болмаған кезең үшін еңбекақыны өтейді және аванс төлейді. Сонымен қатар оның сарапшы ретіндегі жұмысына ақы төленеді.
      4. Шақырылатын куә немесе сарапшы сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес шақыруды орындаудан бас тарта алады. Сұрау салынатын Тарап шақыруды қамтамасыз ету үшін мәжбүрлеу шараларын қолданбайды.

5-тарау
Қаулыны, сот шешімін және төрелік шешімдерді тану және орындау  23-бап
Қаулыны және сот шешімін тану

      Сұрау салушы Тараптың соты шығарған және сұрау салынатын Тараптың аумағында орындауды талап етпейтін мүліктік емес сипаттағы некелік және отбасылық мәселелер бойынша заңды күшіне енген қаулылары мен шешімдерін сұрау салынатын Тарап мынадай жағдайларды қоспағанда:
      i) cұрау салынатын Тараптың соттары осы мән бойынша заңды күшіне енген қаулы және шешімді бұған дейін қабылдағанда;
      ii) cұрау салынатын Тарап соттарының осы Келісімге сәйкес немесе осы Келісімде мұндай ереже болмаса, сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес осы мән бойынша айрықша юрисдикцияға ие болғанда таниды.

24-бап
Сот қаулысы мен шешімдерін тану және орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап өз аумағында сұрау салушы Тараптың соттары шығарған және заңды күшіне енген мынадай қаулылар мен шешімдерін таниды және орындайды:
      i) осы Келісімде көзделгендей азаматтық істер бойынша қаулылар мен шешімдерді; немесе
      ii) қылмыстық немесе әкімшілік істер бойынша шешімдермен меншікке қатысты шешімдерді.
      2. Осы Келісім аумағында оларды тану мен орындау сұралатын Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілген мән-жайлар бойынша сот қаулылары мен шешімдерінің танылуына кедергі келтірмейді. 

25-бап
Сот қаулысы мен шешімдерін тану және орындау талаптары

      Осы Келісімнің 24-бабында көзделген сот қаулылары мен шешімдері мынадай талаптар сақталған жағдайда:
      i) іс сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша сұрау салынатын Тарап соттарының айрықша юрисдикциясында болмаса;
      ii) даудың тараптары немесе олардың заңды өкілдері тиісті сипатта шақырылған немесе сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жоқ деп жарияланған болса;
      iii) сот қаулысы мен шешімі заңды күшіне енген болса және оларды орындаудың ескіру мерзімдері сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес әлі өте қоймаған болса;
      iv) тану және орындау туралы өтінішті берген сәтте сұрау салынатын Тарапта немесе үшінші мемлекеттің сотында сол мән бойынша заңды күшіне енген қаулылары мен шешімдері жоқ болса, оның қаулысы мен шешімін сұрау салынатын Тараптың соты орындау үшін таныған болса не сұрау салынатын Тараптың соты осы іс бойынша тіркеген немесе тыңдау тағайындаған болса;
      v) сот қаулылары мен шешімдерін тану және орындау және мұндай шешім мен қаулыны тану мен орындау салдары сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына және қоғамдық тәртібіне қайшы келмесе танылады және орындалады. 

26-бап
Сот қаулысы мен шешімдерін тану және орындау туралы қолдаухат

      1. Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау туралы қолдаухат орталық органдар арқылы мүдделі тұлғаға немесе оның заңды өкіліне немесе сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына тікелей жіберілуге тиіс.
      2. Осы Келісімнің 8-бабына қосымша сот қаулысы мен шешімін тану және орындау туралы қолдаухатта мынадай құжаттар қамтылуға тиіс:
      i) заңды күшіне енген сот қаулысы мен шешімінің нотариалды расталған немесе тиісінше куәландырылған көшірмесі;
      ii) осы қаулының және шешімнің заңды күшіне енгендігін куәландыратын ресми құжаттар және олардың орындалуы туралы ақпарат;
      iii) қаулының және шешімнің тапсырылғанын растайтын құжаттар немесе осындай күші бар басқа құжаттар;
      iv) егер шешімнің және қаулының өзінен жауапкердің ресми шақырылғаны анық болмаса, сырттай қаулы мен шешім қабылдаған сотқа жауапкердің шақырылғанын растайтын құжаттар;
      v) сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша талап етілетін өзге құжаттар. 

27-бап
Сот қаулысы мен шешімдерін тану және орындау рәсімдері

      1. Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау рәсімдері сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары орындау үшін танылатын сот қаулысы мен шешімінің мәні мен мазмұнын қайта қарамайды.
      3. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы өзінің орталық органы арқылы сот қаулысы мен шешімін тануды және орындауды кейінге қалдыруды немесе тоқтатуды сұрата алады. Мұндай жағдайларда сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органы жоғарыда көрсетілген қаулыны немесе шешімді тануды және орындауды кейінге қалдыруға немесе тоқтатуға тиіс. 

28-бап
Сот қаулысы мен шешімдерін тану және орындау салдары

      Бір Тарап сотының басқа Тарап сотының орындауы үшін танылған қаулысы мен шешімінің басқа Тарап сотының қаулысы мен шешімі сияқты заңды күші болады. 

29-бап
Төрелік шешімдерді тану және орындау

      Әрбір Тарап басқа Тараптың аумағында шығарылған төрелік шешімді, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте жасалған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және іске асыру туралы конвенцияға сәйкес немесе Конвенция қолданылмайтын болса, сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес таниды және орындайды. 

6-тарау
Басқа да ережелер 30-бап
Басқа халықаралық шарттармен үйлесімдігі

      Осы Келісім екі Тарап қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. 

31-бап
Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан және іске асырудан туындайтын немесе оған байланысты кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасындағы достық консультациялар арқылы шешіледі. 

32-бап
Консультациялар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың қазіргі бар тетіктері аясында пікір алмасуды қамтамасыз етеді.
      2. Осы Келісімнің іске асырылуын шолу мен бағалауды Тараптар қажет болған жағдайда жүзеге асырады. 

33-бап
Ратификациялау және күшіне енуі

      1. Осы Келісім Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ратификациялануға тиіс. Осы Келісім Тараптар арасында ратификациялау грамоталарымен алмасқан күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      3. Осы Келісімді кез келген Тарап басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтатады. Мұндай тоқтату хабарламаны алған күннен бастап алты (6) айдан кейін күшіне енеді.
      5. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылғанға дейін алынған азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы кез келген өтініштер осы Келісімге сәйкес орындалады. 

34-бап
Толықтырулар мен өзгерістер

      Осы Келісімді Тараптардың жазбаша келісімі бойынша толықтыруға немесе өзгертуге болады.
      Толықтырулар мен өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және ратификациялауға жататын хаттама түрінде ресімделеді, осы Келісімнің 33-бабында көзделген талаптарға сәйкес күшіне енеді. 

35-бап
Қорытынды ереже

      Осы Келісімде көзделмеген өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалуы мүмкін.

      2011 жылғы «____» ________ _________ қаласында қазақ, вьетнам, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Талқылау кезінде дау немесе келіспеушілік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
      Осыны куәландыру үшін тиісінше уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Қазақстан Республикасы                      Вьетнам Социалистік
             үшін                                  Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады